{metadescription}
Діни экстремизм: дін жолына басын байлаған басшылар бар ма?

Діни экстремизм: дін жолына басын байлаған басшылар бар ма?

Сұрақты төтесінен қойсақ, билікте теріс ағымдағы тұлғалар бар ма және оны неге жария етпейді?

Бүгінде ислам әлемі үлкен сын-тегеурінге тіреліп тұр. Бұл ислам әлемінде ойлау дағдарысы бар екендігін көрсетеді. Осыған байланысты ислам діні мамандарының алдында үлкен мәселе тұр: осы сынды қабылдау, баламасын жасау, шешу жолдарын табу және қиындыққа лайықты төтеп беру.

Алматы, Ақтөбе, Атырау, Тараздағы оқиға елімізде діни экстремизм мәселесін өзекті етті. Діни экстремистердің қоғамға жат қылықтары, құқыққорғау органдарымен қақтығысы елде бүлдіргіш күш бар екенін көрсетіп отыр.

Санасы уланған жастар өз алдына әлеуметтік күшке айналып бара жатқаны рас. Ал билік арасында дін фанаттары - дін жолына басы бүтін байлаған тақуалар бар ма? Жалпы, аталмыш мәселенің түп-тамыры қайда жатыр?

Әбдрашит Бәкірұлы, публицист, философ:

"Біздің билік жүйесі өзін-өзі қорғаудың небір тәсілін жетік меңгеріп алды. Ол әр жағдайдың  ыңғайына қарай әрекет етуге машықтанған. Мысалы, формасы жағынан "демократия" аталатын көріністерді жігін жатқызып әлемге ұсыну - көптеген авторитарлық елдердің билігінің қолынан келе бермейді. Осы жағынан біздің билік шынында да талантты!

Өкініштісі, олардың мақсаты "билік үшін билік ету" парадигмасымен шектелген. Сол себепті де, олар өз арасындағы теріс ағымдағы тұлғаларды жария етпейді. Білсе де, білмегендей қалып танытады. Алайда, билікке қатысы жоқ санасы уланған жастар өз алдына әлеуметтік күшке айналып бара жатқандықтан, олар бұл құбылыспен күресуге мәжбүр. Өйткені, ол құбылыс билік тұрақтылығына да ауыз сала бастады. Осындай "күрес" қатайған кездерде биліктегі радикалдық тұлғалар бұғып қалады... Себебі, олар да элиталық ортаның ойын тәртібіне бағынулары тиіс. Онсыз болмайды. Бірақ бұл олардың өз көзқарастарынан бас тартты дегенді білдірмейді. Бұл - уақытша.

Дегенмен, егер осыған қарсы арнайы заң шықса - биліктегі тұлғалардың райынан тез қайтарына мен сенімдімін. Себебі, таразы басына не қызмет, не сенім идеологиясы түскенде - олардың көбі осы жағдайына мүмкіндік беріп отырған қызметін таңдауы анық... Сондықтан мен билік арасында дін фанаттары, яғни, өздерін дін жолына басын байлаған тақуалар бар дегенге сенбеймін. Ал тобыр арасында ондайлар мыңдап саналады, әрі, оларды өзгерту де өте қиын мәселе".

Асылбек Ізбайыров, Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Геосаясат зерттеу институтының директоры, саясаттанушы:

"Бұл сұраққа жауап беру үшін, алдымен, бірнеше қырынан анықтап алған жөн. Біріншіден, белгілі саясаттанушы Талғат Мамырайымов айтқандай, «тыйым салу мәселесінде белгілі бір элитарлық соғысты көруге болады». Биліктегі түрлі элиталар арасында. Егер оның гипотезасы расталса, біз ішкі элиталық күреске тап боламыз. Яғни, өзінің элиталық күресінде діни факторды пайдалану. Екіншіден, 1937 ж.ж. «халық жауы» терминін енгізгендегідей, қазіргі күнде қарсыласының көзін жоюдың  тиімді тәсілі сол - «сәләфия» терминіне қылмыстық реңк беру. Яғни, бұл терминді таңбалап, саяси алаңнан қарсыласын ығыстыру үшін пайдаланып отырған жоқ па деген ой келеді. Бұл мәселе өте күрделі. Және оны кешенді түрде шешу керек.

Осындай терминдер, мысалы, 2011 жылы атышулы Исматулла ісінде де «сопы» термині көп айтылып, сөздің реңкі өзгерген болатын. Міне, қазір осындай діни факторлар саяси күресте пайдаланылып отырған сыңайлы. Ал шын мәнісінде, діни экстремизм дегеніміз не? Мысалы, Ақтөбеде орын алған оқиғада террористік ДАИШ ұйымымен қатысты екені, яғни сол жақтан тапсырма алып отырғаны белгілі болды.

Демек, олардың іс-әрекеттеріне сыртқы факторлар жетекшілік  еткен.  Олар ДАИШ идеясын қорғаушысы және таратушысынан (ал-Аднани аш-Шами) радикалды саяси бағыт алған. Сондықтан, менің ойымша, қазір сөз етіп отырған діни радикализм такфир (капiрге шыгару) идеологиясының көрінісі. Оның негізі – мемлекетті дінге қарсы, мемлекет ислам нормасынан ауытқыған және т.б. осы іспеттес айып тағып, сол мемлекетке қарсы белгілі бір  қарсы лаңкестік белсенділік жүргізу. Бұл жағдайда қазіргі радикализм мен экстремизм  тап осы фактормен байланысты. Сол себепті біз абстрактілі сұрақтарға емес, нақты факторлармен жұмыс жасауымыз қажет. Терминологиялық аппаратпен  (такфир, тағут, узур би-джахль) және «амал, куфур, иман деген не?»  - сұрақтарына жауап тауып, терминдер тізіміне дұрыс баға беруіміз керек. Менің пайымдауымша, еліміздегі аталған мәселені  осылай шешуге болады.

Және  әр түрлі топтардың өзара қарама-қарсы келуіне жеткізбеуіміз керек. Мысалы,  Ақтөбеде болған оқиғада басты мақсат – қоғамда жік тудыру болды. Қазір бұл мақсат орындалды деуге болады, яғни біз, қазақтар бір-бірімізді діни қағидамыз бойынша жек көре бастадық. Бәріміз қазақ болсақ та, діни факторға қатысты жеккөрушілік көрініс алды. Қазіргі уақытта діни фактор арқылы қазақты жік-жікке бөліп жатыр.  Қалай айтсақ та, бұған сыртқы фактор әсер етіп отыр және сыртқы фактордың жетегінде кетіп отыр.

Әбдрашит Бәкірұлы, публицист, философ:

- Негізі - ішкі фактор. Ол радикал дін бағытын қабылдауға дайын болмаса, сыртқы күштерге іліге алмас еді. Негізгісі - ұлттық құндылықтарға салғырттық және діни мен философиялық сауатсыздық. Содан келіп надандықтың өзін даралық етіп көрсеткісі келетін қадам басталады. Бұған қазақтың пиарға әуестігін қоссақ - қазіргі жағдайға тап боламыз.

Айта кетсек, дін туралы сын айтсақ, ол Құдайды сынағандық емес. Құдай мен Дін бөлек құбылыстар деп санау керек.

Сонымен, экстремистердің түсіндірмелері адасуға апарған болып отыр. Діни терминдерді шектеулі тұрде түсінуден оларды талқылап, бұқаралық түрде сауатты түсіндіруге өтуіміз қажет болар. Діни экстремизм жай мәселе емес, оның күрделі екенін, оны жүйелі түрде шешу қажеттігі туды. Қорытып айтсақ, діни экстремизм алдымен психологиялық, әлеуметтік, экономикалық, саяси өлшемдермен байланысты құбылыс. Осы мәселе төңірегінде тағы да талқылаулар жариялап тұрамыз.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде