{metadescription}
Басқа халықты кім білсін, біздің қазақта осылай

Басқа халықты кім білсін, біздің қазақта осылай

Қазақта күндестің түрі бесеу екен: күл күндес, жатын күндес, үзеңгі күндес, көрші күндес, ерікті күндес. Халқымыздың сирек ұшырайтын салттарын білесіз бе? Қазақтың құлынындағы сақауы мен құнанындағы тісеуіне шейін өз білгенін айтып кеткен танымал қаламгер Ахмет Жүнісов халқымыздың бағзы заманнан бергі дәстүрлі өмір салтында сирек ұшырасатын 6 салтын былай суреттеген.    

Қарсы құда

Бұл көбінесе жоқ-жітіктерде болған. Егер екі үйде екі қыз, екі ұл болса: бұлардың бір-біріне қалыңмал төлеуге шамасы келмесе, не төлеуден бас тартса, өзара келісіп, қарсы құда болады. Екі жақ қыздарын ауыстырады. Мұндайда екі жақ та келінді күткіш келеді. Себебі: бірінің қызы бірінде отыр ғой.

Бұлар үйлену тойына қатысты көп кәделерді істемеуге де хақылы. Тек той жасап, неке оқытады. Келешекте байыса, жорға ауысады, кедей болса, дорба ауысады.

Қолбала

Ел іші болған соң әр түрлі жағдай болады. Кейде жетім қыздар ата-анасынан жастай қалып, жамағайнының есігінде күйсіз күнелтеді. Осындайларды баспалап байқап жүрген кейбір кексе еркектер оның туыстарымен келісіп, ауыс-түйіс жасап, алғашында баласы сықылды тәрбиелемекші болып қолына алады да, артынан етін үйретіп, жанына жатқызып, әжетке жараған соң әйелі етіп алады. Панасыз жүрген қыз өзінің қалай әйел болғанын түсінбей қалады. Қарсыласуға шамасы да жоқ. Оның үстіне барған сайын қызыға түскен ысқы аяқ оны әр алуан әдіспен алдайды. Мұндайлар некелерін оқытса да, пәлендей той-томалақ жасамайды. Жас алшақтығынан қымсынады.

Үй сынығы

Әйелі қайта-қайта өліп, не қыз алса да үйленгенін қоймайтындар тағы да біреудің жас қызына құда түссе, онда олар қалыңмалға «үй сынығы» деген кәдені үстеме қосуы керек.

«Қу тақым, үйіне шүйкебас шақ келмейді. Сондай болса да ернінен емшек сүті кеппеген баламызды бергелі отырмыз. Бұл аты шулы адам. Сондықтан да осы айыбына бола қалынмалына мал қоссын» деп, қыздың туыс-туғаны мұндай адамға, кәрі болса да, жас бола да шалқаяды. Сонан соң ол айтқанды береді. Бермеске шамасы жоқ. Өйткені мұндай адамға қыз беруден көп адам қорқады, бермейді. Бұл кәде негізгі қалыңмалдан аз. Бірақ бермей болмайды.

Әмеңгер

«Ерден кетсе де, елден кетпейді» деп жас, сұлу, ақылды әйелдің күйеуі өлсе, әлде барған, не баратын күйеуін менсінбесе, оған бостандық бермейді. Қайнысы жас, қайнағасы кәрі болса да телиді. Егер көнбесе, екі елдің арасында егес шығып, соңы жер дауы мен жесір дауына ұласып кетуі мүмкін.

«Қайынаға қарап тұрмайды, келін керіліп тұрмайды» деп, мұндайда көбінесе өңмеңдейтіндер  – қайынағалар. Бұның оларша үш себебі бар:

1) Соншама мал берді, соның мал сілекейін алып қалуы керек.

2) Олар үшін еркекке қатынның көптігі жоқ, рахатын көріп, бала тапқызу керек.

3) Ондай сұлуды, жасты екінші біреудің тұғырына көзінің тірісінде қондыру –  намыс.

Ал өзінен көп үлкен келіншекті жас балаға, қайынға қанша телісе де бәрібір. Олардың кейбірі ер жеткен соң қоя береді. Қолайлы қайны болса, келіншектің өзі де теріс кетпейді.

Іштей құда түсу

Ертеде екі дос, не екі бай әйелдерді жүкті болысымен біріміздің әйеліміз ұл, біріміздікі қыз туса, құда боламыз деп уәделеседі. Егер солай бола қалса, екі жақ балаларының ержетуін күтеді. Уағы болғанда, уәделері бойынша құда түсіп, екі баланы бір-бірімен үйір ғып өсіреді, қосады. Бұлардың арасында қалыңмалға келісу деген болмайды. Екеуі де ұлы бар, қызы бар болғанына қарық болады. Бұлардың көбі құдадан көрі туысқа бейім болып, мал-жанға да сенікі-менікі демейді. Туа салысымен қосақталып өскен екі бала да біріне-бірі әрі кет демейді.

Ерікті күндес

Бала бастылық пен жұмыстың көптігінен әйел тез қартаяды. Осындайда әйелдер еркектен алыстағысы келсе, еркек керісінше жақындағысы келіп мазасын алады. Әйелінің үстіне тоқал алғысы барын білдіріп қыр көрсетеді. Түнгі төсекте ырың-жырың басталады. Осы әуреден құтылу үшін, енді байды қойып, мал-жанға ие болуға шығу үшін және күйеуін қолынан шығармау үшін ақылды әйелдер маңайындағы өзі білетін, денсаулығы жақсы, өзі ұя бұзбайтын маубас, өзіне қарсы шықпайтынын, талғамы мен талабы қарнының тоқтығы мен үстінің бүтіндігінен аспайтын, еркекпен бірге жатудан жалықпайтын, пәлендей туысы жоқ  бір келіншекті, не қызды алдап-сулап қолына түсіріп алып, күйеуіне өз еркімен қосады. Жас әйелді құшақтағанына күйеу, оның түнгі кісінегенінен құтылғанына әйел қуанады. Араласрында пәлендей әрекет тумайды. Кейде кейбір әйелдер бала-шағама жақсы қарасын деп сіңлісін әпереді. Бара-бара бай – тоқалдікі, мал – бәйбішенікі болып шыға келеді.

Қазақта күндестің түрі бесеу:

  • Күл күндес. Бір еркектің көп әйелі арасындағы тартыс. 
  • Жатын күндес. Туыстар арасындағы көре алмастық. "Ырылдайсың қаппайсың, менен артық таппайсың" деп бірін-бірі қия алмайды. 
  • Үзеңгі күндес. Атқа мінген бастықтардың шен таласы. 
  • Көрші күндес. Қатар отырған үйлердің бірін-бірі көре алмауы. 
  • Ерікті күндес. Бұл онша қауіпті емес. 

Оқи отырыңыз: Енесі бар адамдар ешқашан шаршамайды

Шер ағаның шексіз шері... 

Қазақстан дамымай қалған ел деген пікірде едім...

Бекболат Тілеухан: Мені біреулер не өте жақсы көреді, не жек көреді 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде