{metadescription}
«Сары» деңгей: Қазақстан билігі неден қорқып отыр?

«Сары» деңгей: Қазақстан билігі неден қорқып отыр?

Елімізде қауіптің «сары» деңгейінің мерзімі неге жарты жылға ұзартылды?

Қазақстанда террорлық қауіптің «сары» деңгейі 2017 жылдың қаңтар айының ортасына дейін ұзартылды.  Саясаттанушы  Досым Сәтбаев  бұны ұтымды факті деп есептейді. Алайда, оның айтуынша, бұның басты кілтипаны: қауіпсіздікті  қамтамасыз ететін және қандай да бір деңгейдің түсін анықтаушы мемлекеттік құрылымдардың   жұртпен ақпараттық жұмысы - әлсіз.

«Қауіпсіздіктің түсін енгізу немес белгілеу фактісі қарапайым адам үшін ештемені білдірмейді. Жұрт бұндай жағдайда өзін-өзі қалай ұстау керектігінен мақұрым, ал бұл өте маңызды. Яғни, сары деңгейді ұзартқанымен, қарапайым азаматтарға жүріс-тұрыс үлгісі түсіндірілмеді. Менің ойымша, қазақстандықтарыдың ұялы телефонына тек құрғақ ақпарат беріп қана қоймай, қандай да болсын қауіптілік деңгейі жарияланғанда азаматтардың жүріп-тұру тәртібі егжей-тегжейлі нақтыланған сайттардың сілтемесін де жіберген ұтымды болар еді», - дейді саясаттанушы.

Сәтбаевтың пайымдауынша, жалпы «сары» деңгейдің сақталу фактісі қазақстандық биліктің радикалдық құрылымдар немесе нақты бір радикалдардан қауіптеніп отырғанын көрсетеді.

«Сары» деңгейдің сақталуы -  құқыққорғау құрылымдарының террористік қауіп-қатерді барынша бақылауда ұстауы.  Күш құрылымдары жайбарақат отырмау керек. Ақтөбе мен Алматыда болған оқыс оқиғалар ұмытыла бастады, енді өзге де пішімде террорлық әрекеттер болуы ықтимал.

Сондықтан қауіптіліктің «сары» деңгейі  - антитеррорлық іс-шараларды машықтап, елдегі 14 мың инфрақұрылымдарды қорғаудың тың тәсілдерін дайындап жаттығулар өткізетін шақ.  Ол нысандар лаңкестік әрекеттің көздеген нысаны болуы мүмкін. Олар қосымша қауіпсіздік шаралармен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұны іс жүзінде жүзеге асыру қиын, бірақ сары деңгей күш құрылымдарын және антитеррорлық комисссияларды өңірлер деңгейінде жіті назарға алып, көңіл бөлуге мәжбүрлейді», - деді Досым Сәтбаев.

Күш құрылымдардың мұндай күтпеген төтенше жағдайларға көбінесе дайын болмай шығатынымен  «Әскери бауырластық» Қоғамдық қорының құрылтайшысы Гумер Галеев те келісіп отыр. Оның айтуынша, Ақтөбеде орын алған оқиғада  құқыққорғаушы органдар бейқам күйде болған. 

«Қазір еліміздегі ахуал қаншалықты қиын екені көбісінің қаперіне кіріп отырған жоқ. Пікірімді жасырмай айтсам,  5 маусымға дейін арнайы қызмет нашар жұмыс істеді. Тіпті қанағаттандырарлықсыз! Жауынгерлердің  босаңсығаны соншалық, «бәрі ойдағыдай» дегенге еті үйреніп кеткен. Енді қауырт жұмысқа дағдыланып, абыройын өсірсін. Өз басым елде жағдай тұрақталмайынша, «сары» деңгейдің» сақталғанын қалаймын.  Жасыратыны жоқ, жыл сайын  төтенше жағдайлар  орын алуда. Ал   «сары» деңгей  кезінде  тәртіп сақшылары тұрғындардың арыздарын жіті тексеріп, күдік тудыратын нысандарды қатаң бақылайтын болады», - дейді  Галеев.

Қауіптіліктің «сары» деңгейі сақталуының маңыздылығын Алматы қаласы әкімдігі жанындағы «Ауғанстан соғысы ардагерлері және мүгедектері» Қоғамдық бірлестігі үйлесімділік кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдушүкіров те мәлімдеді.

 «Менің ойымша, егер арнайы қызметте қандай да бір қатер туралы шұғыл апарат болса, онда «сары» деңгей сақталуы тиіс. Бастысы – адам өмірі, қоғамдағы тұрақтылық. Сондықтан  елдің аман, жұрттың тыныш болуы үшін кез келген түстегі деңгейге халық  шыдайды.

Қазақстан  жабық вакуумда емес. Жанымызда өзге де мемлекеттер бар. Олармен тығыз ынтымақтастамыз. Елге лаңкестік шабуылды ниет еткен содырлардың еніп кету қаупін жоққа шығармаймын.  Әрине, бұл  Қазақстан  сұрапыл  соғысқа дайындалуы қажет деген сөз емес, дегенмен  терроризммен соғысқа дайын болу шарт.

Террорлық соғыстың бет-бейнесі жоқ. Міне, мәселе осында. Бұл қарттар, балалар, әйелдер – тұрғындардың 90 пайызын зардап шектіретін ең әділетсіз соғыс.  Сондықтан терроризм – әлемдік жауыздық, онымен әлемдік деңгейде күрес қажет. Қазақстан аталмыш шабуылға қарсы тұра білуі керек», - деді ол.

Осылайша, қауіптіліктің  «сары» деңгейі  ірі қылмыстық ұйымдарды анықтап, радикалды ағымның жолын ұстаушылардың көзін құртып және құқыққорғаушы органдары қызметкерлерінің қырағы болуы үшін сақталуы тиіс. 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде