{metadescription}
Министр коронавирусқа қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді

Министр коронавирусқа қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді

Коронавирустың алғашқы жағдайы қалай анықталды? Елімізде қанша дәрігер коронавируспен күресіп жатыр? Бетперденің жетіспеушілігін қалай шешуге болады? Елімізде ЖРВИ-мен ауыру көрсеткіші қандай? Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясына байланысты өзекті сұрақтарға жауап берді.

Карантин және төтенше жағдай режімін алып тастайтын кезде әлемдегі жалпы ахуал ескеріле ме?

Мемлекеттік карантин – бұл елдің жабылуы, шетелдіктер үшін елге кіруге және қазақстандықтарға шекарадан шығуға тыйым салу. Бұл еліміздің қауіпсіздігін сақтауға негізделген шара. Шешім әлемдегі жағдай қалай болатынына байланысты қабылданады. Сәуір ортасында өзге елдерден инфекция жұқтырғандар көптеп келу қаупі сақталып қалатын болса, карантин уақытын ұзарту туралы шешім қабылдануы мүмкін. Ол кезде барлық елде коронавируспен ауырып қалу тәуекелі теңеседі деп ойлаймын. Ол кезде бір-бірімізден сақтанудың маңызы болмайды деп ойлаймын, себебі интеграция, экономика маңызды. Карантин режімі біртіндеп алынады.

Инфекция адамнан адамға жұға ма?

Карантин кезінде үйде отыру өте маңызды. Адамдармен неғұрлым көп байланыста болсаңыз, ауру жұқтыру қаупі соғұрлым көп болады. Адамдармен байланыста болғанда екі метр қашықтықты сақтаңыздар. Гигиена сақтап, қол жуыңыздар.

 Елімізде қанша дәрігер коронавируспен күресіп жатыр?

Біз уақытылы дайындалғандықтан, мамандар жеткілікті. Бүгінгі күні инфекциялық ауруханалар, провизорлық стационарлар, карантиндік нысандарға 16 мың дәрігер тартылды. Дәрігерлер, медбикелер, кіші медициналық персонал, санитар-дәрігерлер, туберкулез орталықтарының қызметкерлері еңбек етуде. Карантинге байланысты белгілі бір жоспарлы көмектер, стоматологиялық қызметтер азайды. Өз еркімен көмек көрсеткісі келетін дәрігерлер саны көбейді. Барлық облыстық денсаулық сақтау басқармаларынан кадрлар жиналуда. Коронавируспен күреске студент-дәрігерлер, жоғары курста оқитын студенттер де тартылып отыр. Оларды жұмыс істеуге дайындап жатырмыз. Жалпы практикадағы дәрігерді коронавирусты емдейтін маманға айналдыру қиын емес. Әрине, олар толыққанды инфекционист болып кетпейді. Осындай жағдайда ең бастысы - көмек көрсете алуы.

Бойын үрей билегендер де, жұмыстан бас тартқан дәрігерлер де бар. Мұндай жағдай орын алмауы мүмкін емес екенін білеміз. Бұл бағыт бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Шаралар қабылданып, материалдық және моральдық көмек көрсетілуде. Президент ақша бөліп, сыйақы мен әлеуметтік кепілдік ұйымдастырғаны өте маңызды. Бұл бізге дәрігерлерді қолдауға көмектеседі.

Бетперденің жетіспеушілігін қалай шешуге болады?

Қазір масканы тек өзіміздің елдегі зауыттар мен өндірістерден ғана ала аламыз. Олардың күнделікті шығарған өнімі бір миллионнан аспайды. 250-300 мыңға жуық медициналық маска фармацевтикалық зауыттарда шығарылады. Қалған маскаларды жеке меншік компаниялар тігеді. Жалпы алғанда бір тәулікте бір миллион маска өндіріледі. Бірақ масканы қолдану бұдан екі-үш есе көп. Осыған байланысты қытай өндірушілерімен келістік. Біз 5 млн масканы импорттау туралы келісімге қол қойдық. Өкінішке қарай, Қытайда логистика түбегейлі ашылған жоқ. Алдағы аптада жеткізіледі деп отырмыз. Сондай-ақ, «Birgemiz» қоры арқылы халықтың осал тобына беріледі. Олар - дертке шалдыққан, аяғы ауыр әйелдер немесе балалар сияқты маскаға мұқтаж адамдар.

Бетперде жетпеген жағдайда...?

Маска жетіспеген жағдайда негізгі бөлігі ауруханаларға жеткізіледі. Егер дәрігерлерді қорғамасақ, олар ауырып қалса - қалғандарын емдейтін ешкім қалмайды. Дамыған мемлекеттер маска, соның ішінде дәкеден маска тіге бастады. Біз бұдан ешқандай оғаштық көрмейміз. Бұл - әр отбасы, ұйым, елдің саналы әрекеті. Жағдайға бейімделіп, өмір сүру керек. Өткен ғасырда қазіргідей құрылғылар болмаса да медицина бұдан зорғы инфекцияларды жеңген. Марліден масканы оңай тігуге болады және оны залалсыздандыруға болады. Сондықтан да жалғыз жол - масканы өзіміз тігу.

Коронавирустың алғашқы жағдайы қалай анықталды?

Қытайда коронавирус тарала бастағаннан кейін-ақ 6 қаңтарда күшейтілген шараларды қолға алдық. Қаңтар айының ортасына таман полимеразды тізбекті реакция-диагностикасы рецептін алдық. Соның арқасында коронавирустың жаңа түрін анықтауға мүмкіндік болды. Коронавирус инфекциясына шалдығу күдігі бар науқастарды тексере бастадық. Қазір өкпе қабынуы және өкпе қабынуының ауыр формасына душар болған науқастардың барлығы тексеріліп жатыр.

Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқас наурыз айының ортасында осы топтың ортасынан анықталды. Яғни, ақпан-наурызда мұндай түсініксіз вирус инфекциясын кездестірмедік. Тестілеу жасағанымен коронавирус таппадық. Санитар дәрігердің жаңа қаулысын енгіздік. ЖРВИ-дің ауыр, орташа ауыр формаларына да коронавирустың жасырын формаларын анықтау үшін тестілеу жүргіземіз.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ЖРВИ белгілері бар тұрғындардың жүгінуі үшін арнайы клиника ашылды.  Аталған клиникада дәрігерлер қажет болған жағдайда тиісті тексеру тағайындай алады.

Толықтай алғанда, біз сапалы тест қолымызға түскеннен кейін тексере бастадық. Жаңа коронавирус тек 13 наурызда ғана анықталды.

Елімізде ЖРВИ-мен ауыру көрсеткіші қандай?

 Бізде эпидемиологиялық маусым күзде басталып, көктемге дейін жалғасады. 2019 жылыдң 3 қазаны мен 2020 жылдың 25 наурызы аралығын біз арнайы бөле қарастырдық және ЖРВИ-дің 395 мың жағдайын тіркедік. Бұл адамдардың ауруханаларға жүгінген, қиын жағдайға тап болған кезде тіркелгендері ғана. Бұған қоса, мұндай деректі статистикалық қызмет те жүргізеді. 2018-2019 жылдардағы дәл осындай кезеңмен салыстырар болсақ, ЖРВИ-ге шалдығу жағдайлары 3 пайызға төмендеп отыр. Қазіргі эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ болғандардың саны бір жыл бұрынғы деректермен бірдей десек те болады. Қандай да бір өршу болған жағдайда жекеменшік медициналық және ведомстволық ұйымдар оны тіркейтін еді.

Сонымен қатар ол халықаралық келісімдерге және халықаралық медициналық-санитарлық ережелерге сәйкес әрбір ел, оның ішінде Қазақстанда эпидемиологиялық қадағалау жүргізеді.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Zakon.kz желілік басылымының Instagram парақшасындағы тікелей эфирінде айтты.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.