{metadescription}
Петропавлда көпбалала ана шенеуніктерден үй сұрады
Петропавлда көпбалала ана шенеуніктерден үй сұрады

Петропавлда көпбалала ана шенеуніктерден үй сұрады

Петропавлда жеті баласы бар отбасы көмекке зәру. Сегізінші  перзентін жуырда дүниеге әкелгелі отырған батыр ананың балалары асқа жарымай отыр. Отағасының табысы жалдамалы пәтерден артылмайды. Ал балалардың жәрдемақысы тамаққа да жетпейді екен. Олар нанның өзін перзенттеріне мөлшермен ғана береді.

Мейірмановтар отбасы Петропавлға жуырда Көкшетаудан көшіп келді. Оның алдында 12 жыл бойы Астанада баспана жалдап тұрған. Көп балалы отбасы ретінде елордада пәтер кезегінде он мыңыншы болып тұр. Ол жақта күн көру қиын болғандықтан, іргедегі Көкшетауға көшіпті. Енді Петропавлда тентіреп жүр.

Бақытберген Мейірманов, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Осы баспана мәселесі болса болды. Басқа еш нәрсе сұрамаймын. Үй керек. Қалғаны енді бірдеңе болатын нәрсе ғой.

Отбасының тұңғышы Сержан 6-шы сыныпта оқиды. Інісі Нұрдәулет бір жас кіші. Араға жеті жыл салып дүниеге келген Әлия төртте. Осы қыздың  артынша үшем туылыпты. Олардың ішіндегі Дәрияның туабітті жүрегі ауырады. Бірнеше отадан кейін бала сал боп қалған. Кенжесі жуырда бірге толды. Отанасы Айгүл енді екі айдан соң құрсағындағы перзентін босанбақ.

Айгүл Тоқсанбаева, көпбалалы ана:

- Ал үшемнен кейін алты айдан кейін Сәниямды көтеріп отырмын. Оны туып болғаннан кейін, алты айдан кейін тағы көтеріп отырмын. Алла берейін десе есебін табады негізінде.

Отағасы көрші дүкенге жүк тасушы болып жұмысқа тұрған. Күніне табатыны екі мың теңгеге де жетпейді. Мына пәтерге айына 50 мың теңге беріп отыр. Ал тамақ пен киімге балалардың жәрдемақысынан жырады.  Отбасының бұл жағдайынан шенеуніктер хабардар болып шықты.

Ольга Букина, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

-Олар бізге келіп нақты көмек сұрамады. Сондықтан бұл отбасына барып , жағдайларын тексеретіндей бізде негіз жоқ. Білуімше, олар өздеріне тиесілі барлық жәрдемақыларды алып отыр.

Атқамінерлердің айтуынша, отбасы Астанада тіркеуде тұрғандықтан Петропавлда оларды пәтер кезегіне қоюға болмайды. Ал біздің көзімізше балаларына тамақ бермекші болған Айгүл дастарханға наннан басқа ештеңе қоймады. Сары май бұл отбасы үшін арман. Қанттың соңғы қасығын жаңа ғана ботқаға қостым дейді батыр ана. Сондықтан бұл көпбалалы отбасы көпшіліктің қандай да бір көмегіне мұқтаж.  

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде