{metadescription}
Шығыс Қазақстан: құтқару жұмыстарына жұмылдырылған Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырап, 8 адам көз жұмды
Шығыс Қазақстан: құтқару жұмыстарына жұмылдырылған Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырап, 8 адам көз жұмды

Шығыс Қазақстан: құтқару жұмыстарына жұмылдырылған Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырап, 8 адам көз жұмды

Шығыс Қазақстан облысында құтқару жұмыстарына аттанған Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырап, 8 адам мерт болды. Кеше Үржар ауданына жолда қалғандар мен науқастарға көмек көрсету үшін облыстық төтенше жағдайлар қызметінің екі тікұшағы аттанғанын хабарлаған болатынбыз. Сол уақыттан бері тікұшақтардың біреуімен мүлдем байланыс үзіліп, оны іздестіру шараларына облыстық Төтенше жағдайлар департменті, Үржар ауданының әкімдігі мен жергілікті әскери қызметкерлер жұмылдырылған. Алайда оқыс оқиға қайғылы аяқталды. Апатқа ұшыраған тікұшақ Мақаншы ауылынан 8 шақырым жерден табылды.

Ми-8 тікұшағы Үржар ауданына кеше түс кезінде шыққан болатын. Олар сол ауданда қалың қар мен боран салдарынан емханаға жете алмай жатқан ауыр сырқаттарды аудандық ауруханаға апаруы тиіс еді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жіберген тікұшақ соңғы рет Үржар ауданының Каработа ауылына қонып, Көктерек және Благодарственное ауылына бет алған екен. Бортында 3 экипаж мүшесі, 2 дәрігер мен 17 жастағы бір науқас, сондай-ақ Мақаншы ауылдық округының әкімі Ерболат Сағымбеков пен Благодарственное ауылдық округының әкімі Болат Ибраев болған. Алайда кеше түскі екілер шамасында соңғы рет байланысқа шыққан тікұшақ экипажынан сол беті хабар үзілген.

Владимир Власов, ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

- Жергілікті тұрғындар тікұшақты Көктерек пен Благодарственное ауылының үстінен көріпті. Негізінде сол ауылға қонуы керек еді, бірақ белгісіз себеппен әрі қарай ұшып кеткен.

Оқыс оқиға бола салысымен, аудандық әкімдік 1 сүйрегіш көлік пен 2 қарда жүретін техниканы пайдаланып, жоғалғандары өз бетінше іздеуге шыққан еді. Ал бүгін облыс орталығынан жіберілген арнайы тікұшақтағы іздестіру тобы ауа райының қолайсыздығына байланысты сағат 3-те ғана Мақаншы ауылына жетті. Кейін анықталғандай, құлаған тікұшақты аудандық шекара қызметкерлері Мақаншы ауылынан 8 шақырым жерден тапқан. Апат себептерін мамандар былай түсіндірді.

Владимир Власов, ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

- Тікұшақ жерден үлкен биіктікте, әуеде жарылды деуге негіз бар. Өйткені оның сынықтары 800 метр радиустан табылды. Сондықтан мұндай жағдайда адамдардың тірі қалуы мүмкін емес.

Ал облыс аумағында әлі қарлы боран басылмай жатыр. Қазір Өскемен- Қалбатау тас жолында із-түссіз жоғалған бір жеңіл автокөлік іздестірілуде. Көлік ішінде екі ересек адам мен үш бала бар. Бүгін дәл осы өңірде иен далада қалған 20-дан астам адам құтқарылды. Сонымен қатар Ұлан ауданында екі жүкті әйел құтқарушылардың арқасында емханаға жеткізілді. Семейде де қатты боран жалғасуда. Қалаға кіріс-шығыс жолдардың барлығы жабылды.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде