{metadescription}
Үкімет құрамы қайта құруға ұшырап, бірінші басшылар арасында бірқатар ауыс-түйістер орын алды
Үкімет құрамы қайта құруға ұшырап, бірінші басшылар арасында бірқатар ауыс-түйістер орын алды

Үкімет құрамы қайта құруға ұшырап, бірінші басшылар арасында бірқатар ауыс-түйістер орын алды

Бүгін Үкімет құрамы қайта құруға ұшырап, бірінші басшылар арасында бірқатар ауыс-түйістер орын алды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен екі жаңа министрлік пайда болып, тағы екі министрліктің атауы мен атқарар міндеттері өзгертілді. Бұл жайында Елбасы әкімдер мен министрлермен болған бүгінгі алқалы жиында мәлім етті. Президент бұл қадамын Үкіметтің индустриалды-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал ету қажеттілігімен түсіндірді. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, жиналған шенді қауымға өзінің 70-жылдық мерейтойын атап өтпеуді де сұрады.

Президенттің осы жолғы әкімдермен кездесуі индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру тақырыбына арналды. Аталмыш бағдарламаның басым бөлігі өңірлерде атқарылмақ. Тек биылғы жылдың ішінде жүзеге асырылатын 145 жобаның 141-і облыстардың еншісінде.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бағдарламаны қабылдадық,халыққа түсіндіріп жатырмыз, не істеу керек екендігін. Әр облыста, ауданда, қалада қандай нысандарды енгізу керектігін ойластырдық. Егер біз осыны орындайтын болсақ, бір жылдың ішінде ғана 25 мың тұрақты жұмыс орнын жасаймыз, бес жылдың ішінде экономикамызды 30 пайызға өсіреміз. Соның арқасында халықтың әл-ахуалын жөндейміз.

Бағдарламаны ұтымды іске асыру үшін Елбасы Үкіметтің құрылымына да өзгеріс енгізу қажет деп шешті. Осылайша Президенттің бүгінгі жарлығымен екі жаңа министрлік пайда болып, кейбір министрліктердің атауы мен құзыреті өзгертілді. Индустрия және сауда министрлігі бұдан былай Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі болып аталады. Оған ыдырауға ұшараған Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің кейбір функциялары да жүктеліп отыр. Оның басшылығында бұрынғы министр Әсет Исекешев қалды. Оған сондай-ақ, Үкімет басшысының орынбасары деген қосымша лауазым жүктелді.

Сауат Мыңбаев енді дербес Мұнай және газ министрлігін басқарады. «Себебі, бұл саланы үйлестіріп келген «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының мемлекеттік органдармен келіспеушіліктері өршіп кетті» - деді Елбасы. «Қазмұнайгаздың» коммерциялық мүддені жоғары қоятыны белгілі. Жаңадан Экономикалық даму және сауда министрлігі жасақталатын болды. Оның басшылығына Жанар Айтжанова тағайындалды.

Жанар Айтжанова, ҚР Экономикалық даму және сауда министрі:

- Жаңа министрліктің алдында үлкен жауапкершілік тұр. Ол - стратегиялық жоспарлау жұмысын жүргізу, аймақтарды дамыту. Кедендік Одақ пен экономикалық біртұтас аймақты құру жұмысы.

Бақыт Сұлтанов басқарып келген Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жойылып, бюджетті жоспарлау ісі Қаржы министрлігінің құзыретіне берілді. Қайта жасақталған келесі ведомство - Мәдениет және ақпарат министрлігі. Енді мәдениет пен ақпарат саласы екі министрлікке бөлінді. Мәдениет министрінің орны Мұхтар Құл-Мұхаммедтің еншісіне қалса, Ақпарат және байланыс министрілігіне осыған дейін «Қазақтелекомды» басқарып келген Асқар Жұмағалиев тағайындалды. Ақпарат саласының дербес қаралуын Елбасы бүгінгі жаңа технологиямен қатар, ақпараттық кеңістіктің қарқынды дамуымен түсіндірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ақпаратты басқару ісі дұрыс іске аспай отыр. Осыдан 20-50 жыл бұрынғы қарқынсыз жұмыс жалғасып келеді. Еш агрессиялық саясат жоқ, басқару мен қазіргі заман талабына сай жұмыс жоқтың қасы!

Президенттің ескертуін жаңа басшы да дұрыс түсінген болар. Журналистерге әзір былай деп жауап қатты.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Ақпарат және байланыс министрі:

- Бір аптадан кейін барлық БАҚ өкілдерін жинағым келеді. Сөйлесіп, нақты іс-шараларды бекітіп, дамытамыз.

Ауыс-түйіс тек министрліктерде ғана емес, облыс әкімдерінің аппараттарында да жүргізілмек. Себебі, бүгін Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин еліміз бойынша мемлекеттік қызметкерлер арасында ротация жасауды ұсынды. Яғни, жергілікті жерлердегі қызметкерлер мен министрліктегілердің орындарын ауыстыру. Осындай жүйемен жақын уақытта жүзге тарта қызметкер облыстарға жіберілмек. Сонымен бірге мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен әкімдерді жұмыс істеуге пайдасынан гөрі зияны көп жиындар өткізуді, сондай-ақ бюджет қаражатына өз менмендігі үшін жаңа көлік пен жиһаздар алуды, туған күн секілді той- томалақтар жасауды тоқтатуды тапсырды. Елбасы Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннің Елбасының биылғы 70 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты ұсынысын да қолдамай тастады.

Аслан Мусин, Президент әкімшілігінің жетекшісі:

- Әр әкімнің, министрдің, мемлекеттік қызметкердің, «Нұр Отан» партиясы мүшесінің жұмысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін халыққа үздіксіз жеткізуге бағытталуы керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тоқтай тұр, мұндай мәтінді қайдан алдың? ....Сонымен, Елбасының ешқандай мерейтойы болмайды. Егер кімде-кім мерейтойға қатысты шараны бастаса, қызметінен аламын. Мерейтойға ешбір, ешқандай дайындық болмайды. Әдеттегідей қала күні аталып өтеді.

Демек, жаңадан тағайындалған министрлер мен өзге де жауапты мемлекеттік қызметкерлерді алдағы уақытта бір ғана мәселе алаңдатуы қажет. Ол - Үкіметтің индустриалды-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыру. Елбасы: «Бағдарлама жүзеге асып, халық игілігін көрсе, мен үшін үлкен мереке осы», - деп сөзін шегеледі.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде