{metadescription}
Гүлмира Әбіқай: Қазақтың саны көбеюіне қарсы емеспін, бірақ...

Гүлмира Әбіқай: Қазақтың саны көбеюіне қарсы емеспін, бірақ...

"Эмоцияға берілген тұстарым көп". "Әке-шешесінің салғырттығын көріп өскен бала, ертең мемлекетке масыл болмай ма? Камера алдында туған баласынан бас тартқан ана жағамды ұстатты".  КТК арнасындағы  «Дау-дамайсыз» бағдарламасының тілшісі Гүлмира Әбіқайдың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.  

Гүлмира, «Дау-дамайсыз» бағдарламасының КТК арнасында жарық көргеніне екі жарым жылдан асты. Осы уақыт ішінде көптеген әлеуметтік мәселе шешіліп, басы дауға қалғандардың түйіткілі айқындалды. Тіпті қоғамда шу шығарған жанжалдардың да басы-қасында болдыңыз. Айтыңызшы,  журналист ретінде сізді таңқалдырған оқиға болды ма?

Байқаймын,  жұрт шоубизнестен жалықса керек, жобамызды жылы қабылдады. Сенсеңіз, 2017-ші жылдың қыркүйек айынан бері 40-қа жуық бағдарлама эфирге шығып, 307 жекелеген адамның тағдырына араша түсіппіз. Бұған кейде бүтіндей ауыл, аудан, қала жұртын қосыңыз. Телевизия саласында 15 жылдан аса журналист болып жүрсем де, таңырқататын жәйттар көп-ақ. Кейде жергілікті атқарушы билік тарапынан бейқамдық, кейде тұрғындардың енжарлығы таң қалдырады.

Әлі есімде... Талғар қаласында бес жасар Шапағат есімді балақайдың өміріне араша түстік. Мас көлік жүргізушісі қағып кеткен балақай үш айдан бері ес жимай, төсек тартып жатты. Қаққан адам еш жауапкершіліксіз кетіп қалған, ал дәрігерлер «әткеншектен құлады» деп анықтама беріп, полиция істі қараусыз қалдырған. Пәтер жалдап әрең күн көріп отырған ата-анасы ешқайда бармаған, шағым жазбаған.  “Заңсыздыққа жол жоқ” деген ұранмен  оқиға ізімен журналистік зерттеу жасадық. Ауруханаға барып, баланың жол-көлік апатынан мүгедек болғанын дәлелдедік. Көлік жүргізушісін тауып, сот залынан қолына кісен салып, колонияға аттандырдық. 

Иә, Шапағат туралы сюжет көзіңе жас алдырмай қоймайды.  Эфир соңында дауысыңыз жарықшақтанып шыққаны байқалды...

Қазір ойласам, түсірілім барысында эмоцияға берілген тұстарым көп болған екен. Балақайға жаным ашып, репортаж түсіріп жатқанымды ұмытқан сәттер де кездесті. Есесіне, ата-анасына төсектегі баланың басын сипап құр отыра бермей, әрекет жасауы керектігін айтып, ұрсып та үлгеріппін.

Жаға ұстатқан тағы бір оқиға Талғар ауданында болды. А. есімді әйелдің 30 жастағы азаматтық некедегі күйеуі 3 жасар өгей қызының өн бойын тістелеп, мұрнын қыршып жұлып алған. Психологтар мұны садизмге жатқызды. Қансыраған сәбиді ауруханаға жатқызып, тегін ота жасаттық. Ол ер адам заң алдында жауап беріп, сотталды. Көрермендерімізді дүр сілкіндірген оқиға сәтті аяқталды. Басы-қасында болған менің жүрегімнен әлі күнге дейін кішкентай қыздың жанұшыра “Папамды ұршы” деп шырқырағаны кетер емес.   

“Дау-дамайсыз” бағарламасында тағы бір шулы бала дауын айтпай кету мүмкін емес. Редакцияға 30-дан енді асқан бес балалы А. есімді әйел  хабарласты. Азаматтық некедегі күйеуімен тұрып жатыр. Ал үлкен қызы мен баласын бұрынғы күйеуінің туыстары тартып алған. Баласын қайтаруға барған келіншекті маңына жуытпаған. "Анасынан баласын айыруға ешкімнің хақы жоқ" деп сендік, бардық. Алғашқы күйеуінен екі баламен ажырасқан соң жеңіл жүріске салынып, балаларын қараусыз қалдырған екен. Басы биттеп кеткен балаларды күйеуінің туыстары бағып-қағып отыр.  Заңға сүйенсек, балалардың куәлігінде әкесінің аты жазылмаған. Яғни, қос жеткіншек тек шешесінің қарауында болуы тиіс. Құзырлы өкілдер балалар анасына "қайтарылуы керек" деп шешіп, екі баланы жетектеп, шешесінің аядай лашығына әкелді. Сенесіз бе, үш балаға екеуін қосып алған анасы оларды күн ұзаққа қамап кетеді. Балалар – аш-жалаңаш. Екі аптадан соң, "бала баққан қиын екен, бесеуімен қиналып кеттім"  деп мұң шақты. Сөйтіп,  бүкіл көрерменнен кешірім сұрады. Заңдастырып, анасынан қолхат алып, әжесіне ресми қамқоршы есебінде нотариуспен рәсімдеуін талап еттік. Ақыры немерелерін әжесінің қарауына қайта бердік. Аталмыш оқиғаны КТК сайтынан миллионнан аса көрермен қарапты.  

Айта кетейін, оқиғаның тек бірінші бөлімін қараған көрермен маған әлі өкпелеп жүр. Балаларды тыныш жатқан жерінен алып кеткен "жүрексіз журналист" деген пікірлерді де көзім шалды. 

Ту сыртыңыздан жұрт сізді «қатал», «жүрегі селт етпейтін журналист» дейді. Дегенмен нәзік жансыз, анасыз. Бұл журналистік объективтілікке ықпал етпей ме?    

 “Қайсар, ержүрек журналиссіз” деген пікірді көп жазады. Кейде «тайсалмайтын қаталсыз» деп жатады. Еш  қорықпайтын адам болушы ма еді? Мысалы, тышқаннан өлердей қорқамын, иттен зәре-құтым қалмайды. Есесіне, жұмсақ креслодан жылжымайтын шенеунік, не жауапсыз әкім майдан даласына ұрысқа шыққандай делебемді қоздырады. (күледі).  Сондай-ақ, жылдар бойы бала-шағасын жылатып, әйелін ұрып-соғатын озбыр күйеулерді көргенде білегімді сыбап, күреске дайын тұрамын.

Дау-дамайдың жағымсыз әсері де болады. Келеңсіз әсерден тазарудың сіз білетін құпиясы бар ма? 

Жұмыс пен отбасымның ара-жігін ажырата аламын. Журналистикадағы алғашқы ережем – оқиғаның бүкіл эмоциясын, дауын, проблемасын сол жерде қалдырамын. Үйге журналист емес, ақжарқын, ерке әйел есіктен енуі керек. Маған алдымдағы жанның адами қыры маңызды. Бағдарламамызда ардан аттаған кейіпкерлер бар. Әрқайсысына уайымдап, қайғырып отырсам, жүрегімнен не қалады? Экрандағы көркіме де көңіл бөлуім керек. Құтқаратыны – әлеуметтік парақшама ішіме сыймай жатқан сұмдық оқиғаны жазып-жазып тастап, бойым жеңілдеп қалады.  

Басына тауқымет түскен адамдардың қақ ортасында жүресіз. Айтыңызшы, біздің азаматтарымыздың әлеуметтік проблемасында өз тарапынан жиі жіберетін қателіктері қандай? Дауға көбінесе қандай кемші тұстарымыз түрткі болады?    

Әр адам басындағы мұң-зарын әрқалай түсіндіреді. Редакцияға күніне жүздеген қоңырау соғылады, электрондық поштаға ондаған хаттар  түседі. Әлеуметтік желілердегі КТК парақшаларына жазады. Бәріне жауап беруге үлгере алмай жатамыз. Тап қазір "мәселемді шеш" деп дауыс көтеріп, "өтірік бағдарлама"», "бұл әдейі ұйымдастырылған шоу" деп ренжитіні де бар. Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе...  20 жыл бойы құжатсыз жүріп, үйін рәсімдей алмай, мүгедектікке шыға алмай заңсыздыққа ұрынған адам «Дау-дамайсыздан» проблемасын біз мезетте шешіп бергенін қалайды. Бәлкім, бізге артқан сенімі болар. Заңсыздыққа ықпал ететін КТК арнасының бағдарламасынан көмекті төзіммен, сабырмен күте білетін жандарға біз де ризамыз.

Кеңес сұрап, ақылдасқысы келетін жандар көп. Тұрмыстық-әлеуметтік, атаулы көмек, мүгедектікті рәсімдеу, бала асырап алуға қатысты сауалдар көп-ақ. Былай қарасаң, ресми жауап беретін органдар, қызметкерлер бар. Байқағаным, біздегі кейбір мұқтаж жандар өз құқығын білмейді және алып-қашпа сөзге ереді және сауаты төмен.

Бірде тұрғындар әкім жұмыс істемейді, алдына адам кіргізбейді деп шағымданды. Артынан бір-біріне сеніп, ешқайсысы әкімшілікке мүлдем бармағаны белгілі болады. Біреуге сенбей, тиісті мекемеге өзіңіз барып, өз құлағыңызбен жауабын естіңіз дегім келеді.

Сырттан көшіп келген оралман ағайын көп хабарласады. Әсіресе Өзбекстан, Қарақалпақстаннан келген қандастардың көбісінің төлқұжаты жоқ. Еліне келгеніне 20 жылдан асып барады, ал елшілікке бас сұқпаған.

Заңгер болу шарт емес, бірақ, көбісі заң білмейді. Ғаламтор – ашық. Күні бойы әлеуметтік желіде бос отырмай, өз проблемасына қатысты күніне бір бапты оқып, жадына сақтаса.  

 Сізге өтірік, маған шын. Жақында ғана мектеп көрмеген, жазу-сызудан мақұрым 11 және 15 жастағы жасөспірімдерді түсірдік. Әл-ауқаты төмен халыққа көмектесетін, жағдайын оңалтуға ықпал ететін билік орындары, жергілікті  әкім барын әке-шешесі білмейді. Құжатсыз өмір сүріп жүрген жеті адамның үйінде бірде-бір кітап жоқ. Есесіне, әрқайсысының инстаграм парақшасы бар. Шіркін, асыл уақытын әлеуметтік желіде зая кетірмей, өзіне пайдалы ақпар алуға тырысса деймін.

Көбінесе көп балалы отбасылардың ауыртпалықтарын шешуге ат салысып жүрсіз. Аталмыш мәселеде қандай ой түйдіңіз?

Байқасам, “Дау-дамайсыздағы “проблеманың көбісі көп балалы отбасыдан шығады.  Былтыр Алматы облысынан бес баланың анасы хабарласты. Күйеуімен ажырасқан, қазір әркіммен азаматтық некеде. Бірінші баласы кімде екенін өзі білмейді. Өзі де, балалары да құжатсыз. Қызын баға алмай, тұрмысы нашар туысына әкеліпті. Қолындағы үш балаға тәрбие беру былай тұрсын, балалары – аш-жалаңаш. Камера алдында туған балаларынан бас тартқан ана жағамды ұстатты. "Балаңызға өзіңіз ғана жауаптысыз, олар мемлекетке неге масыл болуы керек?" деген сауалым жауапсыз қалды.

Келесі оқиға – Жамбыл облысындағы жеті балалы көзі ашық, көкірегі ояу мұғалімдер отбасы. Екеуі де мемлекеттен берілетін тұрғын үйді күтумен жүр.  “Жеті балам бар” деп байбалам салғаннан басқа, құжаттарын рәсімдеп ешқайда бармаған, үй кезегіне тіркелмеген, балаларға тиесілі өтемақыға малданып отырған жәйі бар. Мектептен бөлінген тегін жатақхананың аядай бөлмесіндегі иіс қолқаны жарады. Есіктен төрге дейін жайылған жуынды, кір-қоқыс, лас заттардың арасында жеті баласын құшақтап ата-анасы жатыр. "Әке-шешесінің салғырттығы мен салақтығын көріп өскен бала, ертең мемлекетке масыл ұрпақ болмай ма?" деп ойлаймын.   

Отбасы демекші, өзіңіз де көп балалы отбасыдан шығыпсыз... 

Рас, көп балалы отбасының кенже – 13-ші баласымын. Тарыққан жоқпыз, көппіз демедік, жетпейді демедік. Көп балалы отбасыға тиесілі көмек болса – алып, болмаса – қол жайған жоқпыз.

Әкем ерте қайтыс болды, түр-сипаты есімде жоқ. Анамның айтуынша,  "әкең марқұммен ищәй деспей өмір сүрдік". Осы бір ауыз сөз өмірлік ұстанымыма айналды. Бойжете келе, байлығы асқан емес, өмірде "ищәй" деспейтін жігітті іздедім. Таптым да! Жанұямыздың кірпішін бірге қалап, қызық-шыжығын бірге көріп келеміз. Төркініме әлі де еркелеймін. Біздің әулетте "әй" дегеннен гөрі,  "айналайын" өтімді.

Баланың балалығын, қамсыз күлкісін ұрлап, ащы өмірдің дәмін татқызып, жылатып, қаңғыртып жіберген ата-ана жауапқа тартылуға тиіс. Мұндай балалық өмір сәбидің жүрегін агрессияға, өкпеге толтырады. Дүниеге бала әкелген соң, оны дұрыс тәрбиелеп өсірсеңіз, қоғамға да пайда, өзіңізге де сауап. “Мейірім бермеген баладан қайырым күтпе” демекші,  жылуы бар отбасы – берекелі отбасы.  

Әрине, қазақтың санының көбеюіне қарсы емеспін. Алайда күнделікті репортажда кездестіретін құжатсыз, тіркеусіз, білімсіз, кәсіпсіз, мамандықсыз буын мемлекетті алға жетелейді деп ойламаймын. Әйелдерге "тума", не "ту" деп айтуға ешкімнің де қақысы жоқ. Дегенмен мемлекеттің жанашыры ретінде, еліміздің патриоты ретінде Қазақстанның саналы, сапалы, текті ұрпақпен өсіп-өнгенін қалаймын. 

«Дау-дамайсыз» жобасын алып жүрген адамның да өз басы жиі дауға қалатын сияқты...

Бізді үнемі басы дауға қалған жан деп айтуға болмас. Көрерменіміз КТК-ға сенім артады, телеарнадан үміт күтеді. Біздің мақсат – заңсызыққа жол бермеу. Ал заңсыздық болмаған жерде дау да жоқ. Бастысы – өткір мәселені дау-дамайсыз шешу. КТК – халықтың арнасы. Ал  «Дау-дамайсыз» – мықты команданың еңбегі. Дау шешілгенде, жеке мәселеміз шешілгендей, көрерменіміздің сенімін ақтай алдық, өтінішін жерге тастамадық, жерге қаратпадық деп марқаямыз.

Әр жексенбі сайын сағат 19:30-да «Дау-дамайсыз» бағдарламасын қарауға шақырамыз!

Оқи отырыңызКөп балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау шаралары 

Мақсат Мәлік: Өзімді кінәлі сезінемін... 

Теперіш көргендер жандардың мәселесі шешіле бермек 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде