Ерланби Дәулетияр: «Ішкі мазмұны келіспеген адам эфирде сүйкімді көріне алмайды»
Ерланби Дәулетияр: «Ішкі мазмұны келіспеген адам эфирде сүйкімді көріне алмайды»

Ерланби Дәулетияр: «Ішкі мазмұны келіспеген адам эфирде сүйкімді көріне алмайды»

Сұңғақ бойлы, қараторы жігіт. Биязы мінезді. Сабырлы. Көпшілік алдында өзін-өзі дұрыс ұстауды бала кезінен бойына сіңірген. Бүкіл болмысынан кішіпейілділік сезіліп тұрады. Ақпарат таратудағы мәдениеттілігін көпшілік мойындайды. Таныс болыңыз, Ерланби Дәулетияр. КТК арнасы жаңалықтарының жүргізушісі. Телеарнадағы құлаққа жағымды қоңыр дауыстың иесі.

Эфирде жаңалық жүргізіп отырған Ерланбидің көзіне қарап сыртқы формасы мен ішкі мазмұнының үйлесімділігін аңғармау мүмкін емес. Ерланби телевизияға кездейсоқ келген жоқ. Мектеп бітіре сала араласқан саласы – телевизия. ТВ-ға қадам басқалы бері тікелей эфирде жұмыс істеп келе жатқан қарапайым Ерланби өзіне сын көзбен қарайды. КТК арнасында жаңалықтар қызметінде жұмыс атқарып жүргеніне 10 жыл жуықтаған ол күні бүгінге дейін өзін-өзі жетілдіруден тынған емес. Ерланби туралы не білеміз? Эфирден тыс Ерланбидің мінезі қандай? 

«Адам  мінезінің іргетасын ата-анасы қалайды. Қарапайымдылығым үйдегі  тәрбиенің арқасында қалыптасты. Кәдімгі қазақы тәрбие. Үш ұл өсірген  әкем екі сөйлемейтін қатал болғанымен, үйімізде қатты дауыс көтеру,  дөрекі сөйлеу мүлдем болған емес. Әкем көңілі толғанда арқаңнан қағып, маңдайыңнан бір иіскейді. Соған қанаттанып тапсырмасын екі етпеуге тырысамыз. Әлі күнге дейін бір шаңырақтың иесі болып отырсақ та, әке-шешеміздің кейбір пікірімен келіспесек те,  әйтіп-бүйтіп тұспалдап айтып, бетінен алмай, меселін қайтармауға тырысамыз. Мен әкемдей емес, балаға жұмсақпын, қатты еркелетпесем де, реті келсе бетінен сүйіп, елжіреп отырамын», дейді Ерланби Дәулетияр.

Эфирде байсалды Ерланби эфирден тыс жерде де салиқалы. Түрлі жағдайда даурықпай, күйіп-піспей, сабыр сақтап ақылға жеңдіре біледі. Жеті жыл бұрын шаңырақ құрған Ерланби қазір екі ұлдың әкесі.

«Үйде мен дипломатпын. Ұрыс шығарған адамға  тізгінді ұстата салам.  Әйеліммен кейбір мәселеде келіспей қалсақ,  ортақ мәмілеге келуге тырысам. Үйімде, көп жағдайда, тіл-көзден сақтасын, ыдыс-аяқ сылдырламайды. Менің мінезімді әйелім де түсінді, қазір бір нәрсе болып жатса шыж-быжы шықпай, «қызбалыққа салынбайық» деп байыппен қарауды үйренді. Кінәңді біле тұра, өзіңді ақтап даурығу жақсылық әпермейтіні белгілі. Кикілжің, ұрыс-керісті суқаным сүймейді. Ыстық-суықтың басылғанын күтіп, кейінірек мәселенің басын ашып аламын. Сол себепті отбасымда келіспеушілік деген жоқ» - дейді Ерланби.

Биязы да инабатты мінезді Ерланби қандай қызметте болсаң да, қандай да болмасын атақ-даңққа ие болсаң да өзіңнің адами қалпыңды жоғалпауың керек деп санайды. Бұл тұрғыда Ерланби адамның адекваттылығын бірінші орынға қояды.

«Әр нәрсеге дұрыс көзқараспен қарай білу керек деп ойлаймын. Қарнымды аштыратыны,  мысалы, жақын араласып жүрген адамыңның аяқ астынан қызметі жоғарылағанда  мінезі өзгеріп, мұрнын шүйіріп танымай қалатыны бар.  Дүние  - алма-кезек, бүгін қызметің болса, ертең бола ма, жоқ па, кім біледі. Сыйластық  қарым-қатынасты  бағалай білген жөн.  Қандай жағдай болғанда да өзгермейтін,  өзін бірқалыпты  ұстайтын  жігіттерді сыйлаймын».

Алматы облысында дүниеге келген Ерланбидің студенттік өмірі Петропавл қаласында өтті. Сабақтан тыс мезгілде театрда жұмыс істейтін ағасының спектакльге дайындығын қарап отырыпты. Өміріндегі алғашқы жалақысын 18 жасында спектакль декорациясын жинастырушы болып тапты.  

«Оқуда бос жүрмейін деп  театрда «монтировщик сцены», яғни сахна жөндеушісі боп 6 мың теңге алғаным есімде. Тұңғыш жалақым. Оған дейін әке-шешем жолыма, тамағыма мың теңгеден беретін. Өз еңбегіңмен тапқаның мол көрінеді екен. Сол алты мыңымды «өзің жарат» деп ағамның қорлына ұстатқам», - дейді. 

Айтпақшы, ағасы Өнер академиясында оқып жүргенде оның группалас достары демалыстарда гитара, домбыраларын арқалап үйге жиналып, кішігірім концерт ұйымдастыру дәстүрі қалыптасыпты. Сондықтан болар, Ерланбидің кішкентай кезінен бастап өнерге деген сүйіспеншілігі ерекше. Әкесі де бос уақытында домбыра шертіп отырады. Петропавл қаласы - Ерланбиге өмір баспалдағын төсеген мекен. Тап сол қалада тв жариялаған кастингтен өтіп, екі аптадан соң эфирге дайындал деген тапсырма алды. 

«Күнде эфир қарап үйреніп жүрдім. Төртінші күні орысша жаңалықтардың  түсірілімін қарап отырғам, эфирге 15 минут уақыт қалғанда жүргізуші келмей қалып, «эфирге шығасың» деген бұйрықтан қатты састым. «Екі апта деп едіңіздер, тәжірибем жоқ» дей беріппін. Амал жоқ, шықтым. Жарты сағаттың қалай өткенін білмей қалдым. Кейін жазбаны қарасам, тілімді шығарып,  кеуіп кеткен ернімді жалай беріппін», - деп күле есіне алды Ерланби.

Петропавл қаласында жаңалықтар жаршысы болып едәуір танымалдылыққа ие болған Ерланби Алматыға оралғанда қатты күйзеліске ұшырағанын жасырмады.

«"Нар тәуекел" деп  КТК арнасында, республикалық арнада бағымды сынағым келді. Телевизиядан алшақтап кетем бе деген үрей болды. Артымда 6-7 жыл тәжірибем болса да, арналар мені қабылдамай, жігерім құм болды. Ойда-жоқта КТК арнасында байқауға қатысып, бағым жанды. Банкте жарты жылдай қызмет істеп, "Гүлдер" ансамблі директорының орынбасары болдым. Бірақ  мектеп бітіргеннен кейін тв-да істегендіктен өзге салада жетістіріп жұмыс істей алмайтынымды сездім. Өйткені құмарлығым, ынтам болмады. Мамандығым экономист болса да, осы тв-да қалыптастым».

Ерланби Дәулетияр жастайынан нәпақасын өзі тауып үйренді. Петропавл қалалық мәдениет басқармасына жалданып,іс-шараларда ән шырқағанын көбісі біле бермейді. СҚО атынан «Шабыт» фестиваліне қатысқан. Бильярдтан журналистер арасында турнир ұйымдастырады. Бильярдтың бірнеше мәрте жеңімпазы. Ал оның инстаграм парақшасы - «фильтрсіз».

«Жалпы, кез келген адам әлеуметтік желіде өмірдегі мінез-құлқымен сәйкес келуі керек. Әлеуметтік желіде көбісі өзін  тек жақсы жағынан көрсеткісі келеді. Ал өмірде ол адам мүлдем басқа.  Мен  өмірде қандаймын, әлеуметтік желіде де сондаймын. Өзіме артық алғым келмейді, өйткені ол дұрыс емес. Эфирге шығып жүрген адам ғана емес,  блогер болсын,әнші, жұлдыз, болсын, өзінің шынайы болмысын, шынайы бейнесін  ашық көрсетуі тиіс деп ойлаймын. Боямасыз, фильтрсіз», - дейді Ерланби. 

«Мені жастардың  өмір сынақтарына төзімсіздігі толғандырады. Бала тәрбиелеуде  әке-шешеміздің  қарапайым әдісін қолданған дұрыс па деп ойлаймын. Сәл қаталдау болған жөн. Кішкентай кезінен өмірдің ащысы мен тұщысын көргені артық етпес.  «Қиындық көрмесін» деп жөн-жосықсыз баланы еркелете берген дұрыс емес.  Өмірдің қатты сынын көріп өспеген бала басына іс түскенде  сынға төтеп бере алмай тез мойып, тіпті өзіне қол салып жатады».

Жаңалықтар жүргізушісі телеарнаның бет-бейнесі. Оған қатаң талаптар қойылады. Эфирде көрікті болу шарт емес, өйткені ішкі мазмұны келіспеген адам эфирде сүйкімді көріне алмайды. «Бұнда мәтінді тарсылдатып айтып шықсаң – диктор ретінде өлгенің», -  дейді Ерланби.

«Ойыңды  жүйелі жеткізе алмасаң, тақырыпты бес саусақтай білмесең, эфирге шығудың қажеті шамалы. Бұған жан-жақты білім, дайындық қажет. Әр ақпараттың өз көңіл күйі бар. Көрермен қабылдауға жеңіл болуы үшін әр жаңалықтың  ара-жігін ажырата білуің керек.Көңілді ақпарат, қайғылы ақпарат, ресми ақпарат – осыған тән дауыс екпіні, интонация болуы тиіс.  Шынымды айтсам, Кеңес одағындағы бірқатар дикторлардың ақпаратты оқу әдісін ұнатпаймын. Олар қатал, өздерін шектеген секілді.  Менің ойымша, жүргізуші өзін сәл еркінірек ұстаса, көрермен  де ақпаратты оңай  қабылдайды. Әр саланың өз қыр-сыры бар. Ол үшін уақыт пен тәжірибе керек. Мен телевизияда өстім, телевизияда адам болдым.  ТВ - өмір салтым. Саналы өмірімнің басым бөлігі  камераның алдында, студияда, микрофонмен өтіп келеді. КТК арнасы мен үшін өте ыстық. Жұмысыма асығып тұрамын. Ынтығып тұрамын. КТК тартып тұрады. КТК - менің екінші үйім». 

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ: КТК арнасы әділетсіздіктен қажыған жандардың тауқыметін шешуді өз қолына алды!

КТК арнасын тамашалаудың 22 себебі бар!

Асыл Махмет: жаңалық жүргізгенде көз алдымда ауылымның адамдары тұрады

Демалыс: қаннен-қаперсіз түске дейін ұйықтасаң...

Серік Жанболат: біреудің жазып берген дүниесімен эфирге шығып көрмеппін