{metadescription}
Тест: Табиғатты қаншалықты жақсы көресіз

Тест: Табиғатты қаншалықты жақсы көресіз

5-маусым  Бүкіләлемдік  экологтар және қоршаған ортаны қорғау күні. Ал Қазақстанда 5-маусым – эколог күні. Бұл кәсіби мереке «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы» Заңында белгіленген. Осыған орай, біз мынадай тест ұсынуды жөн көрдік. Табиғатты, қоршаған ортаны қорғауға қаншалықты дайынсыз? Ол үшін төмендегі сұрақтарға жауап беріп көріңіз.

Әр сұрақтың қасында үш түрлі жауап бар. Сол үшеудің арасынан өзіңізге лайық, сай келетін бір жауабын таңдаңыз. Қасында жазылған ұпай санын түртіп алыңыз. Сосын келесі сұраққа көшіңіз. Тек шын жауап беріңіз. Жақсы көрінемін деп, жалған жауапты таңдамаңыз. Әйтпесе, ақиқатқа көз жеткізе алмайсыз.

№ 1 сұрақ: Далада, табиғат аясында, қырда қыдырып жүріп, атын білмейтін өте әдемі гүл тауып алдыңыз. Сіздің әрекетіңіз...

- Қызықтап қараймын да, ары қарай жүре беремін. (1 ұпай);

- Мектептің биология кабинетіне арнап, гүлді үйге әкеліп кептіріп қоямын. (3 ұпай);

- Гүлді мұқият кесіп алып, әдемі вазаға салып қоямын. (5 ұпай).

№ 2 сұрақ; Құстың ұясын тауып алдыңыз. Не істейсіз?

- Құстарға жем беремін. (3 ұпай).

- Қасымдағы адамдарды да шақырамын, олар да көрсін. (5 ұпай).

- Алыстан тамашалаймын. (1 ұпай).

№ 3 сұрақ. Достарыңыз қайың шырынын ішуге орманға (тоғайға) жиналды. Олармен бірге барасыз ба?

- Барамын, бірақ қайың шырынын өте мұқият жинаймын. (5 ұпай).

- Бармаймын, басқаларды да жібермеймін. (3 ұпай).

- Алдымен ол туралы биология мұғалімімен ақылдасып сұраймын. (1 ұпай).

№ 4 сұрақ: Табиғат аясына демалуға шыққан соң, соңында көптеген бөтелкелер мен бос ыдыстар қалып қалды. Жолға жиналардан бұрын ол ыдыстарды не істейсіз?

- Қалада өткізу үшін оларды өзіммен бірге жинап аламын. (3 ұпай).

- Ешкімге зиян тимесін деп, бір талдың түбіне мұқият жинап қоямын. (5 ұпай).

- Жерге көміп тастаймын. (1 ұпай).

№ 5 сұрақ: Қоршаған ортаны қорғау туралы біліміңізді қалай бағалайсыз?

- Бәрін білемін және табиғатты әрдайым қорғаймын. (3 ұпай).

- Бірқатар білімім бар, дегенмен әлі де толықтыра түсу керек. (1 ұпай).

- Табиғатты жанымдай сүйемін, бірақ нақты бұл тақырыпты әлі оқыған жоқпын. (5 ұпай).

Сонымен, жинаған ұпайыңызды қосыңыз. 

Қосылған санға қарап, сіздің табиғат қорғаушылардың қай тобына жататыныңызды анықтауға болады.  Нәтижесі ұнамай қалса, көңіліңізге алмай, ойланып көріңіз.

Бірінші топ: 5-тен 11 ұпай жинағандар.

Шіркін, бүкіл адамзат тап сіздей болғанда... онда жер бетіндегі ешбір орман, сайын дала, өзен-көлдер зиян шекпей, пәк қалпында сақталар еді. Сіз тек табиғатты ғана емес, сонымен қатар оны қызғыштай қорғай да білесіз. Дегенмен ең бастысы – осы біліммен шектелмеңіз, көбірек білуге ұмтылыңыз.

Екінші топ: 12-ден 18 ұпай жинағандар. 

Сіз, әрине, табиғат туралы бірқатар дүниені жақсы білесіз. Оны қорғауға да дайынсыз. Дегенмен сіздің біліміңіз әлі жетілмеген. Сол себепті кей кездері білмегендіктен, табиғатқа зияныңыз тиюі мүмкін. Көп оқыңыз. Білімді адамдармен араласыңыз. Оған сіздің күш-қуатыңыз да, қабілетіңіз де жеткілікті. Табиғатқа сіздей адамнан көп пайда келеді.

Үшінші топ: 19-дан 25 ұпай жинағандар.

Табиғатты қатты жақсы көруіңіз мүмкін. Ол деген керемет. Бірақ табиғат туралы біліміңіз өте аз... Сізге өсімдіктер, жан-жануарлар туралы көп оқу керек. Қоршаған орта жайлы біліміңіз, әзірге, толық емес.

Шынымызды айтсақ, адамдардың тағы бір тобы бар. Ондайлар белгісіз әдемі гүлді қызықтамақ түгілі, таптап өтіп, құстың ұясын бұзып, жүрген жерін күл-қоқысқа толтырып, шашып, жан-жағын бүлдіріп жүреді. Сол себепті аталмыш адамдарға сауалнамамыздан орын бермедік.

Өйткені, бұл шағын сауалнама Сізге – қоршаған ортамыздың нағыз жанашырына арналған.

Табиғат-Ана сіздің қорғауыңызға зәру.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде