{metadescription}
Қазақ халқының ойын-сауығының мағынасын білесіз бе?

Қазақ халқының ойын-сауығының мағынасын білесіз бе?

Көзінің алдындағыдан арғыны көрмейтін кейбіреулер қазақта ойын-сауық болғанымен, дене тәрбиесі жоқ деп лағады. Қазақта бұлардың түрі көп, денсаулыққа аса пайдалы. Ата-бабамыз дене тәрбиесіне айырым уақыт бөлмей, көбінесе әредікте өткізгендіктен, кейде көзге түспеуі де мүмкін. Біз қазақ халқының ойын-сауығының ішіндегі ерекшелеріне тоқталдық.  

Жасырынбақ

Мал аяғы тыйылып, қозы бөлінгеннен кейін ауыл-үйдің балалары жиналады. Бір елпегі ұйымдастырып, қалғандары тұс-тұсқа жасырынады. Қуыс-қуыстан, қалтарыстан іздеп, ұстағандарын көмбедегі «бастыққа» өткізеді. Бұл ойында бала қара тер болады. Жасырынбақ бірнеше рет қайталанып, көмбеде қалатын бала ауысып тұрады да, ойын тарағанда «бастық» оларды бір-бірінің ұстаған балаларының саны арқылы салыстырып бағалайды. Жасырынбақ ойыны қан таратуға, тамақ сіңіруге, жақсы ұйықтауға аса пайдалы. Кешке дейін қозы соңында иенде жүріп жалыққан, зеріккен балалар бойын жазып, көңілін көтеріп бір жырғап қалады.  

Соқыртеке

Біреудің көзін еш нәрсе көрінбейтіндей қып таңады да, өзі бір жерге тығылады, не көптің ішінде жүреді. Көзі байлаулы бұны табуы керек. Таба алмаса, ақырында көзін ашып: «Ол кім?» деп балалар жиналады. Бала бұл кезде көзін таңғанды таба алмаса айыпты болады.

Шешеке

Жазғы жайлауда түнде болатын ойын. Балалар  бірінің етегінен бірі үстап алып: «Шешеке» деп жамыраған төлдей шулайды. Ойынның аты шеше деген сөзден шыққан. Бір жаққа барғанда кішкене балалар шешелерінің етектеріне оралады емес пе. Бұнда ән салып, би билейді. Топтасуды, ұйымдасуды, танысуды, ойласуды үйренеді. Тіл байлықтары молайып, өзара тату-тәттілікке, достасуға жол ашылады.

Ай керек

Бұл ойын да түннің сыбағасы. Кішкентайлардың арасында тіс қақққан ересектері де болады. Жазыққа жиналып, екіге бөлініп, қаз-қатар тізіліп:

Ай керек, ай керек, бізден сізге кім керек? – деп, бір жағы екінші жағына шулап сұрақ қояды.

Ай керек, ай керек, сізден бізге сол керек, деп, біреудің атын атайды. Ол жүгіріп қарсы жақтың шебін бұзады. Бұза алмаса, сол жаққа отар болып қалады. Екі жақ бірін-бірі кезек-кезек шақырып, ақырында бір жағының адамы бітіп ойын аяқталады. Мұндайда кейбір ес біліп қалған қарсыдағы қу өзі іштей ұнатып жүрген қыз жаққа жүгіріп, оның ақ білегін әдейі үзіп қасына жақындап алады.

Күзет

Кәдімгі қой күзеті. Әр үйдің келіні, қызы, ұлы ғана шығады да, әр жерден шырқалған ән таң атқанша үзілмейді. От жағып отырады  – қасқырға айбар және жылыну. Күзеттегілер ұйықтап қалмау үшін әңгіме, ертек айтады, ән шырқайды. Бұған көбінесе жастар шығады да, күзеттегілердің көңілдестері келеді. Ығын тапқандар құшақтасып, сүйісіп, мауқын басады. Бұл олар үшін табылмайтын сәт. Күзет бір жағынан еңбек болса, бір жағынан ойын-сауық. Енді бір жағынан жұмысқа шынығу, ұйқыға шыдау. Өйткені қой күзеткендерді ертеңінде біздің қазақ шалжитып ұйықтатпайды.

Ақ сандық – көк сандық

Мұнда екі ер бала арқаларын беріп «ақ сандық – көк сандық» деп  бірін-бірі көтереді. Күш көрсетеді. Дене шынықтырады. Көтере алмағандары ұтылады, ұялады. Көтеретін жаққа көтермейтін жақ әлінің жеткенінше сіресіп жатып алады.

Белбеу соқ

Қыз бен жігіттер дөп-дөңгелек болып отырады. Ширатылған шүберек белбеуді бірі қолына алып айналады да, біреудің артына білдіртпей тастап кетеді. Ол айналып келгенде артына белбеу тасталған адам белбеуді байқамаса, әлгі тастаған адам белбеуді алып қуады, ұрады. Егер қолма-қол білсе, ол белбеуді тастағанды, қашан өз орнына жеткенше пергілейді. Бұл – жастарды сауысқандай сақ болуға тәрбиелеу. Шарт: отырғандар артына қарамайды. Тек қағілездікпен ғана белбеуді білуі керек.

Алтыбақан

Той-томалақ,  думанның бәрінде болады.  Ұзын алты сырықтан мосы құсатып жасалынады да, оған екі арқан керіліп, бір жағына – қыз, бір жағына – жігіт отырады. Екі жақты екі кісі тербетеді. Қыз бен жігіт тербелініп, бір-біріне ғұзырлана қарап тұрып ән шырқайды. Жоқ іздегендер, танысқан қыздар, ұзатылып келген келіндер арқылы бейтаныс жаңа ән-жыр бұл күні елге таралады. Бұл ойынға жастар жақсы киініп келеді. Қыздар желбірлі ақ көйлек, қынай бел қызыл камзол, үкілі тақия, жігіттер жағы құндыз бөрік, етек-жеңі балағы оюланған бешпет-шалбар киеді.

Ақсүйек

Ақсүйек кепкен ағаштан жнылып, ұзындығы бір қарыс болады. Жуандығы қойдың тоқбас жілігіндей ғана. Түнде болатын ойын. Білегі қарымды жігіт ақсүйекті шалғынға қарай лақтырады. Жиналғандар оны іздеу үшін жапа-тармағай жүгіреді. Кім әкелсе – ұтыс соныкі. Бірақ тауып алған адам үндемей қашуға болмайды. «Міне, менде» деп қашуы шарт. Ақсүйекті кейде жіліктен де жасауға болады. Ол сол ауылдағы біреуде сақталады. Оны барлық адам тануы керек. Ауыстыруға болмайды. Бұл ойынның қызығы да, келешекке деген бастамасы да бар. Дене тәрбиелік мәні зор.

Асық ойыны

Асық ойынының күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Асықта сақа өте қымбат.  Оны он асыққа, не басқадай қуыршаққа айырбастап алады. Асықтың алшы, тәйке, бүге, шіге деген аттары бар. Жақсылары оңқай аталады. Арқардың асығы үлкен және сақаға қолайлы келеді. Бір еңкейіп, бір тұрып, жиі қозғалып дене шынықтыратын ойын.

Қызойнақ

Қыз атаулының бәрі бірдей жастай ұзатыла бермейді. Небір отырып қалғандары болады. Осындайда ауылдың құралпы қыздары өзара ақылдасып, қызойнақ ұйымдастырады. Бұған көбінесе басы бос, атастырған жері жоқ кәрі қыздар, не шалға, не жарымеске атастырылғандар, кейде барғалы отырғанын менсінбейтіндер қатынасады. Бұларға үйлері де рұқсат етеді. Ішінара басына күн тумағандар да барады. Бұлар түні бойы болады. Ойнайды, күледі, ән салады, домбыра шертеді. Өмірлеріндегі, көңілдеріндегі бір кем-кетігін бүтіндегендей бой жазады.

Хан ойыны

Асық ортаға шашылып, ішінен екі сақа екі жақтың ханы делінеді. Екі жақ өз ханымен шашылған асықтарды атады. Хан тиген асық басқа біріне тиіп кетсе, атқан жақ ұтылып, кезекті қарсыласына береді. Сосын асықты өзі шашып, атуды өзі бастайды. Ақырында біреуі ұтып хан болады. Ұтыс асықты кімнің көп алғанына байланысты. Бұл ойын балаларды жеңілмеуге, хан мен қараның арасында қандай парық барын білуге үйретеді.

Жұмбақ

Жұмбақты қол бос кездің бәрінде де балалар айта береді. Жұмбақ балалардың ой-өрісін кеңітуге, сауатын молайтуға үлес қосады.  Жауабын білу үшін бала ізденеді, сұрайды, ойланады.  

Қыз қуу

Мерекеде өткізілетін ойын-сауықтың ең еркесі, серісі. Қыз қуарға бір қыз, бір жігітті көз көрім жерге атпен жібереді. Барғанша жігіт қызды  құшақтауға, сүюге, әңгімелесуге хақылы. Қайтарда қыз қуып, жігіт қашады. Қыз жетсе, қамшының астына алуға хақылы. Барарда жігіт оны көп мазаламаса, кейбір қыз жетсе де көп ұрмай, басынан қамшысын үйіріп отырады. Ызасы өтсе – аямайды. Түркі тайпаларының ішінде бұл салт қазақта ғана. «Қыз қуар» ат үстіндегі таңғажайып дене тәрбиесі, махаббат бесігінің әлдиі.

Арқан тарту

Екі ауылдың адамдары, не бір топ екіге бөлініп, кейде тойдағы құда-құдағилар екі дай болып ұзын арқанды екі жаққа тартады. Бұл арқылы тартыспаққа түскендердің бұлшық еттері қатаяды. Тыныс жолдары кеңиді. Аяққа, білекке, алақанға күш жиналып, адам денесінің қуаты артады. Ұстағанына айырылмауға, жібермеуге дағдыланады.

Аударыспақ

Екі жігіт екі аттың үстнде бірін-бірі жұлып алуға , аударып тастауға жанын аямай кіріседі. Жеңген адамның даңқы қазақтың не поштасы, не телефоны жоқ саңырау даласына ұзын құлақпен-ақ ілезде тарайды. Мұндай мықтыларды ертеде байлар, игі жақсылар қолына ұстап, өшіккеннен жылқысын айдатып аларда пайдаланған. Мұндай перғауыны барлардан ол кезде басқалар жасқанған.

Теңге алу

Жерге теңге тасталады да, оны ат үстіндегі жігіттер шауып бара жатып қағып алады. Бұған асқан тездік, ептілік керек. Ат үсті соғысқа көп қатысқан қазақ үшін бұл  – әскери жаттығу. Бұл сауықты қазақтың тұрмысына кіргізген бәлкім сол соғыстың мұқтажы шығар.

Көкпар

Не лақ, не серке бауыздалып басы алынады да, оны аттылар тартысады. Қазақ көкпардың еті ауруға ем болады деп ырымдап асып жейді.

Палуан күрестіру

Қазақтың балалары қаршадайынан күресіп үйренеді. Ертеле әр ру, ауыл өз палуанын сайысқа аса салтанатпен әкеледі екен. Бұл қазақта дене тәрбиесінің ең жоғарғы түрі. Кішкене күнінен машықтанғандардың денесі шымыр, бұлшық еттері қатты келеді. Ертедегі қариялар кешке жақын жотада отырғанда ауылдың балаларын жиып ап күрестіретін. Жыққандарын мақтайтын, сыйлық беретін. Бұнысы балаларды спортпен шұғылдандырғаны.

Бұлармен қоса қазақ халқында «Жаңылтпаш», «Ежік»,  «Қуыршақ» секілді ойын-сауық түрі бар. «Жаңылтпаш» пен «Ежік» балаларды дұрыс сөйлеуге, ойды ұмытпай пысықтауға, қағылездікке баулиды. «Қуашақты» көбінесе қыздар ойнайды. Бұлар жүк жию, кестенің жабдықтарын, үй бұйымдарын қолына түскен заттан жасайды. Ұлдар тастан балта, ағаштан найза, садақ жасап ойнайды.

Мінеки, әр ойынның арғы жағында пайдасы, мағынасы барын мойындаған боларсыздар.

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын! Ұлттық ойындарымызды ұмытпайық!

Оқи отырыңыз: Астық араласқан қазақ тағамдары 

Ұтқыр шешім. Табанды еңбек. Сындарлы саясат 

Ішім сезіп тұр: Түйсігімізді алдайтын 8 жағдай 

Кеше

19 сәуір

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде