Алматылық имам полицейлерге пара алудың ауыр күнә екенін ескертті
Діндарлар тәртіп сақшыларына пара алудың ауыр күнә екенін ескертті. Күш құрылымдарының жемқорлыққа қарсы жиынына мешіт өкілі арнайы шақыртылған екен.
Автор: Досжан Маратұлы
04.02.2015
Офицерлер алдымен парақор шенеунік жайындағы бейнебаянды қарады. Онда лауазымды тұлғаның харам жолмен пайда табамын деп түрмеге жабылғаны көрсетілген. Артынша Алматы мешіттерінің бірінің бас имамының уағызын тыңдады. Заңды қанша қатайтқанымен, ашкөздерден арыла алмаған күш құрылымдары қызметкерлерін енді Құдаймен қорқытудан басқа амал қалмаған сыңайлы. Бұдан бөлек экстремизм жайы да сөз болды. Әсіресе, қазір жазасын өтеп жатқан лаңкестерге өте сақ болуға шақырды.
Ернат Ақылжанов, Алматы қалалық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:
-Өйткені ұйымдасқан қылмыстық топтың өз мақсаты бар. Олардың ішінде ұры, қарақшылық жасағандар бар. Кісі өлтіргендер бар. Егер солармен экстремистердің идеологиясы бірігіп кетсе, құдай сақтасын арты қауіпті болуы мүмкін.