{metadescription}
Серік Жанболат: біреудің жазып берген дүниесімен эфирге шығып көрмеппін

Серік Жанболат: біреудің жазып берген дүниесімен эфирге шығып көрмеппін

Құлағы түрік көрермен биыл КТК арнасының эфирінен судай жаңа ақпараттық-сараптамалық <a href="https://www.ktk.kz/kz/programs/Aptap">«Аптап»</a> жобасының алғашқы шығарылымын тамашалап үлгерді. «Аптапты» еттен өткізіп, сүйекке жеткізу міндеті  шақпа сөзді, тіс қаққан журналист Серік Жанболатқа жүктелді.

 Жаңа жобаның мақсаты мен міндеті, машақаты мен «індеті» туралы Серік Мейрамбекұлы былай дейді:

Аптап – шыжыған ыстық. Қоғам өмірінің аптабы! Апта деген де мағына бар. «Аптапта» қоғамның барометрін, термометрін жасасақ, әр оқиғаға температуралық тұрғыдан баға берсек. Қоғам өміріндегі температура қандай? Соны өлшемекпіз. «Аптап» - жай сараптай салу емес, термометрмен өлшеп, бағалау.

Көкейтесті мәселе кешенді талқыланады. Мысалы, латын қарпі туралы мәселені студиядан бастап сюжетке өткізіп,  одан кейін студияға қонақ шақырып, бүге-шігесін ашуға тырыстық. Қоғамда сөз болып жатқан өзекті мәселені, оқиғаны жан-жақты талқылаймыз. Әрине, бар қырын ашу мүмкін емес. Дегенмен соған ұмтылу керек, көрерменге дұрыс ақпарат жеткізу керек. Оны мыжғылап езгілемей, акцентін дұрыс қойып, тақ еткізіп жеткізу! 

КТК арнасында соңғы сегіз жылға жуық қазақ тілде сараптамалық бағдарлама болмады. «Аптап» инемен құдық қазған жоба ма дерсің. Коммерциялық арна болғандықтан мұнда бәрі тікелей рейтингке байланысты. Сізге де сенім артып отыр. Заманның талабы бар. Осы тұрғыда «Аптап» командасы рейтинг үлесінен шыға ала ма?     

Біздің қоғамның әлі күнге дейін басым көпшілігі орыс тілді екені, содан кейін капитал, қаржы дүниесіне мүдделі екені белгілі. Соған қарамастан қазақ тілінде ақпараттық-сараптамалық бағдарлама шығарамыз деуі, шын мәнісінде, КТК басшылығының қоғамға жаңа көзқараспен қарап отырғанының белгісі деп білем. Бағдарламаның рейтингісін болашақ көрсетеді. Дегенмен біз  қалыптасып қалған студиялық форматты өзгертуге, заманауи пішімге келтіруге тырысамыз. Қоғамның сөзін сөйлеуге, халықтың сеніміне кіруге жұмыс істейтін боламыз. Әрине, оның бәріне уақыт керек. Бірінші күннен бастап «аспандағы айды алып береді» деген әңгіме жоқ. Дегенмен соған ұмтылатын боламыз.

Қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік топтарды, іс-шараларды қолымыздан келгенше мақсатты аудиторияға жұмыс істетсек  деген ойымыз бар. Ал рейтинг мәселесінде, менің ойымша, одан қазір қатты қорқудың қажеті жоқ. Өйткені қазақтың саны 70 пайыздан асты. Бұл бізге үлкен мүмкіндік. Түсінемін, қала жұртының  басым көпшілігі әлі қазақшаға бұрыла қойған жоқ. Оған жалтақтай берудің қажеті жоқ. Болашаққа жұмыс істеуіміз керек. Қазір 4-5 адамнан тұратын команда құрылды. Оған КТК арнасының басшылығы барлық  жағдайды жасауға тырысуда. Әрине, студиядағы форматтардан қаша алмаймыз. Мысалы,  публицистикалық форматты құрбандыққа шалуға тура келеді. Қанша төгіп айтам десең де, техникаға қарайлайсың, led, камераға еріксіз жұмыс істейсің, онсыз болмайды. Мүмкіндікті барынша пайдалана білуіміз керек.

Бірнеше жылдың жүзі болды, жалпақ жұрт сізді ТВ эфирінен жоғалтып алған болатын. Репортерлық шеберлік әрдайым дамып, ысылып отырады. Осы тұрғыда ТВ-ға тән қабілеттілікті, жүргізушіге тән икемділікті жаңғырту сізге қиын болды ма?    

2010 жылдан бері бұндай кең сараптамалық, қоғамға ой салатын  бағдарлама жүргізген жоқпын. Тиіп-қашып, сол ток-шоуларды жүргізіп келдім. Бірақ қызық екен, студияға кірген кезде 30 жылдық тәжірибе қорым, ішімдегі дүнием қолыма микрофон ұстаған сәтте жарқ етіп оянды.

Көрермен зейінін өзіңе қаратудың ерекше айла-тәсілі қолданыла ма? 

Әрине, мына заманға ерекше бір тәсілдер, ұтымды нәрсе жасау керек. Бұрын осыны студияда қолдансам күлкілі болады деген дүниелерді қазір қолдану керек. Мысалы, бағдарлама басталғанда қаздың дауысы деп ысқырықпен бастадым. Көрермен қалай қабылдар екен?  Қазір көрерменнің алдында мыжып сөйлей бергеннен түк шықпайды. Өзгеше форма керек. Былай қарасаң, салиқалы бағдарлама. Бірақ, бұл - эксперимент. Бұған барып отырмын, көрейік! Мүмкін ертең сынайтын шығар, одан қорқып отырған жоқпын. Сынағаны да дұрыс. Түк істемей отырғаннан көрі бірдеңенің нәтижесін шығарайық.  

«Аптаптың»  басқа арналардағы апталық бағдарламалардан өзгешелігі неде?

Оқиғаны көрсете салу үшін шықпайсың, баға беруге шығасың. Сараптама бағдарламасының басқа бағдарламадан айырмашылығы осында. Сондай-ақ  тың әдістермен жаңартып отырамыз.  Мысалы,  Астанамен тікелей байланыс орнатып,  сол жағалаудағы ауыс-түйістерді қолма-қол көрерменге жеткізіп, сарапқа саламыз. «Көлеңкедегі кісі» айдарында  қоғамдағы түрлі топты көрсетеміз. Біреу ас үйде  отырып бірдемені күңкілдеп айтады. Базарда отырып бірдемені талқылайды. Көлік жүргізушілері бір тақырыпты талқылап жатады – бұның бәрінде мән жоқ деп, құлақ түрмеуге болмайды. Өйткені олар  - қоғам өкілдері. Сол әңгімелерде шындықтың дәнегі болуы мүмкін. «Көлеңкедегі кісі» - қоғамдағы өзгерістерге, жаңа заң, реформаларға көзқарасын, ойын айтып отырады. Бұл – жиынтық образ. Оларды да тыңдасақ деген ойымыз бар. Келісу-келіспеу бізге міндет емес, бірақ тыңдау - міндет.

Болашақта жобамызға өтіріктің сүзгісін (детектор лжи) қоссақ дейміз. Қоғамда біраз дүниесін айта алмай, айтса да, ұқтыра алмай жүрген азаматтар бар. Солардың шыңғырған дүниесін айтқызсақ. Бағдарлама айдарлары қатып қалған емес, тың ойлармен түрленеді. Сөйтіп шығармашылық тұрғыдан қарап отырмыз.

КТК арнасының ұсынысына бірден келістіңіз бе?

- Жоқ, ойландым. Алматы арнасында жүргізуші боп жүрдім, онда маған сенім артып бағдарлама ашқан еді. Олармен ақылдастым. Мәселе арнаның үлкен-кішісінде емес. Телевизияға  өз басымды көрсету үшін шықпаймын, айтатын дүнием бар, айтқым келеді. Газетте, радиода да айта аламын. Бірақ телевизияның мүмкіндігі көп. Эфирге қоғамға қажет нәрселерді жеткізсем, айтсам дегендіктен шығасың. Маған КТК арнасының мүмкіндіктері көбірек боп көрінді, келісім бердім. Алматы арнасын ескертіп, алдарынан өтіп,  КТК-ға жөнімен келіп отырмын.

Салиқалы сараптамалық бағдарламаның жүргізушісі болу деген үлкен жауапкершілік қой...

Жүргізушілік – суфлерге жазып берген мәтінді оқу емес. Жалпы мен еш уақытта біреудің жазып берген дүниесімен эфирге шығып көрмеппін. Өйткені ол менің ішімнен шыққан сөз емес. Мен қай уақытта эфирге шықсам да, ішімдегі дүниеммен шығам. Өзімдегі барды айтам. Жүргізуші тек жүргізуші ғана емес, ол – идеяны қозғаушы, қоғамға ой салушы.Көсем  емес,  қоғамның  моторы. Сондықтан кез келген эфирге мен түнімен отырып оқып, дайындаламын. Түнімен отырып жазамын. Ой менікі болуы керек.

«Аптап» тісі батпағанның, тілі жетпегеннің  тілін таба ала ма? Болашақтағы мақсаты қандай?

Атын  «Аптап» қойғаннан, аптаға сәйкес болғанннан кейін, қоғамның райын, температурасын өлшеп отырсақ дейміз. Экономиканы бағалаудың ВВП деген халықаралық стандарты бар ғой. Болашақта қоғам  өмірін бағалаудың ВВП (ЖІӨ – жалпы ішкі өнім – ред.)  деген сияқты,  «Аптаптың» рейтингі»  деген рейтинг қалыптастырсақ дейміз. Оған жету керек, ұмтылу керек.

Көрермен мен жүргізушінің арасын байланыстыратын не нәрсе?

Қарсы алдымдағы бірнеше камерадан миллиондаған көрерменді көремін.  Осыны сезініп жүргеніме біраз уақыт болды. Телевизияда   істегеніміе 10 жылдай болғанда  сезгенім - камераның артында тұрған көздерді көріп тұрам. Олардың сұрағын сезіп тұрам.  Сондықтан  әр сөзіңнің, жазып отырған мәтініңнің салмағын жеткізуге, ұғындыруға бар күшіңді саласың.  Газетке жазған мәтін мен радиода сөйлеген сөз және экранға қарап айтылған сөздің айырмашылығы болады. Өйткені сен көздерді сезіп, қай жерге акцент жасау керектігін түйсінесің. Ол  - тәжірибемен келетін интуиция. Мысалы, күлдір-күлдір еткізіп қазақтың қызыл сөзімен сөйлей алам. Бірақ одан ешкім ештеңе ұтпайды. Міндетім – барлық қарама-қайшылықтарды, ойды, идеяны қарапайым, жатық тілмен жеткізіп беру. Санасына құйып беру. Ол келісер, келіспес. Бірақ көрермен менімен айтысып отырса, экран алдынан кетіп қалмаса, ол – жеңіс. Сондықтан эфирге шығатын адамның тілі сұлу емес - тапқыр болуы қажет.

Түйіткілді түрте бергеннің түрі бұзылады демекші, ауыр тақырыптан ауырлап қалмайсыз ба? Өткір мәселені «өткізе» беруден етіңіз өліп кетпей ме?

Жоқ. Кез келген қиын дүние туралы әңгіме болып жатқанда оны әңгімелемес бұрын, мәнісін іздейсің. Барды көрсете салып, «өзің шеш» демейсің. Баға беруге шығасың, сараптағың келеді. Сондықтан ізденесің. Әлгі дүниенің мәнісін ұғасың. Ұққан кезде ой туады. Сол кезде сенде күш пайда болады. Ол жақсы, жаман дүние болсын. Мәнісін ұққан кезде  ішіңде қайнайды, шыға бастайды. Міне, сондықтан одан шаршамайсың. Әр нәрсенің мағынасын іздеп тапқанда, сенде қуат пайда болады. Менің екпіндеп сөйлегенім, ол менің ішімнен шығып жатыр. Сақылдатып сөйлейін дегеннен емес, ол - ішімдегі екпіндеп шыққан тебіреніс, буырқаныс!  

Гитарада ойнап, домбыра шертіп жүрген сазгерсіз.  Осы өнеріңіз бен  тв- жүргізушіліктің арасында байланыс бар ма?

Музыкалық аспап шаршағанда демалдырады. Ол бір бөлек. Гитараны, домбыраны тыңқылдатып шертіп отырғанда құр ойнамайсың, бірдеме іздеп үйренесің. Жеті нотаның арасынан байланыс, жаңа жол,  жаңа оралым, орам іздеп үйренесің. Қоғамда да, ой ойлағанда да солай.  Аяқ астынан бір ой, күрт шешім  табасың. Екеуі  бір-бірімен тығыз байланысты. Ол саған жол тауып үйретеді. Кез келген түйінді мәселеден шешім тапқың келеді. Ән  жазғанда да, ойнағанда да, бір нотаны тез алсам, байқамай алсам, ойнап кетіп, келесі түйінге барып түсемін. Ойда да солай. Осы не нәрсе? Мына жерде айтсам қайтеді деп ойланасың. Аттап кетіп, басқа жағынан шығасың да, сол кезде тың шешім табасың, содан мәз боласың.  

КТК арнасы сіздің түсінігіңізде қандай арна?

КТК телеарнасын халықтың арнасы деп білем. Бұл шенеуніктердің, құр ақпараттың арнасы емес – халықтың  Сол тұжырымдамаға  жұмыс істеп жатыр. Дұрыс, солай болуы керек! 

Әр БАҚ-ның нақты мақсаттағы аудиториясы бар. Ал КТК арнасының әу бастағы концепциясы - халыққа, көпшілікке, Мен өзім соны қолдаймын және біздің бағдарлама сондай болса екен деймін. «Аптап» бас салып ақыл үйрететін тым ақылды бағдарлама боп кетпесе екен деймін.  Елдің сырласатын, мұңдасатын,  жанының жарасын, қиындығын көрсететін бағдарлама болса екен. 

Жұрттың «Біздің арна!» деп сенетін арнасы болуы керек қой. Өз басым КТК-ны  солай деп бағалаймын. Қазақ тіліне басымдық беріліп жатыр. Мен осыны қолдаймын.

Әлеуметтік желіде белсендісіз бе? «Аптапқа» алқынған жұрттың аптығын басуға дайынсыз ба?

Фейсбук желісінде бірдемені жазып, айтыстырып отыратын әдетім бар. Мені де «жеп» жатады арасында. Күліп қойып отыра берем. Айтыс-тартыстан қашпаймын. Одан сайын тереңдетіп, «лақтырып» қойып отыра беремін. Ол заманның лебі ғой.Мен туралы тек жақсы айтса екен дейтіндей сұлу әйел емеспін. Жартысы мақтап, жартысы жамандаса, қуанам. Өйткені ойым бар, пікірім бар, ұстанымым бар адаммын. Ұнамады екен деп жалпақтайтын жағдайым жоқ. Ұнадым екен деп ұшып кететін де жағдайым жоқ.

Ендеше КТК телеарнасының рухын көтеріп, мауқын басатын «Аптап» бағдарламасының бауы берік  болып, Серік  Жанболат жаңа жобаның мың да бір дауасын таба білсін дейміз.    

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: КТК арнасы әділетсіздіктен қажыған жандардың тауқыметін шешуді өз қолына алды!

Ерланби Дәулетияр: «Ішкі мазмұны келіспеген адам эфирде сүйкімді көріне алмайды»

Асыл Махмет: жаңалық жүргізгенде көз алдымда ауылымның адамдары тұрады

КТК арнасын тамашалаудың 22 себебі бар!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде