{metadescription}
Ұл – ұяға, қыз – қияға қонса екен...

Ұл – ұяға, қыз – қияға қонса екен...

Бауыр етінен жаралған баласына бақыт тілейтін ата-ананың айтар тілегі осы ғой. Алайда білім қуып, жұмыс іздеп, үлкен қалаларға кеткен ұл-қыздарының не тіршілік қылып жүргенін үйінде отырып, білмей қалатын жандар да болады екен.

Естіген құлақта жазық жоқ. Екі қаланың арасына қатынайтын жолаушылар автобусында қатар отырған екі әйелдің бірі «ұлым әлдебір қызды тауып алып, пәтер жалдап тұрып жатыр екен» дегенін естігенімде, қатты таңғалдым. Бұл сонда, күйбең тірліктен көз аша алмай жүрген қазақ әйелінің ата-баба дәстүрімен құдаласып, келін түсіруді артық әурешілік санап, шарасыздықтан айтқаны ма әлде ұлының тентектігін батырлыққа балағаны ма? Апырай, болашағынан үміт күттірер перзентінің қайда, кіммен тұрып жатқанынан қыз жағының да хабарсыз қалғаны ма?! «Әйтеуір аман болсын» деген бойкүйездік – бойымызға бұрын бітпеген мінез. Қозы, лағын өріске айдап салып, қарап отыра берер жалқау қойшының жаман әдетіндей бұл сұмдық жүре келе, қалыпты іске айналмаса игі еді.  

Талай жұртты тәнті еткен ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, ұл-қызымыздың басын қосарда қолданылатын төменде келтірілген жөн-жоралғыларды әдептен аспай атқарсақ, абыройымыздың арта түсері анық.

Өзге ортадан келін алуға келген құдалар дәстүр бойынша, сән-салтанатымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде-жоралары көп болады. Ең басты кәденің бірі - осы топқа арнайы әкелген «той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді.

Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін, әдеп бойынша, енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата-енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді.

Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдені – «түйемұрындық» деп атайды. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.

Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Жалпы, «күйеубаласын пайғамбар да сыйлаған» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. Бұдан бірер жыл бұрын республикалық телеарналардың бірі «Сүйген сұлу» атты үнді телехикаясын көрсетті. Сол фильмде қалыңдығын алып кетуге келген күйеужігітті қыз ағасы аттың үстінен аяғын жерге тигізбей, алақанына салып түсіреді. Демек, өрісін кеңейтер қызының өмірлік жарын құрметтеу – барша халыққа ортақ дәстүр.  

Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса, қазақ заңында бұл өте ауыр іс саналады. Арты үлкен дауға ұласады. Күйеу себепсіз бас тартса, бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Ал, егер батаны қыз жағы бұзатын болса, қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді. Осыны білген екі жақтың игі-жақсылары уәде бұзбайды, келеңсіз іске жол бермейді.

«Басқаларды үйрете жүріп біз өзіміз үйренеміз» деген екен әлемнің ұлы ойшылы Сенека. Кеңбайтақ еліміздің әр түкпіріндегі көне дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, құлпырта көрсеткен өнегелі той-жиындардың біз білмей жүрген жөн-жоралғыларын көзіміз шалса, КТК БЛОГында қуана-қуана жариялап тұрар едік.  

Кеше

08 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде