{metadescription}
Спорт колледжінде “Отаным-бақыт ордасы” шарасын өткізудің сәті түсті
Спорт колледжінде “Отаным-бақыт ордасы” шарасын өткізудің сәті түсті

Спорт колледжінде “Отаным-бақыт ордасы” шарасын өткізудің сәті түсті

Алматыдағы Республикалық спорт колледжі еліміздің жастар құрама командаларын жасақтауда үлкен үлес қосып жүрген бірден-бір оқу орны. Қайсы спорт түрін алып қарамаңыз, Қазақстан жастар құрамасының негізін осы колледж түлектері құрайды екен. Бүгін чемпиондар ұстанаханасы аталып кеткен колледжде “Отаным-бақыт ордасы” айдарымен салтанатты жиын өтті. Бұл спорттық шеру соңғы екі-үш ай төңірегінде әлемдік додаларда олжа салған жас спортшылардың құрметіне орай өткізілді.

Бүгінгі өркениетті заманда үлкен спорттың маңызы өте жоғары. Мысалы, әнұран мемлекет басшысы мен әлемдік форумда алтыннан алқа таққан спортшылардың құрметіне ғана шырқалатыны көп жайдан хабар берсе керек. Бұдан шықты бүгінгі жас батырлар мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін түсініп өскені абзал. Ол үшін орайы келгенде түрлі насихат шараларын өткізіп тұру керек. Республикалық спорт колледжінде осындай маңызды шара өткізудің сәті түсіпті. Бұл жиынға Сингапур олимпиадасында күміспен күптелген таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев, Будапешт боз кілемінде грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдесін иемденген Айсұлтан Байзақов және Мароккода өткен әлем біріншілігінде айды аспанға шығарған дзюдо балуандары Елдос Сметов, Наурызбек Майлашев, Ілияс Исмагиловтың жеңістері арқау болыпты.

Мароккода бірінші орын алған дзюдошы Елдос Сметов бір күн ішінде татамида алты кездесу өткізіп, оның бәрінде айқын басымдық танытқан. Чемпионның Мароккодағы жеңісін математикалық есеппен баяндасақ, Елдос алты кездесудегі белдесулеріне бары-жоғы алты минут жіберіп, ал ақтық сында жапон балуанын он секундқа жеткізбей алып ұрған.

Шәкірттері ерлеп тұрған колледж директорының еңбегі де бағаланбай қалған жоқ. Салтанатты жиынға қатысқан Ұлттық олимпиадалық комитеттің өкілі Сергей Королев Амалбек Тшановты арнайы медальмен марапаттады. Мұндай спорттық шерулер дүбірі жақындап қалған жазғы Азиада ойындарынан кейін де жалғасын табары сөзсіз. Өйткені Қазақстан спорт делегациясы сапында жазғы Азия ойындарына республикалық колледждің жиырма шақты өрендері аттанып барады.

Футболдан Голландия біріншілігінің 11-ші тур ойындары аяқталды. Аталмыш елдің ең байырғы командаларының бірі “Виллем II” –ге қонаққа барған “Твенте” алаң иелерін 1:3 есебімен қапы қалдырды.

Кездесудің 15-минутында ван Заанен бірінші голды өз атына жазғанымен, бірінші тайм аяқталмай жатып-ақ “Твенте” есепте алға шығып үлгерді. Турнир таблицасының соңында қалып қойған “Виллем II” қауқары екінші таймның ортасынан ауғанда анық байқалды. Ойын тізгінін өз қолына алған “Твенте” кездесудің 64-минутында таблодағы көрсеткішті 1:3-ке жеткізді. Қонақтар сапында өнер көрсеткен де Йонг қос нәтижелі соққының авторы атанды. Осы күні өткен екінші кездесуде атақты “Аякс” өз алаңында “Херенвенге”дес бермеді. Ойын басынан алаңдағы үстемдікке ие болған алаң иелері 3:1 есебімен жеңіске жетті. Осы кездесулерден кейін әзірге екінші келе жатқан “Твенте” мен үшінші орындағы “Аякс” арасын небәрі 1-ақ ұпай бөліп тұр.

Кәсіпқой бокстан әлемнің 7 дүркін чемпионы Мэнни Пакьяо өзінің кезекті жекпе-жегіне білек сыбана дайындалуда. 13 қараша күні Антонио Маргаритомен жұдырықтасатын филиппиндық бұл жолы жеңіске жететіндігіне сенімді, алайда қарсыласын әдеттегідей нокаутпен жығатындығына уәде бере алмайды.

Лос-Анджелесте жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатқан Пакьяо: “Мен өте ауыр жекпе-жекке дайындалдым, барлығы менің мықты және жылдам екенімді көретін болады”, - деді. Бірақ атақты боксшының бапкері Фредди Роуч өз шәкіртін жоғалтып аламын деп қауіптенуде. Жақында ғана тәжірибелі боксшы Отанында конгресске халық қалаулысы ретінде сайланған. Енді бапкердің айтуынша, Пакьяо боксқа бұрынғыдай көңіл бөлмей жүрген көрінеді. Өз кезегінде Антонио Маргарито да азулы қарсыласынан еш қаймығып тұрған жоқ. Ол Пакьяо бұрынғы қарқынын жоғалтты деп сенуде. Аталған керемет бокс кеші Арлингтондағы “Даллас Кавбойс Стэдиум” аренасында өтеді.

Мұхиттың арғы жағында хоккейден ұлттық лиганың тұрақты чемпионаты жалғасуда. Чикагоға қонаққа келген “Лос-Анджелес Кингс” алаң иелерінен өте алмады.

Айдын иелері 5-минутта есеп ашып үлгерді. Өз командасын алға шығарған Доуэль Джейкоб болатын. Алайда 9-минутта Уильямс Джастин таразы басын теңестірді. Бірақ бұл “Кингстің” осы матчтағы жалғыз голы болды. Кейін Стэлберг Виктор және Шарп Патрик қанжығаларын майлады. Қорытынды есеп - 3:1, “Блэкхокс” жеңісі. “Рейнджерс” 4:6 есебімен “Атлантадан” ұтылды. Ал “Монреаль” 5:3 есебімен “Айлендерсті” қапы қалдырды. Сонымен қатар өз алаңдарында “Тампа”, “Чикаго” және “Сан-хосе” жеңіске жетті.

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.