{metadescription}
Ванкувер: мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен үздіктер қатарынан орын алса, Абзал Рахымғалиев жарыс жолынан шығып қалды
Ванкувер: мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен үздіктер қатарынан орын алса, Абзал Рахымғалиев жарыс жолынан шығып қалды

Ванкувер: мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен үздіктер қатарынан орын алса, Абзал Рахымғалиев жарыс жолынан шығып қалды

Ванкувердегі ақ ойындарға үкілеп қосқан Қазақстан құрамасынан жағымды жаңалықтар болмай тұр. Дегенмен мәнерлеп сырғанаудың қысқа бағдарламасында оныншы нәтиже көрсеткен жерлесіміз Денис Тен келесі жаттығуда бақ сынайтын үздіктер қатарынан орын алды. Ал Ванкувер мұз айдынында өз өнерін ортаға салған екінші спортшымыз Абзал Рахымғалиев жарыс жолынан шығып қалды. Спринтте бесінші орын алған қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева пасьюттен өткен жарыста да жоғары нәтиже көрсетті. Елена бұл жолы мәре сызығын он төртінші қиды.

Спринтте көрсеткен нәтижелеріне сәйкес, жарыс жолына бірінен соң бірі аттанған биатлоншылар 10 шақырымдық жарыс бойында қолдарына төрт мәрте мылтық алды. Бүгінгі бәсекенің алтынын алдын ала неміс қызы Магдалена Нойнерге ұстатып қойған көпшілік қателеспепті. Сөреден шыққан бойы зымырай жөнелген Магдалена бүгінгі жарыс жолын тамаша жүріп өтті. Шапшаңдығында міні жоқ Магдаленаның осал тұсы нысана көздеу. Өздеріңіз білетіндей пасьютте мылтық ату секторына төрт рет аялдауға тура келеді. Сол төрт әрекетте бары-жоғы екі мәрте мүлт кеткен Магдалена Нойнер сөреден өзінен бұрын шыққан спринттік доданың жеңімпазы словакиялық Анастасия Кузьминаны артқа тастап кете барды. Сонымен олимпионик деген құрметке Магдалена Нойнер ие болса, оған он екі секундтай ұтылған Анастасия Кузьмина күміс, ал қола медаль француз Мари-Лор Брюненің еншісіне тиді. Осы күні 12 жарым шақырымдық жарыс жолында күш сынасқан ерлер арасында швед Бьорн Ферри топ жарды. Жарыс жолына жеті биатлоншыдан кейін шыққан швед, жол-жөнекей спринттік жарыстың чемпионы француз Винсент Жэйден бастап қалғандарын түгел басып озды. Бір оқты сыртқа жіберген Бьорн Ферри көптен күткен алтынға да қол салды. Бұдан бұрын Солт-Лейк-Сити мен Туриндегі ақ ойындардан жолы болмай қайтқан Ферридің арманы Ванкуверде орындалды. Чемпионға 16 секунд ұтылған австриялық тәжірибелі биатлоншы Кристофф Зуман мәреге екінші жетсе, қола медаль Олимпиада чемпионы атанып үлгерген француз Винсент Жэйдің үлесінде кетті.

Ресей хоккейшілері өз тобындағы алғашқы ойында 8:2 есебімен Латвияны ойсыра ұтса, АҚШ құрамасы 3:1 есебімен Швейцариядан алда болды.

Америкалық хоккейшілерден нәтижелі ойын күткен жанкүйерлер үміті ақталмады. Қорғаныс шебінде сауатты ойын көрсеткен еуропалық хоккейшілер алғашқы үзіліске дейін өз қақпасына шайба жіберіп алды. Бұл ойын сәтінде Бобби Райан көзге түссе, екінші кезеңде жеке басының шеберлігін танытқан Бэкес, одан кейін қақпа алдындағы қарбалас кезінде ептілік танытқан Мэллон есепті 3:0 жеткізді. Дегенмен қарап қалмаған Швейцария құрамасы соңғы кезеңде бір голмен жауап қайтарды. Осы топтағы екінші матчта Норвегияның қақпасына жауапсыз сегіз шайба соққан Канада құрамасы ірі есеппен жеңіске жетті.

Сейсенбіде Еуропа чемпиондар лигасындағы бәсекелер қайта жалғасты. “Милан” өз алаңында 2:3 есебімен Англия премьер лигасының азулы клубы “Манчестер Юнайтедтен” ұтылып қалды.

“Жерлан” стадионында өткен “Лион” мен “Реал” арасындағы матчта алаң иелері үздік шықты. Бұл бәсекенің тағдырын Макун соққан жалғыз доп шешіп берді. Бүгін тағы екі матчқа куә боламыз. Мюнхенде жергілікті “Бавария” италиялық “Фиорентинаны” қабылдаса, “Порту” өз жанкүйерлері алдында Арсен Венгер бастап келген “Арсеналмен” күш сынасады. Соңғы үш жылда өзара төрт кездесу өткізіп, оның үшеуінде “Арсеналдың” жолы болса, бір ойын тең аяқталған.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде