{metadescription}
Қарапайым-Ханшайым: Мен енді басқа адаммын, өзімді таппай адасып жүрген қыз емеспін

Қарапайым-Ханшайым: Мен енді басқа адаммын, өзімді таппай адасып жүрген қыз емеспін

КТК телеарнасында қыркүйек айында жарық көретін «Қарапайым-Ханшайым»  экстремалды реалити-шоуының түсірілімі ақыры аяқталды. Аталмыш жобаға еліміздің әр өңірінен мыңнан аса қыз-келіншектер қатысуға ниет білдірді. Бір қызығы, эфирден кастинг жарияланғанда «КТК өз адамдарын алады, ол – шоу, тек актрисалар қатысады» деп айтқандар көп болды. Айта кетсек, КТК арнасы көрерменін ешқашан алдамайды, кастинг жарияласа барлығының қатысуға қақысы бар.

Сонымен, «Қарапайым –Ханшайым» жобасына қатысқан қыз-келіншектердің жобадан алған әсерін еш бүкпей, боямасыз ұсынсақ:

Еркем:

«Қиын сынақтан өттік. Бірақ өмірімде жүрегіме сызат түсірген ауыр сынақтар болған, сондықтан «Қарапайым-ханшайымның» тапсырмасына төзе алдым. Тапсырманы еңсере алмаған қатысушы өмірінде де жеңіске жете алмайтын сияқты. «Қарапайым-Ханшайым»  жан-дүниемді түбегейлі өзгертті. Мен енді басқа Еркеммін. Мен енді өзін таппай жүрген Еркем емеспін. Көзқарасым өзгерді. Бұдан керемет өмір бар екен, бұдан да керемет байлық бар екен, бұдан керемет бақыт бар екенін ұқтым. Бақытты басқа жақтан іздеп жүрсем, бақыт өзімнің үйімде екен. Байлықты басқа жақтан іздеп жүрсем, байлық өзімнің үйінде екен. Осыған көзім жетті. Қолда бар алтынның қадірін білуіміз керек екенін түсіндім. Оны маған айтып үйретпей-ақ, көз алдымда көрсетті. Қазақ еліне осы жобаны алып келген КТК арнасына рақмет. Қыз-келіншектердің өміріне жаңалық әкелдіңіздер».

Әсем:

«Биік өкше туфлиімді киіп сылаңдап ауылға барғанда мені есек арба күтіп алғанын көріп сасып қалдым. Сол кейпіммен арбада отырғанды үлкен ұят көрдім. Айқайлап қарсыласқаныма қарамастан тапсырманы орындауға тура келді. Жобаның барысында маған таңсық тапсырмалар берілді. Қойшы ауылға велосипедпен барамын деп талай құлап, денемді сырып алып, ақыры жаяу-жалпылай кеттім. Қойдың жүнін қырқып, иісі мүңкіген қой қорада қошқарлардың арасынан қозыны алып шығамын деп қара терге түскенім есімнен кетпес. Қобалжыған, ұялған, жиіркенген, масайраған сәттер көп-ақ. Сасық қорадан ұшынып қалғаным рас. Көңілім түскенімен білдірмеуге тырыстым. Дегенмен маған үй шаруасын сеніп тапсырған, жылы қабақ танытып, ақылын аямаған ауыл адамдарына алғысым шексіз. Үлкен сыннан өттім.  «Қарапайым-Ханшайым» жобасына «ойбай, ауылға барсаң шыдамайсың, бір-ақ күнде қайтып келесің, ауылға келін боп жарытпайсың» - дейтін туыстарымның сөздеріне қарсы тұру мақсатында қатыстым. Бұл экстремалды реалити-шоуы қала қыздарының ауылдың тыныс-тіршілігіне үйреніп, шаруасына бейімделуіне үлесін қосатын жоба. Қалада туып-өскен қыздар ауыл өмірін көріп, етене араласып пысып-қатса деп тілеймін. Оған қоса таза ауада бойым жазылып, сергідім. КТК-ға рақмет».

Балнұр:

«Екі қыз, бір ұлдың анасымын. Жобаға қатысардан бұрын енеммен ақылдастым. КТК эфирінен хабарламаны көрген соң инстаграм парақшасын тауып алып хабарластым. Бірақ туыстарым «Олар өз адамдарын алады, сені не қылсын, ол жерде өңкей актрисалар болады, шоу жасайды» деді. Сенбесем де өтініш бердім. Бірден қабылдады. Туыстарым, достарымның барлығы сенбей, таң қалды».

Лаура:

«Жігерім құм болған кез көп болды. Бірақ КТК ұжымы еңсемді түсірмей көңілімді аулады. Қатты шаршап-шалдыққанда, мысым құрығанда олар дегбірімді қашырған жоқ. Өте қарапайым, үлкен-кішіге қамқор жандар екен. Егер КТК арнасы тағы да бір жобаға қатысуға шақырса, қуана-қуана келемін».  

Дина:

«Ең бастысы – білмегенімді үйрендім. Үйренген кеш емес екенін ұқтым».

Әзиза:

«Қаланың өмірі ұнады. Алғаш рет тауға шығып тамсандым. Өмірімде бірінші рет устрицаның дәмін таттым, бірақ сол устрицасы ұнамады».

Аяулым:

«Көруге тұрарлық, мәні мен мағынасы бар, әрі өте қызықты бағдарлама екен. Кез келген жанның көзайымына айналып, көременнің көңілінен шығатынына сенімдімін. Ауыл мен қала қызының күнделікті өмірі жөнінде шынайы өміріміз боямасыз сол қалпында көрсетіледі. Қаланың сәнді ақсаусақ сұлу бикеші ауылдың ауыр тірліктеріне көндіге алмай сағанасы сарқ болса, ауылдың қарапайым қара домалақ қызының бір күнде өте сәнді сұлу бикешке айналуы көңілдеріңізді босатуы әбден мүмкін».

«Қарапайым-Ханшайым» экстремалды реалити-шоуы қыркүйектің алғашқы аптасында жарыққа шығады. Бұл  ұрыс-керіс, қыздардың ұлтымызға жат қылықтарын көрсетілетін бағдарлама емес. Қаланың қызы  – ауылға,  ауылдың қызы – қалаға! КТК арнасы қыздардың тұрғылықты жерін уақытша айырбастады. Жобада ешкімнің жеке өміріне араласпайды. Ыңғайсыз сұрақтар қойылмайды. Абыройына кір келтірілмейді.

КТК арнасының «Қарапайым-Ханшайым» атты тартымды жобасын қыркүйек айында эфирден қарауға дайын болыңыз, көрермен!

Оқи отырыңыз: Қарапайым-Ханшайым: Қаланың қыздары біз ойлағандай болмады 

Сымбат Ғалымбекұлы: Қуыршақтай кәріс жігіттерін көріп біртүрлі болдым 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде