{metadescription}
Сирияда соғыс көріп келгендерді қоғамға бейімдеуге бола ма?

Сирияда соғыс көріп келгендерді қоғамға бейімдеуге бола ма?

Адасып шекара асып, Сирияға барған қандастарымызды әкелдік деп жар салып қуанып та жатырмыз. Ал әлеуметтік желілерде «осы Отанын сатып кеткендерді қайта әкелудің қажеті қанша еді? Мемлекеттің қаржысын текке шашып жатқан жоқпыз ба" деген пікірлер жазылып жатыр. Расында, сау басына сақина тілеп алғандар үшін тәуекелге барудың қажеті бар ма? Қайтып келген қандастарымыздан не күтеміз? 

Көпшіліктің көкейіндегі осы сұрақтарға  КТК тілшісіне саясаттанушы, терроризм және экстремизм мәселесін терең зерттеп жүрген сарапшы Ерлан Қарин жауап берді.

 

Сирияға адасып барып, сосын аңырап қалған қазақстандық азаматтарымызды елге қайтардық деп қазір бәріміз жазып жатырмыз, айтып жатырмыз. Бірінші мәселе, бұл үлкен саяси мәселе қалай шешілді? Осындай соғыс жүріп жатқан ыстық нүктеден азаматтарымызды қалай алып кеттіңіздер?

Сирияда қазір бірнеше әртүрлі қарулы топтар өзара қырылысып жатқанын  айтпағанның өзінде,  Сирия конфликт төңірегінде бірнеше мемлекеттің мүдделері қайшыласып жатыр.Тікелей қақтығысқа барып отырған жағдайда мұндай операцияны жүзеге асырушы жауласып отырған бірнеше жақтармен  байланысқа бару мүмкіндігі қажет. 

Мәселе сонда болып тұр ғой. Саяси мәселесі қалай шешілді? 

Тек қана бір елдің көмегіне жүгіне салып бұндай операцияны жүзеге  асыру мүмкін емес. Себебі, Сириядағы конфликтіде  бір елдің қауқары жетпейді. Ол жерде бірнеше үлкен алпауыт мемлекеттер, алты мемлекет державалардың тікелей қақтығысып отырып айтпағаның өзінде, көршілес мемлекеттің өздерінің  әрқайсысында әртүрлі мүдделер, сол мүдделер  бір-біріне қайшы келіп отырған тұста, ондай операцияны жүзеге асырудың ең бірінші алғы шарты – біздің мемлекеттіміздің сыртқы саясаты. Біздің барлық мемлекетпен тең дәрежелі сенімді қарым-қатынаста орната білгеніміз. Осының арқасында ғана бұндай үлкен операция жүзеге асып жатыр. Әрине өте қиын, өте қатерлі, әскерлердің қатысуын талап еткен өте күрделі,қауіпті іс-шара болса да түпкі мақсаты – гуманистік яғни, біздің  құзырлы органдар әйелдер мен 30 баланы алып келді. 

«Жусан» операциясы барысында елге 47 азаматымыз келді. Ол жақта әлі де 800-900-ға жуық азамат бар дейді. Оның 500-ге жуығы – балалар. Жалпы Орталық Азиядан 5000-ға жуық азамат Сирияға кеткен. Енді мақұл, өзге елді қоя берейік өз еліміздің азаматтарын осындай қадамға баруына, кетіп қалуына не себеп болды? Тек қана көк қағаз ба көкейін тескен, әлде діни сенім бе, соқыр сенім бе?

Себептер әртүрлі. Бүкіл әлемге тікелей қатысы бар үлкен мәселе. Себебі, Ирактағы конфликтіге  80 мемлекеттен 30 мыңнан 40 мыңға дейін жуық азаматтар барып қосылды. Яғни, бұл Америка, Еуропа, ТМД елдері, Орталық Азия, Оңтүстік, Шығыс Азия, Таиланд, Корея тағы басқа елдерден барып қосылғандар бар. Тек қана діни сипат қана емес, мен әдейі сол елдерді атап отырғаным да сол. Әрбір елдің  жағдайы әртүрлі. Әр кеткен азаматтың себебі де әртүрлі. Кейбір азамат қызық көріп, соғысқа барып қатысып қайтамыз деген оймен де кетті.  

Саяхаттап қайтқан сияқты ғой...

Біздің елден де солай кеткендер бар. Қызық көрді, ақша үшін кеткендер де бар. Сондықтан да біз бірнеше топқа бөлеміз. Алданып кеткендер, саналы түрде соғысуға кеткендер. Еріп кеткендер. Мысалы әйелдері. Бірқатары алданып кеткендер. 

Ал діни сеніммен кеткендер бар ма? 

Әрине, діни сеніммен де кеткен. Ол жақта мұсылмандар үшін ең бір қолайлы, сондай мемлекет екен деп ойлаған. Бірақ барғаннан кейін келесі күні-ақ көзі жетіп, алданғанын біліп қайтып келгендер болды. Алайда ол жаққа бару оңай, қайту – қиын. Қайтам дегеннің бәрін атып тастайды. Сосын амал жоқ, қалады. Немесе онда келгенде видео, фотоға түсіп тарататын да көбісі білмейді. Келгенде қолына қару ұстатып, видеоға түсіреді. Мәз болып видеоға, фотоға түседі. Сосын оны әдейі жариялайды. Ол тарап кетті. «Елдеріңіздегі қауіпсіздік органдар енді сіздерді танып біліп отыр, барсаңыз бірден қамап тастайды» дейді. Сөйтіп олар екі оттың ортасында қалады. Көпшілігі сеніп, алданып кеткендер. «Таң қаламыз. Қасымызда жүрген адамдар ішімдік ішеді, темекі  тартқанды айтпағанның өзінде. Тіпті таңғы намазға тұрмайды, жұма намазға да қатыспайды» - дейді. Елге қайтарылған әйелдер мен ер азамат, балалар болсын олар басқа бір елдердің, үкіметтің қолына түскен азаматтар емес. Олар бір топтың қолына  түскендер. Міне, бар жағдай осы. Яғни, ешқандай да бұл шын мәнінде қасиетті соғыс емес. Басқа мүдделер үшін бір-бірімен есеп айырысу. 

Өздері білмеуі мүмкін...

Біреуі білсе, біреуі білмейді, біреуі мойындағысы келмейді. Бостан босқа басқа біреудің мүддесі үшін өліп жатқанын кім мойындайды?  

Әлеуметтік желілерде бұлар отанын сатып кетіп қалғандар, мемлекет осынша шашылып не үшін алып келді оларды  деген пікір бар. Мәселені басқа қырынан қарайықшы. Осы азаматтарымыз соғыс болып жатқан Сирияда болсын қалды деп есептейік, мейлі, біз қандастарымызды жоғалттық деп есептейік. Ал елге, мемлекетке келе жатқан қауіп бар ма? 

 

Дұрыс сұрақ. Біздің елде де, басқа елде де осындай дискуссия бар. Әйелдер мен ер-азаматтарды айтпағанның өзінде балаларды қайтару керек пе? Ондай күдіктің болуы түсінікті. Себебі, олар соғыстың ортасынан келіп отыр, соғыс жағдайында өсті. Олардың санасы біршама уланған десе де болады. Елге келгеннен кейін қауіп төндірмей ме? Рас, ондай қатер бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Қаншалықты олар бейбіт өмірге үйренеді, бейімделеді, біздің құндылықтарды игереді, біздің өмір салтымызбен жүре алады  деген қатер бар. Бірақ, осы балалар, әйелдер сол Сирия болсын, Ирактағы қақтығыс аумағында қалса, қауіп  біршама уақыттан кейін  біз үшін еселене түседі. Неге? Ойлаңыз, 400 демей ақ қояйық, сол 30 баланың ішінде ең үлкені 15 жаста. Тағы бес жыл өтеді, үлкен азамат соғысының ортасында өскен, қарудың бәрін меңгерген, біздің тілді біледі. Соғыс өртінен шыңдалып келген 20-дан асқан жігіт пен қыздар – қауіпті. Бірнеше есе қауіпті.

Яғни, мынау алдын алу ғой сонда?

 

Бұл шара гуманитарлық мақсатпен  қатар біздің қауіпсіздіктің алдын алу. «Неге біз Өзбекстан сияқты әрекет жасамаймыз? Неге шетінен бәрін қуып шығарып құтылмаймыз?» деп сұрайды менен. Әр елдің өз жағдайына бейімделген өз саясаты бар. Бірақ, құдайға шүкір, біз ұйымдасқан формамен тап беріп отырған жоқпыз. Біздікі жекелеген, әр жерден. Бірлі-жарым, он адам.  Ақтөбегідей 20-25 адам  дайындықсыз, ұйымдаспаған, бірікпеген, автономды, радикалды ошақтардың арасында осындай тұтанып шыға келетіні. Яғни, біздің жағдайдағы ең ұтымдысы радикалды формасына жол берген жоқпыз. Қандай да бір ұйым ретінде бірігуіне, ұйымның пайда болуына. Әйтпесе оның көсемдерінің ішіндегі белсенділерін көзін жойғанмен де, ол бәрібір қала беретін еді. 

Міне, сол сияқты егер де 30 баланы, одан кейін басқа 100 баланы, жалпы көлемі 300-400 бала қала беретін болса  тағы бір 3-4 жылдан кейін жасөспірімдер үлкен азамат болады. Олардың басын беделді бір күштер қосып, мемлекеттімізге қарсы пайдаланбайтынына  кім кепіл? Сондықтан бұл балалар мен әйелдердің қайтарылып әкелуі қауіпсіздік тұрғысынан да дұрыс. Біздің елде қанша дегенмен де бақылауда. Олармен түрлі жұмыстар жасалынады. 

Егер ана жақта қандай да бір пікір қалыптасқан болса, келгеннен кейін өзгерту мүмкін бе? 

Өзгертуге болады. Сирияда соғысып келген кейбір азаматтар бар. Олар келгеннен кейін сол жақтағы нақты бір іс-әрекеттер үшін жауапкершілікке тартылып, қателіктерін сезініп, қазір басқалармен жұмыс істеуге саналы түрде көмектесіп жатқандар бар.

Сұхбаттың толық нұсқасын "Аптап" бағдарламасынан қараңыз. Ақпараттық-сараптамалық "Аптап" жобасын әр жексенбіде сағат 20:00-де КТК арнасынан тамашалаңыз.

Оқи отырыңыз: 2019 жыл зейнетақы: төрт маңызды өзгеріс

Теперіш көргендер жандардың мәселесі шешіле бермек    

Балалардың қысқы кездегі қауіпсіздік 11 ережелері 

Аптап: 2018 жылдың басты қарама-қайшылығы 

Кеше

22 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде