{metadescription}
Қырғызстан: қақтығыс кезінде қаза тапқан бірнеше азаматтың мәйіті табылды
Қырғызстан: қақтығыс кезінде қаза тапқан бірнеше азаматтың мәйіті табылды

Қырғызстан: қақтығыс кезінде қаза тапқан бірнеше азаматтың мәйіті табылды

Қырғызстанның оңтүстігінде қақтығыс кезінде қаза тапқан бірнеше азаматтың мәйіті табылды. Сондай-ақ, ресми мәліметтер бойынша, 70 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Оларды іздестірумен айналысып жатқан милиция мен әскерилердің жұмысына жоғалған азаматтардың туыстарының көңілі толмайды. Сондықтан олар туыстарының не өлі, не тірі екенін тез арада анықтап беруді талап етуде.

Сәлима Алықұлова күйеуін іздегеніне бір ай болды. Оның жұбайы Оштағы қақтығыс кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен, содан бері хабарсыз. Сәлима өзге де жоғалып кеткен азаматтардың туыстарымен бірге күн сайын Ош орталығындағы штаб-пәтерге жиналады. “Штаб-пәтер” деп атайтын дала қосынының іші-сыртына жоғалған азаматтардың суреттері ілінген.

Сәлима Алықұлова, жоғалып кеткен азаматтың жұбайы:

- Ең алдымен мәйітханаларды аралап шықтық. Сосын милицияға арыз жаздық. Жергілікті әкімшілікке көмек сұрап бардық. Енді туыстарымыздың суретін алып, көшедегі адамдардан сұрастыруға кірістік.

Ресми мәлімет бойынша, Оштағы төңкеріс кезінде 70 адам жоғалып кеткен. Кеше 6 адамның мәйіті табылды. Оның екеуі МАИ-дағы қызмет орнынан тұтқындалып әкетілген жол сақшыларының мәйіттері. Сонымен, жалпы саны 13 адамның денесі табылды. Ал із-түзсіз жоғалып кеткендердің туыстары құқық қорғау орындарының жұмысына көңілі толмайтынын білдірді.

Енді олар жоғалғандарды іздестірумен айналысып жатқан милиция мен әскерилерге нақты талап қойып отыр.

Айбек Қарабеков, жоғалып кеткен азаматтың ағасы:

- Ел тарапынан қоныстарды тездетіп тазартуға шарт тузеп беріңіздер. Ер-азаматынан айырылғандарға, жетім қалғандарға қаржылық көмек көрсетіңіздер. Материалдық жәрдемді тез арада берулеріңізді сұраймыз.

Ресми мәлімет бойынша, Ош және Жалалабад облыстарында қаза болғандардың саны 309 адамға жетті. Ал Ошта адамдардың із-түзсіз жоғалу деректеріне қатысты 59 қылмыстық іс қозғалып, тұрғындардан 100 шақты қару-жарақ тәркіленді.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде