{metadescription}
Төлеутай Рақымбеков: Ет бағасы халықтың табысына сәйкес келмейді

Төлеутай Рақымбеков: Ет бағасы халықтың табысына сәйкес келмейді

Қазақ әлемде етті ең көп тұтынатын ұлт деген рас па? Әр қазақстандық жылына қанша келі ет жейді? Жалақымыз ет бағасына сәйкес келе ме?  Мемлекет елдегі мал басын көбейтіп, ет экспортын дамытуға бар мүмкіндік жасап, қаржыны аямай-ақ төгіп жатыр. Ал осы қыруар ақшаның қызығын кім көріп отыр? Неліктен шағын шаруа қожалықтары мемлекеттік қолдаудан тыс қалып отыр?

Елдегі ет өндірісімен айналысатын шаруаларға үкімет бөлетін субсидия мен шағын несиелердің 5 пайызы ғана тиеді. Ал қалған қаржы түгелдей ат төбеліндей ғана ірі шаруашылықтарды субсидиялайды. Яғни олар субсидияны бір алып, сол етті тұтынушыға тағы сатып, екі жеп биге шығып жүр.

"Мал өсірсең қой өсір,  пайдасы оның көл көсір". Ал соны қолға алуға не кедергі? Тақырыпты Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы вице-министрі, ғалым Төлеутай Рақымбеков тұздықтайды.

  Ауыл шаруашылық министрлігінде көп жыл жұмыс істедіңіз, аталмыш мәселелерді ішінен білесіз. Қазір қазақ соғымның етін жеп, сорпасын ішіп отыр. «Қазақ қасқырдан көп ет жейді» деген әңгіме бар. Жалпы біздің ет тұтыну деңгейіміз қандай? Әлемде етті ең көп тұтынатын ұлтпыз ба?

Осыдан бес  жыл бұрын Қазақстанда орта есеппен  әр адам 45 кг ет тұтынатын. Бұл түрлі ет. Қойды, сиырдың, жылқының және құстың еті – бәрін санағанда адам басына бір жылда 45 келі ет. 2018 жылғы Статистика комитетінің нақты ресми ақпараты 2019-шы жылдың тамыз айында дайын болады. Ұлттық экономика министрінің  ақпаратына сүйенсек, 55 келіге жеттік. Демек соңғы 15 жыл ішінде 10 килограмм қостық. Көп пе, аз ба? Мұны екі жақтан қарауға болады. Біріншіден, 1983 жылы мемлекеттік азық-түлік бағдарлама қабылданған. Ол 1990 жылға дейін және 2000 жылға дейін арналған бағдарлама болатын. Оның көрсеткіштері бойынша, 1983-ші жылы Кеңес одағында адам басына 62 келі ет тұтынған. 1990 жылы бұл көрсеткіш 72 келіге жеткен. Ал 2000 жылы 82 кг жету керек болатын. Салыстыра беріңіз, 45 кг, 55 кг және 82 килограмм. Ал басқа мемлекеттермен салыстырсақ, мысалы Аргентинада адам басына әр тұрғын жылына 87 келі ет тұтынады. Енді салыстыра беріңіз, Қазақстанда 55 кг. Ол статистика бойынша өндіріліп отырған өнімнің есебі. Қазақ халқы мақтаншақтау, қасқырмен салыстыру келіңкіремейді. Бірінші ондыққа кірсек те  жаман емес.

Бұл барлық тұтыну мүмкіндігі ме, әлде қамтамасыз ету мүмкіндігіміз осындай ма?

Барлығында жаңағы екінші көрсеткіш фактор  бар. Бұл еттің бағасы.

Яғни, ет қымбат деген сөз ғой?

Халықтың табысы ет бағасына сәйкес келмейді. Ет қымбаттау. Сондықтан біз сүт пен етті, мысалы, 1991-ші жылға қарағанда әлдеқайда аз тұтынамыз.

Ет бағасы демекші, бір жазбаңызда былай депсіз: бір ауыз сөзбен айтсақ, қазіргі ет өндірісіне бөлініп отырған мемлекеттің субсидиясы базардағы еттің бағасымен пара-пар болды деп.

20 пайыз жоғары.

Тіпті одан да жоғары ма? Сонда етті өндіруші фермер десек, ол өзі өндіреді, мемлекет өндірген үшін ақшасын төлейді және соны өндірген бағасын апарып тұтынушыға сатады. Сонда екі жақтан да ақша алып отыр ма? Бұны қалай түсінуге болады?

Бұл сұрақты екіге бөлу керек. Оны кез келген фермер алмайды. Бір санаулы ғана ірі мал бордақылау, солардың қолына тиетін ақша. Қыркүйек айында бекітілген  ережеде 1000 бастан көп мал бордақылайтындар субсидия алатын болды. Ал олардың саны Қазақстан бойынша санаулы ғана.

Сонда субсидияның бағасы қанша?

Жалпы көлемі әр келісіне 1500 теңгеге жуық. Базардағы кіріс бағасы, шағын көтерме бағасы 1200-1250 теңге.

Сонда айырмашылығы 200-300 теңге ме?

20 пайыз артық. Егер шаруа қожалығы ауылда отырып етін сатса, саудагерлер келіп 800-1000 теңгеден алып кетеді. Одан бір жарым есе, екі есе көп деп есептеуге болады. Жаңағы субсидияның ғана көлемі ішкі нарықта 1200 теңге. Мысалы,  экспортқа шығаратын баға – орта  баға, халықаралық баға 2 доллар (700 теңге). 700 теңгеден бір алады, 1500 теңгеден бір алады.Сонымен 2200 теңге пайда көреді.

Сонда экспортқа шығарғаны үшін тағы ала ма?

Сатып алатын адам, Ресейден сатып алатын адам өз бағасын төлейді. Оның үстіне Қазақстанда субсидияланып, 1500 теңге субсидияны тағы алады.

Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?

Айтып отырмын ғой, мүмкін уәдені орындау үшін шығар. Қалай да болсын орындаймын дегені – ол да дұрыс емес. Осының арқасында көптеген майда шаруа қожалықтары, миллиондаған ауылдың тұрғындары  мемлекеттік қолдаудан тыс қалып отыр. Мысалы, Қазақстанда 1 миллион 647 мың отбасылық шаруашылық бар. Олар мысалы, жалпы ауыл шаруашылық өнімінің 50 пайызын өндіреді. Еттің де, сүттің де, көкөніс, жемістің де тек қана дәнді дақылдармен, майлы дақылдардың үлесі өте төмен, жоқтың қасы. Еттің 70 пайызын өндіреді, сүттің 70 пайызы, ал майда шаруа қожалықтарын қоссаңыз, онда 90-95 пайызға барады.

2018-ші жылдың 1-ші қаңтарындағы ресми статистика мәліметіне сүйенсек, 15770 заңды тұлға бар. Одан кейін 195 000-ға жуық шаруа қожалықтары бар. Екеуін қосса, 210 мың. Сол 210 мың тауар өндірушінің  5 мыңға жуығы ғана субсидияланған арзандатылған  несие алады. Қалғанының мұрнына иісі де бармайды.  

Олар алу үшін істеу керек?

Менің ойымша, ауыл шаруашылық саласына бір кез келді. Күрделі түрде қайта құру жасау керек. Біріншіден, ауыл шаруашылығының құрылымына. Көбісі ауыл шаруашылығы екі саладан құрастырылады деп ойлайды. Ең ірі – мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы. Үшінші саласы бар, оны ұмытып отыр. Бұл – қызмет көрсету. Жалпы мемлекеттің өнімнің ішінде қызмет көрсету саласы дамыған елдерде 60 пайызға дейін барады. Оны Елбасы да қайта-қайта айтып отыр. Бізде қазір орта есеппен 55 пайызда. Ол енді бұрыннан қалған білім беру, денсаулық сақтау, көлік, сауда, соның бәрін қосқанда 55 пайыз – жалпы өнімде.Демек ауыл шаруашылық саласының 2017 жылғы жалпы өнімі 4 триллион 100 миллиард болатын болса, соның 10-ақ миллиарды – қызмет көрсету саласы. Одан кейін біз қайдағы  экспорт туралы айтамыз?! Біз ішкі нарықтың принципімен өнім сата алмай отырмыз. Біз тек өз сұранысымызды қамтамасыз етіп отырмыз. Бірақ дүкенге, барсаңыз Қытай, Пәкістан, Польшаның өнімдері! Неге? Далада өсірілген өнім дүкенге жетпейді, неліктен? Инфрақұрылым жетіспейді.

Мемлекет тарапынан үлкен бағдарламар әзірлінеді. Ірі қараға арнайы етті, тұқымды ірі қараны өсіруге  бағытталады. Бірақ қойға қатысты бағдарламаны көрмеппін.Әлде білмеймін бе?

Жоқтың қасы. Ірі қара малдан гөрі бізге қой тиімді. Әрине, жылқымен де айналысу керек. Жылқының өнімділігі ет пен қымызы, терісі тек  ішкі нарықта қамтамасыз етіледі. Мысалы,  2017-2018 жылдары  жылқы мен тек түйе саны 1991 жылғы көрсеткіштен асты. Сиыр 6 жарым миллион, Кеңес үкіметі кезінде 9 жарым миллион бас болатын. Қой 35 миллион болатын, қазір 18 жарым миллионға жеттік. Біз кездері 9 жарым миллионға түскенбіз. 1997 жылы 35 милионнан 9 жарым миллионға – төрт есе құлдыраған.  

18 миллионнан сәл ғана асады дедіңіз бе?

18 жарым миллионға жеттік.

Қазақстан халқымен пара-пар...

Адам басына бір қойдан. Мысалы, Австралияда әр тұрғынға 6-7 қойдан, Жаңа Зеландияда 16-17 қойдан келеді. Ондай көрсеткішке жетуге бүкіл мүмкіндігіміз бар.

Оған не кедергі?

Қой шаруашылығына барынша көңіл бөлуіміз керек.

Жастардың бәрі оқыған, көзі ашық. Ауылға, жайлауға, қыстауға барып жылдың төрт мезгілінде көшіп-қонып кім мал бағады? Кім қой бағады?

Кейбір ірі шаруа қожалықтарының басшылары айтады: бүгінде 300 мың теңге жалақы беріп қойшы таба алмаймын. Бір жолдасым қазір қойшы тапқанша, әкім мен министрді табу жеңіл деп қалжыңдайды. Шынымен солай, 300 мың теңге жалақыға ауылда қойшы таба алмайды.

Азабы ауыр, оңай емес.

Әрине, ауыр! Бірақ бұл жерде мемлекет пен кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар біріге отырып, бұл мәселеге қатты көңіл бөлуі керек.   

Ірі қара шаруашылығына қандай мүмкіндік жасалғанын айттық. Ал қой шаруашылығына ерекше көңіл бөлетін болса, өркендеу мүмкін бе?

Әрине. Ірі малға қарағанда қой тез көбейеді. Төрт-бес жыл ішінде қойдың санын көбейте аламыз. Қой шаруашылығының әлеуеті бір жылда, біз айтқандай 270 мың тонна емес, жаңағы уәде берген ірі қара малдың, 10 жылда оған жетеді дегенге менің көзім жетпейді. Жылда 6 пайызға  өсіп отырып, он жылда 60-70 мыңға жетеді деп сенбеймін. Сенбейді емес, көзім жетпейді. Ал қой шаруашылығы 4-5 жылдың ішінде 200 мың тонна етті экспортқа шығаруға мүмкіншілігі  бар. Оның жанында ішкі нарықта өз тұтынушыларын толығымен қамтамасыз ете алады.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден қараңыз. Аптаның әр жексенбісінде сағат 20:00-де КТК арнасынан "Аптап" талдау мен түйін жасайтын сараптамалық бағдарламасын көруге асығыңыз. 

Оқи отырыңыз:  Сирияда соғыс көріп келгендерді қоғамға бейімдеуге бола ма?  

Аптап: 2018 жылдың басты қарама-қайшылығы 

Тұздық: Жер алу үшін кезекте кім тұр? 

Қартайғанда қылық шығарған қарттар 

Ойнап жүріп от басқан қыздарға аборт жасатқан дұрыс па? 

Кеше

20 шілде

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.