{metadescription}
Біздің көпұлтты тату отбасымыздан қонақ үзілмейді

Біздің көпұлтты тату отбасымыздан қонақ үзілмейді

Бір қария ұлдарына бір бума шыбықты сындырып беруді сұрайды. Ұлдары әлгі шыбықтарды олай мыжғылап, былай бүктеп,  сындыра алмайды. Сосын әкесі буманы шешіп, шыбықтарды бір талдап сындырып көруді ұсынады. Шыбықтар шырт етіп сынып түседі. Сонда ақсақал былай дейді:  «Бірлікте  өмір сүрсеңдер, сендерге ешкімнің әлі келмейді, ал жеке-дара өз бетіңмен жүрсең, әрқайсыңды біртіндеп құртады».

Қазақта «Бірлік болмай, тірлік болмайды» деген ұлағатты ұғым бар. Халқымыздың қанға сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы  өмірде жетістікке жетелейтін сияқты.  Соның бір мысалы  - көпұлтты отбасынан шыққан КТК арнасының бас стильшісі Руслан Ерімов.  Жуас, сөзге сараң болғанымен, істеген ісінде мін жоқ, адам сүйсінтеді.  Бір сөзбен айтқанда – талантты жігіт. Арнаның ауқымды жобаларының авторы.  Оның жасаған ерекше дүниесі телеарнада қызмет етіп жүрген әр ұлт өкілінің жүрегіне жақын - әрқайсысы өз ұлтының нақышын, мәдениетін таниды.  Себебін ұлты қазақ Руслан туып-өскен ортасымен байланыстырады. Оның тату-тәтті үлкен отбасы орыс, беларус, неміс, хакас, тува, татар ұлттарынан құралған.

 «Әкем – қазақ, анам – орыс. Біз, Екатерина, Руслан, Ахмет -  аралас қаннан дүниеге келген ұрпақпыз. Менің атымды анам қойған, Ахметтің есімін әкем берді, ал Катяны екеуі келісіп қойған. Әкемнің де, нағашы жағынан да әр ұлттың өкілі бар. Барлық туыстарымыздың некесі 70 пайыз аралас ұлттан. Әпкем Катя неміс жігітке тұрмысқа шығып,  отбасымызда католиктер пайда болды. Яғни, жиендерім – католиктер. Інім Ахмет орыс қызына үйленгенде, отбасымызда көк көз қазақ пайда болды. «Солтүстіктің көккөзді қазағы» деп атаймыз. Егер көк көз қазақ іздесеңіз, біздің отбасымызға қонаққа келіңіз»,  – деп қалжыңдайды Руслан.

Халқымыздың аса мән- маңыз беретін орны  - дастархан басы. Әркімнің  шаңырағы үшін дастархан басы - тәрбие мектебі.  «Тамақты бас қосып отырып үй–іші болып ішеміз. Қонақ қабылдау да игілікті дәстүріміздің бірі» - дейді Руслан.

«Біздің үйден қонақ үзілмейді. Әрдайым дастархан жайылып, ұлттық мейрамды бірге тойлатамыз. Құрбан айт, Наурыз, Пасха, ата-налар күні, католиктер мерекесін де атап өту дәстүрге айналған. Отбасымызда «бұл біздің мереке емес, бізге таңсық, дінімізге жат» деген түсінік мүлдем жоқ. Анам қазақтың етін де асады, бауырсақ-шелпегін де қуырады. Анамның тағамын келіндері де үйреніп алған. Мерекелерде бас тағам  ет болса, сосын варениктер, штрудель, немістің кухы мен бәліштері де дастарханда жайнап тұрады. Яғни, ас мәзіріміз бай. Бұндай отбасының балалары бұл жағынан тіпті еркетотай келеді. Тәтті-дәмді түрлі тағам біз үшін үйреншікті нәрсе. Әжеміз де небір асты аузымызға тосып әлегі шығады. Бұл керемет! Осындай отбасында дүниеге келгеніме қуанам!» - дейді Руслан.

Түрлі мәдениеттің бір-біріне игі ықпалы имандылық пен парасаттылық, тектілік пен зиялылық арқылы адамзат өркениеті ілгері басатыны анық.

«Кез келген діннің жалпы адамзаттық құндылықтарды, этика, эстетика, ғылымның іргетасын құрауы адамдардың өзара түсінісуі мен бейбіт өмірге  жол аша түседі деп ойлаймын. Отбасымыздағы түрлі дін арасындағы татулық рухани қажеттілігімізді өтеуге себін тигізетін секілді. Түсіністік болса, сыпайылық болса, менің ойымша, әсіресе дін арасында өзара түсіністік отбасымыздың берекесін келтіреді. Бұл тұрғыдан әке-шешеме  алғысым шексіз. Олар бізді кішкентайымыздан татуластыққа, шетін жағдайға әдеппен қарауды, ибалы болуға баулыды.  Жанұямызда әр ұлтқа сыйластықпен қарау қалыптасқан. Әр кісіге ұлт тұрғысынан емес, бірінші кезекте оған адам ретінде қарауды үйретті.  Менің ойымша, ол қарым-қатынас жасаудың ең дұрыс жолы», - дейді Руслан.

«Туған-туысымыз сондай көп. Отбасымыз көпұлтты: беларус, неміс, хакас, тува, татарлар да бар. Бір қызығы, туған жерім Петропавлда мені қазақ деп қабылдайды. Ал оңтүстікте сыртымнан көргендер  ұйғыр немесе татар деп ойлайды, ТМД елдерінде ұлтымды анықтай алмай сұрап жатады, ал шетелде – «қытайлықпын». Өзімді төлқұжатымдағы ұлтым – қазақ сезінемін. Бойымда қазаққа тән қасиет басымырақ деп ойлаймын».

«Әр ұлттың әдет-ғұрпын, салтын, мәдениетімен танысқан сайын  дүниетанымың кеңейеді. Бұл менің өнерге деген әуестігімді  - дизайнер, стилист мамандығын жетілдіруіме көптен септігін тигізуде. Бұл менің шығармашылығымда этно стильде  жоба ойлап табуыма түрткі болды. Көпұлтты отбасында туып өскен адам әр ұлттың мәдениетін біліп қана қоймай, зердесіне тоқып өседі. Өнерге бейім адам үшін ол таптырмас тәжірибе», дейді Руслан Ерімов. 

«Інім Ахметтің шаңырақ құрған тойында қазақтың салт-жоралғысы мен орыстардың да әдет-ғұрпы ескеріліп, той өте қызықты өтті. Құда түсу, беташарға мұндайда  жиналған қонақтар аса қызығушылықпен қарап, сұрастырып, таңырқап, таңданып қызықтайды Орыс келініміз Оксана қазақтың асын әзірлеп, әдет-ғұрпын меңгеріп жүр. Көккөз қазақтың баласын дүниеге әкелді.  Ағам ұлын Артур деп қойды. Бұған дейін қандай есім береміз деп бірақ ойландық. «Біздің арнада Артур Ізбасов деген қазақ редактор бар, керемет адам!»  деп едім, менің ұсынысымды жерде қалдырмады.  Немере інім бір жарым жасында әріп тани біледі. Өте зерек,  әуесқой. Әр әріпті саусағымен түртіп көрсетіп, дыбыстап айтады. Бұған қалай қуанбайсың?!» - деп ағынан жарылған Руслан ұялы телефонынан жиенінің суреттерін тізбектеп көрсетті.

«Отбасымда алған толерантты тәрбием қазір менің жұмысымда дұрыс қарым-қатынас орнатуға септігін тизігуде. Әр ұлт өкілдерімен қалай сөйлесуді, мәдениет ерекшелігін түйсігіммен сезіп, әдепті байланыс орнатуға бейімдімін. Бұл - өзгенің арасында да, өзіміздің арамызда да «өз адамың» болу», дейді ол. 

«Бейбіт өмірді қалаймын. Әр адам өзінің ұлтын қастерлеп, өзге ұлт өкілдерімен де тату болса. Бірінші кезекте адамның адами қасиетіне көңіл аударсақ. Біздің еліміз ынтымағы жарасқан, бірлігі нығайған үлгілі елдердің біріне айналды. Халық әрқашан бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарған. Қиындықты бірге бөлісіп, қандай жағдайда да бірлігімізді көрсете берейік. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде істелген іс те нәтижелі болады деп ойлаймын», - деді Руслан сөз соңында.

Ендеше елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан ұлттармен ұлыстар өкілдерінің татулығы арта берсін. Қазақстанда туратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен, қазіргі таңдағы бейбіт тірлігіміз ұзағынан болсын деп тілейміз.

P/S Руслан Ерімов 2014 жылы Қазан қаласында өткен Turkvision Халықаралық ән байқауына арнайы шақырылған стилист.  Байқауды ұйымдастырушылар стилисті Қазаннан немесе Ресейден емес, Шығыс пен Батыс  үйлескен елден іздепті. Сөйтіп таңдау қазақстандық стилиске түсіп, Русланның ойлап шығарған костюмдерін әлем тамашалады. Сондай-ақ Р.Ерімовтің  этникалық жобалары халықаралық ТВ Орта Азия көрсетілімдерде ұсынылуда. Ал қазір Руслан соңғы сән үлгісімен  көмкерілген этно бұйымдарды дайындап жатыр. Болашақта диаметрі бір жарым метрлік азиялық, бірақ модерн үлгісіндегі ерекше ыдыстарды көрсеңіз, оның авторын бірден танитын боласыз.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.