{metadescription}
Ой салатын салмақты фильм жарыққа шықты - "Красный уровень"

Ой салатын салмақты фильм жарыққа шықты - "Красный уровень"

Өзеннің ағысын бөгеуге болады, ал өмір ағысын бөгеу қиын. Адамның кейде бір шалыс басқан қадамы ажалына әкеледі.

Еліміздің арнайы қызметтері мен Астанада лаңкестік шабуыл жасамақ болған діни экстремистік топ арасындағы қақтығысқа негізделген «Красный уровень» фильмінде әйел образын сомдаған Мәриям Сатаева мен Сая Оразғалиева кейіпкерлерінің ер-азаматы үшін қалай жанпида болғанын баяндады.  

Айта кетсек, КТК арнасында 31 наурыз – 1 сәуір аралығында көп сериялы «Красный уровень» фильмінің тұсауы кесіледі.

Мәриям Сатаеваның кейіпкері Нарқыз ақ жайлау ағасымен қарымы бұзылып, қатты уайымдайды. Өйтетін жөні бар. Ағасы ақылдының ауылы азбайды дейді ғой. Ал Нарқыздың арқа тұтқан ағасы дөрекі мінез шығарып, өрескел, қатыгез қылығымен жақындарынан алыстап, арасы суып кетті. Ол аздай, Нарқыздың көңілі құлап сүйген жігіті де экстремистердің қатарына қосылып, лаңкестік әрекет жасауға дайын. Жас актриса Мәриям Сатаева өзіне жүктелген бұл рөлдің қаншалықты қиын болғанын айтып ағынан жарылды.

Үй ішінен жау шықса, тұра қашып құтылмассың...

«Бұл психологиялық күрделі рөл. Кейіпкерім, құдай басқа салмасын, қиын жағдайға – ағасымен ауыр шиеленісті басынан кешіреді. Асқар таудай әкесінің орнына әке болып, жанұясына амандық тілеген асыл ағасы бір сәтте өзгеріп шыға берді. Ағама тең келер ешкім жоқ деп мақтанып жүрген Нарқызға ағасының туыстарынан суынып кеткені ауыр тиді. Қарындасын еркелетіп жылы сөзін аямаған ағасының мінезі дөрекіленіп, мейірімін жоғалтып, тіпті анасының сөзін құлағына ілмейтін қылығын жақсы бейнелей алдық деп ойлаймын. Кейіпкерімнің ішкі уайымын шынайы көрсетуге барымды салдым», – дейді Мәриям Сатаева.

Әркім сүйгенінің құлы...

«Отбасындағы бір адамның кесірінен  шаңырақтың шырқы бұзылды. Онымен қоймай,  Нарқыздың сүйген жігіті ағасының ықпалына түсіп, жанкешті-лаңкес болуға бел буды. Байқұс Нарқыздың қолында еш дәлелі жоқ. Қауіп-қатерді тек түйсігімен сезеді. Ағасы мен жігітінің пиғылдары жанын жаралайды. Қатердің алдын алуға бола ма? Қалай көмектесу керек?Екеуін де құтқару үшін қыз бәріне дайын. Екі сүйікті адамын – ағасы мен жігітін».

Сенің таңдауыңнан тағдырың құралады

«Красный уровень» картинасын әр қазақстандық қарауы тиіс. Адамның жасаған таңдауы оның өміріне, тағдырына ықпал етеді. Бір шалыс басқан қадамың өміріңнің астан-кестеңін шығаруы мүмкін. Отбасындағы құндылық, қарым-қатынас, достарың, махаббатың, менің ойымша,  фильмде барлығы қамтылған. Күн сайынғы уайым, тұрмыс-тіршілік  жақсы көрініс алған», – дейді Мәриям Сатаева.

 

Ал «Красный уровень» фильмінде ҰҚК тергеушісінің әйелін  сомдаған актриса Сая Оразғалиева («Вузерлер», «Ғашық жүрек») өмірде де тергеушінің жары болғанын жасырмады. «Бұл, әрине, образға терең төселуге көмегін тигізді», – дейді ол. Картинада Саяның кейіпкерінің басты трагедиясы –  сәби сүйе алмағандығы.

Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей...

«Өмірде тергеушінің жары болғаным рас. Күйеуіңнің жұмысбастылығы, саған көңіл бөлмеуі, оған еш реніш айта алмауың, себебі ол қызметін атқарып жүр – бәрі өз басымнан өткен дүние. Ішің алай-дүлей болып, қолыңнан ештеме келмей мысың құриды. Жанұямды сақтап қалу қолымнан келмеген болар. Бұл енді өткен дүние», – дейді Сая Оразғалиева.

Түздегі май ішеді, үйдегі зәр ішеді

«Кейіпкерімнің уайымы – бала сүйе алмауы. Менің ойымша, ол жұбайының қызметіне лайықты адам екенін түсінеді, бірақ оның жұмысының ерекшелігіне қатысты отбасына толыққанды көңіл бөлмеуі мазасын алып, жүрегін сыздатады. Отбасында баланың жоқтығы мұнда жалжалдың тірегіне айналады», – дейді актриса.  

Ойлай алмаған тереңге бойлай алмайды...

«Кейде аналамызда болып жатқан оқиғаларға зер салып ойланбаймыз. Лаңкестік әрекеттің алдын алып жатқанда, оқыс оқиға болғанда біз оны егжей-тегжейлі білмейміз, рас емес пе? Қылмыстың көлемін түсіне алмаймыз. Шұкір, мен адамның өмірін жалмағанды тек түсірілім алаңында ғана көріп бақыладым. Ондай сұмдық тап қасымызда болып жатыр дегенге сену қиын. Және осындай қылмыстармен күресетін адамдар – бар. Біз оны күнделікті көрмейміз. Осы картинаға түскенім  мен үшін абырой!  «Красный уровень»  бізге қажетті фильм. Режиссер де, фильм де мықты! Өз басым бұл жобаны мақтан тұтам», – деді Сая Оразғалиева.

Ендеше заманның ең қауіпті мәселесі – діни экстремизм туралы және  арам пиғылдылардың жетегінде кетпес үшін не істеу керек екенін білгіңіз келсе, КТК сайтынан «Красный уровень» көп сериялы фильмін қараңыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚЫЗЫЛ ДЕҢГЕЙ: «ЭКСТРЕМИСТ» АКТЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ
8 НАУРЫЗ: ИНСТАДАҒЫ СЕГІЗ ҚЫРЛЫ 8 КЕЛІНШЕК
МЫҢ ӨЛЕҢДІ МҮДІРМЕСТЕН АЙТАТЫН АҚЫН ЖАЙЛЫ  15 МӘЛІМЕТ

 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде