{metadescription}
Кеттік тойға: КТК арнасының тосын сыйы жұғысты болсын!

Кеттік тойға: КТК арнасының тосын сыйы жұғысты болсын!

Тап болған жандар болса түрлі жайға, куә бол тарту еткен тосын сыйға! Жұлдызға тегін әнін шырқататын, КТК-да жаңа жоба – «Кеттік тойға»!

КТК арнасының «Біздің концерт» бағдарламасында «Ат-шапан» айдарымен қарапайым халықтың тойына ұсынылған жоба жұрттың көңілінен шыққаны соншалық, оған сұраныс көп болды. Мұнда танымал әнші қазақ тойына шақырмай-ақ барып тосын сый жасайды. Сөйтіп  жиналған қонақтарға ән шырқап, той иелерінің алғысына бөленеді. 

Міне, енді КТК арнасы көрермендер өтінішін жерге қалдырмай, «Кеттік тойға» жобасын ұсынып отыр. Енді «Кеттік тойдың» кейіпкері тойына ән сыйлаған жұлдызға көк тиын төлемейді!

«Кеттік тойға» жобасының редакторы Алмас Сағынұлы тұсауы кесілген игі жоба туралы әңгімелеп берді.

Неліктен «Кеттік тойға» деп аталады?

«КТК арнасында «Біздің концерт» бағдарламасының ішінде «Ат-шапан» айдарымен жоба болды. Қарапайым ауыл жұртының тойларына біз танымал эстрада әртістерн апарып тосын сый жасаймыз, тегіннен-тегін. Бір байқағанымыз, «неге «Ат-шапан» деп аталады деген сұрақ көп болды. Атқа отырғызып, шапан жаю дәстүрімізді көбісі білмейді екен. Екі маусым түсірілген жобаны біз қарап шықтық. «Ат-шапанға» дайынсыз ба? Ендеше, кеттік тойға!» деп айта беріпті. Осы көп қайталанған қысқа да нұсқа «кеттік тойға» сөз тіркесі жаңа жобаның тууына себін тигізді», – дейді «Кеттік тойға» жобасының редакторы Алмас Сағынұлы.

Игі идеяның авторы

«Жалпы, танымал әншіні тойға тосын апарып, тегін ән шырқату – әнші, жобаның сценарий авторы, жүргізуші Қосқанат Көпжасардың идеясы. Оны жоба продюсері Айжан Батырова қолдап,  жүзеге асырды. Бастапқы екі-үш шығарылымда өзіміз мейрамханаларға барып той иесін іздеп, қарастырдық. Той иесі, оның жағдайы қандай екен деген мәселені шешумен айналыстық. «Қандай адам», «қандай той», «көптен күткен той ма» деген сұрақ маңызды болды. Той иесі КТК арнасының атынан жұлдыздың тегін ән шырқап  беретінен мүлдем бейхабар. Тек мейрамхана иесімен келісіп, ескертіп қоямыз.Содан кейін жұрт «әжемнің мерейтойын атап өтпекпіз, өмірбаяны ерекше, ол кісі осындай әртісті жақсы көреді» деп хабарласа бастады», – деді Алмас Сағынұлы.

«Кеттік тойға» жобасының «Ат-шапаннан» айырмашылығы

«Тойға тек әртісті алып келу қарабайыр тәсіл боп көрінді. Жобаны кеңейтіп, мазмұнын ерекшелендіру қажеттігі туды. Жеке редакциялық топ құрып, тағдыры ерекше кейіпкер іздедік. Әр қиындықтың бір қайыры бар дегендей, ол қуанышты күнін қарсы алса. Тірнектеп жиған қаражатына жасап отырған қуанышы той болса, оған КТК арнасы да қуаныш сыйлайды! Күтпеген жерден танымал эстрада жұлдызы барып, әннен шашу шашып жатса, нағыз тосын сый деген осы болмақ», – деді Алмас.

Жобаның мақсаты

«Кеттік тойға» бағдарламасының мақсаты - құрметке лайықты жандарға тосын сый жасау. Құрметке лайықты дегеніміз - қиындыққа мойымай, сәтсіздікке сағы сынбай өмір белесінен өткен жан. Өмірдің өзі сын мен сынақтан тұрады емес пе?», – деді Алмас Сағынұлы.   

«Баласына бір той жасап бере алмай, бұл өмірден өтіп кетті қанша адам»

«Кейіпкерлеріміздің тарапынан да күтпеген, тосын оқиғалар шығып жатыр. Жақында мынадай ерекше  хикаядан хабардар болдық. Бір отбасында төрт баланың арасындағы жалғыз ұлын әскери міндетін атқаруға шақырған. Әке-шешесі ұлдарын әскерге жібергісі келмегенімен, ұлы міндетін атқаруға аттаныпты. Ата-анасы ұлын қатты сағынған көрінеді. Жарты жылда әкесі іштей уайымнан жүрегі сыздап, инфарктан қайтыс болады. Алыста жүрген жалғыз ұлы әкесінің жерлеуіне келе алмапты. Содан уақыт өте береді, ұлы үш әпкесі мен анасына арқасүйер болып, ақша тауып, әпкелерін аяққа тұрғызып асырайды. Жасы 30-ға толарда үйленеді. Сол тойға біз тосын сый жасадық. Өйткені ол – көптен күткен, армандаған той. Жалғыз ұлының тойын көре алмай кеткен әкесінің аруағына бағыштадық. Тарту болсын».   

«Тағы бір ерекше оқиға. Бес балалы отбасы. Әкелері қайтыс болған. Төртінші баласы мен кенже баласы үйленбек ниетін білдіреді. Қатарынан бір жылда екі той жасаудың шығыны көп, отбасына ауыр. Сөйтіп екі тойды бір күнде жасаймыз деп шешеді. Ағалы-інілердің  үлкені қалыңдығын ұзатып алады, ал кішісі қызын алып қашатын болып өзара келіседі. Міне, осы ерекше тойды КТК арнасы жаңа жылда ұсынғалы отыр», – деді «Кеттік тойға» жобасының редакторы Алмас Сағынұлы.

Былай ойлап қарасаң, қазақ  мәнсап үшін өмір сүрмейді. Қазақ өмірінің әр белесінен сүрінбей өткенде есеп береді. Туған-туысы, дос-жарандарының алдында. Есеп беру – ол той. Той – адамның қандай дәрежеге жеткенінің көрсеткіші тәрізді. Соған қарап, өзгелері де алға ұмтылады. Қуанышқа кенелгісі келеді. Ал той иесі жұғысты болсын деп сүйіншісімен бөліседі. Жақсы тілектер естіп, қариялардың батасын алғысы келеді.

Ал ұлан-асыр той жасауға бәрінің жағдайы келе бермейді. Сонда да біздің қазақ намысқа тыртысып жақындарының басын біріктіруге тырысып бағуда. Енді ойлап қараңыз. Тыраштанып жасаған тойыңа атақты әртіс келіп, тегін ән шырқап берсе, ол да бір бақыт емес пе?! «Кеттік тойға» бағдарламасының түпкі мақсаты да осы деп ұғыңыз.

«Біздің міндет – біреудің қиындығын жалпақ жұртқа жаю емес, құлазыған көңілдерге қуаныш сыйлау. Елден ерек тағдырыңыз бен таңғажайып оқиғаңыз болса, КТК арнасына хабарласыңыз. Біз сіздің де тойыңызға тосын сый жасаймыз», – дейді жобаның жүргізушісі  Қосқанат Көпжасар.

Аптаның әр сенбісінде сағат 15:30-да КТК арнасы дайындаған «Кеттік тойға» жобасын эфирде қарауға шақырамыз.

Байланыс тел: + 7 701 715 77 43, эл. пошта kettiktoiga@ktk-tv.kz және инстаграм желісінде @kettik_toiga

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗАЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК: ӨМІРІҢ ӨКІНІШПЕН ӨТПЕСІН

ҚҰДАЙ МАҢДАЙЫНАН СҮЙГЕН АКТЕР – ҚҰМАН ТАСТАНБЕКОВ 

МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВ: «ЕҢ ЖАҚСЫ ӨЛЕҢІМДІ МЕН ӘЛІ ЖАЗҒАН ЖОҚПЫН»

ЕГЕМЕНДІК: ҚАЗАҚЫ ҚАҒИДАСЫН ҚАЛТ ЕТПЕГЕН КЕЙІПКЕРЛЕР

ЗЕЙНЕТАҚЫ-2018: ЖАҢА ЖЫЛДА БІЗДІ НЕ КҮТІП ТҰР?

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ӨЗГЕ ҰЛТТЫҢ СҮЙСІНІСІН ТУДЫРА БІЛГЕН ҚАЗАҚ ӘНШІСІ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.