{metadescription}
Альберто Контадор бас бәйгеге ие болды. Қазақстандық Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден  әлем чемпионы атағын жеңіп алды
Альберто Контадор бас бәйгеге ие болды. Қазақстандық Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден  әлем чемпионы атағын жеңіп алды

Альберто Контадор бас бәйгеге ие болды. Қазақстандық Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден әлем чемпионы атағын жеңіп алды

Про-тур аясындағы көпкүндік “Париж-Ницца” велододасында отандық велоклуб - “Астананың” велошабандоздары тағы ерледі. Жеті кезеңнен тұратын велотурдың бас бәйгесін “Астананың”лидері испандық велошабандоз Альберто Контадор жеңіп алды. Тиррено-Адриатико велододасына қатысып жатқан велошабандоздарымыз да жүлдесіз қалған жоқ. Дәстүрлі жарыстың бесінші кезеңінде “Астананың” намысын жыртып жүрген италиялық Энрико Гаспаротто мәре сызығын бірінші қиса, жерлесіміз Максим Иглинский үшінші нәтиже көрсетті.

Команда құрамы үлкен өзгерістерге ұшыраған “Астананың” биылғы аяқ-алысы да жаман емес. “Тур де Франста” олжа салған команда құрамы жан-жаққа тарап кеткенде, отандық клубтың ертеңіне күмәнмен қарағанымыз рас. Леви Лайфаймер, Ярослав Попович және Андреас Клоден секілді сайыпқырандар өз елінде жаңа команда жасақтаған америкалық әйгілі велошабандоз Лэнс Армстронгтың соңынан ілесті. «Астананың» сол кездегі жұлдызды құрамынан қалған жалғыз үмітіміз Альберто Контадорға да құда түскендер аз болған жоқ. Испандық жігіт “Астана” қосын тастап кетпеді. Жеті кезеңнен тұратын “Париж-Ниццаға” өзімен бірге бір топ әріптестерін ерте шыққан Контадор, Францияға жай турист ретінде келмегенін бірден байқатты. Спринтерлік үш кезеңнің нәтижесі бойынша алғашқы алтылықтан орын тепкен “Астананың” капитаны таулы аймақ арқылы өрбіген төртінші кезеңде топ жарып, жалпы есепте бірінші орынға көтерілді. Қалған үш кезеңнің жарыс жолында алған бетінен қайтпаған Альберто Контадор осымен екінші рет “Париж-Ниццаның” жеңімпазы атанды. Ал Ниццада мәресіне жеткен соңғы шешуші кезеңде француз Амел Мойнар жеңіске жетті. Осы күндері “Астананың” бір топ өкілі Италияда өтіп жатқан “Тиррено-Адриатико” веложорығында бақ сынасуда. “Қос теңіз” велотуры аталатын Апениндегі жарыстың бесінші кезеңінде “Астана” қосында өнер көрсетіп жүрген италиялық велошабандоз Энрико Гаспаротто мәреге бірінші келді.

Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Катар астанасы Дохада аяқталған жабық залдағы әлем чемпионатында жерлесіміз 15 метр14 см қашықтыққа қарғыды.

Осы үш қарғып секіру секторында сынға түскен ерлер бәсекесінде 20 жасар француз Тедди Тамо әлем рекордын жаңартты. Оның көрсеткен нәтижесі 17 метр 90 см тең. Атақ-даңқы бір басына жетіп артылатын әйгілі ресейлік атлет Елена Исинбаева тағы да құр алақан қалды. Былтыр Берлиннен жүлдесіз қайтқан сырықпен секірудің қас шебері Дохада төртінші орынды місе тұтты. Бұл жолы алтын жүлдеге 4 метр 80 см биіктікті бағындырған бразилиялық Фабиона Мурер лайық болып шықты.

«Формула-1» спортынан Бахрейнде аяқталған әлем чемпионатының алғашқы кезеңінде “Ферраридың” өкілі Фернандо Алонсо үздік шықты.

Жаңа ережемен өткен маусымның беташар додасы пилоттарға ауыр тиді. Неміс Нико Хюлкенбергтің көлігінің моторынан ақау шығып бәйгені ерте тәмамдаса, жарыс кезінде алғашқы үштікте келе жатқан “Рэд Буллдық” Себастьян Веттел де бәйге аяқталар тұста сәтсіздікке ұшырады. Мәреге бірінші жеткен әлемнің екі дүркін чемпионы Фернандо Алонсо өзгелерге қарағанда жаңа үрдіске дайын болып шықты. Оның командалас әріптесі бразилиялық Фелипе Масса екінші , ал “Макларен” сапындағы ағылшын Льюис Хэмилтон үшінші орынды иемденді. Биылдан бастап "Мерседестің" рөліне отырған әйгілі Михаэль Шумахер Маннамадағы бәйгені алтыншы нәтижемен аяқтаса, корольдік доданың былтырғы чемпионы Джонсон Баттон жетінші орынға табан тіреді.

Индиан-Уэллсте жүлде қоры 4 миллион 500 мың АҚШ долларын құрайтын “Мастерс” санатындағы ірі турнир өтіп жатыр.

Бірінші кезеңнен сүрінбей өткен қазақстандық Евгений Королев екінші айналымда швециялық Робин Содерлингке 2:6, 4:6 есебімен жол берді. Өткен жылы осы сынның финалында сүрінген британиялық Энди Маррей италиялық Андреас Сеппиден айласын асырды. Қос сетте де 6;4 есебімен жеңіске жеткен Маррей енді үшінші кезеңде америкалық Майкл Расселмен кортқа шығады. Ал Франциялық Жо Уилфрид Тсонго австралиялық Маринко Матошевичті ұтты. Мұндағы есеп – 6:1, 6:3

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.