{metadescription}
Тұздық: Жер алу үшін  кезекте кім тұр?

Тұздық: Жер алу үшін кезекте кім тұр?

Дүние түгілі, адамның құны малмен есептелетін ескі заманның өзінде бабаларымыз «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген екен. Осы қанатты сөз бүгінгінің нақ бейнесіндей көрінеді. Әйтпесе, 10 баласы бар батыр ана қуықтай бөлмеге сыймай жатқанда, әкімдер 50 млн. теңгеге пәтер іздеп жүр. Біздің атқамінерлер адамның миына сыймайтын қулық-сұмдыққа барады. Исатай мен Махамбет, Голливуд жұлдызы Курт Рассел және Моцарт Ақмола облысында 10 сотық жер алу үшін  кезекте тұр дегенге кім сенеді?

"Аптап" бағдарламасының тілшісі аталмыш мәселені Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиновпен тұздықтап көрді.

Осы аптада сіздің фракцияларыңыздағы депутаттар жергілікті, аймақтағы атқамінерлердің қызметтік баспана алу барысында тым асырып жібергені жайында сауал жолдады. 50 млн. теңгеге баспана алып отырған Павлодар ғана ма?

Қазіргі таңда баспана мәселесі ең өзекті. Қоғамның назарына іліккені сол,  кімге де болмасын баспана тақырыбы қызықты. Үйсіз-күйсіз жүргендер көп. Күйіп тұрған мәселе. Өкініштісі, тек Павлодар облысында ғана емес, басқа өңірлерде де бар.  

 

 

Қай облыстар, атын атай аласыз ба?

Павлодар, Атырау, Алматы облыстары, Шымкент, Жамбыл ауданы. Бірқатар облыстарда 35-50 млн. теңге аралығында қызметтік пәтер сатып алынған.  

Аталмыш мәселеге қандай шара қолданған дұрыс? 

Қазақта сөз бар: «Біреуі тойып секіреді, біреуі тоңып секіреді». Көптеген қарапайым азаматтар 7-20-25 бағдарламасы арқылы 10-25 млн. теңге аралығында пәтерге қол жеткізе алмай жүргенде, 50 млн. теңгеге пәтер алу — шектен шыққандық! Ол халық пен жергілікті биліктің арасы алшақтап кеткенін білдіреді. Осы алынған пәтер этикалық тұрғыдан, бюджет жағынан қаншалықы сәйкес келетінін тексеруді талап еттік. Алынған пәтерлер приватизацияға жата ма? Осының бәрін парламенттің, халықтың алдында жария етуді сұрадық. Егер заңсыздық орын алған болса, тиісті адамдар жазалануы керек. Бюджеттік, мемлекеттік органдар пәтермен қамтамасыз ету мәселесінде нақты өлшем болу қажет. Осы өлшемшартқа неге 7-20-25 бағдарламасымен алмасқа? Олардың халықтан несі артық? Бір ретке келтіріп, егер одан да артық пәтерде тұрғысы келсе, ақшасын өз қалтасынан шығарсын. Оған шектеу қоюға болмайды.

Расында қарапайым халық үшін баспана неге 7-20-25, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы арқылы беріледі де, мемлекеттік қызметкерге, жергілікті әкімдіктерге басқа өлшеммен қарайды?

Біздің азаматтардың өзін басқарып отырған әкімшілікке сенімсіздігі осы мәселені туғызады. Содан ашу-ыза туады. Неге екі баласы бар әкім 250 шаршы метр пәтерде тұру керек, ал бес баласы бар қарапайым адам 40-50 шаршы метр тұру керек? Осыны этикалық, адами тұрғыдан қарауды ұсындық.

Күзде Үкімет басшысы бюджетті игермегені үшін министрлерді де, әкімдерді де біраз сілкіп алған болатын. Ондаған миллион жұмсап, баспана сатып алып отыр. Осы тірлігіміз игерілмеген қаржының тетіктерін табу көзі емес пе?

Жергілікті биліктің қай сасқаны, білмеймін. Бірақ тығырықтан шығудың, болмаса бюджетті игерудің басқа да адами жолдары бар емес пе? Мұғалімдер, дәрігерлер, не болмаса ардагерлеріміз бар ғой. Солардың қамына қарай игерсе, нұр үстіне нұр деуші едік. «Сасқан үйрек, артымен жүзеді» деп, халықтың ақшасына жеке басына 50 млн. тг үй алып жатса, бұл салғырттық, жауапкершілік пен тәртіптің жоқтығы.

Оның үстіне 40-50 млн.теңгенің баспанасын әкімдіктегі жергілікті билік өкілдерінің қарапайым қызметкерлері алмайды ғой. Міндетті түрде басшылық алады. Ары кетсе саусақпен санарлық он шақты адамның айналасы.

Рас айтасыз,  тәжірибе көрсеткендей, басшылар, қала әкімдері.

Жалпы бұл сала үлкен бір тексерісті талап етіп отырған сияқты. 

Әрине! Тұрғын үй алу, жер алу мәселесінде былық көп. Мысалы, Оралда Исатай мен Махамбет жер кезегінде тұр. Оған қоса, шетел жұлдызы Курт Рассел, Моцарт, лейтенант Шмидт дегендер кезекте. Бұл сұмдық қой! Қазір бұның бәрі тексеріліп жатыр. Ресми деректер бар. Аталмыш мәселе бойынша қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін. 10 сотық жерді ала алмай қайтыс болып кетіп жатқан ардагерлеріміз бар. Қаңғып жүрген қанша азаматтарымыз бар. Бұл деген еліне, жұртына жаны ашымаушылық деп түсінемін және ашылмай жатқан үлкен былықтың барын білдіреді. Халыққа қызмет етіп отырғаннан кейін облыс басшылары, мемлекеттік бюджеттің басшылары өздерінен бастау керек.

"Аптап" бағдарламасын әр жексенбіде сағат 20:00-де КТК арнасынан қараңыз.    

Оқи отырыңыз: Басқа халықты кім білсін, біздің қазақта осылай

Қартайғанда қылық шығарған қарттар

Ойнап жүріп от басқан қыздарға аборт жасатқан дұрыс па?  

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде