{metadescription}
Жазира Бегалы: Қуаныштан жылап жіберген сәттерім көп

Жазира Бегалы: Қуаныштан жылап жіберген сәттерім көп

Ащы болса да шындығын айтқан журналистің әңгімесі. Еркектер мен әйелдер. Журналистік әдеп.  Қолайсыз жағдайлар. Еркектердің қадір-қасиеті. Азаматтық неке туралы жеке ойы. Көзбен көрген анық, құлақпен естіген танық. Көктемнің жаймашуақ күндерінің бірін КТК арнасының әлеуметтік  «Дау-дамайсыз» бағдарламасының жыртысын жыртып жүрген журналист Жазира Бегалымен сұхбатқа арнадық.

- «Дау-дамайсыз» бағдарламасын жүргізіп жүргеніңізге екі жарым жылдың жүзі болыпты. Байқағаным, сіз көбінесе қыз-келіншектердің түйткілін шешіп жүрсіз. Айтыңызшы, өзіңіз ана болғандықтан әйелдердің ауыртпашылығын терең түсініп, нәзік жандылардың мәселесіне бүйрегіңіз бұрып тұра ма?

- Қызық сұрақ, шынымды айтсам, талай жыл түйіткілін шеше алмаған , «темір етігі теңгедей болған » демекші, маңдайын  тауға да, тасқа да соққан көрерменнің жынысына емес, қордаланған мәселеге  үңілуге тырысамын.  Әйел немесе ер кісі деп бөлмедім. Бұлай ойлауға хақым да жоқ.  Әр түйіткілді  заң аясында зерттеп, екі тараптың   уәжін сүзгіден өткізіп, қолға түскен деректің рас-өтірігіне көз жеткізгеннен кейін бағдарлама жетекшісі  Срайыл Смайылмен бірге талқылаймыз. «Дау-дамайсыз» бағдарламасының мақсаты – кейіпкерді , бүкіл ауылды , балаға таласқан ерлі-зайыптыны,  жұмысшыларды шырғалаңға салған дауды әділ шешу. Күйеуінен зорлық-зомбылық көрген, балаға талас, қайын бикелерінен,  енесінен таяқ жеген келіншектер, алимент өндіру машақатынан қажыған әйелдер жиі хабарласады. Бұл өте нәзік тақырып. Өйткені «адам аласы ішінде» және «екеудің арасына есі кеткен түсетінін» де ұмытпау керек.

- Сондықтан әр бағдарламада отбасылық кикілжіңді ушықтырмай, оларды ымыраластырып, барынша татуластыруға тырысамын.  «Тентек отты тебемін деп, аяғын күйдірер, ділмәр шындықты жеңемін деп, тілін күйдірер» деген мақал бар.  Бала тағдыры, шаңырақтың шайқалмауы үшін ащы болса да шындыққа көз жұмып, балаларды әке мейірімінен , нағашы атасы-апасының ыстық құшағынан айырғым келмеді. Әр проблеманың  бітімгершілікпен шешілгенін қалаймын.  

Жанұяда әйелдің рөлі қазір қандай? Үй шаруасын әйелімен қатар алып жүретін еркектер аз сияқты. Жалпы, қоғамда әйелдер еркектермен бір деңгейде жұмыс істеп жүр ме?

- Нарықтық экономиканың жаһандану үрдісі біздің мінез-құлқымызға,  кейбір ұлттық  ұстаным мен  жалпы көзқарастың өзгеруіне ықпал еткені жасырын емес. Отбасындағы әйелдің рөлі, еркектің беделіне байланысты бір жақты кесіп-пішіп пікір айтуға болмайды.  Дегенмен тұрмыс ауыртпалығын жұбайының нәзік иығына артып, аяғын аспанға көтеріп жатқан жалқау жұбайлар, маскүнем еркектің отбасында қадірі болмайды. Тіпті сол күйбең тіршіліктің тауқыметіне мойынсұнып, өмірін тәрк еткен келіншектердің болаттай берік махаббатына,  темірдей төзімділігіне  таң қаламын. 

Осыдан 10 жыл бұрын  « әйел күреп ақша тапса да, әлемге мәшһүр атанып, алтыннан алқа тақса да ерін сыйлауы керек» деп нық сеніммен айтар едім. Қазір ол пікірімнен айныдым. Отбасында сыйлы, бедел-абыройын  сақтап қалу – әр ер азаматтың  міндеті.  

Қоғамда әйелдер еркектермен бірдей  иық тіресіп жұмыс істеп жүр. Күзетші,таксист, әскерде, полицияда да бұрымдылар еңбек етеді. Елімізде гендерлік теңсіздік бар деген жаңсақ пікір. Қазір кәсіп ашамын немесе шетелде оқимын деген қыз-келіншектердің жолын ешкім бөгеп жатқан жоқ. Тек кез келген жетістікке жету үшін білім алып, еңбектену керек.

- «Дау-дамайсызда» жеке басының мәселесі кейде үлкейіп, әлеуметтік түйіткілге айналып жатқанын байқауға болады.

- Бұл енді рас. КТК-ның « Дау-дамайсыз» бағдарламасына арқау болған Ақтолқын Рүстемованың тағдыры әлеуметтік желілерде, орыс тілінде шығатын баспасөздерде талқыланып жатыр. Жұмысқа жегіліп, 17 жасынан тағдырдың ащы дәмін татқан қызды шаруа қожалығынан іздеп тауып, оның құқығын таптаған күдіктілерге  қатысты тергеу басталып, қылмыстық іс қозғалды. Жүкті болып, түсік жасатып, «қарабет, әулеттің абыройына күйе жақтың» деп  өгей әкесі үйіне сыйдырмаған, мал бағып және қожалықта малшылар еркінен тыс  жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген бойжеткеннің басынан кешкен оқиғасы кейбір БАҚ өкілдерінің  назарына ілікті.  

Байқағанымыз, «Дау-дамайсыз» жобасының аудиториясының арасында  тілдік барьер, кедергілер жоқ. Кейде көрермендер «қазақша сөйлей алмаймын, бірақ хабарды көрдік, бәрін түсіндік» деп ағынан жарылғанда төбеміз көкке жетіп қуанамыз. Бұған қоса, бағдарлама жеке бастың түйіткілі арқылы бір  кейіпкерді жетектеп жүріп көрермендерге проблеманы шешудің жолдарын көрсетіп,  бағыт-бағдар береді. Кейде көрермендер кейіпкерімізге қаржылай көмек беріп,  ол әлеуметтік желіде  талқыланып жатады.         

- Даудың шешімін іздегенде кейде этикалық тұрғыдан айтуға қолайсыз жағдайлар болған шығар...

- Әдептен аспау – басты  ұстанымым. Әр сөзім, теңеуім немесе бейнекадрлар  бағдарламаға қатысқан кейіпкердің  болашағына нұқсан келтірмеуі керек. Бір ауыз сөз, бейнежазба оның келешегіне кесірі тиюі мүмкін. Кейде кейіпкерлер эмоцияға беріліп, бір-бірінің бет жұлысқан кадрларын көрсетіңіз деп жатады. Дау-дамайдың ушыққан сәттері, делебесі қозған адамдай дауыс көтеріп қойылған сұрақтар кадр сыртында қиылады. Одан кейін бағдарлама жетекшісі Срайыл Смайыл сүзгіден өткізеді.  Біздің бағдарламаның  басты мақсаты – ұрыс-керісті ушықтыру емес,  мәселені заң шеңберінде даусыз шешу.

 

 

 

- Әйелдер күйеуін қандай қырынан көргісі келеді? Еркектің қандай қасиетін биік қоясыз?

- Әйелдердің талғамы әрқалай. Қол ұстасып, баласын жетектеп серуендеген жас жұбайларға  қарап сүйсінемін.  Әр келіншек күйеуінің отбасына мейірімді,еңбекқор, білімді,үлгілі әке болғанын қалайды. Отбасында ынтымақ,сенім, махаббат үстемдік құруы керек. Ата-ананың парызы – саналы ұрпақ тәрбиелеу.

 - Әйелдер күйеуін қандай қырынан көргісі келеді? Қыздар күйеуге шықпай тұрып оның жар әке, өмірлік серігі болуға лайықты ма, соған мән беруі керек. Ал келін атанып,  босаға аттағаннан кейін жарыңыздың бойынан мін іздеп, бір-біріңізбен иттей ырылдасып бақытты болу құр қиял. Отбасын құрған әрбір ерлі-зайыпты отбасын жоспарлауды, ортақ бюджетті есептеу, еңбек демалысын да ұйымдастыру  сияқты қарапайым қағидаларды ұстануға бейімделуі керек. Ер-азаматтар еңбекқор, адал және сыпайы, мәдениетті мінезімен көрікті.          

  - Инстаграм парақшаңызға өзіңіздің фотосуреттеріңізді жиі салады екенсіз. Бұл нені білдіреді? Жеке фотограф, стилистіңіз бар ма?

- Өткенде таныс психолог суреттерін үздіксіз  әлеуметтік желіде жариялайтын адамдардың психикасында кілтипан бар деп  жаңалық ашты. Әлемде елді елең еткізу, тіркелуші жинау мақсатында суретке түсіп, өмірі қыршын қиылған блогерлердің қазасынан кейін осындай ой түйген шығар. Дегенмен  инстаграмға суретсіз мақала жариялау мүмкін емес.  Ғаламтордан біреудің туындысын жымқырған ыңғайсыз , сондықтан суретімді амалсыз саламын. Жеке фотограф, стилисім  жоқ. Инстаграмда оқырмандар да  осы сұрақты жиі қояды.  Бет әрлеу, шаш сәндеуге ұста емеспін. Алматыда түсірілім алдында КТК арнасының визажистері бояп, әрлейді. Ал іс-сапарда өзім мықшыңдаймын. Дүкен аралап, киім таңдағанды жақсы көремін.    

- Өткен жылдары әлеуметтік желіге азаматтық некені түсінбеймін деген жеке ойыңызды білдіргенсіз. Ал «Дау-дамайсыз» бағдарламасының бірқатар кейіпкерлері – азаматтық некеде. Осы тұрғыда қазір не айтар едіңіз?

 - Азаматтық неке – дінімізге, ұлттық тәлім-тәрбиеге  жат . Азаматтық неке жайында заңның бір бабын таппадым. Өйткені «Дау-дамайсыз» бағдарламасына азаматтық некеден опық жеген қыз-келіншектер жиі хабарласады. Өткенде  бір әйелдің мұңын тыңдап отырып «әкелікті тану туралы» бір жапырақ қағазды көргенде жүрегім шымырлап кетті.  Бала есейгенде мына құжатты көріп қандай күйге түседі?

 Азаматтық некедегі ері қаламаса, сот арқылы оның әке екенін анықтап,  мойнына міндеттейді екен. ҚР «Неке және отбасы туралы» заң аясында некеден тыс туған балаға әке болу фактісін сот тәртібімен анықтайды. Сонда бұл қандай неке?

Қызылордадан бір келіншек 5 перзентіне «әкелікті тану» үшін ДНК жасауға «көмектесіңізші» дейді. Бұл некеден зардап шегетін – балалар.   «Азаматтық неке» – отбасы деген ұғымды жоюға бағытталған әрекет сияқты. Бұл менің жеке ойым. «Дау-дамайсыз» бағдарламасына  хабарласқан әйелдердың  сан қилы тағдырларын естігенде төбемнен жәй түскендей болады.  

- «Дау-дамайсыз» бағдарламасы барысында жаныңды қоярға жер таптырмаған, жүректі селт еткізген және тәнті еткен кейіпкер бар ма?

- Әр кейіпкердің тағдыры жүректі селт еткізеді. Кейде күрмеуі көп түйіткіл азаматтың өз құқығын білмеуінен туындайды. Егер сол проблемаға қатысты заңды ақтарып қарап оқып, талап етсе, ол журналистердің араласуынсыз шешілетін мәселе.

- КТК арнасы «Дау-дамайсыз» бағдарламасын жүргізу құрметін сізге жүктеді. Жобада өзімді журналистік жаңа қырымнан көрсете алдым деп айта аласыз ба? Командаңыз туралы бір ауыз айтып кетсеңіз.

КТК-ның «Дау-дамайсыз» бағдарламасындағы әрбір адамның тағдырына араша түскенде біздің қаруымыз – заң. Бағдарламаға заңгерлер сарапшы ретінде қатысады. Бірақ олар түсіру тобымен күні бойы  бірге жүруге келіспейді. Сондықтан жүргізуші, автор ретінде әр тақырыпқа қатысты бірнеше заң баптарын, әлеуметтік бағдарламаларды, кейбір бұйрықтарды оқып, мәселені шешуге өзіміз барамыз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Өкінішке қарай, кейбір өңірлерде соның жүзеге аспауы дау-дамайдың туындауына түрткі болады.   

Бағдарламада әріптесім Гүлмира Әбіқай екеуміздің   жұмысымызды көрермен КТК эфирінен көреді. Ал кадр сыртында тер төккен әріптестеріме шексіз алғыс айтқым келеді. Бағдарлама жетекшісі Срайыл Смайыл , режиссер Шоқан Маханов , ақ қар, көк мұзда айқай –шуда камераны  көтеріп жүретін оператор Аян Бибаев және бейнеинженер Рахимжан Рахьяровтың,  көлік жүргізушілер, бет әрлеуші мамандардың – бүкіл команда үлесін қосып жүр. «Дау-дамайсыздың»  әр шығарылымында ұжымның еңбегі жатыр. Бір түйіткіл шешілгенде мәреге бірінші болып жеткен спортшыдай бөркімізді аспанға атып қуанамыз.

Оператор Аян Бибаев үнемі: «Бағдарламаның  нәтижесін түсірген сәт ұнайды»  деп күледі. Себебі, кейіпкерлер камераның түсіріп жатқанын ұмытып кете ме, кейде қапсыра құшақтап, бетімнен қайта-қайта сүйгенде, қуаныштан көзімнен жас шығып кетеді.    

«Дау-дамайсыз» бағдарламасы маған үміті үзілген, тығырыққа тірелген  адамдардың тауқыметтен құтылып, олардың  шын қуанғанын көруге мүмкіндік берді. Жүргізуші ретінде жоба менің өмірге деген көзқарасымды өзгертуге де ықпал етті. Қазір кез келген проблеманы дау-дамайсыз шешуге болады деп сеніммен айтамын.  

- Әңгімеңізге рақмет, Жәзира! Сізді көктем мерекесімен құттықтай отырып, Дау-дамайсыз» жобасының ғұмыры ұзақ болсын демекпіз! 

Әр жексенбі сайын сағат 19:30-да «Дау-дамайсыз» бағдарламасын қарауға шақырамыз!

Оқи отырыңыз: Білесіз бе? Өкпелеп, ренжігеннің де пайдасы бар 

Гүлмира Әбіқай: Қазақтың саны көбеюіне қарсы емеспін, бірақ... 

Bullet Journal – ерекше күнделік 

Мақсат Мәлік: Өзімді кінәлі сезінемін... 

Кеше

15 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.