{metadescription}
Ақтүтек боран 6 облысты әбігерге салды
Ақтүтек боран 6 облысты әбігерге салды

Ақтүтек боран 6 облысты әбігерге салды

Ал еліміздің басым бөлігінде боранда жолға шыққан мыңға жуық адам қар құрсауында қалды. Жамбыл облысында ақтүтекте құтқарушылар көліктерді емес, адам жанын аман алып қалу үшін алысқан. Ал Ақтөбе облысында ескертпені ескермеген көліктер 3 күннен бері жандарын күйттеген жолаушыларымен қарға батып әлі тұр. Солтүстік пен шығыс аймақтарда өткен аптада білінген жылылықтан соң күн күрт суытып, сақырлаған сары аяз күшіне мінді. 

Солтүстік Қазақстан облысында үш күннен бері сақырлаған сары аяздың беті қайтар емес. Төтенше жағдай қызметкерлері жолда тұрып қалған үш жүк көлігі мен Астана Қостанай бағытындағы автобус жолаушыларын аяздан құтқарды. 

Семейдегі биылғы күн райы былтырғыдан өзгерек. Демалыс күндері жаңбыр жауып, арты қарлы боранға ұласты. Енді үскірік аяздан мектептер мен колледждерде сабақ тоқтаған. Ал Ақтөбе облысында жүзге тарта көлік үш күннен бері қар құрсауында тұр. Қарабұтақ-Ырғыз жолының бойында иіріліп тұрған көліктерді қардан аршып алуға ешкім асығар емес. Есесіне өңірдегі құтқарушылар қар құрсауынан 300-ге тарта адамды алып шықтық деп есеп беріп отыр.  

Жамбылда да ақтүтек боран. Жолдар жабылып, Оңтүстік Қазақстан облысымен байланыс үзілген. Күйік, Шақпақ асуынан көліктер шыға алмай жолда қалды. 400 жолаушысы бар 8 автобус және 45 жеңіл көлікті құтқарушылар қар құрсауынан сүйретіп шығарыпты. Арасындағы аяғы ауыр әйелге жеке көмек көрсету қажет болды.

Қыс жылдағыдай қытымыр мінез көрсетпесе де, Шығыстың шаруасы да шатқаяқтап тұр. Қазір Өскеменде қатынас қиындап, жолда қалып қойған екі жүздей көлікке көмек берілген. Айта кетсек, қар түскелі мұндай оқиға шығыста бірінші рет тіркеліпті. Табиғаттың тосын мінезіне арнайы қызметтер дайын болмай шығып, құтқарушыларға бір тәуліктей табанынан таусылуға тура келген.

-Қарағанды облысында да қарға батып қалғандардың қарасы қалың болды. Өңірдегі төтенше жағдайлар басшылығы 200-ге тарта адамды ақтүтектен « аман алып шықтық» деп есеп беруде. Ал синоптиктер наурыз айында әлі  боран болады деп отыр.  Сондықтан арқаны кеңге салмауға кеңес береді. 

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

29 мамыр

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде