{metadescription}
Дина Төлепберген: Ақиқатты айтқызудың айла-тәсілін таптым

Дина Төлепберген: Ақиқатты айтқызудың айла-тәсілін таптым

Тележүргізуші Дина Төлепберген қолына ток-шоу тізгінін алып, жаңа қырынан танылмақ.  Осыдан бес жыл бұрын КТК арнасында көрермендерді баурап алған «Астарлы ақиқат» бағдарламасы енді ток-шоу форматында жарық көрмек. Бұл жоба несімен қызықты? Жалпы, қазіргі көрерменді немен қызықтыруға болады?  Дина Төлепбергеннің ток-шоу туралы ағынан жарылған шынайы әңгімесіне құлақ түрейік.       

 «Ток-шоу» десе, қазақ көрерменінің көз алдына айқай-шу, ұрыс-керіс елестейді. Бұл жуас қазаққа жат, отбасының сылдырлаған ыдыс-аяғын ашық алаңға шығармау керек деген пікірлер көп айтылып жатыр. «Астарлы ақиқат» та соның ілегіне ілесіп кетпей ме? Жалпы, ток-шоудың мақсаты не?  

Сонда біздің қазақ қандай? Эмоциясы жоқ па? Біз де адамбыз, қазақ діліне сай емес деп айтуға келмес. Қазақ эмоция тұрғсынан өте сезімтал, эмоциялық деңгейі өте жоғары деп білем. Сондықтан егер ток-шоуда эмоциясына ерік беріп, жылап, айқайлап немесе ұрсысып жатса,  неге «тоқта, бұл қазаққа тән емес, сабыр таныт» деп айтуым керек? Меніңше, біз адамға өз ойын жеткізуге еркіндік беруіміз тиіс. Ойын неғұрлым еркін, ашық, айқын айта білсе, онда ол проблемасын жеткізе алады деген ойдамын.

Негізгі мақсатымыз – қоғам мүшесінің проблемасын халықтың, һәм биліктің естуі. Өзегін жарған мәселесінің шешілуіне мұрындық болу. Егер біз сол мақсатымызға жете алсақ, онда ток-шоудың мәні мен маңызы бар деген сөз.

Екіншіден, кей жағдайда отбасылық дау болған кезде қарсы тараптар, мысалы, күйеуі мен әйелі өзара әңгімелесе алмайды. Осы студияда олар жиналып, проблемасын жан-жақты талқылағаннан кейін өзінің ішкі мәселесінің шешілуінің мүмкіндігі бар екеніне көзі жетеді.

Мысалы, бізге Түркістаннан бір әке хабарласты. «Екі баламды анасы алып кетіп, көре алмай отырмын, анасы дұрыс істемеді, балалар әкесімен бірге тұруы керек» деп өз гипотезасын айтты. Сөйтіп балаларымен студияда қауышты. Сол жерде балалары да, әкесі де, анасы да көз жасына ерік берді. Ауыр жағдайдың болып жатқанына екі тараптың да көзі жетті. Өйткені шын мәнінде бұл жерде қасірет шегіп отырған  - бейкүнә балалар. Ал ата-ана эмоциясына, қиыл-ғажайып мақсатына ерік берген. Екі ортада балаларының жапа шегіп жатқанына «Астарлы ақиқат» студиясында көзін жеткізген секілді. Одан кейін өмірге деген көзқарасы өзгерді деп ойлаймын.

Көрерменді қазір немен қызықтыруға болады?

Тек қана шынайы ақпаратпен,сөзбен, эмоциямен қызықтыра аласың. Сол ғана көрерменге қызықты. Жасандылық болмауы керек.  

 Осыдан 10 жылдай бұрын отбасындағы кикілжің, жеке бастың проблемасын ток-шоу алаңында ашық айту сенсация болатын.  Бүкіл халық алдында ішкі кикілжіңді ашық айтуға ұялатын, намыстанатын. Қазір ол үрдіс өзгерді ме?

Өзгерген жоқ. Ашық айтқысы келетіндер өте аз. Бұл жағдай мені қуантады. Біз, қазақ халқы, қандай да бір проблема болмасын оны халыққа шағырмай, өз отбасында шешсе, ол әрине нұр үстіне нұр. Ал мында келетіндер барар жері, басар тауы, қағар есігі қалмаған жандар. Өкініштісі, қасірет шегіп отырған адамдар бар.  «Астарлы ақиқат» ток-шоуына келуінің басты себебі – жанайқайын жеткізу. Өйткені басқа амалы қалмаған.

Бұрынғы «Астарлы ақиқат» сол кезге жаңа леп әкелген тың формат болды. Екпінді, қаһарлы да қайырымды және көрерменді тапжылтпай экран алдында ұстап отыратын. Оны ток-шоуға айналдыруға не түрткі болды?

Мынадай мысал келтірейін. Осыдан бірер күн бұрын мен ашық теңіздегі жүзуден әлем чемпионатына қатыстым. Егер бұрынғы «Астарлы ақиқат» бассейн болса, қазіргі «Астарлы ақиқат»  - мұхит! Бұл дегеніміз, ток-шоудың мүмкіндігі анағұрлым көбірек. Уақытты күтпей, адам  іздемей-ақ, тап сол мезетте, сол жағдайда барлығын анықтап шеше аламыз. Мұнда біздің кейіпкерлеріміз өздерінің іздеп жүрген адамдарымен бір алаңда, бір мезетте қауышады. Ток-шоудың кейіпкерге берері мол. Көрермен де біреудің жасаған қателігін қарап, өз басындағы қателігін түзеуге тырысады.  Осыған «Астарлы ақиқат» ықпал етеді.

«Астарлы ақиқат» жеке адамның мәселесімен қоса қоғамда дүрбелең тудырған оқиғаны көрстуге дайын ба?

Әрине, қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені айналып өте алмаймыз. Көрерменге не қызық, біз соны экранға шығаруға талпынамыз, нақты  кейіпкермен жұмыс істейміз. Өйткені телевизияның күші арқылы бір адамның болса да тағдырын өзгерте алсақ, сол адам кейін қоғамды өзгертуі мүмкін.  

Ток-шоу жүргізушісі этикалық, моральдық тұрғыдан қандай болуы қажет? Дайындығыңыз қандай деңгейде?

Ток-шоуды қолға алғаннан бері адамдардың қимыл-әрекетіне, ымына, мимикасына, ишаратына мән бере бастадым. Осы тақырыпта ғылыми зерттелген әдебиеттер оқыдым. Осыған шын мәнінде үңілсек, адамның ақиқатын айтып тұр ма, әлде өтірік сөйлеп тұр ма, соны да бір айқындауға мүмкіндік бар сияқты. Басты принципім – шынайы болу. Менің әлеуметтік статусым қазір өзгерген, ана болдым. Сондықтан да әр оқиғаға тереңірек үңілуге, тек журналист тұрғысынан ғана емес,  әйел, ана, келін тұрғысынан қарауға мүмкіндік беріп тұр.  

Кейіпкерлеріммен біргемін, солармен бірге шынайы болғым келеді. Көп тележүргізушілер белгілі бір образды ұстанатын сияқты. Ал егер сен белгілі бір образды қалыптастырғың келсе, онда студияда жұмыс істеп тұрған кезіңде сол образың туралы ойлайсың. Ал ол сенің миыңның дұрыс жұмыс істеуіне, дұрыс сұрақты қоя білуіңе кедергі. Өмірде қандаймын, студияда да тап сондаймын. Мұнда ешқандай да образ деген түсінік жоқ. Ал көрерменнің қаншалықты мені дұрыс қабылдайтынын көре жатармыз.  

Өткен жылдары «Эксперимент» деген атпен  шым-шытырақ оқиғаға тап болған адамның өзін қалай ұстап, қандай іс-әрекетке баратынына тәжірибе жасайтын орысша бағдарламаны жүргіздіңіз. Келеңсіз оқиғаға тап болған адамның қандай амал жасайтынын бүге-шігесіне дейін көрсетттіңіз. Ал енді ток-шоуға журналист ретінде қандай дайындық керек? Қандай қиындықтар күтіп тұр?  

Ток-шоудың ең басты талабы – тақырыпты терең зерттеу, астарын барынша ақтару. Өйткені бізге кейіпкерлер келген кезде өз проблемасын бір жағынан ғана айтады. Ал біз оны жан-жақты қарай білуіміз керек. Өтірік сөйлеп тұр ма, шынын айтып тұр ма? Мен бұл өмірде енді «Астарлы ақиқаттың»  нәтижесінде адамдарға мүлдем сенбейтін позиция ұстанатын болдым. Өйткені әр адамның өз шындығы бар.

Біріншіден, тақырыпты зерттеу, барынша үңілу. Студияда кейіпкерлеріміз ойламаған жағдайларда болуы мүмкін. Олар ойламаған кейіпкерлер болуы мүмкін.

Екіншіден, сол тақырыптың барынша ашылуына мұрындық бола алатын адамдарды табу. Өкінішке қарай, қазақша өз ойын еркін жеткізе алатын немесе қоғам мені кейін сынайды дейтін сөздерден қорықпайтын батыл, ерікті адамдар өте аз. Өйткені студиядан тыс әңгімелесіп тұрғанда бір нәрсе айтып, ал камера қосылғанда мүлдем басқаны айтады. «Неге олай істедіңіз?»  десең, «жұрт не дейді» деген әңгіме айтады.

Үшіншіден, кейіпкерлеріміздің уәдесінде тұрмауы. Келем деп сөз беріп, келмей қалуы. Бұл үлкен белең алған індет. Оған сенесің, алдын ала келісесің, Бүкіл түсіру тобы жүгіріп дайындалады. Ол болса ізім-ғайым, құмға сіңген судай жоқ болып кетеді. Жиі кездесетін жағдай бұл. Әсіресе бұл жауапкершілікті мойнына ала білмейтін немесе кінәлі тарап. Егер кінәсін мойындап, немесе «мен кінәлі емеспін» деп айта алатын болса, келуі керек еді. Шын мәнінде кінәлі адам мүлдем келмейді. Өкініштісі, сондай жағдайлар болып жатыр.

«Астарлы ақиқаттың» өзге ток-шоулардан өзгешелігі, ерекшелігі бар ма?

Ең негізгі ерекшелік – бұрынғы «Астарлы ақиқатта» мен журналист ретінде әр есікті қағып, министрлерге, кейіпкерлердің үйіне өзім барып жүрдім. Ал енді биліктегілер де, кейіпкерлерім де, сарапшылар да – барлығы маған келеді. Демек бұл студия - менің үлкен үйім. Енді мен қонаққа бармаймын, маған қонаққа келеді.   

Өз пікірін білдіре латын әр саланың маманы – алты сарапшы болады. Кейіпкерлерімізге қарсы шығатын антикейіпкер болады. Ол да проблеманың барынша ашуына ықпал етеді. Міндетті түрде екінші тарап болады.

«Астарлы ақиқаттың» ерекшелігі – ток-шоуға психодиагностика маманының қатысуы. Ол ток-шоудың екінші жүргізушісі деуге болады. Оны тек телекөрермен ғана көреді. Психодиагностика маманы режиссерлік пультта кейіпкерлерді сыртынан аңдып, қарап отырады. Оған қойылатын талап – адамның мимикасы, іс-қимылына, ишаратына қарап, кейіпкердің өтірік немесе ақиқтын айтып тұрғанын анықтау.

Бағдарлама барсында мен кейіпкерімнің сөзіне күмән тудырсам, онда мен психодиагностика маманына жүгінуім мүмкін. Яғни, студияға шығарып, «мінеки, кейіпкердің аяғы дірілдеп, қолы қалтырап тұ , ол өтірік айтып отыр» немесе «айтып жатқаны ашық, өзіне сенімді, ақиқатын айтып отырған секілді» деп  кеңесетін көмекшім бар.

Ал көмекке жүгінбесеңіз, психодиагностика маманын көрермендер көре ала ма?

Иә, егер мен көмекке жүгінбеген болсам, онда телекөрермендіріміз психодиагностиктің сарабын, пайымын ток-шоудың соңында тыңдап білетін болады. Негізі, студияның өзінде экран арқылы менімен тілдеседі, менің не айтып жатқанымды біздің кейіпкерлер де естиді. Ал маман студия барысында қосылмаған болса, телекөрермендер монтаждан кейін оның нақты пайымын көре алады. Сөйтіп көрермендеріміз адамның ақ-қарасын қимыл-әрекетіне қарап, бағдарламаның арқасында  ажырата алатын болады.

Ток-шоуда әр қилы тақырыптар қозғалады. Егер көрерменге біз көтерген тақырып жақын болса, ол өміріндегі қателігін түсініп, түзеуге ұмтылады. Бұл тұрғыда «Астарлы ақиқат» көрерменнің өмірін түзетуге жол сілтейді деп ойлаймын.

Ток-шоу студиясында кикілжің, күрделі жағдай шиеленісіп бара жатқанда жүргізуші эмоцияға берілмей, әр оқиғаға зердемен жүйелі, объективті қарап, сараптап үлгере ала ма? Ток-шоуларда дауды ушықтырып, қызық үшін қайрап жіберу үрдісі бар ма деп қаласың...

Шынымды айтайын, кей кезде теледидарды өшіріп тастаңдар деп айтатын кездерім болады. Тап осы мезетте, сіздің көңіліңіз балаларға қажет деп. Сондай бір гипотеза шығарған да кездерім болған. Өйткені эфир барысында қатты ашуланып та кетемін. Көп жағдайда ата-ананың баласына жауапкершілігінің мүлдем жоқтығын байқаймын. Сол кезде бағдарламаны «тап қазір өшіріңіз, теледидарды өшіріп, балаңызға қараңыз» деп айтқым келеді.

Ақиқатын айтқызу үшін қолданатын қандай айла-тәсіліңіз бар?

Мен көп сөйлегенді ұнатпайтын жүргізушімін. Ен бастысы – ақиқатын айтқызу. Әр түрлі сұрақтар арқылы жалған сөйлеп отырған адамның өтірігін ашу. Немесе журналистік қақпан деген болады, сол қақпанға түсіру. «Сіз былай деп едіңіз, енді неге басқаша айтып отырсыз?» деп.

КТК арнасында қызмет етіп жүргеніме 12 жылдан асты. Әр түрлі журналистік амал-тәсілдерім бар. Әрине, адамдарды дұрыс сөйлету үшін, ақиқатын ақтарту үшін әлдебір әдістерді қолданамыз. Оны мен әдейі қолданамын деп ойламауым мүмкін. Бірақ әдет болған соң, қолданылып кетуі мүмкін. Соның ішіндегі жиісі – журналистік қақпан.

Әр нәрсенің ақиқатына жету мүмкін емес дейді. «Астарлы ақиқат» ақиқатқа жеткізе ала ма?

Біз талпынып көруіміз керек. Мүмкін емес дей берсек, ол шын мәнінде мүмкін емес болып кетеді. Бірақ талпынамыз. Сондықтан да біз араға бес жыл салып тағы бір осындай ұмтылыс жасап отырмыз.

Ендеше әр жексенбіде КТК арнасынан сағат 19:00-де «Астарлы ақиқат» ток-шоуын  қарауға асығайық!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Кел, келінім: Көрерменнің көсегесін көгерте ме? 

Омархан Өксікбаев: Халықтың есебінен кім байып отыр? 

Зейнетақы: Мемлекеттік кепілдік кімге және қалай төленеді? 

Жедел жәрдем туралы білуге тиіс мәлімет 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде