{metadescription}
Маскүнемдік дерті: балаңыздың қандай сусын ішіп жүргенін қадағалайсыз ба?

Маскүнемдік дерті: балаңыздың қандай сусын ішіп жүргенін қадағалайсыз ба?

Қазір бар жерде сатылып жатқан энергетикалық сусындар мен түрлі бояғыш заты бар газдалған сусындар бала  ағзасын араққа ерте үйрететінін білесіз бе?

Спиртті ішімдіктің желігімен жасөспірім қатыгездікке шімірікпей  баратынын білесіз бе?

Жастардың адам өлтіру, қыз зорлау сияқты ауыр қылмыс жасауына не түрткі болады? 

Елімізде маскүнемдік дертіне шалдыққан жасөспірімдер мен ішімдікке құмар адамдардың саны қанша? 

Бұның алдын алу үшін қандай шаралар қажет?

 Республикалық ғылыми-тәжірибелік психиатрия, психотерапия және наркология орталығының директоры, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ психиатрия кафедрасының меңгерушісі Сағат Алтынбеков КТК арнасының тілшісіне аталмыш мәселенің түпкі тамыры неде екенін және онымен қалай күресу керектігін айтып берді.

Эксклюзивті сұхбаттан бұрын ресми мәліметті шолып шықсақ:

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми мәліметі бойынша, мысалы, Алматыда 2011 – 2015 жыл аралығында ішімдікке тәуелділігімен наркологиялық есепке тұрған кәмелет жасына толмаған балалардың жалпы саны 2195-тен 196-ға,  ал Астанада – 98-ден 30-ға дейін азайған. Республика бойынша жалпы көрсеткіш: 2011 жылы 4167 балалар мен жасөспірімдер, 2015 жылы небәрі 578.

– Сағат Әбілқайырұлы, соңғы бес жылдағы ресми мәліметке қарасақ, елімізде ішімдікке құмар балалардың саны күннен-күнге азайып отыр. Бұл немен байланысты? Елімізде салауаттық өмір салтын ұстану қарқынды жүргізілуде ме, әлде балалар арақты қойып, өзге «құмарлыққа» ауысты ма?

– Соңғы бес жылда шынында да наркологиялық ұйымдарда тіркеуде тұрған балалардың саны азайғаны рас. Бұл азаю тренді барлық топтағы тұрғындар мен химиялық тәуелділікке шалдыққандарды қамтиды. Кәмелет жасына толмағандардың алкогольге қызығушылығы төмендегені байқалады. Көбісі кішкентай кезінен спортпен шұғылданып, түрлі үйірмелерге қатысып, білім алу курстарына жазылуда. Тағы бір айта кетерлік жәйт, көптеген жастар діни сеніміне қатысты алкольден мүлдем бас тартты. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толмағандардың санының азайғанына мына факторлар себеп:

Біріншіден, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Диспансерлік науқастардың электрондық тізімін енгізуі. Осының арқасында біз қазір тіркеуде тұрған барлық науқастар туралы мағлұматты біліп отырмыз. Өзге елге кеткен, сотталған, қайтыс болған науқастар аталмыш тізімнен алынып тасталады.  

Екіншіден, науқас пен оның туыстары «Д» есебіне тұрмау үшін жанын салады. Себебі, есепте тұрған адамға жүргізуші куәлігі берілмейді, әскерге бармайды, мемлекеттік ұйымда қызмет ете алмайды. Тәртіп сақшыларының қолына жиі түсетін жасөспірімдердің медициналық куәлігі тек ата-анасының рұқсатымен алынады. Ал бұл жағдайда мамандардың «тынысы тарылып» мысы құриды.   

Үшіншіден, жасөспірімдер басқа психобелсенді заттегіге әуестене бастаған. Ол: марихуана, синтетикалық каннабиоидтар, «легалка» және тағы да басқа дәрілік препараттар.

– Министрлік ұсынған статистикалық мәліметте ала-құлалық пен терістік болуы мүмкін бе? Ол қазіргі ахуалды айна-қатесіз бейнелеп тұр ма? 

– Ресми статистиканың көрсеткіші шынайы жағдайды үнемі бейнелей алмайды, ол қазіргі ахуалдың қылтиған төбесін ғана көрсетуі мүмкін. Бүкіл әлемде адамдардың шын мәнісіндегі санын мөлшерлеп анықтау үшін түзету коэффициенті қолданылады. Түзету коэффициенті екіге жақын Ресей халқының бізбен ділдік жақындығы ескеріліп, былай есептелуі мүмкін: ресми мәлімет бойынша есепте тұрған кәмелетке толмағандар саны 2015 жылы 578-ке жетті десе, сәйкесінше, шамамен 1000 жасөспірімде клиникалық белгісімен алкольдік проблема бар. Сонымен қатар үнемі ішімдік қолданатын жасөспірімдер санаты «қауіп-қатер тобына» жатады. Яғни, ішімдікке тәуелді болудың сәл алдында тұр. Бірақ олардың нақты санын анықтау қиын.  

– Ресми ақпаратқа қарасақ, Қазақстанда маскүнемдігімен наркологиялық есепте тұрғандардың басым көпшілігі Алматы қаласынан, сондай-ақ Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан. Бұл өңірлерде неліктен осындай ахуал байқалады?

– Тағы да айтамын, есепте тұрған жасөспірімдердің саны аталмыш өңірлердегі ахуалды толық бейнелей алмайды. Бұл факті наркологиялық қызметтің тыңғылықты жұмысын ғана бейнелейді. Керісінше, «жақсы» көрсеткіші бар өңірлердегі наркология қызметі түкке тұрғысыз болуы мүмкін. Сондықтан мына бірнеше көрсеткішті талдау керек: стационарға түскен жасөспірімдер; этил спиртімен уланғандар; мас күйінде тәртіп бұзған кәмелет жасқа толмағандар саны және т.б. біз бұл жұмысты атқарып келеміз және жағдайды жақсарту үшін өңірлермен тығыз байланыстамыз.  

– Араққұмар жасөспірімнің жиі  қолданатын алкогольдік сусыны қандай?  Маскүнемдікке жетелейтін басты себеп неде?

– Жасөспірімдердің көпшіліг үш түрлі алкогольдік сусынды қолданады. Бейәлеуметтік өмір салтындағы бала градусы күшті ішімдік пен суррогаттарды қолданады. Жағдайы жаман емес отбасындағылар алкоголі аз ішімдіктер, түрлі «энергетиктер» т.б, ал үшінші санатағылар сыраға әуес. 

–  Бесіктен белі шықпай алкогольдік сусын ішіп өскен баланың денсаулығына қандай қатер төнеді?

– Алкогольдік ішімдік қолданатын жастардың көпшілігінің тұқымына ауыртпашылық түсуде. Енді ғана қалыптасып келе жатқан жас ағзаны алкоголь қиратып, талқандайды. Бірінші кезекте ми азап шегеді. Жасөспірім өзінің ісіне, мінез-құлқына сыни пікірді қабылдай алмайтын жағдайға жетеді. Жастайынан арақ ішкендер дайын маскүнем болып шығады. Қазір 20-30 жастағыларда Delirium tremens («елес ауруы») белгілері байқалуда. Бұл  - маскүнемділіктің үшінші клиникалық санаты, бұны емдеу өте қиын.

– Маскүнемділіктен бөлек, балаларға тағы қандай тәуелділікке қатысты қауіп-қатер төніп тұр?

– Балалар мен жасөспірімдер бастапқыдан түрлі тәуелділікке бейім: химиялық (маскүнемдік, нашақорлық), химиялық емес (бүлікті секталар, ойынқұмарлық, интернет-әуестілік). Менің ойымша, алдын алудың ең тиімді шарасы – отбасы. Баласын ішкіліктен қорғау үшін әрбір ата-ана алдымен өз отбасындағы әдет-ғұрыпты қадағалауы керек. Ең тиімдісі – спорт пен бірге саяхаттау.  Ата-ана  бала тәрбиесін бесіктен бастаса ғана өкінішсіз өмір сүретіні хақ. Ойланыңдар, ішімдік баланың болашағын бұзады.

Кеше

20 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде