{metadescription}
Абайдың анасы Ұлжанның Құнанбайға айтқан ақырғы сөзі

Абайдың анасы Ұлжанның Құнанбайға айтқан ақырғы сөзі

Абайдың әкесі Құнанбай Меккеге аттанарда шығарып салуға төрт әйелінің арасынан неліктен тек Үлжанды ертті? Құнанбайдың Ұлжанға деген көңілі қандай еді? Құнанбайдың Ұлжанға артар кінәсі болды ма? Ал ұзақ сапарға аттанып бара жатқан мырзасына Ұлжан не деді? Өкпе-назын айта алды ма? Жүрегінің түбінде жатқан сырын ақтара алды ма? Құнанбай Ұлжанның сөзін қалай қабыл алды?   

Құнанбай Меккеге аттанарда қалың жұрт шығарып салды. Үш жирен атты сәнді күйме бай үйдің кең қақпасынан дүрілдей шылдырап шыққанда, арба мен салт атқа мініп, шығарып салуға ілескен жұрт саны қалың еді. Құнанбай күймесінің артынан тағы екі күйме шықты. Оның біріне Мәкіш пен Абай мінген. Екіншіде – Тінібек пен бәйбішесі Ұлжан.  

Құнанбай көпке шейін үн қата алмай, томырыла, түйіліп қалған-ды. Ол көп үндемей отырып... енді, тым құрыса, Ұлжанмен арыздасып, көңіл жазып кетпек. Күймедегі сезімтал Ызғұтты Құнанбай мен Ұлжанды соңғы айтысар сөздеріне бетпе-бет, оңашарақ қалдырды.

Құнанбай Ұлжанға қарай бар денесімен бұрыла түсіп, бет беріп сөйледі:

-Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел өзің едің. Өзіме тағдыр бір бақ берген жан деуші ем. Айтыспасақ та, жер танытып отыратын қабақ пен жүрек бар еді, соған сенуші ем де, кейде шәлкес, кейде қия да басып кете беруші ем. Бағыма масайып еркелегенім болса керек. Енді қай дөңнің басында қалармыз, кім біледі. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйір де назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын. Мен айтарды өзің айтыпсың. Менің арманымды өз арманың етіпсің, - деді.

Ұлжанның нұрлы біткен ақшыл-қызғылт жүзі ішін тоңазытқан сезімнен көкшіл тартып, қатты өзгерді. Бірақ көпке шейін үндемей отырып, жүрек тоқтатты:

-Мырза, аталық арманыңды ақтар балаң болсын. Сен үшін де, өзім үшін де тілер бар тілегім ос ғана! Мынадай сапарыңа кінә түгіл, наз ертсем, оным білместік болар еді. Мені дардай етіп көтеріп айттың. Бірақ мен ондай емеспін ғой. Әр кездегі ісімді ойласам, өзімнің де кінәм көп. Жөн бе, теріс пе, білмеймін, мырза, - деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады.

Ұлжан енді енді тең адаммен мейілінше еркін сөйлескен ойшыл түске ауысты. Бұл уақытта оның өңі қайтадан өз ажарын тауып, біртүрлі нұрға балқып тұр еді. Кесек біткен сұлу, кең, дана пішін. Сөзін дамыта берді:

-Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа бейімдеген сайын, дүние кеңейе береді екен. Өзің болсаң, кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босата бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екесің. Осы көңіл мені жеңгеніне көп болған!  - деп, біраз толас етті.

- Соңғы шақтағы осы жайды айтпасам, мен де көп қатынның бірімін. Мен де солар шеккен алай-түлей, қиқы-шойқының бәрін іштей кешіп келемін. Жалғыз-ақ, әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жарасып жүріп те, сүйеніп те өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Менің жақсылығым болса, сол сенің де жатың емес, өз тәнің бе деп білем. Сен –  сен болмасаң, мен – мен болмасам керек. Мінім болсын, өзгем болсын, бір жағы өзіңнен енді. Ұзақ дәурен кешіп келіп, бүгін ырзалық етіп аттансаң болады. Мен енді сенімен келіп кінәласам ба, мырза! – деді.

Ұзақ өмірде күйеуінен кешкен көп реніші есінде тұрса да, ашпады. Оны іркіп қалды. Екеуі де талай жылдардан бері дәл осы арыздасу үстінде барынша ашылысты. Бір-біріне іштерінен алғыс айтып ұғысты...

Абай жолы» – төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымдарының төрт мезгіліне бірдей, тәуліктің әр түрлі сәттерінде, күн демей, түн демей, толассыз өтіп жатады. Бұл бір мәңгілік толас таппас жақсылық пен джамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнеленеді. КТК арнасы ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арнап, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың  "Абай жолы" роман-эпопеясын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында романның ең қызықты да, әсерлі жерлерінен үзінділер ұсынады.  

АБАЙДЫҢ АНАСЫ ҰЛЖАННЫҢ ҚҰНАНБАЙҒА АЙТҚАН АҚЫРҒЫ СӨЗІ

13 ЖАСАР АБАЙ КҮЙЗЕЛІСТЕН ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

ЖАС ҮЙЛЕНГЕН АБАЙДЫҢ АМАЛСЫЗДЫҚ КҮЙІ...

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.