Асыл Махметтің асығы алшысынан түсті! КТК арнасының кешкі жаңалықтарын жүргізу асыл мінезді Асыл Махметке жүктелді.
Асыл Махмет: жаңалық жүргізгенде көз алдымда ауылымның адамдары тұрады

Асыл Махмет: жаңалық жүргізгенде көз алдымда ауылымның адамдары тұрады

Асыл Махметтің асығы алшысынан түсті! КТК арнасының кешкі жаңалықтарын жүргізу асыл мінезді Асыл Махметке жүктелді. Жалғыз емес, ақиқаттың астарын ақтарудан алдына жан салмайтын журналист Дина Төлепбергенмен бірге!

Ұзын бойлы, мығым денелі, жылы жүзді Асыл жер жәннаты  - Жетісудың Малайсары ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Үйіндегі екі баланың алды Асылдың есімін бейтаныс басы жұмыр пенде қойыпты.

«Ұл туды» деген хабар келгенде әкем жұмысын тастай сала, ауылдан төрт шақырым жердегі трассаға екі өкпесін қолына алып жүгіріп жетіп такси ұстапты.  Рөлде келбетті жасы келген адам отырған. Шаттығы қойнына сыймаған әкем «Аға, ұлды болдым!» деп жол-жөнекей әңгімелесіп отырғанда «атын кім деп қоясың?» деп сұраған, «Алмас деп қоямын» деген  екен әкем. «Ол есім ауырлау болар, оданша асылдай құнды,қасиетті болсын, Асыл деп ата» депті. Қуанышын бөліскен адамның ұсынысын жерге тастамай, сөйтіп, Асыл атандым», - дейді Асыл Махмет.

«Әкем он саусағынан бал тамған шебер адам. Ауылымыздағы әр үйдің перде ілгіші әкемнің қолынан шыққан. Кезінде қыздың жасауына қажетті сандық, кішігірім жиһаздарды әкеме сеніп тапсыратын. Тіпті тұрмыстық бұйымы сынып қалғандар да күні-бүгінге дейін әкемді шақырады».

Он екі ағайынды Асылдың әкесінің ауылда інісі, әпкесі, қарындасы да тұрады. Солардың балаларымен Асыл кішкентайынан тонның ішкі бауындай тай-құлындай тебісіп, қатар өскен.

«Бәріміз әжемнің үйіне жиналатынбыз. Үнемі бірге жүрдік, мен ешқашан жалғыз қарындасым бар деп ойлаған емеспін. Әжемнің тіл үйіретін тамағын қазір ешбір мейрамханадан таппайсың. Бақшадан ілезде жусай теріп әкеп әзірлейтін  самсаның, кеспе көжесінің дәмі әлі аузымнан кетпейді».    

Асылдың бойындағы туа біткен жақсы қасиет – бастаған ісін аяқсыз қалдырмау. Сондықтан болар, әрдайым асығы алшысынан түсіп отырады.

«Кез келген ойын ойнасам, үнемі алдыға шығып кететінмін. Асық ойнасам, «асықтың майын ішкен» деп айтады ғой, ұтылып көрген емеспін. Бір дорба асық жинамайынша тынбаймын.  Жаздай жиған бір дорба асықты бірде анам балконнан лақтырып жіберген. Өйткені сабақ басталса да есіл-дертім  асықта. Жінігіп тоқтай алмай, үй шаруасы жайына қалатын. Менімен асық ойнауға тек жүрек жұтқандар, асығы көптер  ғана шығатын. Әлі күнге сол  мінезім қалыптасып қалған. Бір нәрсені бастасам, түбіне түсіп зерттемейінше, тыныш таппай қазбалаймын».  

Асықтың «атаманы» мектепте де сыныптың алды болып, мектепті жақсы бағамен бітірген.   

«Шағын ауыл болғандықтан  мұғалімдердің бәрі таныс, неміс тілінен беретін апай көршің дегендей. Сүйікті пәнім физика мен математика. Пәндерден олимпиада басталарда  «жоқ, сен қазақ тілі, әдебиеті олимпиадасына барасың, атаң – ақын» деп мұғалімдер арасында аздап талас-тартыс  туатын. Республикалық олимпиадаға жетпесем де, әйтеуір марапатсыз қалмадым».

2006 жыл. Оқу орындарының бағасы шарықтап тұр. Оқуға түсе алмай тауы шағылып жатқандар бар. Асыл әке-шешесіне ауыртпалық салмай, қайткен күнде де жоғары оқу орнына грантқа түсемін деп өзіне серт берді.

«Мал дәрігері болам деп армандағам. Әкеме айтатынмын: «маған жер үй алып беріңдер, мал бағуым керек, алып бермесеңдер достарымның үйіне кетіп қалам, қора тазалаймын, малға шөп берем». Сосын 6-сыныпта оқып жүргенімде этажды үйіміздің алдына әкем қора салып,  мал алып берді. Сөйтіп мал асырадым. Ал мектеп бітіргенде ақылы оқытуға әке-шешемнің жағдайы жоқ екенін түсіндім. Қарапайым, өз күнімізді өзіміз көріп, ешкімге алақан жаймай отырған отбасымыз. Әрине, жалғыз ұлмын, мені қайткен күнде де оқытатын еді, малдарын сатса да. Дегенмен өзімнің оң жамбасыма келетін пән – географиядан жоғары балл жинап, қалаған мамандығым жайына қалды. Қазақ ұлттық  педагогикалық университеті, география факультетіне грантқа түстім».

Асыл университеттің барлық қоғамдық жұмысына белсене араласты. Кез келген іс-шараны ұршықша үйіріп,  олимпиадаларға, студенттік ұйымдардың дебаттарына қатысты. Жалғыз ұлына жиған-тергенін бергісі келсе де, Асыл ата-анасына ауырлық салмай, бос уақытында даяшы, күзетші болып жұмыс істеп жүрді.

Бірде Көктебеде 500-ге жуық студент жинап экологиялық акция ұйымдастыру тапсырылды.  Іс-шара туралы журналистер алдында сұқбат берген Асылдың көкейінде көксеген ықылас туды – журналист болғым келеді! Тағдырына шырай берген Көктебеде Асыл махаббатын – болашақ жарын кездестіріп, журналистикаға деген махаббаты оянды.

«Журналистикаға келуіме қазақ журналистикасында өзіндік жолы бар тұлға Серік Әбікенұлы үлкен септігін тигізді. Серік аға - менің нағашым. Ол кісі Алматы арнасында тәжірибе алуыма мүмкіндік берді. Өтінішімді айтып, жалбарындым. «Мамандығың бөлек, журналистиканы білмейсің, ендеше жүр, телеарнаның не екенін көрсетейін» деді. Тым болмаса сонда күзетші болайын деген ойым болған. Журналистердің арасына кіріп, түсірілімге еріп барып жүрдім. Қабілетімді байқады, тапсырмалар берді. Дым ақшасыз, "үйренсем, көрсем" деген ниетім болды. Сол әдетім, бір нәрсені білмесем соңынан қалмаймын».

Көзге ұрып тұрғанды көзге ілмейтіндер болады. Ал Асылдың қабілеттілігі көптің көзіне оттай басылды. 2010 жылы Алматы арнасының жаңалықтарын жүргізуге кастинг жарияланып, сондағы қызметкерлер Асылға өздері ұсыныс жасады. Сөйтіп жаңалықтар жүргізушісі  болып бірден эфирге шықты.     

«Жүргізушілікпен ғана шектелген жоқпын, тілшілермен бірге түсірілімге бардым, сюжеттер жасап ысылдым. Журналистика деген шағын ғана орта ғой, илегені бір терінің пұшпағы. Түсірілімде жүріп басқа арналардағы тілшілермен танысып, КТК ға келдім».

Асыл Махмет бұған дейін бірқатар арналарда жаңалықтар тілшісі, жүргізушісі болып істеп келді. Мектеп бітіргеннен бері қол қусырып отырған жоқ.

«Жұмыс іздеп қиналып көрмеппін. Тіпті достарыммен даяшылықа барғанда, дұрыс сөйлесе білу керек пе, әйтеу мені бірден қабылдайтын. Қайда барсам да меселімді қайтармапты».

«КТК  - халықтың жақсы көретін арнасы. Қаншама арнада жұмыс жасадым, бірақ КТК дағы 6-7 айымды әлі күнге айтады: «КТК-да көріп тұратын едік сені, ол біздің сүйікті арнамыз». Демек, қарапайым жұрт көретін арна деп ойлаймын. КТК арнасы  халықтың көкейіндегі мәселеге, мұң-мұқтажына көмек қолын созып, мәселесін шешуге тырысады. Рейтингісі жоғары. Көптеген журналистер осы КТК-да жұмыс істегісі келеді,ол рас. КТК, менің ойымша, үлкен мүмкіндіктер ашатын арна. Осында жеке бағдарламам болса, сол арқылы атымды қалыптастырсам, халқыма еңбек етсем деген ойларым бар».

Жаңалықтарды жүргізу қарапайымдылықты талап етеді. Қара халықтың ойын қарапайым  тілімен жеткізу. Жүргізуші сол ортадан шықса, сол мәселені көзімен көрсе, шынайы жеткізе алады.  

«Студияда үш-төрт камера болғанымен, ар жағында миллиондаған көз қарап тұр. Мен жаңалық оқып отырғанда көз алдымда ауылдастарым, туған-туыстарым тұрады.  Ұятқа қалдырмасам екен деймін. Соларға әңгімелеп айтқым келеді, түсінікті болса екен деген ой тұрады. Жасандылықты жаным сүймейді, қалай бар, солай жеткізгім келеді. Ауылдастарым түсінсе, қалғандары да түсінеді деп ойлаймын»,  - деп сөзін қорытты Асыл Махмет.

Ендеше жаңа маусымға шымылдығын көтерген КТК арнасынан көрермендер көкейіндегісін тапсын деп тілейміз. Асыл Махметтің асығы осы жолы да алшысынан түссін! Ал жаңа ашылып жатқан бағдарламаларға және оның жүргізушілеріне бағасын беретін тек қана көрермен. 

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ: КТК арнасы әділетсіздіктен қажыған жандардың тауқыметін шешуді өз қолына алды!

Ерланби Дәулетияр: «Ішкі мазмұны келіспеген адам эфирде сүйкімді көріне алмайды»