Бүгін біз астық араласқан қазақтың 7 асын ұсынып отырмыз
Жүрек жалғайтын қазақтың ежелгі 7 тағамы

Жүрек жалғайтын қазақтың ежелгі 7 тағамы

Қазақ бұрыннан 7 санын қасиетті деп санаған – 7 қазына, 7 ата, 7 күн, 7 қат көк. 7 дәмнен жасалатын наурыз көжені де білеміз. Бүгін біз астық араласқан қазақтың 7 асын ұсынып отырмыз:

1. Бидай көже.

Бидайды келіге жаншып, суға қайнатады. Көп қайнағанда бидай жарылып, көбігі алынып, суы маңызданады. Суытып, үстіне не салқын сүт, не қатық, не езген құрт қоссаң, көже қоймалжың болады. Сумен пісіргеннен гөрі жылқының жас сорпасына қайнаса, болмаса сорпаны қосса, бидай көже дәмді болады. Бұл – әрі тамақ, әрі табылмайтын сирек сусын. Суын ұрттап, бөрткен бидайды бырт еткізіп шайнасаң, жаныңды жадыратады.

 

 

 

2. Жанышқан тары.

Ертеде қырман жиылысымен үй басы он-он бес қап тары қайнатып, қуырып, кептіріп, келіге түйіп ақтаған. Тарыны қыс бойы аздап келіге салып, оны қатықпен жаншып жейді. Бұдан артық шайнама жоқ бұл дүниеде! Бір қасығын жұтпай жатып, екіншісіне асықтыратын қайран ас қайда қазір? Қазір дүкендегі тіс сындыратын тарының дәмі де татусыз. Ол кездегі тары сүт татитын. Сүтке бөрттірсең, қаймаққа араластырсаң, сары майға қоссаң, қандай керемет!

 

 

 

3. Сүт көже.

Қазақ ет жоқ кезде кеспені сүтке қосып, сүт көже істейтін. Аздап сары май салсаң өте жақсы. Көп ішіледі. Сүтті қайнатып алып, оған аздап қайнаған су қосып, үстіне кеспені салып, бір бұрқ еткізіп қайнатасың. Кеспе бетіне шыққанда оттан түсіріп іше беруге болады. Кеспе көже салқын күйде ішкенге де ыңғайлы.

 

 

 

 

4. Ұн шай.

Ұнды қазандағы майға салып, қуырылады. Талқан құсап піскен соң үстіне самасы сүзілген ащы шай мен сүт құйылады. Сары май салып сапырады. Іртік қалмай, қоймалжың болғанда ішіледі. Бұл тым сіңімді, қарынды аштырмайды. Әдеттегі шайдың әкесіндей. Ұн шайды әйелдер қараөзек – ет тапшы кезде ғана жасайды. Не өте ұнатқанына қайнатып береді. 

 

 

 

 

5. Бойдақ шай.

Бұл шай жоқта сүтке пісіріледі де, етті шәугімнің ішіне салып осы бойдақ шаймен қайнатады. Ет өте аз кезде, қазанға асуға жетпеген кезде істелетін бұл тамақты әйелдер «бойдақ шай» деп атап, ішіндегі етті бір-бір кесектеп жеп жүрек жалғайды.

 

 

 

 

6. Тосап.

Сары майды, не құйрық майды сүтке көп қайнатамыз. Әбден қайнаған соң ол қоюланады. Суыған соң іліп жалайтындай жағдайға келеді. Судан ада-күде болып нағыз тұнбасы, нәрі қалғанды қазақ «тосап» дейді.

 

 

 

 

7. Жент.

Түйілген тарыға кептірілген сары ірімшік қосып, қазандағы еріген сары майға араластырады. Үстіне құмшекер не бал қосып қатырып тастайды. Жент көбінде қысқа қарай дайындалады. Қазіргі біздің қызанақ, қырыққабатты қысқа қарай көптеп тұздайтындай, ертеде қазақтар да тамақты қысқа қарай көптеп дайындаған. Жент – солардың бірі.

 

 

 

«Арпа, бидай ас екен»

Тары, арпа, бидайдың тағамдық қасиеті жоғары және жұғымды, балалар мен ауруға шалдыққан адамдарды тамақтандыру үшін ерекше қажет.
Бұл дақылдарда аз мөлшерде дәрумендер мен калий, кальций, магний, фосфор, темір тұздары бар және көмірсу мен өсімдік ақуыздарының негізі.
Ұлттық тағамдардың жұғымдыларының бірі саналып, біраз ас түрлерінің дәмін келтіретіні — тары. Тары — өте құнарлы дақыл. Құрамында ақуыздың 10-15, көмірсудың 59, майдың 38, күлдің 3,6 пайызы барын анықтауға болады.

Наурыз мейрамы барлықтарыңызға молшылық әкелсін! Дастарқандарыңыз тек жақсылыққа жайылып, берекелі болсын деген ниеттеміз!

Фотограф: Жумадилов Бакытжан

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ҮЙІҢІЗДЕ ЕТ БОЛСЫН, ЕТ БОЛҒАНДА КӨП БОЛСЫН

8 НАУРЫЗ: ИНСТАДАҒЫ СЕГІЗ ҚЫРЛЫ 8 КЕЛІНШЕК
ХАЛҚЫҢ ЖАСАҒАН МӘДЕНИ МҰРАДАН ҚҰРАЛАҚАН ҚАЛМАЙЫН ДЕСЕҢ...

ЖҮЗ КӨГЕРШІННІҢ ІШІНЕН ӨЗІ КЕПТЕРІМДІ ЖАЗБАЙ ТАНИМЫН...

ҚАЗАҚ ЖЕМІС-ЖИДЕК ЖЕГЕН БЕ?

Үйіңізде ет болсын, ет болғанда көп болсын

 

 

 

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...