{metadescription}
Коронавирусқа қарсы  вакциналау туралы толық мәлімет

Коронавирусқа қарсы вакциналау туралы толық мәлімет

Коронавируспен ауырғандар вакцина салдыра ма? Вакцина егу мәжбүрлі түрде бола ма? Оның жанама әсері қандай? Вакциналау қалай жүргізіледі және қанша тұрады, кімдер егіледі? Балаларға екпе салына ма? Ресейлік вакцина қауіпті емес пе, сапасы қандай, ол туралы не білеміз? Отандық вакцина қашан дайын болады? Вакциналаудың  электрондық паспорты деген не?

Елімізде ақпан айынан бастап коронавирус вакцинасын егу науқаны басталады.  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары вакциналау туралы мынадай түсініктеме берді.

Вакцина егу мәжбүрлі түрде бола ма?

Қазақстанда вакцинация ерікті түрде салынады. Кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакциналау адамның келісімімен жүргізіледі.

Вакциналаудан бас тартқан адам әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылмайды. Қысым жасау – заңсыз.

Вакциналау кезең-кезеңмен және тегін жүргізіледі. Кімдер егіледі?

Бірінші кезеңде:

  • КВИ жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал тобы;
  • Иммундауға жататын халықтың осал тобы;
  • Жұқпалы аурулар аурухана медқызметкерлері;
  • Жедел медициналық көмек қызметкерлері;
  • Жансақтау бөлімі қызметкерлері;
  • Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қызметкерлері;
  • Ауруханаға қабылдау бөлімі медқызметкерлері;
  • Санэпидқызмет мамандары.

Екінші кезеңде:

  • Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері;
  • ЖОО педагогтары;
  • I кезеңге кірмеген медқызмет мамандары.

Үшінші кезеңде:

 

  • Мектеп-интернат педагогтары;
  • Мектепке дейінгі мекеме педагогтары;
  • Студенттер;
  • Созылмалы ауруы бар адамдар.

Жоспарда бар:

  • ТЖМ;
  • ІІМ;
  • Қорғаныс министрлігі;
  • ҰҚК;
  • Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлері және т.б.

Коронавируспен ауырғандар вакцина салдыра ма?

Вакциналауға дайындық кезінде антиденелердің болуы туралы анықтама қажет етілмейді.

Коронавируспен ауырып жазылғаннан соң екпе 6 айдан ерте жүргізілмеуі қажет.

Вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.

Балаларға вакцина салына ма?

«Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Тек кәмелетке толған адам  ала алады.

Отандық вакцина қашан дайын болады?

Қазақстанда өндірілген QazCovid-In  вакцинасы қазір клиникалық сынақтың 3-ші кезеңінен өткізіліп жатыр. Және отандық вакцина туралы бекітілген нұсқаулық жоқ, сондықтан оған контингент анықталу үстінде.

Вакцина ресейлік деп естідік, ол туралы не білеміз?

1-ақпаннан бастап Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасы салынады.

15-ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады.

2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап отандық - QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр.

Қарағандыда өндірілген Гам-КОВИД-Вак (Ресей ғалымдары әзірлеген вакцина - ред.) вакцинасы тек Қазақстанда қолдануға пайдаланылады.

Қазір ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Sinovac», «Sinopharm» (Қытай), «Phizer» (АҚШ) қоса алғанда, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндіруші бірқатар мемлекетпен келіссөз жүргізуде.

Вакцинаның жанама әсері бола ма?

Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көрінісі, вакцинаны енгізу, сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцина нұсқаулығы талап етіледі.

Сондықтан қарсы көрсеткіштерін қазір тізіп шығу мүмкін емес. Адамның ағзасы кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастырады, иммундаудан кейін дене қызуы аздап көтеріледі, егілген жер қызарып ісінуі мүмкін.

Вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғы анықталады. Егер ауыр аллергиялық сырқаты болса, вакцина салудан бас тартады. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның ағзасы әртүрлі. Дер кезінде мән беру үшін вакциналаудан кейін 30 минут (медициналық мекемеде) дәрігердің бақылауында болуы керек: дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

Одан кейін 3 күн бойы тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауына алынады.

Вакцина алған әр адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсер орын алған жағдайда хабарласа алатын байланыс нөмірлері бар жадынама беріледі.

«Спутник V» вакцинасының сапасы қандай?

  • Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өткізілген;
  • Бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундауға қолданылып келеді;
  • Бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген;
  • Кейбір елдер (Беларусь, Аргентина, Сербия) қазір сәтті қолдануда.

Қазақстан қандай вакциналар әзірлеп жатыр?

ДДСҰ тіркеген коронавирусқа қарсы вакциналар арасында Қазақстан өндірісінің 5 үміткер вакцинасы бар:

  1. Клиникалық зерттеуде тұрған Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген инактивті вакцина;
  2. Қазақ ұлттық аграрлық университеті Огайо штатының университетімен бірлесіп (АҚШ) әзірлеген вакцина;
  3. Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
  4. М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы
  5. БҚП ҒЗИ әзірлеп жатқан және клиникаға дейінгі зерттеулер сатысындағы суббірлік вакцина.

Вакцина тым тез әзірленген жоқ па?

Вакцина әзірлеу әлемде ковидті жаппай жұқтырып, жаппай өлім болып жатқандықтан аса шұғыл жағдайда өтті.

Фармацевтикалық компаниялар проблеманың ғаламдық деңдейде болуына байланысты вакцинаны тез әзірлеуге көп ресурс жұмсады. Бірақ қауіпсіздік хаттамасын айналып өткен жоқ.

 «Спутник V» вакцинасына келсек, ол алдыңғы әзірлемелерге сүйеніп жасалды. Орталық пандемияға дейін SARS-CoV-2 коронавирусы да жатқызылған РНҚ бар қабықты вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан болатын.

Вакциналаудың  электрондық паспорты деген не?

Ол вакцинаның медициналық тарихы. Бұл, вакцина қабылдайтын халықты бақылау, мониторингілеу және үздіксіз қарау үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль.

Вакцинацияның электрондық паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорттың жұмыс қабілеті медицина қызметкерлеріне Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациенттеріне  eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы жүргізіледі.

Вакцинацияның электрондық паспорты вакцинация ем-шарасынан өткен соң, тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында ашық болады. Вакцинацияның электрондық паспорты азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, егу кезеңдері, вакцинациядан кейінгі бақылау туралы ақпарат қамтылады.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде