{metadescription}
Алматыда зағиптар аштық жариялады
Алматыда зағиптар аштық жариялады

Алматыда зағиптар аштық жариялады

Зағиптар жаппай аштық жариялап жатыр! Бүгін Алматыдағы соқырларға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнының қызметкерлері басшылыққа наразылықтарын осылай көрсетті. Айтуларынша, қызметтен қуылғанмен сот шешімімен жұмысына қайта оралған жандарды Қазақ зағиптар қоғамының президенті қудалап, тіптен қызмет орнына кіргізбейтін көрінеді. Ашынған зағип жұмысшылар кешелі бері ас-судан бас тартуда.

Көздері көрмегенмен, сөздері сүйектен өткен топтың қарасы қалың болмаса да, тартқан тауқыметі ауыр. Алматыдағы зағип жандарға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнының қызметкерлері құқайға әбден тойдық дейді. Жағдайлары жеткенше жұмыс істеуге тырысқанымен, басшылық мезі қылған. Белшеден батқан бассыздыққа шыдамаған топтың бір бөлігі кәсіпорын ішінде аштық жариялап жатып алды.

Гүлшахар Жақыпова, Қазақ зағиптар қоғамының мүшесі:

-Біз аштық жариялаймыз бұл жерден кетпейміз. Ешқайсысымыз кетпейміз. Болмаса қақпадан секіріп өтеміз. Қысқасы біріміз өліп біріміз қалайын деп жатырмыз.

Тас қабырғаның ішінде ас-сусыз жатқан жандарды бүгін тыстан құлыптап тастаған көрінеді. Сөйтіп, әжетханаға да шыға алмай қалған. Қызметінен қуылсын деп жылдар бойы қаншама адам қақсағанымен орынтағынан бір елі де сырғымайтын қоғам басшысының құқайы дейді мұның бәрі. Ал қамаудағылардың есігі тек түстен кейін ашылды.

Есік ашылған бойда тұра ұмтылған әйел – аш жатқандардың бірі. Екінші аштық жариялаушы Алтынай Ибрагимова. Ол дәл осы өзі қамалған соқырларға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнын басқарған. Бірақ ақша жеді деп айыпталып, 2 жыл бұрын қызметтен қуылған. Кейін сот шешімімен жұмысына қайта оралыпты. Алайда Қазақ зағиптар қоғамының президенті оны тағы шеттеткен.

Алтынай Ибрагимова:

-Қазақ соқырлар қоғамының президенті Әубәкіровтың тарапынан біздерге болған қысымшылықпен заң бұзушылықтың шектен шыққанына байланысты аштық жарияладық.Бізді жұмысқа кіргізбей отыр, үш адамды бүгінгі күні.

Қоғам басшысы болса, Ибрагимованың өзін кінәлап отыр. Ақша жымқырды деген айыбын бетіне басуда. Ал қайта орналасқан қызметінен қуылғанына мен кінәлі емеспін дейді.

Байболат Әубәкіров, Қазақ зағиптар қоғамының президенті:   

-Мен соттың шешімін орындадым, бірақ бізде Орталық басқарма бар ғой. Олардың талабы бар, ондай адамды жіберуге болмайды. Өйткені ол заңсыз келіп мөрді  алып, ақшаны алып кеткен кездері болған. Соттың шешімі оны шығарса да бәрібір заңсыз келіп адамдарды жинап алып кәсіпорынға кіріп алып қаншама ақшаны алып кетті. Ол қазірде соны істегісі келіп отыр.

-Осылайша, зағиптар қоғамының президенті Алтынай Ибрагимованы қызметіне қайтарған сот шешімімен басы бүтін келіспейді. Бел кеткенше беріспей, Жоғарғы сотқа дейін жүгінбек. Ал аштық жариялаған екеу қайтадан жатқан бөлмелеріне кіріп алды. Байболат Әубәкіров қызметтерін кері ұсынбайынша нәр татпақ емес. Шын жыласа соқыр көзден де жас шығадының кері бұл.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде