{metadescription}
Қашықтан оқитын баланың ата-анасына арналады

Қашықтан оқитын баланың ата-анасына арналады

«Мына онлайн оқу, қашықтан оқудан мезі болдық. Қиын болды. Үйден құтымыз қашты. Балаларымыздың күн тәртібі бұзылып, ұйқысы қанбай, берекеміз кетті. Мектепте оқығаны дұрыс еді, не істерімізді білмейміз». Міне, осылай дейтін ата-аналар көп-ақ. Төменде жазылған ұсыныс тап сіздерге – онлайн оқып жатқан балалардың ата-анасына арналады....

bsp; 

Ең алдымен, күн тәртібін сақтау. Ерте жатып, ұйқысын қандыру, сабақ басталатын уақыт, оның ұзақтығы мен үзілісін қадағалау. Күн тәртібінің күрт өзгеруі баланың бейімделу қабілетіне елеулі өзгеріс тудырып, шамадан тыс стресс пен бірқатар қиындыққа әкелуі мүмкін.

Әдетте мектепте сабақ кестесі автоматты түрде құрылады: сабақтың  басталуы мен аяқталуы нақты бекітілген. Үйде сабақ оқығанда бала көбінесе күнделікті режимін сақтай алмайды. Ал бұл неге әкеледі?

  1. Таңертең еш нәрсе істеуге құлықсыз.

Сабақ онлайн режимінде өтіп жатқандықтан, бірінші сабаққа бес минут қалғанда дайындала салуға болады деуі мүмкін, өйткені ешқайда барудың қажеті жоқ. Бірақ ол оңай емес: ми жаңа оқу материалын игеруге дайын тұруы керек. Ертемен оянып, таңғы ас ішіп, таза ауамен дем алып, сергек болуы қажет. Сабақ бастамас бұрын конспект оқып, тақырыпты тереңірек меңгеруге мүмкіндік болса тіпті жақсы. Бұлай болмаса, ми сабақты меңгеруге дайын болмай, сабақты бірнеше рет қайталауға тура келеді.

  1. Үй тапсырмасын орындай алмайды.

Күнделікті режимнің болмауы баланың күнін қалай болса солай, бейберекет өткізуге мәжбүр етеді, ойына келгенін істеп, тіпті мүлдем еш нәрсе істемей өткізуі мүмкін. Ақыры үй тапсырмасын істеуге кешке уақыты қалмай, ертеңге қалдырады. Нәтижесінде бәрі үйіліп, барлық жинақталған тапсырманы орындауға әлдеқайда көп уақыт жұмсауға мәжбүр болады.

  1. Мұғалімдермен қарым-қатынас қабілетін жоғалтады.

Онлайн-оқудың сабақ кестесін сақтамаса, мұғалімдерге бірден сұрақ қойып, бірден жауап ала алмайды.

  1. Сабаққа зейіні, ықыласы болмайды.

Жасөспірімдер ұйықтар алдында әлеуметтік желілерде жиі отырады, тіпті түннің бір уағына дейін. Нәтижесінде таңертең ұйқысы қанбай, сабақта  енжар болып, зейіні төмендейді. Сөйтіп көп уақыт жоғалтып, бар күшін салуға тура келеді. Егер бұл проблемаға назар аударылмаса, онда ол өмір бойғы әдетіне айналады.

Ендеше қашықтан оқытудың күн тәртібін ұйымдастыру ережесін еске мықтап сақтаңыз:

№1 ереже. Ерте жатып, ерте тұру

Мысалы, 5-8 сыныпта кем дегенде 9 сағат, 9-11 сыныпта 8 сағат ұйықтауы керек. Уақытында ұйықтау үшін физиологтар ұйықтардан 120 минут бұрын үйдегі жарықты сөндіріп, компьютер мен смартфонды бір сағат бұрын өшіруге кеңес береді. Бұл демалу кезеңіне өтуді жеңілдетеді.Ұйқыдан тұру мен онлайн-сабақтың арасы кем дегенде 60 минут болуы керек. Бұл әсіресе таңертең ерте тұруға қиналатындар үшін. Демалыста да тап осындай режимді ұстанған абзал, тіпті болмаса бір сағат кейін оянсын. Сөйтіп ерте тұру әдеті қалыптасады.

№2 ереже. Күн тәртібін дұрыс құрастыру

Күнделікті тәртіпті тайм-менеджмент қағидатымен қалыптастырудан басталады. Егер баланың негізгі ісі  - оқу болса, оған күннің ең белсенді  бөлігін арнаған жөн. 

№3 ереже. Үй тапсырмасын күн сайын орындау

Практикалық жаттығулар материалды бекітуге көмектесіп, жақсы әдет қалыптастыруға ықпал етеді. Үй тапсырмасын «ертең сұралады» деп емес, өздігімен отырып қараған бала бұл әдетін өскенде де іске асыра береді.

№4 ереже. Күнделік қолдану

Қойын дәптер – режим сақтаудың күшті көмекшісі. Алдын ала жоспарлау және оны ұстану өмірдегі баға жетпес әдет. Қойын дәптердден басқа, планер және ұялы телефонда жазба, қосымшалар немесе онлайн бағдарлама пайдалануға болады.

№5 ереже. Үзіліс жасап, таза ауада демалу

Өсіп келе жатқан балаға серуендеу өте қажет. Физиологтар миды оттегімен қанықтыру үшін күн сайын кем дегенде бір сағат таза ауада болуға кеңес береді. Оқу мен үй тапсырмасы арасында үзіліс болуы міндетті.

Қашықтан оқудың күнделікті кестесі

• 07: 00–07: 30 - ояну, жаттығу, таңғы ас

• 7: 30–07: 55 - оқуға дайындық

• 08: 00-14: 00 - Сабақтар (Екінші немесе үшінші сабақтан кейін тамақтану қажет)

• 14: 00-18: 00 – жаттығулар, хобби, жеке істер

• 18: 00-19: 30 - үй тапсырмасын орындау

• 19: 30-23: 00 - бос уақыт

• 23:00 – ұйықтау

Үйде ылғалдылықты 40 пен 60% аралығында ұстаңыз. Бөлмелерді үнемі желдетіп тұрыңыз, сулы шүберекпен тазалау жүргізіңіз. Есік тұтқаларын, жуынатын бөлмелерді, асүйлерді зарарсыздандырыңыз (вирус күнделікті өмірде бізді қоршап тұрған әртүрлі жерде ұзақ сақталады: ағаш пен әйнекте - 4 күнге дейін, қағаз бен пластмассада - 5 күнге дейін, алюминийде - 8 сағатқа дейін, болатта - 48 сағатқа дейін). Онлайн-оқу кезінде үй жинап, кедергі келтірмеңіз. Сабақ кезінде бала веб-камерамен отырады, сондықтан  мүмкіндігінше камера алдында көлбеңдей бермеңіз.

Баланың эмоционалды күйі ересек адамның (ата-анасының, туыстарының) жағдайына тікелей байланысты. Басқа елдердегі ата-аналарының тәжірибесі көрсеткендей, өзін-өзі оқшаулау режиміне бейімделу үшін біраз уақыт қажет және бұл қалыпты нәрсе.

Ата-аналар, жақындары баланың бойында қиын жағдай жеңу дағдысын қалыптастыра алады, стрессті жеңуге үйретеді.

Ол үшін ата-ана:

Үйде жанға жайлы, тыныш, жылы атмосфераны сақтаңыз. Қиын жағдайларда дүрбелең тудырмай, отбасы мүшелерінің мейірімді болып, сабыр сақтағанына көңіл бөліңіз. Ол балаға сенімділік беріп, жағдайды тұрақтандыруға көмектеседі.

Балаңызбен үнемі қарым-қатынас жасауға тырысыңыз, оның көңіл күйіне, сезіміне, эмоцияларына байланысты тақырыпта әңгімелесе біліңіз. Болашағын талқылауды. ұмытпаңыз. Өз тәжірибелеріңізбен, ойларыңызбен бөлісіңіз, өмірден алынған шынайы оқиғаларды, соның ішінде сіз және достарыңыздың өмірдегі қиын жағдайды қалай жеңгенін айтып беріңіз. Шынайы жүректен шыққан әңгіме баланың сенімді болуына септігін тигізеді. Ата-аналарының қолдауы мен шын жүректен жанашырлығын сезінген бала стрессті жеңе алады.

Балаға (әсіресе жасөспірімге) өз тәжірибесімен ата-анасымен немесе құрдастарымен бөліскен қиынға соғады. Осы мақсатта балаңызды өзінің басынан кешкенін жазатын дәптері болғаны дұрыс. Ішкі эмоциясын қағазға түсіре отырып, ол мүмкін болатын жағымсыз ойлардан арылып, бойы жеңілдеп қалады.

Бала көп қимылдасын. Стресс - бұл, ең алдымен, дененің физикалық реакциясы, сондықтан қимыл-қозғалысты қажет ететін іс-әрекет балаға онымен тиімді күресуге көмектеседі: үй жинау, жаттығу, ән айту, билеу ... Баланы өзіне қызықсыз нәрсеге күшін шығындауға мәжбүрлемеңіз, бірақ онымен бірге оның үйде қандай да бір  белсенді іс-әрекет жасағысы келетінін анықтауға тырысыңыз.

Балаңызды жақынға қамқор жасауға баулыңыз. «менсіз істей алмайды», «менің көмегіме мұқтаж», «мен оған керекпін» деген ой балаға – жағымды жауапкершілік.

Отбасы дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарды сақтаңыз. Оның қызықты, пайдалы және отбасының барлық мүшесі ұнататын болуы маңызды.

Балаларға қашықтан оқытуды ұйымдастыруда мектептің ұсыныстарын түсінуге тырысыңыз. Тек сынып жетекшісінен және мектеп әкімшілігінен алынған ресми ақпаратты басшылыққа алыңыз. Егер бірдеңе дұрыс шықпаса, ұсақ-түйекке бола ашу шақырмаңыз. Онлайн-оқуды ұйымдастыру үшін мектепке де уақыт қажет.

Ата-ана қашықтағы оқудың тартымдылығын арттыра алады, егер  олар кейде баласымен бірге оқуды «игеруге» тырысса. Мысалы, сіз балаңызға сұрақ қойып, пікірталасқа қатыса аласыз, сонда сабағы қызықты – танымдық ойын-сабаққа айналады. Бұл баланың жігерін арттырып, ал ата-анасының баласын тереңірек түсінуге септігін тигізеді.

Жақындарыңызбен сөйлесу үшін балаңызға «ақпараттық шу» мен кейде жалған ақпаратқа толы әлеуметтік желілерден аулақ болуға кеңес беріңіз. Тек бір мессенджерді таңдап алып, (мысалы, Telegram, WhatsApp, Viber)  маңызды әңгімені сонда айтыңыз.

Ең бастысы, қашықтан оқу – құдайдың жіберген жазасы емес. Қашықтан оқу – жаңа тәжірибені игеруге, білім алуға және қызықты нәрселерге арналған ресурс екенін ұмытпаңыз. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде