{metadescription}
Ғашық жандарға арналған жұлдыз-жорамал

Ғашық жандарға арналған жұлдыз-жорамал

Қандай өкінішті, бір-бірімізге сай емеспіз! Жарасымды жұп бола алмаймыз! Ғашықтар жұлдызнамасын оқыған жастардың көбісі осындай қорытынды жасайды. Астрологтардың кейбір кеңесінен түңіліп кететіндер бар. Бірақ әр зодиак белгісінің өкіліне арналған  мінсіз әйел бар. Егер соған ұқсасаңыз, тіпті болмаса ұқсап бақсаңыз, кім біледі, бәлкім болашақ жарыңызды тауып бағыңыз ашылар. Ендеше назарыңызға ғашықтар жұлдызнамасын ұсынамыз.  

Тоқтылар үшін ең тартымсызы – нәзік, әлсіз, әйел. Қорғаусыз, қажыған, шаршаған қыз оның жүрегінә әсер ете алмайды. Сіздің міндетіңіз - оның алдында мықты жарқын бейнеңізбен көзге түсу. Керемет жарқырап киінсеңіз, ол назарын бірден аударады. Жалықтырып, өз күдіктеріңізбен, жабырқаңқы көңіл күйіңізбен шошытпаңыз. Оның көзінше жыламсырап, наразылық білдіріп, жолыңыз болмай жүргенін, бір нәрседен қорқып жүргеніңізді айтушы болмаңыз. Сөзбен болса да батылдық танытып, ең қайсар, өжет қасиеттеріңізді көрсетуге тырысыңыз. Күшті қырыңыздан көрініңіз. Ерік-жігері бар, өз-өзіне сенімді және өте тартымды деп ойлап қалсын. Басқа ер адамдардың да сізге назар аударатынын байқатыңыз. Бұған қарап ол намысы оянып, сондай-ақ сіздей мықты қыздың жігіті екеніне масаттанып, іштей мақтанатын болады. Кез келген жағдайда өзіңізді ерік-жігерлі, мықты етіп көрсетіңіз. Ол қаншалықты қиын болса да, ол сіздің болашаққа сеніммен қарап, көңілді жүргеніңізді қалайды. Сыртқы келбетіңізді мұқият қадағалаңыз. Тоқтылар өзін-өзі күте білетін кейпі келісті қыздарды сүйеді.

Торпақтардың тамырын дөп басу қиыннның қиыны. Оның әлсіз тұстарын, жасырын мінезін байқау да оңай емес. Бірақ оның ең осал тұсы  – бейқамдық, дәртсіздік, енжарлық. Кейде тіпті сағы сынып жүреді. Бірақ ерте ме, кеш пе, ол өзінің сылбыр, солғын, көңілсіз жарынан жалыға бастайды.  Ол қасынан әрдайым көңілді, жігерлі, икемді әйелді көргісі келеді. Сондай-ақ ол ғашығының ақылын, пайымдау қабілетін бағалайды. Сондықтан оның әйелі пысық болуы тиіс. Мысалы, басқа еркектер үйдегі күйбің тіршіліктен, жыбырлаған әйелінің шаруаларынан мезі болса, ал торпақтар машаққаттан жалықпайтын пысық әйелді ұнатады. Мұның себебі : ол өзі енжар болғандықтан, қасында еңбекқор, жігерлі әйелден қуат алғысы келеді. Айтпақшы, оның жанында шешім қабылдаудан қорықпаңыз. Торпақ мықты әйеліне арқа сүйейді.  

Егіздер үшін ең тартымды әйел – өзінің қандай екенін білмейтін және тосын сый жасауға құмар жан. Сондықтан егіздерге құпияңызды жайып салудан аулақ болыңыз. Оған жұмбақ болып қала беріңіз. Тіпті анда-санда өзіңізді онымен салқын ұстаңыз. Не бүлдірдім деп басы қатсын. Сіздің көңіл-күйіңізді түсіну оған неғұрлым қиынырақ болса, соғұрлым тартымды боласыз. Мұның барлығы оның сараптау қасиетінің жақсы дамығандығының белгісі. Сіздің іс-әрекетіңіз оған математикалық тапсырма сияқты болғаны жөн. Ол адамдарды математикалық әдіспен шешеді. Егер есебінің шешімін тапса, онда сіз ары қарай оған қызықсыз боласыз. Тәуелсіз және жеке дара болыңыз! Ашық әңгімеден аулақ болыңыз! Бәрін жіпке тізіп айтпаңыз. Сіздің ұраныңыз «Бірін айттым, екіншісін өзің тап» болуы тиіс.  Ол сізге қарап әрдайым күмәнданып, мені шын сүйе ме деп ойлағаны  тиімді. Сүйіспеншілікте ара қашықтық болсын. Сонда ғана оның қызығушылығын оятасыз.

Шаяндар өзінің проблемасын біреуге жүктеп бергенді жаны сүйеді. Сол үшін оған жағатын адам – басшылық қасиеті бар әйел. Ол сізге ​​барлық ойлап таппайтын қасиеттерді жапсыра беруге қабілетті. Міне, сондықтан бірінші кездесуден-ақ оның оның алдында мінсіз болып көрінуіңіз қажет. Ол  интеллектуалды, білімді әйелдерді ұнатады. Бұл оның басымдылығы.Оған «рухани байлық мен үшін бірінші орында» деп айтудан жалықпаңыз. Соған көзін жеткізіңіз.  Оны білімі аз, аңғал, аңқау, қарапайым, үй шаруасымен айналыса беретін әйел мүлдем қызықтырмайды. Есіңізде болсын,  шаяндар –  ең романтикалық,  сезімтал адамдар. Бірақ түрі әдемі, бірақ ақылы аз әйел оның өмірлік серігі бола алмайды.

Арыстандарды жарқырағанның бәрі тартады. Топтың арасында ерекше көзге түссеңіз, онда арыстан сізге назарын тігіп, көңіл аударады. Оған әйелдердің екі түрі ұнайды. Елдің назарын өзіне аудара алатын әйел. Тіпті айдай сұлу болмаса да, жұрттың көзіне түсіп жүретін, өзін жақсы жағынан көрсете білетін әйел. Сондықтан жұрт алдында өзіңіздің қабілеттеріңізді оның көзінше барынша ашық көрсетуге, ерекше болуға ұмтылыңыз. Ал оның жары болуға лайық әйел – қияли, арманшыл. Тұрмыс тіршілігінен алыс, романтикалық ойға берілетін қияли әйел арыстанның жүрегін селт еткізеді. Жұмбақ бола алатын. Қарама-қайшылыққа толы әйел. Сонда арыстанның сезімі оянып, есін жинай алмай ғашық күйде жүреді.

Бикештерге мансапқор, жоғары лауазымды қызметке бейім әйелдер ұнайды. Кәсіпқой, пысық әйелге құмар. Қоғамда алдыңғы қатарда тұратын әйелдерге кет әрі емес. Сондықтан мықты қабілеттеріңізді жасырмауға тырысыңыз. Сізді ең жақсы қырыңыздан көрсін. «Қызметім жоғарылады», «лауазымым өсті» деген сөздер оған майдай жағады. Оның көзінше жігерсіз болмаңыз. Әйелге тән әлсіздігіңізді көрсетпеңіз.  Жалпы, ол жетекші рөлдегі әйелді ұнатады. Мұндай еркекті ертіп, тартып, бастыққа тән бұйрықпен тізгіндеп жүруге тура келеді. Мықты қасиеттеріңізді оның көзінше көрсетуден қорықпаңыз. Ол сіздің өзінен әлдеқайда пысық, керемет екенін түсінгенде, көзін жеткізсе, соғұрлым оның махаббаты күшейеді.

Таразыларға ерекше әйел қажет. Дарашыл, жекешіл әйел оның жүрегін жеңе алады. Оның мінезіне үйрену, икемделу қиын емес. Әр сөзіне, әр әрекетіне жауап бере алатын әйелдер оның сезімін оятады. Таразы өмірде қол жеткізгеніңізге еш көңіл бөлмейді. Ең бастысы, басқа адамдарға қажет екеніңізді, достары мен таныстары сізді бағалайтынын көрсетсеңіз болғаны. Ақылға қонымсыз әрекеттерге барыңыз. Қорықпаңыз. Компанияда – оқшаулануға жол жоқ. Сіздің стиліңіз – әзіл-қалжың, аралас-құралас, тартынбай әңгімелесу, өзіңізге назар аударту. Маңызды сәт – оның көзінше зияткерлік дүниеге қызығушылық таныту. Тіпті қолыңыздан келмесе, онда өте ақылды, терең ойлайтын, рухани жағынан бай әйел болып көрініңіз.

Сарышаяндарға икемделу өте қиын. Ол нәзік жандардың әлсіздігін көтере алмайды, сонымен қоса өзіне басшылық еткенді жақтырмайды. Өзара қарым-қатынаста басты рөл алуға тырысу -  ажырасудың тікелей жолы. Әдепсіздік, дөрекілік, мәдениетсіздік, жеңілтектікті иттің етінен де жек көреді.  Оның көзінше өжет боламын деп басыңызға пәле тауып аласыз. Өткірлікке, қатаңдыққа, өкпектікке жол бермеңіз. Қылықты болуға да тырыспаңыз.  Көкбеттерді суқаны сүймейді. Батыл болсаңыз да, оның еркектік намысына тиіп, оның алдына шықпаңыз. Басшылық тізгінді сарышаянның өзіне беріңіз. Ақыл-ойды, жанның тереңдігін көрсетіңіз, бірақ қайсарлықты емес. Қысқасы, оған басымдылық беріңіз.  Өзімен тығыз рухани байланыс орнатуға қабілетті әйел ғана онымен терезесі тең болады. Сарышаян  сүйіспеншілікке лайық, бірақ оған өз сезіміңізді паш ете көрмеңіз. Тіпті сүйіп-күйіп бара жатсаңыз, оны жасырып, салқындық сақтаңыз. Өліп-өшіп сүюді сарышаяндар түсінбейді. Тіпті суып кетуі мүмкін.

Мергендер ақылды әйелді ұнатпайды. Егер жаратылысыңыздан ақылды, парасатты әйел болсаңыз, оны мергенге бідірмеуге тура келеді. Сізді ақылы аз, ойы терең емес деп ойлағаны сіз үшін жақсы болмақ, оған қапа болмаңыз. Өйткені оған сондай әйел ыңғайлы.  Сізге бұйрық берсе, ашуланбаңыз, ренжімеңіз. Әр нәрсені сылтауратып, онымен ақылдасып отырыңыз. Тіпті ол әңгүдік болса да, оны бетіне баспай, ақылды етіп көрсетіңіз. Мергендерге қызба, албырт қылықты әйелдер ұнайды. Ешкімнің көзіне түспейтін қарапайым, тыныш, ақылы аздау, үйден шықпайтын әйел мергеннің зайыбы болуға лайықты.

Тауешкілер іскер, қарапайым әйелдерге құмар. Бірақ оның ғашығы әр сөзі мен әрекеті дұрыс және ерекше болғанын қалайды. Таңдалған адамның әлеуметтік мәртебесі де маңызды. Әрине, махаббатқа бола мансап жасау қиын. Бірақ қоғамдағы беделіңізді және дәрежеңізді жоғары қылып көрсете алсаңыз жетіп жатыр. Әрбір кішкентай жетістігіңіз сізге жарнама болсын. Оның көзінше білікті, жігерлі, іскер болып көрініңіз. Тауешкіге  «жоқ» деп айтып, шектеу қоюға мүлдем болмайды. Ешқашан оның мазасын алып, сезіміңізді айтып, жабысып, майысып, күйіп-сүйдім деп айтушы болмаңыз. Әйтпесе ол сізден қашып кетеді.

Суқұйғыштар өзімен мүддесі, қылығы, кемшілігі, артықшылығы және мінезі де сай келетін әйелді ұнатады. Егер сіз оның ісіне немқұрайлы қарасаңыз, достарымен араласпасаңыз, онда суқұйғыштан аулақ жүріңіз. Оны ерке  қылығыңызбен де, алдап-сулап баурап алу қиын. Ең бастысы, оған рухани жақын болу керек. Ол кез келген жағдайға бейімделіп, проблеманы тиімді шешетін әйелді сүйеді. 

 

Балықтар мелодрама қарап отырып көз жасын сығып алатын, көрікті табиғатты аузының суы құрып тамашалайтын әсершіл әйелдерді ұнатады. Олар негізінде ашық, жүрегі нәзік, аңқау, романтикаға бейім әйелдерді армандайды. Өзіңізді үй шаруасына пысық етіп көрсете біліңіз. Үйдегі тіршілікті бар ынтаңызбен істесеңіз, балықтың назарына ілігесіз. Ол сізге тамсанатын болады. Балықтар еркелей білетін, тартымды, өзінің көркіне көңілі толатын әйелдерді жақсы көреді. Аралас-құралас адамдардың ішіне оның достарын жинаңыз. Жиі қонаққа шақырып, көңілді кештер өткізіңіз. Балықтар өздерін жалғыз сезініп жүреді. Егер сіз онымен жақын дос болып, біте қайнасып аралассаңыз, кім біледі, бір күні ол сізге жүрек сырын ашып, тіпті ұсыныс жасауы да мүмкін.

P/S Ескерту: Байқаған боларсыздар, жұлдызнама қалжың аралас жазылған. Осылай екен деп сізді жан-тәнімен сүйетін жігіттен айырылып қалмаңыз. Ал  кейбір асыра сілтеп жазылған жолдар жігіттердің көңіліне келмес деп сенеміз. Қанша дегенмен, озмыштан жазмыш жоқ. Маңдайыңызға жақсы жар жазылсын деген ниеттеміз. Ғашықтар күні құтты болсын!   

Александр Ремпельдің және Қиыр Шығыс астрология академиясы парапсихологтарының күнделікті жұлдыз-жорамалымен Magistar.org сайтынан танысуға болады. 

Оқи отырыңыз: Басың ауырса... 

Өлтірі деген не?

Саяжайлықтарға қажетті қарапайым тәсілдер

Елеусіз қалдырма: Естен кетпейтін үрейлі түстер  

Кедейлікке жетелейтін жексұрын әдеттер 

Дұрыс тамақтану туралы 10 өтірік 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде