{metadescription}
«Кел, келінім» бағдарламасы қоғамға қаншалықты қажет?

«Кел, келінім» бағдарламасы қоғамға қаншалықты қажет?

«Кел, келінім» реалити-шоуының КТК арнасында ашылғанына екі айға жуықтады. Қазір азды-көпті болса да өз көрермені, екі жақты пікірі бар. Бәріне ұнай бермейді, әлеуметтік желілерде бағдарламаны бүге-шігесіне дейін талқылап жатыр. Бұл - бағдарламаның дамып жатқан тұсы деуге болады. Ендеше «Кел, келінімнің» 10 ерекшелігіне құлақ түріңіз.

«Кел, келінім» реалити-шоуы туралы көрерменнің ойы қандай? Бұл  бағдарлама қоғамға қаншалықты қажет?

Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен реалити-шоудың не екенін біліп алайық.

Реа́лити-шо́у немесе реалити-телевизия (ағылш. reality — болмыс, растық, шынайылық) — ойын-сауық бағдарламаларының м бір түрі және онлайн хабар таратудың телевизиялық жанры. Сюжеті өмірдегі шынайы жағдайда бір топ адамның іс-әрекетін көрсету. Аталмыш телевизиялық жанр көптеген телебағдарламаны біріктіреді. Жанрдың бастапқы идеясы бағдарламалардың мынадай ерекшелігіне бағамдалған:

Сценариі жазылмайды;
Бірінші дубльден эфирге беріледі;
Білікті актерлер емес, ойын жанрында тәжірибесі жоқ «кәдімгі» адамдардың қатысады;
Түсірілім жағдайы барынша шынайы (кей жағдайда  — экстремалды және өмірі үшін айқасады);

Ендеше «Кел-келінімді» реалити-шоу тұрғысынан бастан-аяқ қарап шығып, мынадай ерекшелігі мен пайдалы тұсын айтуға болады:  

1. Шаңырақ құрарда үлкенмен ақылдасу.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде үйленетін жастың көбісі ата-анасымен, үлкенмен  ақылдаспайды.  «Мама, папа, мына қыз ұнап қалды. Үйленем». Бітті! Ал ол қыздың тегі, қыз қайдан шықты, әке-шешесі кім, қыздың мінезі қандай деген бір қарағанда маңызсыз, бірақ салдары қиын болуы мүмкін мәселеге басын ауыртпайды. Сондай нәрсені қазіргі жастар ажырата алмай қалды. Қабырғамен ақылдасу, үлкендермен ақылдасу азайып барады. Міне, «Кел, келінім» жобасының негізгі сюжеті төрт бойдақ жігіт анасымен бірге өзіне болашақ жар іздейді. Ал болашақ жары өзін таныстырып, болашақ енесінің тапсырмасын орындап, көңілінен шығуы тиіс.    

2. Бұл шынайы бағдарлама, еш жасандылық жоқ.

Бұдан қазіргі қыздардың түздегі мінезін көріп отырмыз.  Бес саусақ бірдей емес. Әркімнің өз мінезі бар, мінезіне сай эфирге бүкпесіз берілуде. Төрт жігітті де, қыздарды да, аналарды да монтаждау кезінде артық айтқан сөздерін, ұялтатын жерлерін қиып тастап, сүттен ақ, судан таза етпейді. Болмаса оның деңгейін әдейі түсіріп көрсетпейді. 

 «Қазақылық қой», «бауырмалдық қой», «ағайындылық қой», «ұят боладыдан» аспайтын болсақ,  «Кел, келінімді» ешкім танымайтын, білмейтін еді. Шынын айту керек, көптеген қазақша бағдарламалар «ұят боладыдан» шыға алмай отыр. Ал бұнда ар-ұяттан  аттап кететін ештеңе жасап жатқан жоқ. Қыздар аналардың іріктеуінен соң жігіттерге барып жатыр. Анасының көңілінен шықпаса, ол жігітке бармайды да.

3. «Оның орнында мен не істер едім» деген ой салады.

Шыны керек, бүгінгі постмодернизм үлгісіндегі жастардың психологиясы ұсақ-түйекке ауып кеткен. Жеңіл-желпі дүниені қабылдағысы келеді. Отбасындағы әке-шешенің орны қалып барады. Көбісінің ойлайтыны – әлеуметтік желіде қанша тұрақты жазылушы жинады деңгейінде. Бұл тұрғыда  «Кел, келінім» сияқты бағдарламалар ауадай қажет.  «Кел-келінімді» қараған әр жас өзін сыртынан көреді. Әр сөзіне баға беріп, кемші тұсын байқайды.Нені біліп, нені үйрену керектігін біліп, көңілге түйеді.

4. Расында да өмірлік жар іздеген жандар.

Өмірдің оңы да, солы да болады. Реалити-шоу болғаннан кейін бұнда 8 қыздың мінез-құлқы да әр түрлі. Егер жобаға қой аузынан шөп алмайтын момын қыздар іріктеліп таңдалса,  бұл бағдарлама емес, арулар байқауы боп шығар еді. Ерекшелігі де осында. Жас шамасына (18-31 жас) қарамастан тұрмыста болған, отырып қалған  - өмірлік жар іздегендер. Дәулетті отбасынан, тұрмысы нашар отбасынан, біреуі жігітпен жүріп, оның озбырлығын көрген -   өмірдің ащы-тұщысын көрген қыздар. Айта кету керек, қыздарды бағдарламаға ешкім күштеп әкеп жатқан жоқ. Ал жобадан шығып қалса, оған бағдарламаның еш қатысы жоқ. Өйткені қыздың тағдыры жігіттің анасының қолында. Бұнда шешімді тек аналардың өзі қабылдайды. Бейтарапты ортада, екіжақты салыстырып, екі жақтың пікірін тыңдайтын  - жүргізуші.

5. Болашақ ененің ниеті адал.

Төрт жігіттің арасында өмірдің тауқыметін көріп өскендер бар. Біреуінің әкесі, атасы жоқ болса, біреуінің апасы бар. Біреуі қалада өссе, біреуі ауылдың қара топырағына аунап өскен. Барлығы  шаңырақ құруға ниетті.  Анасы да бағдарламадан құр алақан кетпей, өзім келіп, өз-өзімізді дәлелдесек,  баламды үйлендірсем дейді.

 Жігітке қыз ұнап тұрса да, анасы «иә, дұрыс, бақытты болыңдар» демейінше, баласы жүруге құлықсыз.  Ерекшелігі  - болашақ келінін жігіттің анасы таңдайды. Содан кейін – ұлы.

Екі аптада жобадан бір қыз шығып, орнына басқа қыз келеді. Яғни екі аптаның ішінде 8 қыздың арасынан қай қыз өзін көрсете алмаса, болашақ келін бола алмайтын, қолынан іс келе алмайтын төрт қызға төрт ана еркімен дауыс береді. Сөйтіп көңілінен шықпаған қызды, сол төрт қызға байланысты көрермен тарапынан ең аз дауыс жинаған қыз жобадан шығарылады. Қазір екі қыз шығарылды. Бұл күтпеген жағдай болды. Өйткені көрермендер бұның бәрі алдын ала ұйымдастырылған деп ойлаған болатын.

Аптасына бес күн аналар қыздарға түрлі тапсырма береді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қыздардың көпшілігі боянып, әдемі көрініп, ал үй шаруасынан, тұрмыстың күнделікті тіршілігінен аулақ болғысы келеді. Олардың ішінде нан ашытып тамақ істеуден бөлек, сойылған қойдың ішек-қарнын аршып, басын тазалау, жағын айырып, безін алуды білетіндер бар ма? Қаз, үйрек сойып берсең, оның жүнін жұла ала ма? Күбіде іркіт піспек түгілі, күбінің не екенін біле ме? Таба нанды қалай жабуды біле ме? Міне, қыздар осының бәрін бағдарлама аясында орындайды. Орындай алмаса, бағасын алады. Ендеше «Кел, келінімнің» қажеттігін осыдан ажырат!

 6. Бойдақтарды мінсіз етіп көрсетпейді.

«Ауруын жасырған өледі» демекші, апта сайын міндетті түрде жігіттердің білімі сыналады. Қарапайым логикалық сұрақтарға жауап бере алмай қарабет болғандар да баршылық. Шынайы бағдарлама болғандықтан, кірерге тесік таппай ұялтатын тұстары сол күйінде көрсетіліп отыр. Қыз таңдаған жігіттің деңгейін де көрейік, білейік!

Ал қыздары соған лайықты боп жатса, келешекте дәлелдер. Әзірге азамат ретінде, жалпы бір үйдің болашақта тұтқасын түзу ұстайтын азамат ретінде қолдан келгенше өздерін көрсетуде. Еркеліктері де жоқ емес, ол да ашық көрсетіліп жатыр.

 

7. Жобадағы төрт ана басқа аналарға үлгі бола алады.

Өйткені олардың қыздарға берген әр тапсырмасы  - кейбір ананың жасамайтын, сол үшін күйеуімен араздасып, сол үшін кезінде күйеуімен айырылысып кеткен немесе айырылысуға шақ қалдырған дүниесі.   

Сиыр саумақ түгілі, ешкі сауа алмайтын, тары мен талқанның не екенін білмейтін қыздарға жігіттердің аналары соның бәрін үйретіп жатыр! «Бұндайды жасай алмаймын» деп жылаған қыздар да бар.

 

8. Аналары қызының қылығынан ұялып, үйретуге талпынуда.

Бағдарламаны ауыл-аймақ та көре бастады.  «Кел, келінімді» қарап, ой түюде. Беріліп жатқан тапсырмаларды қарап, берген тәрбиесін көріп, ойлана бастады. «Қызыма неге тәрбие бермеске, неге  оны жөндеп дұрыс жолға салмасқа» деген пікір, ой келеді.

 «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады». Қыздардың арасында шығарылымнан соң именіп кешірім сұрағандары бар.   «Білмеген нәрсені үйрендім». «Кеше эфирді көріп отырып анам ұрысты», «Сен дұрыс жасамадың, айтқан нәрсені тыңдап алу керек еді», «Біз қалада тұрған соң мұндай нәрсені сендерге үйрете алмадық». Демек, «Кел, келінім» қыз тәрбиелеп отырған аналарға да ой салып отыр. Бұл қуанышты нәрсе.

9. Бағдарламаның арқасында қыздар үй тіршілігіне икемделуде.

Ер-азаматтың киімінің түймесін қадау, көйлегін үтіктеу, пияз аршу, лағман созу. Қолынан іс келе ме? Сөз саптауы дұрыс па? Осы сынды сынақтан өткен қыз келесі турға өтеді.   Жобадан шыққан да, шықпаған да қыздардың алғысын көрермен білгені абзал:

«Сіздерге рақмет! Бағдарламада тұрмыс құрмасақ та, сіздерден біршама дүние үйрендік»

«Менің анам жоқ еді, әкемнің қолында өскесін мұндай тапсырмаларды білмедім»

«Ертең басқа отбасына келін болсам, мұндай нәрсені үйренбесем қалай болғаны?»

«КТК арнасына келіп, осы бағдарламадан көп нәрсені көріп көзім ашылып жатыр, рақмет!»

10.  Жобаның мүддесі – шаңырақтың түтінін түзу шығару.

Жобаның мақсаты елдің екі көзін шарасынан шығарып еңкілдеп жылату емес немесе еңсесін көтеру де емес.

Мақсат - екі жас бір-бірін тауып, қыз болашақ енесінің көңілінен шықса,  үйлендіру. Екі жасты бір бүтін ету. Сыңарын тауып жатса, өзін болашақта келін бола алатын, бір үйдің түтінін түзу шығаратына көзі жетсе, міндетті түрде төртеуі де үйленеді!  

«Кел, келінім» жобасы қазақша реалити-шоу қарамаған көрерменге таңсық, оғаш көрінуі мүмкін. «Масқара! Бұны неге эфирге шығарған? Ұят-ай!» деп бетін шымшығандар бар, болады да.  «Кел, келінім» шынайы бағдарлама болғандықтан, ол – қоғамның айнасы. Иә, қыздарымыз осындай, жігіттеріміз де сондай! Көлгірсімей көрейік! 

Шынымен қазаққа жанымыз ашитын болсақ, шынымен қазақты жақсы көретін болсақ, осындай шынайы бағдарлама жасайық. Қашанғы реалити шоудың отаны  - шет елдерге жалтақтаймыз?

Кейіпкерін жазбай танытатын, көрерменнің жетесіне жеткізетін, етінен өтіп, сүйегіне жеткізетін «Кел, келінім» реалити-шоуын КТК арнасынан дүйсенбі-жұма күндері сағат 15:00-де қараңыздар!

Кеше

22 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде