{metadescription}
Жұмыс тәжірибесіз қалай жұмыс табамыз. Неден бастау керек?

Жұмыс тәжірибесіз қалай жұмыс табамыз. Неден бастау керек?

Тамыр-таныстықсыз, тәжірибесіз жұмысқа орналасуға бола ма? Елімізде жұмыс істеп жүрген студенттер бірауыздан  «Болады!» деп айтып отыр. Тіпті кейбіреуі мектепте оқып жүргенде-ақ жұмыс істеген! Келешегін ойлаған жастарға мынадай 10 кеңес беруге дайынбыз. Әсіресе 3 және 10 кеңеске мұқият қараңыз. Сондай-ақ өз көрген-білгеніңізді КТК сайтының Facebook және Instagram парақшасына жазуды ұмытпаңыз.

Сонымен, мүлдем жұмыс істеп көрмеген, тәжірибесіз адам қалай жұмыс табады?  

1) Жұмыс іздеуге дайындық

Бірінші қадамды жасамас бұрын тап қазір «әлемде» қандай орын алатыныңызды топшылап, электронды пошта ашыңыз. Ол Ainurchik@mail.ru немесе Krutoiqazaq@bk.ru, Kokzhal@  секілді түсініксіз, жеңіл-желпі болмауы тиіс. Әлеуметтік желідегі парақшаларыңызды  сырт көзбен сыни қарап, ыртың-жыртың,  дарақы посттарыңыздың көзін құртыңыз. Ол қызмет істеймін, келешегімді жасаймын деген адамның келбетімен жанаса ма, соны ойлаңыз.

2) Өзіңіз туралы ақпарат жинаңыз

Студент болсаңыз, сабағыңызға, отбасына зиян келтірмейтін аптаның ыңғайлы күні мен уақытын анықтаңыз. Қолыңыздан не келеді және білім деңгейіңіз қандай? Өзгелерден гөрі өзіңіз жақсы немесе құлшына істейтін жұмыс бар ма? Қандай тәжірибе, білім жетіспейді, соны жақсылап пайымдаңыз. Осы қарапайым дайындық мойныңызға жүктелетін міндеттемелерге қаншалықты дайын екеніңізді және өз мүмкіндігіңіз бен мақсатыңызды айқындауға мұрша береді.  

3) Басымдылықты айқындаңыз

Елестетіп көріңіз, сізді бір мезетте мамандықты тілемейтін жұмысқа жақсы жалақыға және мамандығыңыз бойынша қызметке, бірақ кішігірім жалақыға тәжірибеден өтуші немесе тағылымгер орнына шақырды. Қайсысын таңдайсыз? Міне, алдын ала басымдылықты ажыратып алсаңыз, ұсыныстардың ара-жігін ашып, бас қатырмай бірден шешім қабылдайсыз. Жалпы, мамандар мынадай кеңес береді: ата-анасы, жұбайы ақшалай көмек беретін немесе дүркін-дүркін фриланспен нәпақасын тауып жүрген адам мамандығы бойынша тәжірибесі мен біліктілігін жетілдіруі тиіс. Сондай-ақ нақты жұмыс пен ақша табу үшін істеген еңбегіңізге көңіліңізден қандай сыйақы шығып/шықпайтынын білуіңіз керек.

4) Тартымды түйіндеме құрастырыңыз

Түйіндеменің мән-мағынасы ұтымды да, тартымды болуы тиіс. Ол мағыналы, сауатты жазылып, өз мамандығыңызға сай болғаны дұрыс. Ғаламтордан түйіндемені қалай жазу керектігі туралы ақыл-кеңестерді ерінбей оқып шығыңыз. Сіздің түйіндемеңіз өзгелерден өзгеше болсын.  Жаттанды сөздерден аулақ болыңыз, өйткені оның мәтінін көшіріп алғаны көзге ұрып тұрады.

5)  Ілеспе хат жазған артық болмайды

Егер болашақ жұмыс беруші сіздің бойыңыздағы ерекше қасиетке көңіл бөлсін, тап сізді жұмысқа алуға ниетті болсын десеңіз, үйреншікті, бірсарынды түйіндеме аздық етеді.  Ал ілеспе хатты бұрынғы кездегідей бөлек құжат ретінде жазуға да болады, дегенмен түйіндеме салынған электронды поштаның мәтінге арналған жолдарына шағын хат жазған жөн. Есіңізде болсын, бір ауыз хатсыз жазылған қандай да болмасын мінсіз түйіндеме сіз туралы жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін.

6) Болашақ жұмыс берушіге өзіңіз жайлы жан-жақты, толық айта біліңіз

Жұмыс іздеуді неден бастайсыз? Ізденісті ең танымал жұмыс іздеу қызметтеріне түйіндеме орналастырудан, сауалнама толтырудан бастаңыз.  Кейбір қызметтерде хабарлама жіберу мүмкіндігі бар, соны ретке келтіріп қойсаңыз, сіз сұраған жұмыс туралы ең соңғы  хабарламалар электронды поштаңызға немесе жеке кабинетіңізге келіп тұрады.

Есіңізде болсын, порталдардың өз кандидатурасын болашақ жұмыс берушіге солардың сайтынан тікелей жіберіп отыруға мүмкіндігі бар, сондықтан тәулігіне бір рет болсын соны қарап отырыңыз. Сондай-ақ, жұмыс іздеп жүргеніңізді туған-туыс, дос-жарандарыңызға да ескертіп қойыңыз. Жұмыс іздеген адам өзіне маркетолог, имиджмейкер және продюсер қызметін көрсетеді.   

7) Барлық мүмкіндікті пайдаланыңыз

Жоғары курс студенттері мен түлектердің жұмысқа орналасуына жұмыс іздеуші адам ғана емес, сонымен бірге оқу орны да мүдделі, соны ұмытпаңыз!  Сондықтан өз оқу орныңыздың мансап орталығына барып, олардың ұсыныстарын тыңдап, жұмыс іздеп жүргеніңізді айтып, өтініш жазуға болады. Сіздің жұмысқа орналасуыңызға тағы да кім мүдделі, соны ойлап көріңіз. Әрине, ол  қызметкер іздеу агенттіктері. Бұл жерде агенттік туралы жұрттың пікірін ескеріңіз, өйткені аталмыш нарықта небір алаяқтар болуы да мүмкін. Жалпы, агенттіктер жұмыс тәжірибесі жоқ қызметкер іздемейтіні анық, дегенмен белсенді, бастамашыл жастарға деген қызығушылығы болары анық.

8) Жұмыс берушіге өзіңіз туралы айтудан жалықпаңыз

Басқа компанияларға қарағанда, нақты бір компания сізді көбірек қызықтырады, сонда қызмет етуді армандайсыз делік. Ендеше сол компанияның сайтына кіріп, жұмыс барысымен танысып, қызметкерлер штаты қалай құрылатынын білуге тиіссіз. Егер аталмыш компания өз сайтында сауалнама арқылы жұмысқа қабылдайтын болса, поштамен түйіндеме жіберудің қажеті жоқ. Есіңізде болсын, жұмыс істегіңіз келетін компанияның сайтынан барлық мәліметті білуге тырысыңыз. Бағыңыз жанып, армандаған жұмыс берушінің алдына барып қалсаңыз, болашақ жұмыс істейтін компания туралы мағлұматты неғұрлым көп білсеңіз, жұмысқа орналасу мүмкіндігі соғұрлым көп болады. 

9) Follow up – өзіңіз туралы еске салыңыз

Түйіндемеңізді қашан, қайда жібердіңіз? Соны жазып алыңыз. Түйіндемені жолдаған жерге тағы бір рет телефон соғып немесе электронды хат жазыңыз. Өзіңіз жайлы қайта-қайта айтудан қысылмаңыз. Қадалған жерінен «қан алу» да жұмыскерлік қасиеттің бірі. Өзіңіз жайлы сұрағаннан ештемеңіз кетпейді. 

10) Өз құқығыңыз бен міндеттеріңізді білуге тиіссіз

Еңбек құқығы туралы негізгі түсініктермен танысыңыз. Бір-екі күн ерінбей отырып, қызметкерлер мен жұмыс берушілердің құқықтары мен міндеттерін зерделеңіз, туыстарыңыз бен достарыңыздан сұрастырыңыз.

  • Жалдау шарты мен мердігерлік шартының айырмашлығы неде?
  • Қандай салық пен міндетті төлемдер төлеуге тура келеді?
  • Жұмыс беруші немесе жұмысқа орналастыру агенттігі сізден қандай құжаттарды талап етуі мүмкін?
  • Алаяқтардың немесе теріс пиғылды компанияның құрығына қалай түспеу керек?
  •  Сынақ кезеңі деген не және ол не үшін қажет?

Бұл сұрақтардың жауабын жұмысқа орналасу ұсынсы түспестен бұрын білуге тиіссіз.

Ескертпе:  Жұмыс беруші де – адам. Ол жұмысқа алынған қызметкер үшін жауапты. Қулыққа бармаңыз, өтірік айтпаңыз. Егер бірдемеге күдігіңіз болса немесе өзіңізге сенімді болмасаңыз, жасырмай айтыңыз. Бұл кезеңде сізден тек түйіндемеңізде шынайы жазылған жұмыс қабілетіңізді, икеміңізді және жеке басыңыздағы қасиеттерді ғана ескеріп, басқа ештеме күтпейді.  

Жоғарыдағы тізімге тағы да қосарыңыз бар ма? Алғаш рет жұмысқа қалай орналасқаныңыз жайлы айтып бере аласыз ба? Ендеше бұл тақырыпты КТК арнасының Facebook және Instagram парақшасында талқылайық.  

Оқи отырыңыз: Жұмысқа орналасудың 7 жолы  

Пәтер сатып аларда ақша үнемдеудің 10 түрі

Білім саласындағы олқылықтар 

Мембағдарламалардың іске аспауына кім кінәлі? 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде