{metadescription}
“Альянс” банкінің бұрынғы басшысы Жомарт Ертаев қамауға алынды
“Альянс” банкінің бұрынғы басшысы Жомарт Ертаев қамауға алынды

“Альянс” банкінің бұрынғы басшысы Жомарт Ертаев қамауға алынды

Танымал қаржыгер, “Альянс” және «Еуразиялық» банктерінің бұрынғы басшысы Жомарт Ертаев қамауға алынды. Оған «Альянс банкінде» басшылық еткен кезінде 1 млрд доллардан астам банк қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр. Бұл жайында бүгін Қаржы полициясының ресми өкілі ақапарат таратты. Біздің тілшіміз Әйгерім Асқарқызы соңғы екі ай ішінде Жомарт Ертаевқа қатысты даулы істің қалай басталып, өрбігенін баяндайды.

Жомарт Ертаевқа қатысты шу осыдан екі ай бұрын, 3-шілдеде басталды. Тура сол күні «Еуразиялық банк» басқармасының төрағасы Жомарт Ертаев пен оның орынбасары Алексей Агеевтің қызметтерінен шеттетілгені туралы Қаржы қадағалау агенттігінің бұйрығы шықты.Онда 2 жарым жыл бұрын Ертаевтың «Альянс» банкін басқарған кезде біраз былыққа жол бергені және Қаржы қадағалау агенттігіне берген есебінде жалған ақпарат көрсеткені айтылған. Жығылғанға жұдырық демекші, дәл сол кезде Ұлттық банктың төрағасы Григорий Марченко: «Еуразиялық банктің» аумалы-төкпелі заманда депозиттерін жарнамалауы бассыздық деп, Ертаевтың жұмысын сынаған. Сөйтіп ол Қаржы қадағалау агенттігінің шешімін қолдады.

Григорий Марченко, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Бұл Ертаев пен Агеев қана емес, сол кезде «Альянс» банкінің басшылығында болған басқа да адамдардың қызметімен байланысты. Құжаттарын бақылаушы органдарға көрсетпеген. Мұның бәрі 2006-2007 жылдары орын алған. Бақылау органдарына жалған ақпарат беру – заңбұзушылық.

Жомарт Ертаев өз кезегінде, Бахмутова ханым бастаған ұйымды сотқа беретінін, ал Ұлттық банк төрағасының қылығын «екінші деңгейлі банктердің ішкі саясатына араласу» деп айыптады.

Жомарт Ертаев:

- Олар ешқандай құжат алған жоқ?! Ұлттық банктың басшысы неге өтірік айтады? Ол кісінің сөзіне сенсек, бір банктен құжаттар жүк көлігіне тиеліп әкетілсе, «Альянс» банктен ұшақпен әкетіліп жатыр. Мүмкін үшінші банк құжаттарды вагонға тиеп жатқан шығар?! Осындай сөзден кейін қай салымшы банкке сенеді?

Қанша қарсылық танытқанымен, Жомарт Ертаев «Еуразиялық банкке» басқарма төрағасы болып қайта оралмады. Тек төрағаның кеңесшісі болып қалды. Ал оның орынбасары Агеевке атқарушы директордың міндеті бұйырған. Шу басылғандай болған еді, соңғы күндері осы аталған екі азаматтың қамауға алынғаны туралы қауесет таралып үлгерді. Ал бүгін бұл ақпаратты Қаржы полициясының өкілі ресми түрде растады. Жомарт Ертаев «Альянс банктың» 1 миллиард доллардан астам қаржысын жымқырды деп айыпталып отыр.

Мұрат Жұманбай, ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі:

- 25-тамызда Алматы қаласы Медеу аудандық соты Ертаевты қамауға алуға санкция шығарды. Құны 1,1 млрд –қа дейін артқан АҚШ-тың дисконттық облигацияларын несие алушылардың пайдасына шоттан шығарған. Оларды шоттан шығару операциялары банктің ешбір бухгалтерлік есептерінде көрсетілмеген.

Жомарт Ертаев Алматының тергеу абақтысына тоғытылды. Алексей Агеев бастапқыда Ертаевтың сыбайласы саналғанымен, қазір қозғалған қылмыстық істе тек куәгер ретінде өтуде. Қазір бұл іспен Бас прокуратура жанынан құрылған арнайы тергеу тобы айналысып жатыр.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде