{metadescription}
БҰҚПАСЫЗ, БОЯМАСЫЗ, БОЛМЫС!

БҰҚПАСЫЗ, БОЯМАСЫЗ, БОЛМЫС!

2010 жылдың 18 қыркүйегінде  КТК арнасының көрермендерімен алғаш рет қауышқан «Астарлы Ақиқат" бағдарламасының ұстанымы осындай болатын. Бағдарлама авторы Дина Төлепберген жүргізген  апталық-ақпараттық бағдарлама  ә дегеннен әлеуметтің көңілінен шықты. Себебі бағдарлама  қоғамдағы  өткір түйкілдер туралы ашық айтып, журналистік зерттеу жанрын  жаңа деңгейге көтерді.

"Астарлы Ақиқат" 2018 жылы ток-шоу боп түрленді. Бағдарламаның ауқымы кеңейіп, эфирдегі жиілігі де артты. Дина Төлепберген көрермендері һәм кейіпкерлерімен әр аптаның дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері кешкі сағат 20:00-де қауышады.

Жаңа форматтағы "Астарлы Ақиқат" қозғайтын тақырып барынша ауқымды. Түрлі себеппен тығырыққа тірелген тағдырлар, қиындықтан шығар жол іздеп, көмек сұраған көрермен, ашық күнде адасып,  қоғамға қайта қосылғысы келетін, өмірден өз орнын табуға талпынған жандар. Мұндай кейіпкерлердің арасында қылмыс жасағандар, тіпті, айуандық пен азғындық әрекетке барғандар да кездеседі. Содан болар, олармен студиядағы әңгіменің халқымыздың сөйлеу мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдеп пен иба шеңберінен шығып кететін кездері де болады. Оның үстіне қоғамның бір бөлігі жария түрде айтылмайтын (табу) мұндай тақырыптардың ашық талқылануын қабылдай алмайды. Жыныстық қатынастар туралы тәптіштеп айтылмайтын Кеңес Одағы кезінде жарық көрген ғалым-эпидемиолог Ишанбай Қарақұловтың «Қырық сұрақ» атты кеңес беру кітабы төңірегінде әртүрлі көзқарастың болғаны сияқты. Бұл жерде жаһандану (глобализация), әлемдік гендерлік саясат, азаматтық неке институының ықпалымен отбасы құндылықтары мен адам-бойындағы ар-ұят қағидасының да өзгеріске ұшырап жатқаны белгілі. Ата-ана тәрбиесі, ақсақалдар мен жеңгелер институтының рөлі әлісер, бұрын ешқашан болмаған бауыр еті баласын саудалау мен педофилия секілді жексұрын құбылыстардың қазақ қоғамына да бастағанын айтқан жөн. Ал бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде адам телевизия қашанда болмыс боямасыз көрсететін айна іспеттес. Сондықтан қалың көрермен «Астарлы Ақиқаттың» әр шығарылымын асыға күтеді. «Әдептен аттады, шектен шықты» деп сынайтындар да бар. Редакция мұндай сынды түсіністікпен қабылдайды. Өйткені, телевизиялық өнім дайындау үнемі жетілдіруді, көрерменнің талап-тілегін ескеруді, қажет болса, орынды сыннан қорытынды шығара білуді талап ететін аса күрделі процесс.  «Астарлы Ақиқаттың»  міндеті - кейіпкерлердің іс-әрекетін немесе олардың моральдық-адамгершілік ұстанымын жұрт арасында насихаттау емес, сол арқылы қоғамға ой тастау.  Кім қандай ой түйеді, қандай қорытынды шығарады? Бұл мәртебелі көрерменнің еркінде.     

«Астарлы ақиқаттың» негізгі миссиясы - көмек сұрап келген жандарға қол ұшын созу. Олардың әлеуметтік және тұрмыстық түйткілдерін оңтайлы шешуге қолғабыс жасау, құқықтық кеңес пен жәрдем беру, көз жазып қалған туысқан мен бауырды қауыштыру, теріс жолға түскендердің өмірін өзгертуіне септігін тигізуге атсалысатын бірегей жоба. Бұған бірқатар шығарылым туралы қысқаша шолу айқын дәлел бола алады.

"Әкемнен аулақ"

Қыркүйек. 2020 жыл. Анасынан айырылған алты бүлдіршін, көшеде қалдық деп көмек сұрады.  Астарлы ақиқаттың редакциясы ақпараттарды тексеріп шығып, жетімбіз деген бүлдіршіндердің  әкесінің дін аман екенін анықтады.  Туған перзенттерін тастап кеткен әлгі еркекті  іздеп тапты да.  

Ана мейірімінен мақұрым қалып, әкенің қамқорлығын көрмеген қыздардың тағдырына екі бағдарлама арнадық. Көгілдір экранның арғы бетіннен алаңдаған көрермен де қарап отырмады.  Қайырымдылық қорлары да атсалысты. Сөйтіп, жұдырыққа жұмылып, көшеде қалған қыздарға баспана алып бердік.  Бұл "Астарлы Ақиқаттың" ең үлкен жетістігі еді.

"Ем іздеген егіздер"

Жалғызбасты, көпбалалы ана Гүлмира Мұсаеваның ауыр тағдырына арналған бағдарлама "Ем іздеген егіздер" деп аталды.  Кейіпкеріміздің қос ұлы туа бітті сал ауруына шалдыққан. Отағасы отбасын тастап кеткендіктен, бар қиындық қорғансыз келіншектің мойнында еді.  

Біздің редакцияға  «айықпас дертке шалдыққан балалары адам шошырлық жағдайда өмір сүріп жатырә деп, жергілікті дәрігерлер дабыл қақты. Олар Гүлмираның балаларын арнаулы мекемеге жатқызып, мемлекеттен берілетін жәрдемақыны мемлекетке қайтармақ еді.  Тараптар тыңдалып, жалғызбасты ана өз ақиқатын айтқан соң,  Алматы облысы  Жамбыл  ауданы әкімдігінің  қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің мамандары  Гүлмира Мұсаеваға бір ай мерзім берді.  Осы уақыт аралығында ол жалдамалы пәтерін жөнге келтіріп, балаларына қолайлы жағдай жасауы тиіс еді.

Бағдарламадан соң тығырықтан шығар жол таппай қиналған келіншекке, сарапшылар мен көрермендер көмек қолын созды!  Жақсылық жасаудан жарысқан жандарда аянып қалмады. Тозығы жеткен пәтерді әп сәтте адам танымастай етіп өзгертті. Біздің көмек мұнымен біткен жоқ. Астарлы ақиқаттың эфирінен  арада екі өткеннен кейін  31 жастағы   Гүлмира Мұсаеваға  бес бөлмелі жаңа үй сыйға тартылды .

"Астарлы Ақиқаттың" арқасында ана мен баланың арасы ажырамады. Керісінше, өмірлері ертегідей өзгеріп, бақытты болашаққа қадам басты. Дәл осы шығарылым  ана махаббатының ақшадан биік, алтыннан қымбат екенін ұқтырғандай.

Ана махаббаты демекші, "Құшағыңды сағындым ана" дейтін шығарылымды көрдіңіз бе?  

Бізге тұңғыш рет Өзбекстан Республикасынан Гүлзира Абдуллаева есімді апа хабарласты. «Ұлым Қазақстанға жұмыс іздеп кетіп еді. 15 жылдан бері хабар жоқ.  Қолдарыңнан келсе, көмек беріңдерші»  деді  жылап.  Ақ жаулықты ананың аманатына қиянат жасамадық. Ұлын табудың мүмкіндігі аз болса да, біз іздеуге кірістік.

"Құшағыңды сағындым ана"

<

Ана құшағынан алыс, елден жырақ жүрген Икрам Раджаповты Алматы маңынан іздедік. Сөйтіп, Гүлзира Абдуллаева суреттеген жігітке ұқсас азаматты Ұзынағаштан таптық.  Араға 15 жыл салып студияда кездескен ана мен баланы көргендер еріксіз көзге жас алды. Бағдарламадан кейін, Икрамның құжаттары жасалып, ол туған жеріне аттанды.

 "Астарлы Ақиқат" жақынын жоғалтқан  талай жанға көмектескен жоба. Соның  ендігісі -  Еркежан Ескендірова.  Кейіпкеріміз осыдан 11 жыл бұрын төрт перзентін танымайтын адамдарға беріп жіберген. «Күйеуім күн көрсетпеді, тұрмыс тауқыметі титықтатып, балаларды асырауға шамам болмаған соң, осындай қадамға баруға мәжбүр болдым» деп ақталды ана. «Күндіз ойымнан, түнде түсімнен кетпей, тынышым бұзылды. Амалым құрып, "Астарлы Ақиқатқа" келдім» деді Еркежан. Біз ананың өтінішімен іздеуге кірісіп, Шығыс Қазақстанға аттандық.

"Бермеші бізді"

Аягөз қаласында туылған балаларды Ұржар ауданынан таптық. Қыздардың үлкені Әйгерім мектеп бітіріп, тұрмыс құрған. Екіге бөлінген ана мен баланы  кездестіру мүмкін еместей көрінген. Бірақ Әйгерім "неге туған анамызға керек болмадық" деген сұрақтың жауабын алу үшін студияға келді. 11 жыл бұрын жіберген қателігі үшін Еркежан қызынан жылап кешірім сұрады. Ана мен қызы студия сыртында шер тарқатып, татуласты.

11 жыл, 15 жыл, тіпті 50 жылдан кейін де, жоғалған жанды табуға болады. Оған Анар Байғұлова дәлел.

"Шет жүрсем сағынарым"

Түркістан облысы, Мақтарал ауданында тұратын әжей жарты ғасыр бұрын жоғалтып алған балаларын іздеймін деп хабарласты. Ұлы мен қызы Өзбекстанда, өз жұртында қалған екен. Төрімнен көрім жақын деп жылаған апаның жан жарасын жазуға жәрдем беруге келістік. 50 жыл бұрын өзге елде қалған перзенттерін табудың мүмкіндігі жоқтың-қасы болса да, тәуекелге бел будық. Өзбекстанға сұрау салып, Нағима мен Уәлиханның тарихи отанына қоныс аударғанын анықтадық. Сөйтіп, Қазақстаннның түкпір-түкпірін шарлап, Анар апаның тұңғышын таптық. Жасы жетпіске таянған кейуананың қызы қазір 50-де. Тұрмыс құрып, көпбалалы ана атанған. Бүгінде немере бағып отырған аяулы әже. Өкінішке орай, екінші перзенті Уәлихан өмірден өтіпті. Бірақ, оның артында ат ұстары қалды.

Барға шүкір, жоққа қанағат қылған Анар апаның қуанышында шек болмады. Ет жақындарымен етегі жасқа толып қауышты. Бұл қуаныштың көз жасы еді. Осылайша, "Астарлы Ақиқаттың" тарихында тұңғыш рет 4 ұрпақ кездесті.

Кейде редакиядан көмек сұрап келген кейіпкердің шым-шытырық оқиғасын бір сағатқа сидыру мүмкін болмайды. Сондықтан да, "Астарлы Ақиқат" бірнеше бөлімнен тұратын шығарылымдар жасауға көшті. Соның ең алғашқысы "Тоғыз жылдық толғақ" деп аталды.

"Тоғыз жылдық толғақ"

Алматы облысынан, Ақерке Сатова есімді келіншек хабарласты. Көз жасын көл қылған кейіпкеріміз 9 жылдан бері баласын таппай жүр екен. Бүлдіршінді ұрлап кеткен өзге емес, өзінің азаматтық некедегі күйеуі. Ұлын алып, ұшты-күйлі жоғалған азаматты Қазақстанның бүкіл аймағынан іздедік. Қолымызда бар дерек оның әлеуметтік желідегі жалғыз суреті мен көлігі еді. Оны табуға да сол "Mercedes" автокөлігі көмектесті. Темір тұлпардың ізін қуған редакторлар бірінші Мараттың туыстарын, туыстары арқылы өзін тапты. Тілшілердің әрбір фактіге ерекше назар аударуының арқасында 9 жыл бұрын жоғалған бала да аман- есен студияға келді. Ана мен бала қауышты, араздасқан тараптар мәмілеге келіп тарасты.

Анасы баласы үшін безек қағып, қандай қиындық болса да күресуге дайын екені заңдылық. Ал, ана сәбиін тастап қашып кетсе қайтпек керек?

Иә, "Астарлы Ақиқаттың" тарихында мұндай оқиға болды. "Қойшылардың кайфы" деген шығарылымды көргеніңіз анық.

"Қойшылардың кайфы"

Алматы облысында, 7 жастағы "елес" қыз өмір сүретін. Тура мағынасында емес әрине! "Елес" дейтініміз Сымбаттың өмірде бар екенін дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ. Бүлдіршін туғалы ана махаббатынан, әке мейірімінен мақұрым қалған. Оның ата-анасы бақташы болған екен. Сәбидің жетім қалуына сол мал мен тау себеп. Әкесі қар құрсауында қалып көз жұмады. Оның денесін он күннен кейін бауыры мен полицейлер фазенда маңынан тауып алыпты. Ал, күдікті ретінде азаматтық некедегі әйелі ұсталады. Бірақ, құзырлы орындар Гүлмира Абдылдаеваны кінәсіз деп қоя береді. Басына бостандық алған келіншек, қызынан хабар алмастан жоғалып кетеді. Ал, Сымбатты  әкесінің бауыры Нұрбек Мағзұмов асырап алады.

"Қойшылардың кайфы-2"

Мүмкін сәйкестік дерсіз, мүмкін әдейі жазылған сценарий деп те айтарсыз. Бірақ, ақиқат екені анық. Сымбаттың ауылынан 60 шақырым жерде 8 жастағы Зарина есімді қыз тұрады. Оны да анасы тастап кеткен. Ешқандай құжаты жоқ. Мектеп жасындағы бүлдіршінді апасы бағып отыр. "Астарлы Ақиқат" екі қыздың оқиғасы тек ұқсас емес, аналары да туыс болуы мүмкін деген ұйғарымға келді. Себебі, Сымбатты туған Гүлмира болса, Заринаны Жансая есімді әйел босанған. Екеуінің де тегі Абдылдаева. Апалы-сіңіліні Алматы облысынан іздедік. Фазендаларды кезіп, көпшілікке сұрау салдық. Сөйтіп, көрермендердің көмегімен Гүлмираны Қарақыстақ аулынан, Жансаяны Ұзынағаштағы моншадан таптық. Екеуі де тұрмыста, бейқам өмір сүріп жүр. Бір қызығы олар перзенттерінен 60-70 шақырым қашықтықта тұрады. Құрсағын жарып шыққан қыздарына баруға 200 теңге таппаған безбүйрек аналарды, перзенттерімен студияда қауыштырдық. Жаздық, жаңылдық деп жылаған апалы-сіңілінің махаббаты бағдарламадан кейін сап тиылғандай. Себебі, сәбилеріне құжат жасалғаннан кейін, тағы да хабарсыз кетіпті. Хош, біз үшін қуантарлығы – екі кішкентай қыздың да құжаты бар енді!

Аягөз Жүнісова деген есімді естісеңіз, бірде "Астарлы Ақиқаттың" "Анамент: ақша үшін аянбайтын әйел" атты шығарылымы көз алдыңызға келері хақ.

"Анамент: Ақша үшін аянбайтын әйел"

Бұрынғы күйеуінің қыр соңынан қалмай, 5 млн теңге талап еткен Аягөздің тағдырына 5 бағдарлама арналды. Себебі, көпбалалы ананың өмірі шым-шытырық. Ибибуллам Сайфуллаевтан туған 5 баланы жалғыз асырап жүрмін деп студияда жан даусы шықты. Бірақ, бейкүнә бөбектердің туу туралы куәлігінде әкесінің кім екені көрсетілмеген. Құзырлы орындар құр сөзге сенбейтінін, алимент өндіру үшін ДНК сараптамасын жасау қажет деп Аягөзді бүкіл студия көндірдік. Бағдарламадан соң сараптама орталығында үлгілер алынды. Осыдан кейін, басты кейіпкеріміз пәтерден пәтерге көшіп, ізін суытты. Тіпті телефонға да жауап бермейді. Сөйтіп, 7 күнде студияға келемін деп уәдесін берген Аягөзді 77 күн іздеп, әзер таптық.

"Анамент: Ақша үшін аянбайтын әйел-5"

Аягөз Жүнісованың бізден қашуының себебі бар екен. Студияда балаларымды Ибибулламнан тудым деп сенімді сөйлеген келіншек, сараптамадан кейін көңілдестерінің болғанын мойындады. Перзенттерімнің барлығы бір адамнан болмауы да мүмкін деген ойын айтты. Ал, ДНК қорытындысы кейіпкеріміздің күдігін растап, балардың әкесі Ибибуллам еместігін анықтап берді.

ДНК десе есімізге бірден Марат Омаровтың некесіз немересі түседі. Аты АҚШ-қа жеткен танымал композитордың әулетін "Астарлы Ақиқатта" әйгілі еткен Кәмшат Таубай.

 

"Марат Омаровтың некесіз немересі"

Күнкөріс қамымен Алматыға келген Кәмшат ойда-жоқта Азамат Омаровпен танысады. Ауылдың қарапайым қызы белгілі композитордың ұлына ессіз ғашық болып қалады. Шаңырағы шайқалып, күйзелісте жүрген жігіттің де, жас аруға көңілі ауған. Екеуі Қалқамандағы жалдамалы бөлмеде бірнеше рет кездеседі. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін, Марат Омаровтың ізбасары ұшты күйлі жоқ болып кетеді. Ал, аңғал қыз құрсақтағы сәбиімен жападан жалғыз қалады. Сүйіктім келер деп күттім, бірақ ол оралуды ойлаған жоқ. Қызын бір көру былай тұрсын, тіпті тегін бермеді деп студияда ағынан жарылды Кәмшат. Ал, біз ақиқатқа жету үшін кішкентай Көзайымнан сілекей сынамасын алып, Азаматты күттік.

Марат Омаровтың некесіз немересі-2"

Бағдарлама эфирге шыққаннан кейін, Омаровтар әулеті тайлы тұяғымен "Астарлы Ақиқатқа" келді. Азамат Омаров әкелігін растау немесе теріске шығару үшін сілекей сынамасын тапсырды.

Бағдарлама барысында, жұлдызды отбасы Кәмшаттың сөздерін теріске шығарып, болған оқиғаға қатысты өз нұсқаларын айтты. Мәселен, Зарина Омароваға бауырының некесіз баласы бар екенін, Кәмшаттың әпкесі айтқан. Бірақ, әнші мұны әлдекімдердің әзілі деп қабылдаған. Мұндай болуы мүмкін емес, мүмкін болғанның өзінде інім істегенін мойнымен көтеруі керек деді ол. Жұлдызды отбасындағы жағдай жан-жақты зерттеліп, осы іске қатысы бар адамдардың барлығын таптық. Тіпті, Азамат пен Кәмшатты таныстырып, ғашықтардың кездесуіне бөлмесін берген Байдос та, төрден орын алды. Ол сыныптасының Кәмшаттан қызы бар екенін білген. Бірақ, достыққа берік жігіт екі жыл бойы Азаматқа бұл туралы тіс жармапты. Студияға бұрынғы "ғашықтар" шыққанда біраз ақиқаттың беті ашылды. Себебі, танымал композитордың ұлы Кәмшатпен бір рет кездескенін, алайда қызға қол тигізбегенін айтып ақталды. Тек, тілшілеріміз түсірген видеолар мен нақты айғақтарды көргенде ғана, жақын қатынаста болғанын мойындады.

Ұлымды жақтамаймын да, даттамаймын да деп "Астарлы Ақиқатқа" Марат Омаровтың өзі келді. Аты Қазақстанға, атағы АҚШ-қа жеткен сазгер Көзайым Азаматтың қызы болса, қабылдауға дайынмын деді.

Ал, "TreeGene" генетикалық лабораториясы көп күттірген жоқ. Болжамды әке мен қыздың сілекей сынамаларын зерттеп, биологиялық туыстық ықтималдылығы 99,9% екенін дәлелдеп берді.

Сараптама оң нәтиже көрсетсе, Көзайымды туған немерем деп қабылдаймын деген атақты әнші сөзінде тұрды. Тіпті қызы Заринамен бірге әдемі әнінде шырқап берді. Жұлдызды отбасы студияда берген уәдесін, бағдарламадан кейін де орындап жүр. Отбасымыз тағы бір сұлумен толықты деп қуанып, Түркістанға жиі қатынауда. Әрине, құр қол бармай, материалдық тұрғыда көмектесіп жатыр екен.

2020 жыл Қазақстан эстрадасы үшін оңайға соқпады. Марат Омаровтың немересінен басталған дау, лотореямен жалғасты. Әрине, лоторея дегенде Ернар Айдарды тілге тиек етпеу мүмкін емес. Себебі, тәжвирус адамзат атаулыға қауіп төндіріп, төрт қабырғаға қамап тастағанда, тойдан табатын нәпақасынан қағылған әнші конкурс ұйымдастырған еді. Жүлде қоры қомақты. Алматыдан зәулім 2 пәтер, бизнес санаттағы 4 көлік тікті ұтысқа. Ақшалай сыйлығы тағы бар. Адал әрі заңды ойын деп жарнамасын жасады жақсылап. Жеңістен дәмелі жұрт жаппай билет алды сеніп. Тек сенімге селкеу түсіретін жағдайлар лоторея жарияланған күні-ақ белгі бере бастады. Мәселен, әлеуметтік желідегі "Е.А" конкурс деп аталатын ресми парақшалар бірінен соң бірі ауысты. Ұтыс ойнатылатын күннің де даталары кейінге шегеріле берді. Сөйтіп, коронавирустың таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, блок-бекеттер қойылғанда Ернар Айдар жалдамалы котеджде конкурсын өткізуге бел буады. Тікелей эфирде жеңімпаздарды анықтап, қуанышқа кенелген жандарды әншінің өзі құттықтап жатқанда, бетін бүркемелеп, қару асынған жігіттер сап ете қалды бөлмеге. Жұлдызды жұлдыз демей еденге сұлатқан сәттің видеосы Қазнетте қызу талқыланды. Көпшілік оны карантин талаптарын бұзғаны үшін тұтқындағанын жазып жатты. Ал, "Астарлы Ақиқат" бұл оқиғаны басқа қырынан зерттеп көрді.

Дина Төлепбергеннің тіс қаққан тілшілері Ернар Айдар ұйымдастырған ұстыстың егжей-тегжейіне терең үңіліп, бір емес-бірнеше кемшіліктің бар екенін аңғарды. Келтірілген дәйектерге ден қойсақ.

Тойдан тойға шығып, көңілді әндерімен көпшіктің көңілін көтеріп жүрген әнші лотореясына алты жарнама түсіріпті. Алтауы алты жерде. Бір қараған адам, Ернардың артындағы көліктер бірдей деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ, "Астарлы Ақиқат" әрбір бейнероликті мұқият зерттеп, ұтысқа тігілген көліктердің жиі ауысқанын анықтады. Одан бөлек, бар- жоғы 9 990 теңгеге Алматыдан зәулім пәтер сыйлауға уәде еткен еді. Сол баспанасы да жарнамада бірнеше рет өзгеріп, көкейге күдік ұялатты.

Індет жағадан алып жатқанда, "Астарлы Ақиқат" тұңғыш рет тікелей эфирге шыққан еді. Ернар Айдардың мәселесін Дина Төлепбергеннің командасы май-шаммен қарап, әншіге алданған адамдарды ақиқатқа жетеледі. Студияда нақты деректер көрсетіліп, тіпті пәтер мен көлікке ие болған адамдардың телефонына қоңырау шалып, жеңімпаздардың жалған екенін анықтады. Бағдарлама барысында, құзырлы орындар әншіні карантин талаптарын бұзғаны үшін және алаяқтық іске қатысы бар болуы мүмкін деп ұстағанын айтты. Қарапайым халыққа келтірілген шығын көлемі 200 млн. теңгеден асады. Бұл ақпаратты естіген сарапшылардың пікірі екіге бөлінді. Сенеміз, сенбейміз деп дауласып жатқанда белгілі бизнес тренер Ернармен қоса алғанда 90% әншілерді "шегіртке" демесі бар ма?! Ахметбек мырзаның аузы дуалы ма, әйтеуір тікелей эфирде айтқан осы бір сөзі әнге айналып, трендтен түспеді.

«Әнші емес - шегіртке»

Крыловтың мысалын тура мағынасында түсініп, Ахметбек Нұрсилаға өкпелеген "жұлдыздар" бас көтерді. Шегіртке емеспіз деп студияға Айбек яғни "Бүркіт" пен бүйірін таянып Айгүл Иманбаева келді. Сөйтсек, олардың бағдарламаға бас сұғуының басқа себебі бар екен.

Шетелден шетел қоймай, өзге ұлттың әндерін аударып клип түсіруден жалықпайтын "Бүркіт" шегіртке деген сөзге емес, өзінің ұйымдастырып жатқан лотореясына "Астарлы Ақиқат" анти жарнама жасайды деп қорыққан сыңайлы. Себебі, студияға кіре сала, менің ұтыс ойыным әділ деп ақталып кетті. Оның да жұлде қоры қомақты. Билеттен түскен ақшасы да ауқымды. 200 млн. теңге екен.

Ахметбек Нұрсиланы "шегірткелердің" продюсеріне балаған Айгүл Иманбаева да сол кезде ұтыс ойнатуды бастаған екен. Қалтам қағылатын болды қысылда ма, актриса әрі әнші ашуына ерік берді. Бар қызық бағдарламадан кейін басталды. Айгүлдің "Астарлы Ақиқаттағы" шын бет-бейнесін көрдік деген көрермен комментарийді қарша боратты. Әнші де көп күттірген жоқ. Тауға барып тамаша видео түсіріпті. Тек, локация әдемі болғанымен, Абайдың қара сөзін мысалға алып, халықты тобырға теңеп жібергені отқа май  құйғандай еді. Ол тыңдармандарымен тартысып жатқанда, Дина Төлепбергеннің редакциясы қарап отырмай, Иманбаеваның "иманды" конкурсын зерттеуге кіріскен еді.

Айгүл де, өзге әріптестері секілді ән жинағын 9 990 теңгеге сатып, билет таратқан. Қатысушыларға уәдені үйіп, жиналған қаражаттың белгілі бір бөлігін қайрымылыққа жұмсайтынын айтыпты. Қайрымдылық десе, қарапайым халықтың қарап отырмасын әншілер біледі әрине. Сондықтан "көмекке мұқтаждарға" деген сөз олар үшін пайда табудың кепілі іспеттес. Жарайды, Айгүлдің жайына қайта оралсақ. Әртіс ұйымдастырушыларымен бірге Алматыдағы жасөспірімдірді бейімдеу орталығының әжетханасын жөндеп беруі керек еді. Жөндеп бермепті. Билеттен жиналған ақша діттеген жеріне жетпеген көрінеді. Мұны Иманбаеваның өзіне айттық та, көрсеттік те. Ұяттан кірер тесік таппаған сыңай танытып, өз ақшама "унитаздарын" ауысытырып беремін деген. Ауыстырмапты әлі.

Жә, ол бөлек әңгіме. "Астарлы Ақиқатта" басы дауға іліккен әртіс студияға қайта бас сұқты. Ұрысу үшін емес, кешірім сұрауға келіпті елден. Іштегі шерін тарқатып, ашылып әңгімесін айтты. Лотореяның дұрыс еместігін мойындап, өз ұтысын тоқтататынын ресми мәлімдеді.

Ұтыс ойыны, конкурс, лоторея мәселесін қозғаған бағдарламаның нысанасына талай "жұлдыз" ілікті. Орамал сыйлап, оза шапқан Роза Әлқожа, аппақ гүл ұсынып ұтыс ойнатқан Ақбота Керімбекова, "Карамель" деп еркек атаулыны есінен тандырған Кәмшат Жолдыбаева. Айта берсек, жең ұшына жалғасып кете береді.

Айтпақшы, ән айтатындардың 90% "шегірткеге" теңеп, желіні шулатқан Ахметбек Нұрсила да, "сыбағасын" алды. Себебі, жұлдызды лотореяны ұйымдастырып жүргендер осы кісінің шәкірттері болып шықты. Миллиондап ақша жымқырған жігіттер құқық қорғаушылардың сұрақтарына жауап беріп жатыр.

Ең бастысы, Дина Төлепбергеннің табандылығы, "Астарлы Ақиқаттың" арланбауының арқасында әртістер аңғал халықты алдағанын доғарып, лоторея ойнатуын тоқтатты!

"Торғайлық ақыннан туған"

Келесі кейіпкеріміз де елге танымал азамат. Әнші емес, әншілердің әніне сөз жазып жүрген ақын. Есімі Саят Әбенов. Торғайлық ақын деп таниды көпшілік. Түрлі тақырыпты қозғап, тыңдаған адамты тура жолға салғысы келетін жігіт өз жолынан өзі адасып кеткенге ұқсайды.

Тараз қаласында Саят Әбеновтың бұрынғы әйелі мен тұңғыш ұлы тұрады. Жастай үйленіп, ерте әке атанған ақынның шаңырағы шайқалып, көп ұзамай айрылысып кетіпті. Мұны Алтын Ашабаева студияға келіп айтып берді. Халықтың махаббатына бөленген "торғайлық ақынымыз" өзінің өлеңіндегідей мейірімді емес, сүйікті жарын сабайтын қатігез екен. Науқас ұлына тиын төлеу былай тұрсын, тіпті көрмеген де. Әкесінен аумайтын Тұрлыхан арманын айтып, көзге жас ұялатты. Асқар тауымды бір көрсем, құшағында еркелеп, концертінде басты қонақтың бірі болсам деді кішкентай жүрек. Бірақ, Саят Әбенов студияға келуден бас тартты. Тек телефонмен тіл қатты. Сөзіне сенсек, ұлына ай сайын ақша жіберіп тұратын көрінеді. Оның өтірігін әйелі әшкереледі. Бағдарламадан соң өз ақиқатымды айтамын деп Саят жігіттік сөзін берген. Бірақ, уәдесінде тұрмады. Ал, ауруға шалдыққан атұстарына көрермендер көмектесті.

"Бойжетпеген Бойжеткен"

"Астарлы Ақиқатқа" ауруына ем іздеп келетіндер көп. Мәселен, "Бойжетпеген Бойжеткен" дейтін шығарылымды еске түсіріңізші. Шерешевский тернер синдромына шалдыққан Алтынайды 19 жаста деп ешкім айтпайды. Оның бейнесі мәңгіге 7-де қалып кеткендей. Алтынайды ауруынан құлан таза айықтыра алмайтынымыз анық. Тек науқасын асқындырмау ғана қолымыздан келетін еді. Дұрыс тамақтанып, түнде тыныш ұйықтауы үшін қызға ота жасалуы керек. Күрделі операцияны жасауды Оңтүстік Кореяның білікті мамандары мойнына алды. Шекара асуға Алтынай мен анасына қомақты қаражат қажет. Бағдарламаны дайындап, эфирге жібердік. Бізді қуантқаны- қызға көмек бергісі келетіндердің санында шек болмады. 4 млннан астам теңгені қысқа уақытта жинап берді. Алтынайға шет елде ота жасалып, аман-есен Алматыға оралды.

"Жарты Бет"

Әсел Сүлейменова да өзге қыздар секілді әдемі болғым келеді деп "Астарлы Ақиқатқа" өтініш хатын жолдаған еді. 14 жастағы қыз сәби шағында қызып тұрған пешке бетімен құлаған екен. Содан бері жалын шарпыған жүзін жасырып өмір сүреді. Есейген сайын, қоғамнан өзін оқшаулап тастаған ару енді бұлай жүре алмайтынын айтып жылады студияда. Пластикалық ота жасатып, қалыпты өмірге қайтару үшін көп қаражат керек. "Астарлы Ақиқатқа" келіп алғашқы қадамын жасаған Әселге, бағдарламадан кейін көмектескендер көп. Жиналған ақша 4 млн теңгеден асады. Көрермендер қолда барын беруді әлі де жалғастырып жатыр.

"Астарлы Ақиқаттың" әр маусымында 150-ге жуық бағдарлама көрсетіледі. Көмек сұрап келгендерге қолдан келгенше жәрдем беруге тырысып бағамыз. Мәселесін шешуге кірісіп, аяқсыз қалдырмауға атсалысамыз.

Бұл бағдарламаның 3 маусымына жасалған қысқаша шолу. Назарға іліккені бар, ілікпегені қанша ма? Ең бастысы Дина Төлепберген бастаған топтың нәтижелі жұмысын көріп те, естіп те жүрсіз деп сенеміз.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде