{metadescription}
Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады?

Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады?

«Көп табыс тапқың келе ме? Бұны әзір ешкім білмейді. Аздаған ақша құйсаң, кейін еселеніп қайтарылады. Тек белсенді бол. Керемет жоғары пайыз мөлшерлемемен аласың. Тамыр-танысыңды осында тарт. Табыс табуға кепіл береміз». Осындай ұсыныс жасағандар болды ма? Ендеше бұл – қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары. Алаяқтардың жұмыс істеу схемасын білесіз бе? Оны қалай ажыратуға болады?   

Қаржы пирамидасының басты ерекшелігі

Жоғары кіріс түсіруге уәде береді. Ешқандай заңды қызмет мұндай кірісті қамтамасыз ете алмайды және ондай табысқа кепіл бере алмайды. Пирамида құрушылардың көздегені адамның ақымақтығы емес – ашкөздігі. Дәлірек айтсақ, шектен тыс ашкөздік. Қарапайым ашкөздік - бұл нарықтық экономикада қалыпты нәрсе, кез келген инвесторда ол үмітпен, қорқынышпен және сақтықпен аралас. Егер ойланып қарасаңыз, мұнда қор биржасындағы кәсіби ойыншылардың күрделі инвестициялық портфолиосының негізінде осы қасиеттердің жиынтығы жатыр. Кейбір жұлдызы жанған кәсіпкерлер мен инвесторлар өте жоғары табысқа қол жеткізе алатыны рас. Енді ойлап көр, олар табысын өзіне қалдыра ма, әлде көрінген адаммен бөлісе ме?

Қаржы пирамидасы - бұл алғашқы салымшыларға келесі салымшылар есебінен табыс төленетін алаяқтық. Сөйтіп соңғы салымшылар бүкіл ақшасынан айырылады. Мұнда жоғарыдағылары шынымен де ақша табуы мүмкін. Ал төмендегілер түк таппайды, өйткені олар ақшасын өзінен бір саты жоғары тұрған адамдарға аңғалдықпен бере салған.

Мұндай «жоғарыдағылар талтаңдап, төмендегілер тыраштанатын» схема осыдан 20 жыл бұрын болған. Қазір бұндай схема жұмыс істемейді – ережелері өзгерген. Есте болсын, қазір қаржы пирамидасынан пайда табу мүмкін емес. 

Серіктес боламын, ақшамды көбейтемін, пайда табамын деп қаражатыңды пирамидаға салуды ұйғарсаң, сазға отырғаның. Яғни, бар ақшаңды пирамида ұйымдастырушыларына бере салдым деп түсін.

Пирамиданың өмір сүру ұзақтығы бірнеше жылдан (немесе айдан) аспайды. Оны құрған адам осы уақыт аралығында ашықауыз клиенттерінің басын айналдыруға жанын салады.

Қаржы пирамидасы схемасының, жалпы алаяқтардың тағы бір маңызды белгісі – жан етіңді жұлып жейтін жарнама.  Олар тез әрекет етеді: қызықтыратын жарнама, кереметке (немесе тегін ақшаға) сенетіндерден қаражат жинап алады, сонымен бітті. Ұйымдастырушылар сенің ақшаңды қалтасына басып алып, басқа жаққа (түрмеге түскенше) тағы бір инвестициялық жоба ашуға тайып тұрады. 

Қаржы пирамидаларының түрлері және белгілері

1. Пирамида күйінде

Кейде пирамиданы ұйымдастырушылар оның мәнін жасырмайды. Олар әсер ету механизмін жанталасып түсіндіріп, логикалық есептеуін  көрсетіп береді. Мысалы былай дейді: «Интернеттің арқасында көптеген жаңа серіктес тартуға болады, бүгінде бұл бизнес ғаламтордың арқасында 90-жылдарға қарағанда керемет сәтті жүреді. Адам сенгісіз пайда, үстеме табыс уәде етіледі. Жоғары табыс келетіні жөнінде уәде тек бір рет ұйымға тарту кезінде орындалуы мүмкін, бірақ ары қарай одан да көп қаражаттан айырылып қалу қаупі өте жоғары.

2.Инвестициялық компания ретінде

Алаяқтар өз қызметін «қаржы пирамидасы» деп ашық айтпайды. Олар көбінесе өзін инвестициялық кәсіпорын деп ұсынып, атағы жер жаратындай тартымды атау ойлап табады: IT-компания, интернет-компания, инновациялық жоба. Сөйтіп  акциялар, облигацияларды сатып алуды ұсынып, табысты құрылысқа, алтын өндіруге немесе өте тиімді өндіріске инвестиция салуға уәде береді, бірақ нақты қайсысы екені түсініксіз. Мұндай болашағы «жарқын»,  «табысты» адамдармен ынтымақтастыққа кез келген адам қуана-қуана келісіп, бақыттан басы айналады.

Ал шын мәнінде олар  шынайы экономикалық немесе инвестициялық қызметпен айналыспайды. Пирамида өзін тауар, несие, туристік, құрылыс компаниясы ретінде таныстырады. Бірақ шындап келгенде ескі салымшының барлық төлемі жаңа салымшылардың жарнасы есебінен төленеді.

Жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ. Бұл компаниялар жаңадан құрылған, қаржылық есептілікке ие емес, келісім жасамайды немесе келісімдер тек ұйымдастырушылардың пайдасына көздеп жасалған әрі Қазақстан заңнамасына сәйкес келмейді.

3. Несиелік ұйым ретінде

Қаржылық айла-шарғының тағы бір түрі – несие тарихы нашар болғандықтан банктен несие ала алмайтын немесе оны төлей алмайтын адамдарды алдау. Пирамида өзін микроқаржы ұйымы немесе тіпті банк деп, «несие бюросы», «қарызға қарсы бағдарлама», «қаржылық қызмет орталығы» деп атап, мынадай қызметтерді ұсынады:

 «Банк сізге несие бермеді ме? Онда біз көмектесеміз!»

Несие сомасының тек 20% -ын салуды ұсынып, қалғаны компания есебінен болады деп алдайды. Дәлірек айтсақ, жаңағы айтылған «компания есебінен» деген – ол «тартымды» несие алғысы келетін жаңа адамдардың есебінен. Нәтижесінде барлық салымшы құр алақан қалады.

Егер несие тарихың жаман  болса, күмәнді компаниялардан аулақ бол.   

 «Несиеңізді қайта қаржыландырамыз! Қарыздан құтқарамыз!

Мұның ережесі – несие сомасының 30% -ын салады, жаңа борышкерлердің келуіне байланысты қалғанын компания төлейді деп алдайды. Сөйтіп компанияның «жомарттығына» үміттенген борышкерлер банктерге несиесін қайтармақ түгілі, қолындағы азын-аулақ ақшасынан айырылады.

Басқа нәрсе ретінде

Алаяқтардың қулығында шек жоқ. Олар өзін басқарушы компания, тұтыну кооперативтері, танымал компания атынан ұсына береді. Кейде оны нақты компания ма, әлде жалған ба, ажырату қиын.

Қаржы пирамидасын анықтайтын бірнеше маңызды ереже:

Ең бастысы, ҚР Банкі лицензиясының жоқтығы (немесе республикалық бағалы қағаздар нарығы бойынша комиссия / Қаржы нарықтары бойынша қызмет) яғни мәлімделген қызметін жүргізуі туралы лицензия. 

Тіпті ресми құжатын көрсетсе де, оны қайта тексеруге ерінбеңіз.

Қаржы пирамидасының белгілері:

Егер компания кеше (жақында ғана) тіркелген, жарғы капиталы тым аз және жалғыз құрылтайшысы болса, тексеріңіз.  

Ұйымның жарнамасы тым белсенді және нарық деңгейінен әлдеқайда жоғары, бұрын-соңды естімеген кіріске уәде береді. Ал қор нарығында мұндай мәлімдемелерге тыйым салынған.

Қауіп-қатер жоқ деп айтады. Ал нақты инвестициялық компания инвестицияның қауіп-қатерін ескертеді.

 Алдын ала жарна – жобаға ақша салу мүмкіндігіне (содан кейін орасан зор дивидендтер алуға) мүмкіндік беру үшін аз мөлшерде (қолма-қол)  ақша салуың керек. Бұл сұм ойынның айқын белгісі.

Егер компания ақшаңды жоғары рентабельді кәсіпорындарға (мұнай немесе алтын өндірісі, құрылыс) саламын десе, сол қызметтің құжаттарын сұра. Құжаттары жоқ болса, онда олар 100% алаяқтар.

Келісім-шартта компания саған жауап беретіні анық емес болса, тағы бірдеңелер түсініксіз болса немесе ешкім жауапкершілікті мойнына алмаса, ақша беруден үзілді-кесілді бас тарт.

Сенен жаңа клиент тартуды сұрайды –  бұл басқалардан пайда көргісі келетін алаяқтық қаржылық схема.  

Биыл елімізде қаржы пирамидасын құруға қатысты 35 факті тіркеліпті. Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің мәліметінше, бір ғана  БҚО-да қаржы пирамидасы  612 млн теңгеден астам қаражат жинаған. Ал бес облыста құны 15 мың теңге немесе одан қымбат «сертификатты» сату арқылы халықтан ақша жинау схемасын жасап, іске асырған алаяқтарға тергеу жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 10 мыңнан астам зардап шеккен адам анықталған. 250 миллион теңгеден астам шығын келтірілді.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес, қаржы (инвестиция) пирамидасын құру және басқаруға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Қаржы пирамидасына қосылу ерікті түрде және заңды қолдаусыз жүзеге асады, яғни ешкім инвестицияның қайтарылуына кепіл бермейді.

Компанияның қызметі тым жан-жақты, сол арқылы компания айқын әрі нақты қызметінің жоқтығын жасырады.

Қаржы пирамидаларының әлеуметтік желілерде белсенді әрі мезі қылатын жарнамасы болады. Осындай жарнаманы тарату «Жарнама туралы» заңға сәйкес емес болғандықтан, аталмыш заңсыз бизнестің барлығы әлеуметтік желі мен мессенджерде кеңінен таралады.

Қаржы реттегіш лицензиясы жоқ. Кез келген салым егер сыйақының мерзімі мен мөлшерлемесі көрсетілген болса, ол депозит болып саналады. Халықтан салым алу үшін ҚР Ұлттық банкінің лицензиясы қажет, және ол екінші деңгейдегі банктерде бар.

«ҚР екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңына сәйкес, банктер халықпен жұмыс жасап, салынған қаражаттың қайта берілуіне кепілдеме береді. Бірақ қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары лицензияны қажет етпейтіндігін мәлімдейді.

Егер қаржы пирамидасының қызметіне қатысты күмәніңіз болса, сенім телефоны арқылы хабарласыңыз:

8 (7172) 708-478 

8 (7172) 709-920

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде