{metadescription}
Шапағаттың шырағы: бес ай бойы жаны қиналған бес жасар бала

Шапағаттың шырағы: бес ай бойы жаны қиналған бес жасар бала

Қоңыр тірлік кешкен қатардағы отбасы. Гүләйім бес баламен үйде. Күйеуі Бейбіт бұйырған жұмысқа жалданып нәпақа табады. 12-ші маусым - отбасына қаралы күн.

Бұл отбасының әлеуметтік жағдайы оңып тұрған жоқ. Оқушы үш бала мектеп-интернатында оқиды. Балым анасының етегіне оралып жүр. Анасының алтыншы баласына ай күні тақап тұр.

Алматы облысының Талғар қаласы. Талғар тұрғыны кішкентай Шапағатқа араша сұрап, КТК арнасының «Дау-дамайсыз» бағдарламасына хабарласты.

Гүләйім, Шапағаттың анасы:

«Жазда Шапағатты көлік қағып кетті деп шу ете қалды. Жүгіріп барсақ, аяғы ісіп кеткен, басы қан-жоса, жолдың шетінде жатыр».

Қатты соққыдан он метр жерге қалпақтай ұшқан. Жілік саны ортасынан бөлініп, бас сүйегіне қатты зақым келіп, шүйдесі сынып, миы жаншылды. Тірі, жүрегі соғып тұр. 

Бес жасар Шапағат Талғар аудандық аурухананың жан сақтау бөліміне түседі. Кейін Алматы аймақтық клиникалық балалар ауруханасына жатқызылады. Бір ай комада. Жағдайы ауыр, аяқ қолы тырысып, мүгедекке айналып бара жатты.

«Дау-дамайсыздан» көмек сұраған шаңыраққа келгенде Шапағат еш ем-домсыз, дәрі-дәрмексіз төсекке таңылып жатты. Көлікпен қағып өткен жүргізуші бостандықта жүр. Бір ай жан сақтау бөлімінде, бір ай ес-түсссіз комада жатқан Шапағаттың көрер жарық дүниесі бар ма?

Аудандық аурухана балалар бөлімінің меңгерушісі КТК репортерінің камерасынан неге қашты?

Аурухананың травматолог-дәрігері Төлебай Айнабековтің айтуынша, бар проблема басында, ол невропатологтермен нейрохирургтардың жұмысы, ал Талғарда балалар ондай маман жоқ екен.  

Нағыз қажет маманның жоқтығын біле тұра, аймақтық аурухана ауыр науқасты неге аудандық ауруханаға жіберді?

Аудан балаға «сауықтыру ем керек» деп үйіне шығарған. Еш қауқарсыз бала екі ай бойы үйдегі диванда аспанға қарап бос жатты. Бала күннен күнге семіп, терілері кеуіп барады...

Шапағат Өтеген кентіндегі Алматы облыстық ауруханаға келіп түскенде ауыр бас жарақаты, мас миының шайқалуы, соғылуы, төбе, шүйде сүйектерінің сызықты сынығы, сан сүйегінің ортаңғы 3/1 бөлігінің ығысқан ашық сынығы болған. Бала жан сақтау бөлімінде ес-түссіз бір ай жатты. Өздігінен дем алатын кез келгенде ортасынан бөлінген сан жілігіне ота жасалды.

Ең сорақысы, Шапағат Бейбітұлы жол-көлік апатынан бас миы зақымданған жоқ, тек «әткеншектен құлап, осындай жағдайға  ұшырады» деп жазылған. Және бұл шаңыраққа бірде-бір полиция өкілі бас сұқпаған.

Талғар аудандық ІІБ әкімшілік бөлім бастығының орынбасары Қазбек Қанапиянов бастапқыда «бала толық жазылып кеткен соң соттық-медициналық сараптама тағайындалады, көлік айыппұл тұрағында тұр, тексеру жүргізіліп жатыр» деді.  

Ал заң бойынша, сот сараптамасы 30 күн ішінде тағайындалуы тиіс.

Анасы толғатып перзентханаға кеткенде Шапағаттың халі қиындады. Мидың жұтыну, сөл шығару сезімдері өліп қалған. Түтік арқылы езбе тағам беріледі.

Шапағат ауруханадан шыққанда дәрігерлердің «массаж жасадық, күнде тазаладық» деген сөздері шындыққа жанаспады. Баланың жотасы ойылып кеткен.

«Дау-дамайсыз» журналисі Гүлмира Әбіқай Талғар аудандық және Алматы аймақтық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлеріне көңілі толмай, облыстық денсаулық сақтау басқармасына мәлімдеді.  

Әлем жақсы адамнан құралған. Отбасындағы жағдайды естіп, бірі азды-көпті қаржылай қолдау білдірсе, қалғаны тағам мен бір айлық көмірін түсіріп берді.

Бес жастағы баланың тажылмай төсек тартып жатқанына бесінші ай. Дәрігерлер дүдәмал, үміті аз. «Дау-дамайсыз» мүгедектік алуға кеңес берді. Бірақ тиісті мекемеге алдымен әкесі, артынан әжесі барғанда естігені: «Көтеріп алып келіңдер». Шапағатқа мүгедектік алып беруге «Дау-дамайсыз» командасы аттанды.

Алматы облысы, Қаскелен аудандық ауруханасы. Балаға 16 жасқа дейін мүгедектік тағайындалып, әлеуметтік көмек берілді. Мүгедектікке қатысты мәселе бес минутта шешілді. Іле-шала «Дау дамайсыз» Халыққа қызмет көрсету орталығы мен Әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне тартты. Бұл жерде де шаруа тез шешілді: жәрдемақы тағайындалып, 130 дана памперс, 67 дана жөргек бөлінді.

Сәдуовтар отбасы Талғарда тұрады, ал тұрғылықты жері Қарасай ауданы. Бұл жерде жас нәресте әрі ауру баламен отырған анаға әлеуметтік қызметтер мәселесі қалай шешілетіні нақтыланды.  

 Алматы облысы ІІД Талғар ауданының ІІБ-да аталмыш іс басынан бері үш тергеуші ауысыпты. Арыз иесі материалмен таныспаған. Күдікті көлікті жүргізуші куәлігінсіз тізгіндеген. Көлік иесі тергеуге шақырылмаған.

Талғар аудандық ІІБ-да анықтаушы бөлімінің бастығы журналистік түсіру тобынан қашып, есігін тарс жапты.

Шапағаттың ісін о баста жүргізген тергеуші зым-зия жоқ. Оны тіпті басшылардың өздері еңбек демалысына шықты деген желеумен «таба алмады».

Ал анықтама бөлімі бастығының журналиске не жауап беріп, қандай әрекет жасағанын сайттан қараңыз.

Тергеу амалдарының заң аясында әділетті жүргізілуін қадағалаған «Дау-дамайсыз» бағдарламасы бұл мәселені ҚР Ішкі істер министріне тікелей бағыттады. Шапағаттың денсаулығын бақылау мен жақсартуға қатысты ем-домдарын тегін жүргізуді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы өз назарына алды. Тіпті ҚР Денсаулық сақтау министрінің құлағына да жетті. Редакцияға министр атынан жағымды жаңалық келіп үлгерді. Алайда...

КТК эфирінде «Дау-дамайсыз» бағдарламасының репортері Гүлмира Әбіқайдың жүрек сыздатар Шапағат туралы шығарылымын сайттан қараңыз. Жалғасы таяу арада көрсетілмек.

Әр сенбіде сағат 19:30-да тек КТК арнасынан «Дау-дамайсыз» бағдарламасын қарауға асығыңыз. Қоғамда орын алып жатқан даулы мәселенің қалай шешіліп жатқанын білуге тиіссіз. Кең болсақ, кем болмаймыз.

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Жаны қысылған адам ұсақ ұрлыққа бара ма? Бір шелек көмір

Үйіңізде ет болсын, ет болғанда көп болсын

Тепсе темір үзетін теңге

Мектептегі былық: "Бастауыш сыныпқа мұғалім болу үшін 2 мың 200 доллар әкелесің"

Ауырғанда не істемеу керек? 

Қыс қаһарына мінгенде көмірді қайдан табамыз? 

Ерсайын Ерқожа: "Өзінің ата-тегін дұрыс жаза алмайтын мектеп директорлары бар"

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде