{metadescription}
Гаити: АҚШ әскерилері 14 күн бойы қирандылардың астында жатқан адамды құтқарды
Гаити: АҚШ әскерилері 14 күн бойы қирандылардың астында жатқан адамды құтқарды

Гаити: АҚШ әскерилері 14 күн бойы қирандылардың астында жатқан адамды құтқарды

Жер сілкінісінен зардап шеккен Гаити астанасы Порт-о-Пренстегі аршу жұмыстары жалғасуда. Елде құтқару шаралары осыдан 3 күн бұрын ресми түрде тоқтатылғанымен, бүгін қаланы үйінділерден тазартып жүрген АҚШ әскерилері қирандылардың астынан 14 күн жатқан тірі адамды тапты. Орта жастағы ер адам біраз әлсірегенімен, дәрігерлер «жағдайы жаман емес» деп отыр.

Аяғы сынып, бет-аузы жараланған тұрғын қозғалмалы госпитальдардың біріне жеткізілді. Қазір оның аты-жөні анықталуда. Естеріңізге сала кетсек, Порт-о-Пренсті жермен-жексен еткен жойқын зілзала қаңтардың 12-де болған еді. Өлген адамдардың нақты саны әзірге белгісіз. Бүгінге дейін 90 пайызы қираған қаладан 150 мың адамның мәйіті табылды. Күшті жер асты дүмпуінен бірде-бір әлеуметтік ғимарат аман қалмаған. Мамандардың есебі бойынша, Гаитиді түгелдей қалпына келтіруге кем дегенде 10 жыл және 20 млрд. долларға жуық қаражат қажет.

Жан Макс Бельрив, Гаитидің Премьер министрі:

- Қайырымдылықтан түскен қаражатқа тек Порт-о-Пренсті ғана емес, бүкіл Гаитиді қалпына келтіргім келеді. Дегенмен, беріліп жатқан көмек әлі де жеткіліксіз. Сондықтан халықаралық қауымдастықтан қосымша көмек сұраймын.

Бүгінде елде қалпына келтіру жұмыстары біртіндеп басталып та кетті. БҰҰ-ы жергілікті тұрғындарды күніне 5 доллар төлеп, аршу жұмыстарына араластыруда. Ал қаладағы қауіпсіздік пен шетелден гуманитарлық көмек қабылдайтын жалғыз әуежайды АҚШ әскерилері түгелдей өз қарамағына алған. Осыған байланысты, гуманитарлық көмек тиеген ұшақтарын Гаитиге қондыра алмай, көрші Доминикан Республикасына аялдауға мәжбүр болған бірқатар елдер Вашингтонға наразылық білдіруде. Ал Пентагон мұндағы әскерін кем дегенде жарты жылға дейін қалдырмақ.

Дэвид Дойл, Гаитидегі АҚШ әскери бөлімінің бастығы:

- Мақсатымыз - елдің қауіпсіздік құрылымдары қайта құрылмайынша, осы жердің қауіпсіздігін қадағалап, халқына көмектесу. Бақылау жұмыстары БҰҰ-ның тәртіп сақшыларымен бірге жүргізіледі.

Ресми мәліметтерге қарағанда, 10 күнге дейін жалғасқан құтқару шараларының барысында үйінділердің астынан 132 адам құтқарылыпты. Айта кету керек, құтқару шараларының өткен жексенбіде тоқтатылғаны белгілі. Жалпы зілзаладан Гаитидің 3 млн-нан астам тұрғыны зардап шеккен.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде