{metadescription}
ҰҚСК 3-отырысы: Ұсыныстар

ҰҚСК 3-отырысы: Ұсыныстар

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткізілген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында қандай ұсыныстар айтылды? 

ЖОО гранттарын алдымен табысы аз отбасылардан шыққан жастарға бөлу

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асылбек Қожахметов ЖОО-лар бойынша гранттарды алдымен табысы төмен отбасылардан шыққан жастарға бөлуді ұсынды.

ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын» енгізу

 «Бірінші кезекте бізге оқыту парадигмасын өзгерту керек. Жеке тұлғаны дамыту тәсіліне көшу керек. Студентке мамандықпен бірге өмірлік бағыт-бағдар бойынша білім беру керек. Патриотизмі сіңіріп, өмірге үйрету керек.  ЖОО-лардың ашық бәсекесін дамыту керек. Ол үшін «ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын» ұсынамын. ЖОО-ларды мемлекеттік және жеке деп бөлмей, жақсы және жаман деп бөлу керек», - деді Асылбек Қожахметов.

Шетелдегі қандастарға білім грантын көптеп бөлу

 «Себебі, шеттегі қазақтарды отандық Жоғары оқу орындарына тарта білсек, оларды елде қалдыру мүмкіндіктері де арта түседі», - деді Асылбек Қожахметов.

 Мектеп бір ауысымда жұмыс істеуі керек

 «Қазақстанда білім беру сапасын арттыруға басты кедергі – мектеп жағдайы деп ойлаймыз. Елде мектеп жетіспейді, 7400 мектепте жалпы саны 3,5 млн аса бала бар. Оның 70% - екі ауысымда, ал 200 мың бала үш ауысымда оқиды. Соңғы жылдары білім берудің мазмұнын жаңартуға көп күш салды. Ілгері дамыған елдердің талаптарына бағытталды.Бірақ, біз талаптарына ұмтылып отырған елдердің ешқайсысында үш немесе екі ауысымда оқытатын мектеп жоқ. Ал сапалы білім беру үшін мектептің бір ауысымда жұмыс істеуі маңызды. Орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға өткізу үшін Қазақстанға шамамен 3 мыңдай жаңа мектеп қажет. Әрине, мұндай аса ауқымды мәселені мемлекет тек өз күшімен тез арада шеше алмайды. Біздің ұсынымыз - мектеп салуға жеке қорларды кеңінен тарту. Дағдарыстан кейінгі экономиканы жандандырудың бір амалы ретінде мектеп құрылысын да қарастыруға болар еді. Ауқымды мектеп құрылысының экономика мен қоғамға ұзақ мерзімде берері мол екеніне сенімдіміз. Тиісті есептеріміз бен нақты ұсыныстарымызды Білім және ғылым министрлігіне бердік», - деді Рауан Кенжеханұлы.  

 Ұлттық мектеп үлгісін жасау

«Еліміздің білім беру салаларында жүріп жатқан өзгерістер негізінен халықаралық талаптарды ескеріп, нақты ғылымдар мен технология, ағылшын тілін оқыту бағыттарына басымдық берді. Дегенмен, білім берудің әлемге ортақ стандарттары, халықаралық ұйымдардың PISA секілді білім сапасын ортақ бағалау құралдары және ол ұйымдардың ақыл-кеңестері сайып келгенде, әлемдік нарыққа әмбебап маман дайындауға, Қазақстан секілді елдердің қабілетті деген балаларын дамыған елге тартуға, жалпы алғанда, әлем азаматтарын тәрбиелеуге бағытталғаны айдан анық. Әлем азаматы рухында білім мен тәрбие алған бала Қазақстанның нағыз жанашыры болып өсуі екіталай. Сондықтан, Қазақстанға ұлттық мектеп үлгісі қажет. Нақты ғылымдар, технология, ағылшын тілімен қатар, тіпті одан бұрын қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстанның тарихы мен өлкетануы, ұлт өнері мен дәстүрін озық әдістеме негізінде жаңаша оқытатын, сол арқылы әлем азаматы емес, бірақ әлемнен хабары бар Қазақстан азаматын тәрбиелейтін ұлт мектебінің үлгісін жасауды ұсынамыз», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Аграрлық 19 ЖОО-ны қысқарту

«Елімізде ауыл шаруашылығы саласын кадрмен толық қамту үшін қазіргідей 22 емес, 3 аграрлық университет жеткілікті. Бүгінгі таңда оқыту сапасы мен оқу бітіргеннен кейін жұмыспен қамтудың төмен деңгейіне қатысты көптеген сын айтылады. Бұл проблемаларды шешу үшін ЖОО-ларды профильдеу керек. Саланы қажетті кадрмен қамтамасыз ету үшін қазіргідей 22 университет емес, үш аграрлық университеттің мүмкіндігі толығымен жеткілікті. Түлектерді мамандығы бойынша жұмыспен қамту үшін Президенттің жеке, қосалқы шаруашылықтарды дамыту туралы тапсырмасын іске асыруға - тұтастай ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің кооперациясы мүмкіндік береді.Кооперативтер ауылды дамытудың әлеуметтік, экономикалық және саяси негізі бола алады», - деді Төлеутай Рахымбеков.

Ауылда инновацияны дамытудың тетігі

 «Қазір екі аграрлық университетке ұлттық аграрлық және астаналық С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетке ғылыми зерттеу университеті мәртебесін беру туралы Үкімет қаулысының жобасы мемлекеттік органдардың қарауына енгізілді. Ауылды жерлерде инновацияны сәтті қолдану үшін білімді тарату жүйесі өте маңызды. Бірақ бүгін ол да шашыраңқы күйде. Ауылды жерлерде білім таратудың ұлттық жүйесін құрудан бағдарлама әзірлеп, оның бірыңғай операторы ретінде ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығын анықтауды ұсынамын. Өкінішке қарай алдағы жылға аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі жоспарланған деңгейден 6 есе кем сомаға қысқартылып жатыр. Әрине бүгінгі жағдайда бюджет шығыстарын азайту қажеттігін толығымен түсінеміз. Бірақ ғылымды орташа елдер деңгейінен 12,5 есе аз қаржыландыруды оңтайлы шешім деп есептемеймін», - деді Төлеутай Рахымбеков.  

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде