{metadescription}
Қыз ұзату мен оның кәделері – II бөлім

Қыз ұзату мен оның кәделері – II бөлім

Бұрындары қазақта қыз қалай ұзатылған? Қалың малды қалай төлеген? Қыздың дүниесі неден тұрған? Қыз ұзатқанда қандай кәделер жасалады? Суға тоғыту, киім тігу, босаға аттар, қоржын сөгу, мойын тастау, шатыр байғазы туралы не білеміз?     

 Қазақта қызды малға сатады деген сыңар жақты ұғым бар. Ол бұрындары теңіне бара алмаған жағдайда ғана. Ал төленетін қалың мал орта есеппен қырық қара, төрт жыртыс болғанымен қыз жақ бұдан пайда таппайды. Қызға отау көтеріп береді. Төсек-орын, ыдыс-аяқ, жасау, сауын сиыр, қонағасылық ұсақ мінер ат береді, - деп жазған көзі тірісінде жазушы Ахмет Жүнісов.  

Қыз ұзатудың кәделері (жалғасы, басы алдыңғы санында):

Суға тоғыту

Бұл көбінесе жағдайға қарай, табиғатқа, қолдың ұзын-қысқалығына қарай болады.

Құйрық-бауыр асатылғаннан кейін ауылдың біреуі:»Үйбай-ау, мына құдалардың үсті-басына не болған? Осы ауылдың құдағилары мен құдашалары қайда? Бұл ұят! Дереу шомылтып тазалайық!» дейді. Осыдан соң құдаларды бөгеуге құлату басталады. Мұндайда құдалар жағы құлатуға келгендерді ала кетуге хақылы. Қарулылары жалғыз кетпей сұлу құдағи мен құдашаның бірін ала кетеді. Бұл кәде, көбінесе табиғаты қолайлы жерде өтеді. Қолы жеткендер көлді арнайы жасатады.

 «Біздің бала кезімізде Хамза деген жігіт Қазыбек байдың сұлу қызын алғанда бір бұлақты бірнеше күн арнайы бөгеп, көлшік жасатып еді. Аяғын ырымсыз қия баспайтын қазақтың  мұнысында да мән бар. Бірі – сәнмен салтанат, күлкі. Бірі – қазақ ақты, ақ нәрсені, тіпті ақ деген сөздің өзін ерекше жақсы көреді. Құдалардың келуі игіліктің алды ғой. Көштің алдынан-ақ ақ алып шығатын қазақ мұндайда бауыр мен құйрыққа айран құймайтын не болыпты?! Біреулер дәмді болу үшін және құйрық жүреккке тимес үшін айран құйылады дейді. Бұл да бәр мәні» - дейді танымал қаламгер, жазушы Ахмет Жүнісов.  

Құдалар суға тоғытылып болғанның ертеңінде оларға кит беріледі.

 «Өткенде артық-ауыс айтқанмыз болса, суға шомылумен тазарды. Енді мына таза киімді киіңіздер!» дегені.

Киім тігу

Қазақ салты бойынша, барағн құда-құдағилар сол түні ұйықтамауы керек. Егер ұйықтап кетсе құдағилардың бірі оның киімін білдіртпей тігіп тастап айып төлеттіреді. Сол үшін жеуге де, ұйықтамауға да, ән салып айтысуға шыдауы шарт.

Пиғылы дариядай, дастарқаны таудай қазақ мұндайда ірку дегенді,есептеу дегенді керек етпейді. Құйрық-бауыр асату, киім тігу олар үшін көңілді отыруға, күлкіге керек.

Босаға аттар

Құйрық-бауыр асатудан кейін күйеулер үлкен үйге шақырылады. Бұл – босаға аттар деген кәде. Күйеу баланы ата-енесі алдына шақырады, маңдайынан сүйеді. Бірақ көп отырмай бұрынғы орындарына қайтады. Орындарына барған соң асықты жілік, төсі тартылады.

Бұл арада күйеу балаға басқа еттен бұрын асықты жілік пен төстің тартылатыны, мұнда ең алдымен асық бар. Асық – қазақта балалар ойнайтын ұлттық ойыншық. Ол арқылы мергендікке, «хан» ойнап есеп-қисапқа жаттықтырылады. Сондықтан осындай ойын ойнайтын балаларың болсын деп асықты жілікті әдейі ырыммен таңдайды. Ал, төс – адамның ең аяулы жері. «тар төсекте төсіңді иіскер ме едім жалаңаш» деп Абай жазғандай, махаббатта да төстің орны өзге ғой. Біздің қазақ та бұны төсекте төстерің, дастарқанда бастарың айырылмасын, бірге болсын деп арнайы таңдап отыр.

Шатыр байғазы

Неке оқылғаннан кейін келіншек аталатын қалыңдық ертеңінде той тарасымен далаға тігілген шатырға шақырылады.

Бұл – «күйеуің екеуің енді ержетіп адам болдыңдар. Келешекте шаңырақ иесісіңдер. Біз енді осы қуанышқа асығамыз. Бүгіннен бастап қол ұстасып, тізе қосып ашық жүрулеріңе рұқсат» дегені.

Бұл жолғы шатыр бағазысын күйеу жақтың бір құдағиы береді. Өйткені болашақтағы отау осылардікі.  

Қоржын сөгу

Қоржын сөгуге әйелдердің бәрі қатысады. Қатынаспағаны қырық жыл өкпелесуге дайын. Қоржынның аузына бір киімдік мата салынады. Бұны сөккен әйел алады. Онан соң жағалы киімдер – қыздың әке-шешесіне. Тағамды жиналғандар жейді. Келген тағамнан бөлек табаққа алынып шатыр байғазысы болып жатқан жерге жіберіледі. Некесі оқылғанға дейін заман қалай болады деп барар жерінің асынан ауыз тимеген қалыңдыққа бұл жолы рұқсат.

Мойын тастау

Қыз жақ отау көтеріп ұзатса, оған арнайы сойылған малдың мойнын күйекге беретін салт бар. Бұл – асықты жілік, төске мүлдем ұқсамайды. Қазақта мойынды бала-шаға, малшы жейді. Бұл арада күйеуге мойын мүжітуді «сен енді бала-шағасың, саған ендігі сыбаға осы» деп көбінесе жеңгелері, балдыздары қалжыңға бола шығарған. Қазақта жездемен ойнау өте кең етек алған. Сол күні күйеу бала мойынды таза мүжи алмаса да, түндіктегі кішкене тесіктен сыртқа лақтыра алмаса да қарқылдап күліп мазақтайды.

Егер мойынды мұнтаздай қып мүжи алса, тесіктен күлдіруішке тигізбей лақтыра алса, «келіншегіңнің бетіндегі мөр мәңгі тозбайды екен, мойынды тап-таза мүжи алдың. Сүйекті сілтей алуыңа қарағанда атқан «оғың» құр кетпес...» деп, қалжыңның отына жеңгелерінің май құйып көңіл ашқаны. Бұл жолы сүйекті шаңырақтан шығара алмаса күйеу айып төлейді. Түп-түзу шықса балдыздары арқаға қағып қошеметтейді. Қазақта «сүйекті таза мүжісең келіншегің сұлу болады» деп жастарды тазалыққа, ұқыптылыққа баулитын тәрбие бар. «Мойын тастау» да осының бір түрі.

Шаңырақ көтеру

Отаудың шаңырағын албаты адам көтере бермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны егер алыста болса, ат жіберіп алдыртады. Отау өте үлкен болса, күйеу оны аттың үстінде тұрып көтереді. Бұнысына ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Малды отауды көтерткен жақ береді.

Өйтетіні, болашақта осы жезделеріндей көп балалы болсын деп рымдағаны. Отауға шақыру, отау көтеру екі жақтың жағдайына қарай болады.

Ат байлар

Отаудың шаңырағы көтерілгеннен кейін «ат байлары мол болсын! Дастарқаны жиналмасын!» деп өте жақындары шайға сүт болсын деп сиыр береді. Көші-қонына керек аталары түйе береді.

Сәукеле кигізу

Сәукеле кигізілерде отауға құда-құдағи шақырылады. Олар көрімдік атайды. Онан соң келіннің шешесі баласының оң жақтағы үкілі тақиясының орнына сәукеле кигізіп, енесінен байғазы алады. Бұл – келіншек болған соң тақия киюге болмайтынын ескерткені. Сәукеле – келіншектің желектеген, кимешек – шылдауыштан бұрынғы киімі. Құдалар кеткенше келіншек оны киіп отыруға тиісті.

Бас киім мұнсыз да өңді келінді ақша қарға аунап тұрған Қырымның қызыл түлкісіндей құлпыртып жібереді. Қазақтар қыздың үсті-басынан тапқанын аямаған.

Босағаға ілу

Той тарап, бір күннен соң қыз аттанады. Күйеу ең артынан аттанып, ата үйінің босағасына бір шапанын іліп кетеді. Мұны біреу алады.

Ілудің мәні – «Бұдан былай осы шаңырақтың босағасынан қол үзбеймін. Мен де осы үйдің ұлымын, Ыстығына күйіп, суығына тоңуға дайынмын, бұған сеніңіздер» деген ишараты.

Некенің қалай қиылып оқылатыны жайлы келесі санынан оқыңыздар.

 Оқи отырыңыз: Қызбен танысу. Қыз ұзату мен оның кәделері - I бөлім 

Тұсаукесер: Баланың аяғына не себепті ала жіп байланады? 

Бесікті аластау. Иткөйлек 

Шілдехана: нәрестенің мойны, әйелдің белі тез бекісін десеңіз... 

Жарыс қазан қай кезде асылады? 

Қазақ жеміс-жидек жеген бе? 

Киелі киім – қай киім?

Кеше

13 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде