Алматыдағы «Арбатты» абаттандыру жобасы бекітілді
Кеше Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов «Арбатты» абаттандыру жобасын бекітті.
Қала тұрғындары мен қонақтары «Арбат» деп атап кеткен жаяу жүргінші аймағы Жібек жолы даңғылында (Абылай хан даңғылынан Фурманов көшесіне дейін) орналасқан.
А. Есімов құзырлы мекемелерге абаттандыру жұмыстарын кешенді жүргізуді, бұл іске ұзақ мерзімге арналған сапалы материалдарды, жарық берудің және жарнама жасаудың қазіргі заманғы озық технологияларын пайдалануды тапсырды. Бұған дейін қала әкімі ондағы ахуалмен танысып, Алмалы және Медеу ауданы әкімдіктерін қатаң сынға алған еді. Сондай-ақ шаһар басшысының тапсырмасы барысында мәселені шешу үшін жедел түрде жұмысшы комиссиясы құрылды. Енді мамыр айында 20 мың шаршы метр аумақты алып жатқан «Арбатты» қайта жөндеу жұмыстары басталады. Атқарылатын жұмыс құны - 186 млн. теңгеге бағаланып, ол жергілікті бюджеттен бөлінетін болады.
Жоспар бойынша, алаңда жолдың жиектеріне гранитті тастар салынады. Арық жағалауы түгелдей абаттандырылып, гранитті плиталармен алмастырылады, жарық көздері, орындықтар мен қоқыс жәшіктері жаңартылады. Онда классикалық және қазіргі заманғы стиль өзара үйлесім таппақ. Жол төсемдері ГОСТ талаптарына жауап беретін қазақстандық плиткалармен көмкеріледі. Жобаның тұжырымдамасында жүргінші аймағында кәдесый бұйымдарын, қолданбалы өнер шығармаларын сату да жан-жақты қарастырылған.