{metadescription}
Банк картасындағы ақшаны алаяқтардан қорғаудың тиімді тәсілдері

Банк картасындағы ақшаны алаяқтардан қорғаудың тиімді тәсілдері

Карточкаңыздағы қаражатыңызға көз тігетін алаяқтар саны күн сайын артып келеді. Картадағы ақшаны ұрлаған қиын емес, тек картадағы мәліметке қол жеткізсе болғаны, ал ол сіз ойлағаннан әлдеқайда оңай. Ендеше қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек? Жеке мәліметіңізді бөтен адамнан бермей, жалпы интернет қылмысынан қалай сақтану керек? Ақпараттық технология мамандары қандай кеңес береді?

Жақында ғана 1 миллион 300 мың адамның банк картасына қатысты мәлімет интернетке тараған болатын. Арасында бізге географиялық жағынан алыс емес елдердің банктері де бар. Алаяқтар сіздің карточкаңыздан ақшаны ұрлағанда, 70% жағдайда олар тек картаның деректемесін біледі. Деректемеде картада жазылғанның бәрі бар: 16 таңбалы нөмір, иесінің аты-жөні, жарамдылық мерзімі және артқы жағындағы үш таңбалы қауіпсіздік коды (Visa-да, мысалы, CVV, Mastercard-та CVC). Бөтен адамға тек карта нөмірі мен аты-жөніңізді ғана айтуға болады. Қалған деректер – құпия! Міне, алаяқтар соған жанын салады.

Ендеше ақшаңызды сақтап, картаны емін-еркін пайдаланып жүру үшін нені білу керек?

Алаяқтарды жазбай танып үйрену

Адамдар құпия мәліметін жариялап, аяқтарға өздері  көмектеседі. Әдетте алаяқтар банк, ұялы байланыс операторларының қызметкері немесе жарнама қызметін сатып алушы болып танысады. Сондай-ақ заңсыз колл-орталықтары да бар екенін естен шығармаңыз. Олар банк картасының иесі туралы мәліметті де заңсыз жолмен қолға түсіріп, содан кейін оларға қоңырау соғып отырады. Сондықтан бөтен адамдарға картаның артқы жағында жазылған жарамдылық мерзімі мен қауіпсіздік кодын ешқашан айтпаңыз. Бейтаныс адамдар біле алатын мәлімет тек – 16 таңбалы карта нөмірі және сіздің аты-жөніңіз ғана. Күдік туғанда банкке телефон соғу үшін банктің телефоны оңай жерде жазылып тұрсын және  смартфоныңыздағы қосымшадан карточкаңызды қалай бұғатттауды алдын ала біліп жүріңіз.

Әр алаяқтың көздеген мақсаты – сізге өз еркіңізбен ақша бергізу. Сондықтан Интернетте түсініксіз сілтемелерді басып, ашудан сақ болыңыз және белгісіз нөмірлерге телефон соқпаңыз. Егер қандай да бір ақпаратқа күдіктенсеңіз, картаңыздың артында жазылған банктің нөміріне хабарласып анықтаңыз.  

Есіңізде болсын, банк ешқашан сіздің картаңыздың толық нөмірін, CVV-нөмірін, әсіресе СМС кодын сұрамайды. Өйткені сізге қызмет көрсететін банкте ол мәлімет – бар.   

Егер сізге қоңырау соққан адам өзін банктің қызметкерімін деп таныстырып, сіз оған сеніңкіремесеңіз, асықпай, ресми нөмірге хабарласып, сол қызметкерді нақтылап сұраңыз.

Ешқашан әлдекімдердің өтінішімен тағы бір мобильді қосымша жүктемеңіз. СМС кодтарды мұқият оқып, оның қайдан келгенін дұрыстап қараңыз.

Карточканы ешкімге бермеу

Сіздің картаңызды алған адам барлық мәліметті ілезде есіне сақтап үлгере алмауы да мүмкін, дегенмен сақтансаң, сақтайды. Карточкаңызды тек сенімді, жақын адамдарыңызға беруге болады. Ал мейрамхана, дәмхана, дүкендерде картаңызды қолыңыздан шығармаңыз, яғни сатушының, даяшының қолына ұстата салмаңыз. Егер картаңыз біраз уақыт қараусыз қалса, оны ерінбей, қайта бастырып шығарыңыз.

 Карточканы қауіпсіз жерде сақтау

Карталардың көпшілігі контактісіз төлем технологиясымен жабдықталған. Бұл дегеніміз, арнайы жабдығы бар алаяқ көшеде, қоғамдық көлікте, кезек күтіп тұрғанда сіздің жаныңызда тұрып-ақ қалтаңыздан ақшаны ұрлай алады.

Мәселен, PayPass және PayWave контактісіз жүйелері терминалсыз және жақын қашықтықта қабылданады. Күнделікті өмірде бұндай жүйе өте ыңғайлы: картаны терминалға басып төлем жасай саласыз. Өздеріңізге белгілі, шағын соманы төлеуге кодты енгізудің қажеті жоқ.   

Сондықтан не істеу керек? Картаны RFID-қорғанысы бар арнайы тысқапта (Radio Frequency Identification технологиясы радиожиілікте чип пен терминал бергішінен алыс-беріс жасай алады)  сақтаңыз. Мұндай тысқаптың темір қабығы болады, яғни, металл қорытпасынан жасалған қабығы радиожиілікті бұғаттап тастайды. Бірақ аталмыш тысқабыңыз болмаса, картаны қалтада емес, сөмкенің түбінде сақтаңыз.  

Ашық Wi-Fi желіде картамен төлем жасамау

Білесіз бе? Адамдар онлайн сатып алу жасағанда ашық Wi-Fi желісінен картаның мәліметін алуға болады. Сондықтан, метрода, кафеде және басқа да қоғамдық орындарда сатып алуда картамен төлем жасамауға тырысыңыз. Тіпті болмаса,  Wi-Fi-ды алдын ала ажыратып барып, содан кейін төлемді ұялы Интернеттің көмегімен смартфон арқылы төлеңіз.

Бүкіл қаражатты бір картада сақтамау

Кейбір банктер карточкаңызда қалған соманы ай сайын кешбэк (қолда бар ақшаны қолма-қол беру) тәсілімен ұсынады. Сондай кезде ірі төлем алғың келіп барлық қаражатты бір картада сақтағың келетіні рас. Дегенмен ол қауіпсіз емес. Тіпті қауіпсіздік шарасын ұстансаңыз да, күтпеген жағдай болып, бар ақшаңыздан айырыласыз. Сондықтан мол қаражаттыәр түрлі банктің 2-3 картасында бөлек-бөлек сақтаған дұрыс.

Тағы бір ұтымды тұсы: банктер әр бағдарламалар мен бонустар ұсынады. Автотұрақ пен жанармай  төлеу, мысалы, бір картамен ыңғайлы, дүкендерде және саяхатқа басқа карта ыңғайлы. Картаны пайдалану барынша тиімді болу үшін әр банктің ұсыныстарын зерттеуге ерінбеңіз.

 Төлемді смартфонмен жасау

Қазір көбісі  банктік картаны пайдаланбайды - оны смартфондағы Pay (байланыссыз төлем) функциясы алмастырған. Картамен төлегеннен гөрі бұл қауіпсіз. Өйткені смартфонмен төлегенде мәліметіңіз терминалға түспейді. Ал алаяқтар әдетте код және тағы басқа ақпаратты тап сол терминалдан алып отырады.  Apple Pay-қа картаны қосқанда, құрылғыға енгізілген деректер шифрланып, Apple-дің аталмыш серверіне жіберіледі. Расталғаннан кейін олар қайтадан шифрланады. Apple карта нөмірін және басқа деректерді білмейді. Байланыссыз төлем карта нөмірін емес, бір реттік динамикалық қауіпсіздік кодын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Осыған ұқсас жүйелер Google Pay және Samsung Pay-та қолданылады.

Мобильді құрылғыдағы Pay функциясы сіздің қаражатыңызды барынша сақтап қалады. Төлемді смартфонмен жүзеге асыру саусақ ізімен расталады немесе Face ID арқылы. Ал бұл өз кезегінде алаяқтың сіздің қаражатыңызға қол жеткізуіне  жол бергізбейді.

Телефондағы контактісіз карта жоғалмайды және оны ұрлау мүмкін емес, әрине, егер телефоныңызды ұрлап кетпесе. Бірақ сонда да ұры пароліңізді және Face ID-ны бұзуға миын әбден қатырады.

Картаны желідегі онлайн-қызметтерге бекітпеу

Такси, үй жинау, тамаққа тапсырыс, киім-кешек сатып алу қызметтері төлемді дереу жүргізуде картаны бекітуді ұсынады. Тап осындай кезде карточкадағы мәлімет тарап, ол алаяқтың қолына түсуі мүмкін. Алаңсыз, қолма-қол ақша төлегіңіз келсе, картаны Apple Pay қызметтеріне (Google немесе Samsung) қосып қойған жөн. Сонда ақша төленгенімен, карта туралы дерек компанияға енгізілмейді.

Оқи отырыңыз: Үлескерлерге анықтама-ақпарат. Алаяққа алданбау үшін нені білу керек 

Тест: Қатты күйзелісте жүрсіз бе? 

Тест: Сізді не мазалап жүр? 

Үйімізді ұрылардан қалай қорғаймыз? 

Кеше

16 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде