42 500 теңге: Сізді мазалаған барлық сұраққа вице-министр жауап берді
БЖТ-ді ай сайын төлеп, өтінішті ай сайын беру керек пе? Мүгедектерге, көп балалы аналарға, декреттегі аналарға 42 500 теңге бұйыра ма? БЖТ төлеу арқылы бейресми жұмыспен қамтылғандар бұл төлемді ала ала ма? Төлемді үш күннен артық немесе тіпті 10 күн күтіп жүргендер ақшаның түскенін күту керек пе, әлде қайта өтініш беру керек пе? Telegram ботында неліктен проблемалар болды?
Өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі бар ма? Егер ТЖ аяқталғаннан кейін соңғы күні өтініш берілсе, ол қабылдана ма? SMS-хабарламалардан кейін ақша қашан келеді? Шот мақұлданды, хабарлама келді, бір апта өтті, бірақ ақша түспеді - не істеу керек? Банк шоты бұғатталғандар жаңа шот ашуы керек пе? Қандай студент әлеуметтік төлем алады және тағы басқа көкейтесті сұрақтардың жауабын ұсынамыз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Нұрланұлы Мұқышев Инстаграмдағы тікелей эфирінде Tengrinews.kz тілшісіне 42 мың 500 теңгенің әлеуметтік төлемнің қалай, нақты кімге төленетіні және кейбір қазақстандықтар өтініш жасауы неге қиынға соққаны туралы айтты.
- 42 500 теңге төлемді қалай алуға болады?
Біздің үш негізгі арна бар, сол арқылы 42 500 теңгеге өтініш бере аласыз. Бұл egov.kz, мұнда «ТЖ жағдайында 42500 төлеу» тетігі, сонымен қатар 17 аймаққа бөлінген 42500.enbek.kz және Telegram-bot сайты бар. Бұл 17 аймақтық боттарды қолдануға болады.
Осылардың кез келгеніне ЭЦҚ, қосымша сканерленген құжатсыз, бланкісіз кіріп, бірнеше жолды толтыру керек, егер сіз жалданған қызметкер болсаңыз, ұйымның БСН, телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайы (міндетті емес), IBAN (міндетті емес) – өтініш бере аласыз, ол қаралады. Сосын әрі азаматқа SMS арқылы немесе egov.kz-тегі «жеке кабинетте» «қабылданбаған» немесе «мақұлданған» деген нақты нәтиже түседі.
- Бұл әлеуметтік төлемді кім ала алады?
Әлеуметтік төлем төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысын жоғалтқан азаматтарға төленеді. Зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы аналар ала ала ма? Бұл әлеуметтік мәртебеге байланысты емес. Бірінші санат - шағын және орта бизнестің жалдамалы жұмысшылары, яғни олардың жұмыс берушілері төтенше жағдайға байланысты өз қызметін аяқтады немесе тоқтатты, бұл жұмысшылар ақысы төленбейтін демалысқа кетті, сәйкесінше, төтенше жағдайға байланысты табыстан айрылды.
Бұл өздігінен жұмыс істейтін адамдарға қатысты. Екі санат бар. Ресми түрде жұмыс жасайтын бір санат - бұл аударым жасайтын, формальды түрде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер. Екінші санат - бұл бейресми түрде жұмыс істейтін және бүгінгі күнге дейін сақтандыру жүйесіне зейнетақы мен әлеуметтік аударым жасамаған азаматтар.
Екі санатқа да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, олар осы көмекке жүгінуге мүмкіндік алды. Ресми түрде жұмыс істегендер, біз олардың сақтандыру жүйесіне қатысқанын тексереміз. Егер төтенше жағдай басталғанға дейін 12 ай бұрын аударым жасалған болса және кірістерінен айрылғаны туралы мәлімдеме беріп, төлемді тағайындауды сұраса, біз оны тағайындаймыз.
Ал ресми емес жұмысшылар туралы айтсақ, онда бұл төлемді алудың бірінші маңызды шарты - рәсімделу. Бұл азаматтарға олардың қызметін заңдастыратын бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу қажет, өйткені БЖТ-да жеке табыс салығы, әлеуметтік сақтандыру, медициналық сақтандыру, зейнетақы жарнасы бар. БЖТ төлеген соң, мемлекеттен басқа әлеуметтік төлем болмаса, ол 42 500 теңге талап етуге құқылы.
Төтенше жағдай салдарынан табысын жоғалтқан шағын және орта бизнес жұмысшылары, бұл бәріне қатысты.
Карантин енгізілген қалалардағы ірі кәсіпкерлер.
Өз бетінше жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер, яғни формалды түрде.
Өздері үшін жұмыс жасайтын, бірақ бейресми түрде жеке практикамен айналысатындар - адвокаттар, нотариустар да бар.
Азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша әлеуметтік аударымсыз жұмыс істеген азаматтарда зейнетақы жарналары ғана бар. Олар да осы төлемге кіреді.
- БЖТ төлеу арқылы бейресми жұмыспен қамтылғандар бұл төлемді ала ала ма? Бастапқыда алады деген, бірақ кейінірек олар алмайтынын айтты.
Айтқаныңыз дұрыс. БЖТ төлеп бейресми түрде жұмыс істейтін азаматтар, егер мемлекет тарапынан басқа әлеуметтік жәрдемақы болмаса, 42 500 теңге сұрай алады.
Олар бұл төлемді алмайды деген ақпараат шындыққа жанаспайды. Бұл хабар бейресми ақпарат көздерінен алынды. Жаңа ережелер шыққан болатын.
Мемлекеттік органдардың бар кінәсі - біз азаматтарға қиын бюрократтық тілде белгілі бір нәрсені айттық, оны азаматтар бейресми азаматтарға төлем жасалмайды деп ұққан.
Министр жеке өзі әлеуметтік желілерде, брифингте айтты. Қорытындылай келе, егер азамат ешқашан зейнетақы, әлеуметтік аударым төлемесе, бейресми таксиші, бала күтуші, жүкші болып істесе, онда бүгін БЖТ төлеп, ертең 42,500 теңгеге өтініш беріп, оны алуға құқылы.
- Мүгедектер мен көп балалы аналардан сұрақтар түсіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі адамдар қандай жағдайда әлеуметтік әлеуметтік төлем ала алады?
Екі санатты қарастырайық. Бірінші санат - мүгедектік бойынша жәрдемақы алатындар.
Екінші санат – жәрдемақы алып және сонымен қатар кәсіпкерлік қызметпен айналысады.
Қосымша кәсіпкерлікпен айналысқан және төтенше жағдай туындағанға дейін БЖТ төлеген болса, онда олар осы төлемді ұсынуға және алуға құқылы. Егер төтенше жағдай туындағанға дейін олар БЖТ төлемеген болса, бірақ оны бүгін төлесе және мемлекеттен төлемдерді, яғни мүгедектік бойынша жәрдемақы ала берсе, онда олар бұл төлемді талап ете алмайды, өтініш берудің қажеті жоқ.
- Көп балалы аналар төлем алуға құқылы ма?
18 жасқа дейінгі төрт немесе одан да көп баласы бар аналар көп балалы отбасыға тиісті жәрдемақы алады. Егер олар бизнеспен айналысса және төтенше жағдайға дейін БЖТ төлеген болса, онда олар төлем жасауға өтініш бере алады, егер жоқ болса, мүмкін емес.
- Декреттік демалыста жүрген әйелдер?
Бір жылға дейін әйел бала күтімі бойынша жәрдемақы алады, сәйкесінше ол 42 500 теңге ала алмайды. Егер төлем аяқталғаннан кейін, яғни бір жылдан кейін, басқа әлеуметтік төлем болмаған жағдайда, егер ол өзінің кірісін әкелетін қандай-да бір кәсіппен айналысса және бұл кіріс төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен болса, онда ол БЖТ төлеп, 42 500 ала алады.
- Төлемдер қанша мерзімде түсуі керек?
Ережеге сәйкес бүкіл үрдіс - үш жұмыс күні: бірінші жұмыс күні - жергілікті атқарушы органдар үшін, әкімдіктер үшін, жұмыс берушілердің өтініштері солар арқылы өтеді. Екінші жұмыс күні - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері үшін, ал үшінші жұмыс күні жеңілдіктер тағайындайтын Әлеуметтік сақтандыру қорының қызметкерлері үшін.
Осы үш жұмыс күні ережелерде белгіленген. Бірақ, өкінішке қарай, бұл күннен асып кететін жағдай бар. Мұны мойындаймыз. Қазір Әлеуметтік сақтандыру қорының, мемлекеттік корпорацияның, әкімдіктердің барлық қызметкері бүкіл өтініштерге мүмкіндігінше жылдам қызмет ету үшін тығыз жұмыс істеуде. Мәселе мынада: бүгінгі таңда 1 миллион 700 мың азаматтан 3 миллион 200 мың өтініш келіп түсті, кейбір азаматтар екі рет жүгінуде.
Осыншама өтінімді өңдеу оңай емес. Бұл қалыпты жағдай емес, бірақ біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Мемлекеттік корпорация төлемді қамтамасыз етуге, оның маңыздылығы мен өзектілігін сезіне отырып, тәулік бойғы жұмыс режиміне көшті.
- Үш күннен артық немесе бір апта, 10 күн күтіп жүргендер не істеу керек? Төлемнің шотына түскенін күту керек пе, әлде қайта өтініш беру керек пе?
Барлық өтінімдер бір жүйеге тіркеледі. Егер екінші өтініш қосымша келсе, ол жүйемен жойылады. Екінші рет өтініш жібермеңіздер. Ол біздің қызметкерлерге қосымша жүктеме. Сізге келіп түскен барлық өтініш өңделетініне және олардың әрқайсысы үшін де, электронды үкіметтің «жеке кабинетінде» де, телефонға SMS арқылы да нәтиже туралы хабардар етемін. «Сіздің өтінішіңізге сәйкес, 42 500 теңге төлем тағайындалды» немесе «сізге сол себепті бас тартылды ...» деген хабарлама келеді.
- Шотты көрсету туралы 1414-тен хабарлама келеді. Мұндай хабарлама келуі тиіс пе?
Егер азамат сайтта өтініш берген болса, онда ол өз есебін көрсетсе, расталған хабарлама келеді. Белсенді өтініштер санаты бар, базаны талдай отырып, азаматтардың мынадай түрін анықтадық, кейбір алушыларға SMS жібердік, ал кейбір азаматтардың ақша жіберетін шотын білмейміз.
Біз осындай азаматтарға былай деп жазамыз: «Құрметті азамат, сіз бұл төлемге құқылысыз және сізге ақша жіберу үшін осы SMS-ке жауап ретінде банктік шотыңыздың нөмірін беріңіз». Егер ол SMS жауап жазса, онда төлем автоматты түрде жалғасады. Бірақ кейде есеп нөмірі қате болған кезде проблема туындайды, онда банк шот нөмірі мен азаматтың ЖСН арасындағы сәйкессіздікті қайтарады.
- Бұл жағдайда қайта өтініш беру керек пе?
Егер өтініште қате кеткен болса, онда сіз жауап күтіп, содан кейін жаңа өтініш беруіңіз керек.
- Өтінімдерді тәулік бойы, яғни түнде де беруге бола ма?
Иә, тәулік бойы беруге болады. Электрондық сандық жүйенің артықшылығы - күннің немесе түннің кез келген уақытында, аптаның кез келген күнінде қолдануға болады. Egov сол үшін жасалған, ол кез келген ХҚКО немесе жұмыспен қамту орталығына қарағанда өтініштерді өңдей алады.
- Telegram ботында неліктен проблемалар болды, адамдар күннің кез келген уақытында жүгіне алмады?
Өтініш бере алады, бірақ бәрі бірдей емес. EGov, Telegram-bot, 42500.enbek.kz сайтында белгілі бір шектеулер бар. Сонымен бірге 65 мыңнан астам адам бір мезетте өтініш бере алмайды. Бұл тым көп.
Кез келген сайттың жоспарланған сыйымдылығы бар. Егер ол асып кетсе, кез келген сервис істемей қалады. Сондықтан осындай шектеу қойылды. Интернет деңгейінде, Интернетке электрондық кезек қою мүмкін еместігін баршаға түсіндіру қиын. Тек 65 мың адам емес, 500 мың, миллион адам сайтқа кіруге тырысты. Соның тек 65 мыңы толтырылды, қалғандары сайттың шамадан тыс жүктелгенін көрді.
- Өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі бар ма?
Соңғы мерзімі еш жолмен реттелмеген. 42 500 теңге - бұл бір реттік төлем емес, ол төтенше жағдай кезіндегі ай сайынғы төлем. Егер төтенше жағдай ұзартылса, сәйкесінше, төтенше жағдайдың екінші айы үшін 42 500 теңге төленеді.
Егер ол үшінші айға ұзартылса, онда үш ай төленеді. Тиісінше, төтенше жағдайдың әрекет ету мерзімі ішінде осы төлемге жүгінуге болады. Егер адам аталған шарттарға сәйкес келсе, төлемін ала алады.
- Егер төтенше жағдай аяқталғаннан кейін соңғы күні өтініш берсе, ол қабылдана ма?
Міндетті түрде қабылданады. Кеше, бір күн бұрын банк филиалдарында халық көп болғанын атап өткім келеді. Мен банктермен, көптеген азаматтармен есепшот ашуға, содан кейін банктік шоттарды (IBAN нөмірі) табу үшін сөйлестім.
Бірқатар карантиндік қалаларда банктер жұмыс істемейді. Біз банктермен жұмыс жасап, бізді Halyk, Kaspi қолдады.
Клиенттер IBAN ала алады және біздің өтініш формамызға өтіп, IBAN толтырып, картаға төлем ала алады. Бұл контактісіз картаны алуды қамтамасыз етеді.
- Сонда IBAN қажет болғаны ма?
Біз IBAN қажет емес деп айтқамыз жоқ, тек өтінім берген кезде оны жазу міндетті емес екенін айттық, бірақ кейін ол бәрібір қажет. Себебі адамға ақшаны аудару керек қой. Егер адам онлайн режимінде жасай алмаса, ол, ең болмағанда өтінім жібере алады, өтінімнің күнін белгілеңіз. Егер оң шешім болса, сіз кездесу туралы SMS-хабарлама аласыз. Содан кейін өтініш түскен күннен бастап бір ай ішінде осы хабарламаға жауап ретінде шот нөмірін жіберіңіз.
- Егер өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар БЖТ төлеу арқылы 300 мың теңге жалақы алса, олар әлеуметтік төлем ала ала ма?
Егер ол ресми жалақы болса, онда олар әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болса, оларға БЖТ төлеудің қажеті жоқ. Олардың зейнетақысы, әлеуметтік аударымдары бар, егер олар төтенше жағдайға байланысты табысынан айрылса, өтініш жазып, төлем алады.
Егер олар ресми емес өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар болса және бұл 300 мың теңге аударымсыз болса, онда БЖТ төлеп, олардың табысы бар екендігі және оны жоғалтқаны туралы дәлел ретінде өтініш бере алады.
Бұл төлем табыс алуға мұқтаж азаматтарға және тамақ, қажет заттарына қаражаттың жетіспеуі тұрғысынан жасалған. Бұл төлем, ең алдымен, солар үшін. Біздің ортақ ісіміз - бұл төлемді халықтың тура осындай әлеуметтік осал санатына жеткізу.
300-700 мың теңгеден алған азаматтар, егер бұл ақшаға үлкен қажеттілік болса, онда ереже бойынша ешкім тыйым салмайды, егер табысыңызды жоғалтқан болсаңыз – құқығыңыз бар. Бірақ бұл жерде мәселе адамның ішкі парасатына байланысты.
- Бекітілген SMS-хабарламалардан кейін ақша қашан келеді?
Әлеуметтік сақтандыру қоры тағайындайды, ол өтініштерді дереу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жібереді, ал мемлекеттік корпорация тура сол күні ақша төлейді. Ең ұзақ дегенде – бір тәулік, бірақ іс жүзінде бір күн.
- Бірақ мақұлданған SMS-хабарламадан кейін төлем ала алмадық деп жазады, неге?
Мақұлданған SMS алған адамдар, соңғы есеп бойынша, олардың 97 пайызы тап сол күні алған. Өкінішке қарай, келесі күні ғана алғандар, олар өтініштің тым көп болғандығынан. Бірақ IBAN қате жазылғандықтан, ондай бірнеше жағдай болды, ақша ала алмаған. Сол кезде әріптестеріміз қоңырау шалып, осы мәселені шешеді.
- Шот мақұлданды, хабарлама келді, бір апта өтті, бірақ ақша түспеді - не істеу керек?
Тағы өтініш берудің қажеті жоқ. Маған жазған сайын, ЖСН бойынша талдаймын. Бізде төлем тағайындалғаннан кейін бір апта ішінде ақша келмейтін жағдай болмауы керек. Бұл әдеттен тыс жағдай.
- Бұл жағдайда адамдар сізге жеке хат жаза ма? Қайда бару керек?
Мен әркімнің хатына жауап беруге іс жүзінде мүмкіндігім жоқ. 1414 байланыс орталығы бар, соған қоңырау шалып біле аласыз. Сондай-ақ, алдағы күндері egov.kz және 42500.enbek.kz сайты арқылы өтініштеріңізді бақылауға болады. Біз бұл қызметті жасап жатырмыз және оны апта соңында қосамыз.
- Мемлекеттік тапсырыс бойынша жобалар тоқтатылды. Әлеуметтік төлемдерге үміт артуға бола ма?
Мұның бәрі сіздің жұмыс түріңізге байланысты. Егер бұл аударымдары бар және жалдамалы жұмыскерлері жоқ кәсіпкер болса, онда ол өтініш бере алады және осы өтінім аясында оны қарап, негізінен, ол үміт арта алады. Егер ол тіркеусіз өзін-өзі жұмыспен қамтыса, онда мен түсіндірген механизм: БЖТ төлеп, төлемді алады.
- Банк шотым бұғатталған, сонда мен жаңасын ашуым керек пе?
Шотты бұғаттау көбінесе қамауға алуға байланысты. Қаржылық реттеу агенттігінен барлық банктерге 42 500 теңге алу үшін қамауға алу және ТТТ (төлем талаптары бойынша тапсырыстар) белгіленбеуі мүмкін екендігі түсіндірілді, яғни 42 500 теңгені кедергісіз төлеуді қамтамасыз ету қажет. Егер шот осыған байланысты бұғатталған болса, онда азамат оған қаражат салып, кедергісіз ала алады. Егер ала алмаса, банкке хабарласуы керек. Егер банк көмектеспесе, онда ол Қаржылық реттеу агенттігіне жүгіне алады.
Бұл мәселе бойынша барлық банктер хабардар. Бірқатар жиналыстар өтті, біз мұны талқыладық.
- Егер төтенше жағдайдың тура алдында өз ниетіммен жұмыстан шыққан болсам?
Бұл үшін бізде қызмет бар - жұмыс іздеушілерді egov арқылы тіркеу. Жұмыс іздеуші ретінде тіркеле аласыз. Үш күн ішінде enbek.kz арқылы жұмыспен қамту орталығындағы әріптестеріміз жұмыс ұсынады. Егер осы азаматқа сәйкес жұмыс табылмаса, үшінші күні қашықтан жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері «жұмыссыз» мәртебесін белгілейді. Бұл мәртебе орнатылғаннан кейін жұмыссыз ретінде тіркелген адамдарға жәрдемақы тағайындау басталады, ол 6 айға дейін және өтініш бергенге дейін алған табысының 40 пайызына дейін төленеді. Оның төтенше жағдайлармен байланысы жоқ, ол жұмыс істеп тұрған және пайдалануды қажет ететін қызмет.
- Бұл төлемді ресми жұмыссыз мәртебесіне ие адам ала ала ма?
Ол жұмыссыздық бойынша жәрдемақы ала алады, бірақ 42 500 теңге емес.
- Егер жеке куәлігімнің мерзімі өтіп кетсе, төлем ала аламын ба?
Алады. Жалпы, ережеге сәйкес ол куәлікті қайта рәсімдеуі керек. Бірақ карантин жағдайында жеке куәлікті қайта беру іс жүзінде мүмкін емес. Сондықтан мерзімі өткен куәлігі бар азаматтарға ешқандай кедергілер немесе бас тарту болмайтындығы туралы шешім қабылданды. Төлем ешқандай қиындық тудырмайды.
- 31 наурызда өтініш бердім, әлі жауап жоқ.
Күту керек. Біз барлық өтінішті өңдейміз. Олардың 97 пайызы тығыз жұмыста, жартысынан көбі толық өңделген.
- Аты-жөнін өзгертіп, жаңа жеке куәлік алып үлгермегендер, картасында ескі аты-жөні жазылып тұрса, олар өтініш өтініш бере ала ма?
Біздің тарапымыздан ешқандай шектеу болмайды. Азамат өтініш берді, шот нөмірін қоса берді. ЖСН арқылы тексереміз, егер адам сәйкес келсе, біз төлем жүргіземіз. Бұдан әрі банк деңгейінде. Ақша картаға түседі, ол оны банкоматтан алады, яғни, жеке куәлікті еш жерде ұсынудың қажеті жоқ.
- Менде ЖК (ИП) бар, бірақ ол уақытша тоқтатылған. Мен жұмыс істеуші ретінде БЖТ жіберемін, бірақ төлем өтпейді, не істеуім керек?
Салық кодексіне сәйкес, БЖТ-ді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлғалар төлей алады. Бұл жұмыспен қамтудың басқа түрі. БЖТ - бұл өзінің кірісін 250 мыңға дейін заңдастыру сияқты, қарапайым деңгей, ешқандай салық есебінсіз.
ЖК сәйкесінше, тоқтатылды, нөлдік есеп, ол маңызды емес, оны жабу керек. Яғни, БЖТ төлеу үшін алдымен ЖК-ті толығымен жабу керек, содан кейін ғана БЖТ төлеу керек.
- Студент әлеуметтік төлем ала ала ма?
Егер студент жұмыс істесе, зейнетақы мен әлеуметтік аударымдары болса, онда ала алады. Егер студент азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істесе, ол да ала алады. Егер студент бейресми жұмыс істесе, еш аударымы болмаса, БЖТ арқылы осы төлемге өтініш бере алады.
- Ресми түрде жұмыс істедім. Бірақ қаңтардан бастап жұмыс істемеймін, жұмыстан шықтым. Қаңтар айына дейін барлық аударым жасалған. 42 500-ге қалай өтініш беру керек?
Ол өз кірісін төтенше жағдайға байланысты жоғалтқан жоқ. Сондықтан, бұл адам 42 500 теңге алуға өтініш бермеуі керек, бірақ,жоғарыда айтылғандай, жұмыс іздеп, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы іздейтін адамдарды тіркеу барысында enbek.kz сайтына жұмыссыз ретінде ұсынуға құқылы, және оның аясында табысын жоғалтқан адам ретінде жәрдемақы алады, қалыптасқан тәртіпте.
- Зейнеткер-жеке кәсіпкердің төлем алуға қақысы бар ма?
Төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлем жасаған және осы төлеммен зейнетақымен қоса кәсіпкерліктен қосымша табыс алатынын растады – төлем алуына болады. Логикасын түсіндірейін, жәрдемақы төтенше жағдайға байланысты табысын жоғалтқандарға арналған, және біз бюджеттен зейнетақыны төлеуді жалғастырамыз, төтенше жағдайға байланысты кідіріс, төмендету болмайды.
- БЖТ бір немесе ай сайын төлеу керек пе? Өтініш ай сайын берілуі керек пе?
Есеп жүргізу үшін бір рет төлеу жеткілікті. Бірақ біз БЖТ-ны ай сайын төлеуге шақырамыз. Біз оны 42 500 теңге алу үшін емес, кәсіпкер ретінде ай сайынғы қызметін заңдастыру үшін төлеуіміз керек, бірақ табысы жеке кәсіпкерлерді тіркеуге қажет болғаннан азырақ табамыз.
Өтінішке келетін болсақ, бір рет өтініш беру жеткілікті. Егер төтенше жағдай екінші айға созылса, сізге төлемді алуға тағы өтініш беру қажет емес. Төтенше жағдайдың екінші айы үшін 42 500 теңге алу үшін БЖТ төлеудің қажеті жоқ. Бірақ мен БЖТ-ны салық қызметін заңнамаға сәйкес өз қызметін жүргізу үшін төлеуге кеңес беремін.
- Неліктен 42 500 теңге ғана төленеді?
42 500 теңге - бұл ең төменгі жалақы мөлшеріндегі сома. Ол бүкіл республика бойынша орнатылған. Осы деңгейге төлеу туралы ортақ шешім қабылданды. Бұл азаматтар өз қажеттіліктерін біржақты ала алатындай етіп төленеді.
- Егер жалақымды 50 пайызға төмендетсе, не істеу керек? Төлемге өтініш беруіме бола ма?
Бұл адам ақы төленбейтін демалысқа шыққан жоқ, тек жалақысы төмендеді. Төлемнің мәні - кіріс жоғалтуында. Мұнда ол тапқан табысын толық жоғалтқан жоқ. Өтініш беруші өзі берген ақпаратқа толық жауап береді. Сондықтан, егер оның негізгі кірісінің азаюын ескере отырып, өмірін одан әрі жалғастыруға ақшасы жетпесе, онда өтініш беруіне болады. Егер ақшасы жетсе, өтініш берудің қажеті шамады. Біз мұны ережелерде белгіледік және өтініш беру үшін адамның жауап беруін талап етеміз.
- Төлем мәселелері бойынша қайда қоңырау шалу керек?
1414 - бұл бірыңғай колл-орталық, ол жалпы мемлекеттік қызметтерге және осы салада жұмыс істейді. Олар барлық мәселе боойынша толық дайындықтан өткен. Бірыңғай байланыс орталығы, enbek.kz - бұл аталмыш төлем туралы сенімді ақпар алуға болатын ақпарат көздері.
Әріптестер, достар, әр түрлі жалған, түсініксіз сайттарға, «өтінімді мына жерде бере аласыз, біз осы нұсқаулықта көмектесеміз» деген Telegram-пабликтерге, Инстаграм-пабликтерге сенбеңіз. Тек ресми арналарды қолданыңыз.
Сұхбат #TengriLive жобасының аясында жарық көрді.