{metadescription}
Кредит алғанда банк нені жасырады

Кредит алғанда банк нені жасырады

Елімізде қазір әр екінші отбасы несие төлеп отыр. Қаншама адам төлемді кешіктіріп, басы дауға қалуда. Банктер де үнемі жаңа маркетингтік әдістерімен түңілуге түрткі болуда. Кредит алғанда неге сақ болып, қандай терминдерге көңіл аудару қажет? Кредиттік қауіпсіздік ережелерімен танысыңыз.  

Ұлттық банк, реттеуші. Банк саласындағы жаңалықтарды қалт жібермейтіндер реттеуші туралы хабарламаны жиі көреді. Ол ҚР Ұлттық банкі туралы. Мәселе мында, Қазақстанда басқа елдердегідей (ең елеулі ерекшеліктер АҚШ-та) қос деңгейлі банк жүйесі қабылданған. Ұлттық банк – орталығы, яғни жоғарғы (бірінші) деңгей. Ол ақша жүйесiнiң тұрақтылығын қадағалауға және бақылауға жауап беріп, бақылап, кредит берушілердің, салымшылар мен клиенттердің мүдделерiн қорғайды. Ұлттық банкте қаржылық қызметті тұтынушының құқығын қорғау департаменті бар. Яғни құқығыңыз бұзылған жағдайда сонда барып, банктер туралы ақпарат пен оның беделі туралы ақпарат аласыз.

ЕДБ (екінші деңгейлі банктер) –  Ұлттық банк пен Даму банкінен (оның статусы ерекше) басқа банктер. Бүгінде секторда 32 ЕДБ, оның ішінде шетелдің қатысуымен 14 банк және оның ішінде 12 еншілесі бар.

Заң. Банктерге, несиелерге және депозиттерге қатысты барлық нормативтік құқықтық актілердің ішіндегі ең негізгісі – «ҚР банктер және банк қызметі туралы» Заң.

Қарыз алушы —  кәсіпкерлік қызметке, тауар алуға, қызмет көрсетуге қатысы жоқ қарыз алатын жеке тұлға.

Бұны көбісі білмейді: қарыз алушы банкпен несие шартын жасаған күннен бастап 14 күннің ішінде қарызын алған күннен бастап есептелген сыйақыны төлей отырып, айыппұлсыз қарызды қайтаруға құқылы.

Төлем және төлем қабілеттілігі. Банкке бармас бұрын бағалайтын бірінші нәрсе – несиелік шарт емес. Ең бастысы – өзіңнің төлем қабілеттілігіңді түсіну! Ай сайын қанша сома төлеуге дайынсыз? Алатын несиеңіз отбасылық бюджеттің 20 пайызынан аспауы керек. Яғни ол сіздің өмір сүруіңізге кедергі келтірмейді. Дегенмен егер ай сайынғы төлем қарыз алушының табысының 50% -ына тең болса да, банк оң шешім қабылдауға құқылы. Бұл деңгейден шығуға жол берілмейді.

Өз табысың мен мүмкіндігіңді бағалаЕгер несие ұзақ мерзімді, ал сома үлкен болса, онда резервтік қор құрып, бірнеше төлемге жетерлік соманы депозитте ұстаған дұрыс. Кенеттен ауырып қалсаңыз, жалақыны кешіктіргенде, қарызға белшеңізден батпау үшін сізде 3-4 айға жетерлік қор болады.

Сыйақы мөлшерлемесі. Біріншіден, жарнама буклетіне көңіл аудармаңыз. «Жылына 8%» деген керемет ұсыныстың астарында небір комиссиялар бар, ал іс жүзінде айырмасы 22%! 

Қарыздың нақты құнын көрсететін жалғыз көрсеткіш – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеме (ЖТСМ). ЖТСМ неғұрлым төмен болса, несие шарты да соғұрлым тиімді. Заң бойынша көрсеткіш міндетті түрде ескертпе мен келісімшартта көрсетіледі және 56% аспауы тиіс. Қазір тұтынушылық несиелер бойынша ең көп таралғаны  20-25%. Бұл жағдайда номиналды көрсеткіш 5% көлемінде көрсетілуі мүмкін. Ипотекалық несие бойынша ең төмен құны 7% (мембағдарлама), ең жоғарғысы – 38%.

Кредиттеу мерзімі. Кредиттеу мерзімі көп болса, ай сайынғы төлем азырақ болады және үлкен сыйақы сомасы банкке ауысады. Шарттарды зерттеген кезде, кеңес берушіден әртүрлі мерзімдегі есептеуді көрсетіп беруін сұраңыз. Оны банктік онлайн-қызмет арқылы да жасап, қарауға болады. 

Өтеу тәсілі ретінде аннуитетті (тең төлемдер бойынша өтеу) және дифференциалданған (негізгі борышты тең үлеспен төлеу) болуы мүмкін. Біріншісі ең танымал және кеңінен қолданылады. Сізге екеуін де ұсынуы мүмкін. Бірақ банк көбінесе аннуитетті өтеуді талап етеді. Егер осындай  кестеге қарасаңыз, онда қомақты сома алдымен сыйақы төлеу есебіне кететінін түсінесіз. Бірте-бірте ол азайып, негізгі қарызды төлеу есебі өседі. Сонымен бірге төлемнің мөлшері тиянақталған. 

Ал дифференциалды төлем: қарыз алушының борышы неғұрлым аз болса, пайыз да соғұрлым аз есептелінеді. Бұл қарызды ертерек жабуды жоспарлаған адам үшін тиімді. Өкініштісі, бұл тәжірибе сирек кездеседі.

Артық төлеу. Бұл қолыңызға тиген қаражаттан артық қанша ақша төлейтініңізді көрсететін сома. Несие алмас бұрын осыны есептеп алыңыз. Бұны несиелік онлайн- калькулятордың көмегімен жасауға болады. Ең бастысы – пайыздық шартты, комиссияны және т.б. төлемдерді дұрыс көрсету керек.

Төлем мерзімінен кешіктіруге қандай жағдайда болмасын рұқсат жоқ! Біріншіден, кесте бойынша төлем жасамасаңыз, онда айыпақы төлеуге мәжбүр боласыз.  Жеке тұлғалар үшін оның мөлшері келісімшарт бойынша реттеледі, бірақ шектеулері бар.

Мысалы, әр күнге кешіктірілген төлем сомасының 0,5% дейін жиналады және кешіктірген 90 күннен кейін – 0,03% аспайды.

Жиналған айыппұлдың жалпы сомасы банктік қарыз шартының әрбір жылы үшін берілген қарыз сомасынан 10% аспауы тиіс.

Кейінге қалдыру.

Кешіктірілген күннен бастап 30 күн ішінде қарыз алушы банкке несие төлеуді кейінге қалдыру туралы немесе төлемді өзгертуге өтініш жазуға қақысы бар. Мәселені түсіндіріп, төлем қабілетсіздігінің себебін анықтайтын құжаттарды қоса беру керек. Дегенмен банк сіздің пайдаңызға шешім қабылдайды деп ешкім де кепіл бере алмайды.

Комиссиялар. Заңды комиссиялар бар. Егер ол ЖТСМ-де (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі) көрсетілсе және Ұлттық банк басқармасының № 134 қаулысымен бекітілген рұқсат етілген тізімге сәйкес келсе, оған ешкім тыйым сала алмайды.

Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін тұтынушылық несие беру және қызмет көрсету бойынша ол комиссиялардың 11 түрін қамтиды:

  1. Қарыз, микрокредит алу үшін өтініш пен құжаттарды қарастыруға.
  2. Қарызды ұйымдастыруға.
  3. Қарыз беруге.
  4.  Кредитке қызмет көрсету бойынша ағымдағы шоттарды ашу және жүргізуге.
  5.  Шартты өзгертуге, өтеу кестесіне және т.б.
  6.  Қарыз алушыға қатысты (бірлескен қарыз алушыға), кепілгерге, кепілге және т.б. байланысты мәселелерді қарауға.
  7. Клиенттің сақтандыру ұйым пайдасына төлемдеріне. Кепіл алу үшін кепілгерге, бағалаушыға – кепілге берілетін мүлікті бағалағанына.
  8. Құжаттарды тексеру үшін банкке қызмет көрсететін делдалдық ұйымдардың пайдасына клиенттің төлемдері және т.б.
  9. Клиенттің өтініші бойынша несиелік берешегі туралы анықтама бергеніне.
  10. Қарызды ішінара (толық) мерзімінен бұрын өтеуге.


Ескерту! ЖТСМ-де көрсетілмеген комиссиялар алынбайды!

Сондай-ақ, Ұлттық банктің бастамасы бойынша «Банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңы 34-1 бабымен толықтырылды. Ол  банктердің ипотекалық қарызды беру және ұстауға байланысты банктік шотты жүргізуге комиссия құруға және жинауға тыйым салуды енгізді. Бұл ереже тек тағы да берілген кредиттерге қатысты.

Сақтандыру. Несие алуға өтініш берген кезде сақтандыру ерікті түрде міндетті болып табылады. Ерікті – Қазақстанда несиені міндетті сақтандыру жүйесі жоқ, ал міндетті – сақтандыру шартынсыз несие берілмейді.


Андрей Копов, сақтандыру омбудсмені:

Несиені міндетті сақтандыру деген жоқ. Бұл талапты әдетте қаржы ұйымы жасайды. Ол өмірді және кепіл мүлікті сақтандыру болуы мүмкін. Бұл ерікті шарт және қарыз алушы келісімшартқа қол қою-қоймауын өзі шешеді. Тағы бір мәселе, сақтандырусыз кредит беруге ұйым қаншалықты дайын.

 

Кепілдікке салынған мүлікті сақтандыру бойынша банктің талабы заң нормаларына қайшы келмейді.

Келісім-шарт. Банктің келісім-шартын көрмеген адамды бақытты деуге болады. Осы құжатқа сәйкес келетін белгілі бір ережелер бар. Несиелік келісім-шартында мынадай шарттар болуы тиіс:

  • шарт жасасу күні;
  • кредиттің мақсаты;
  • кредиттің жалпы сомасы мен валютасы;
  • кредиттің мерзімі;
  • -сыйақы ставкасының түрі (тіркелген немесе құбылмалы), пайыздық мөлшерлеменің жылдық сыйақы мөлшерлемесі, келісімшарт жасалған күннен бастап ЖТСМ мөлшері;
  • шарт бойынша көзделсе, өзгермелі пайыздық мөлшерлемені есептеу тәртібі;
  • -өтеу әдісі (қолма-қол, қолма-қол ақшасыз аударылым);
  • кредитті өтеу әдісі: аннуитетті, сараланымдық немесе банктің ішкі ережелеріне сәйкес өзге тәсілмен;
  • кредитті өтеу тәртібі;
  • есептеудің тәртібі мен айыпақы тұрақсыздығының (айыппұл мен өсімпұл) мөлшері;
  • кредитті беруге байланысты комиссиялық сыйақылардың толық тізімі және олардың мөлшері;
  • тапсырыс (қолма-қол ақшамен, қашықтағы терминал арқылы банкке және басқа тараптармен келісілген), несие мен пайыздарды қайтару жиілігі;
  •  кепілдендірілмеген қарызды қоспағанда, (кепіл, айыпақы, кепілдеме, кепілгер, ұстап қалу және басқа түрлері) қамтамасыз ету;
  •  кредит алушының шарт бойынша өз міндетін орындамаған немесе дұрыс орындамаған жағдайда банк қабылдайтын шаралар;
  • шарт мерзімі;
  • кредит алушының банктегі заңды тұлғасына ұсынатын есеп берудің түрлері мен мерзімдері;
  • кредит алушының (бірлескен кредит алушының) кредиттік бюролар туралы ақпарат беруіне және кредиттік бюроға Банк туралы кредиттік есеп беруіне, сондай-ақ тараптардың өз міндетін орындауына қатысты ақпарат беруге келісімін көрсету;
  • банктің пошта және электронды мекен-жайы, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы туралы ақпарат.

Келісім-шартқа сондай-ақ өтеу күндері жазылған ескертпе хат кіргізіледі.

Кепіл. Кепіл – ол кез-келген мүлік болуы мүмкін, сондай-ақ заттар мен мүліктік құқықтар. Ипотека – кепілдіктің бір түрі, мысалы, тұрғын үй кепіл ұстаушының иелігінде және пайдалануында қалады. Кепіл туралы келісім-шарт міндетті түрде жазылады. Онда заттың аты, параметрлері және міндеттеменің орындалуы мен мерзімі көрсетіледі. Егер ол жылжымайтын мүлік болса, оның бағасы көрсетіледі (теңгеде көрсетіліп, тараптардың келісімімен анықталуы мүмкін). Жылжымайтын мүлік кепілі мемлекеттік тіркеуге алынады.

Бейілділік бағдарламалар, арнайы ұсыныстар және басқа да айла-амалдар. Егер несиені кешіктірмей ұқыпты төлеп жүрсеңіз, онда ерте ме, кеш пе, жақсы хабар айтып, былай деп қоңырау шалуы мүмкін: сізге тағы бір кредит беруді мақұлдады, онымен несиеңізді жабуыңызға болады, сонымен қатар артық қалған ақшаға ие боласыз. VIP-клиент болуға асықпаңыз! Оның мәні – көп ақша табуда! Келісімге қол қоймас бұрын жылдық тиімді мөлшерлеме, мерзім және төлем туралы ақпарат сұраңыз. Артық төлемдер мен шарттарын салыстырыңыз. Егер мақсатыңыз тағы несие алу сболмаса, мұндай ұсыныстың пайдасынан көрі қаупі басым.   

Енді банк қызметін тиімді пайдаланып, кредиттік орға құлап кетпеу үшін мынадай қауіпсіздік шараларын сақтаңыз:

  • Ең бірінші төлемдік қабілетіңізді және ай сайын қолыңыз қалтырамай төлей алатын соманы анықтап алыңыз. Қолайлы сома  — табысыңыздың 15–20 %. Мысалы, жалақыңыз 150 000 болса, ай сайын 30 000 төлеген қиын болмайды. Ал 50 мың болса, қиналып қалуыңыз әбден мүмкін.  Ал мақұлданған жоғары төлем шамамен 75 000 болуы мүмкін. Бірақ, тосын жағдайларға жинаған  қосымша ақшаңыз болмаса, бұған келіспеңіз.
  • Кредиттік өнімді ЖТСМ-мен салыстыра отырып,  ыңғайлы шарттармен таңдаңыз. Басқа көрсеткіштер  несиенің нақты құнын көрсетпейді.
  • Несие рәсімдегенде комиссияның мөлшерімен, сақтандыру және басқа да шығындармен танысыңыз. Ондай ақпаратты банк менеджерлерінен алуға болады.
  • Келісім-шартты мұқият оқыңыз. Оның қосымшасын да асықпай, мұқият қараңыз. Кейде ондай шарттар банктің сайтында тұрады. Түсінбеген жерлерін кеңес берушіден сұраңыз.
  • Егер қарызды мерзімінен бұрын төлеуді жоспарласаңыз және бастапқыдан үлкен сома төлеуге дайын болсаңыз, онда (мүмкіндік болса) сараланымдық өтеу әдісін таңдаңыз. Сонда пайыз аз сомаға қосылады. Дегенмен оның айырмашылығын тек несие кезеңі ұзағырақ болған жағдайда білесіз, мысалы, бес және одан да көп жыл болса.
  • Несиені мерзімінен бірнеше күн бұрын төлеуге тырысыңыз! Көлік кептелісі, мереке күндері, жүйенің бұзылуы және т.б. сәтсіздіктер қырсыққанда тап төлем күніне сай келе қалатыны бар. Ал төлемді кешіктірсеңіз, ол жалпы сомаға және сіздің несиелік тарихыңызға теріс әсер етеді.
  • Егер сіз ипотека немесе ұзақ мерзімді несие алуға шешім қабылдасаңыз, депозитте бірнеше төлемге арналған қаражат сақтап қойыңыз. Бұл ақша қысылтаяңда сізді құтқарып қалады.
  • Кредит төлеудің бүкіл кезеңінің қаржылық жоспарын жасап қойыңыз. Бұл қажетсіз зат сатып алудан, шығыннан сақтайды.

Несиеңіз оңай төленсін!

Материал Krisha.kz сайтынан алынды. 


Оқи отырыңыз: Несие төлейтін уақыт келді, бірақ ақшаңыз жоқ. Пайдалы кеңес

Аятжан Ахметжанұлы: Ерлеріміз ез болып барады 

Дұрыс тамақтану туралы 10 өтірік 

Төлеутай Рақымбеков: Ет бағасы халықтың табысына сәйкес келмейді

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде