Алматыда науқас әйелін қызғанған күйеуі жедел-жәрдем дәрігерін кірпішпен ұрып реанимациядан бір-ақ шығарды
Науқасқа барып оңбай таяқ жеді! Алматыда жұмыста жүріп соққыға жығылған жедел-жәрдем дәрігері өлім аузында жатыр. Шақыртуға шыққан 26 жастағы Наркескен Сейсенбаевты сырқаттың күйеуі басынан кірпішпен ұрып сұлатыпты. Миына қан құйылған дәрігер бірден комаға түскен. Жалпы жедел жәрдем қызметіне жұдырық ала жүгіретіндер соңғы уақытта көбейіп барады. Ақ халаттылар бұған дейін де талай мәрте көзі көгеріп, аяқ-қолы сынып жүргендерін айтып шағымданды.
Автор: Аруна Ортай
26.11.2015
Дәрігерлер жабылып әріптестерін құтқаруға талпынуда. Кеше ғана кезекшілікте жүрген Наркескен Сейсанбаев бүгін жансақтау бөлімінде жатыр. Оны жедел жәрдем шақыртқан тұрғындардың өздері өлімші етіп сабаған.
Нұрсұлтан Төлебаев, фельдшер:
- «Күйеуі болам, мен кірем» деді машинаға. Біз «кірмейсіз қазір түсіріп алайық, кіресіз, түсініп тұрмыз күйеуі екеніңізді» дедік. Әйелін қызғанды неге еркектерге кеудеңді көрсетіп тұрсың деп. Сөйтіп, айқай шу шығарды. Наркескенді ұрды, санитарды да ұрды, мені де ұрды.
Төбелес осылайша қызғаныштан туыпты. Дәрігер науқастың кеудесін кардиограммаға түсіре бергенде, күйеуі шатақ шығарған. Ащы судан сілтеп алған тентек жедел жәрдемнің екі бірдей қызметкерін тепкілеп, ал дәрігерді кірпішпен сұлатқан.
Қуат Тайтелиев, жедел жәрдем дәрігері:
-Енді жағдайы әрі қарай қалай болады бір құдай біледі. Себебі ол адам болып кетсе, мүгедек боп қалады. 26 жаста, ол әлі отбасын құрып үлгерген жоқ. Ал туыстары кешірім сұрап, ағаттық кетті деп айтудың орнына ол адамды танымаймын деп жатыр.
Сөйтсе, жедел жәрдемдегілердің бұл бірінші таяқ жеуі емес екен. Бірер күн бұрын Елмира Дауылбаеваны да дәл солай сабап жіберіпті. Аурухана төсегіне таңылған ол енді дәрігер болмаспын деп отыр.
Елмира Дауылбаева, фельдшер:
-Суық қарумен өзіме шабуыл жасады. Оң қолым сынды, сол қолымның сіңірі созылған. Қолым сынды, басым жарақаттанды.
Ал Ақмарал Асанованы науқастардың туыстары тас алып қуған. Ауруға алып-ұшып барған ол аяқ киімін шешпей үйге кіргені үшін жазықты болыпты.
Ақмарал Асанова, кардиолог:
-Дәу тас лақтырды. Дәу көлемді енді айтсам болады, 20-15 см тас. Неше түрлі осындай жағдайлар болмас үшін кішкентай видеорегистраторлар болса, халық кішкене басылатын шығар деген ойдамыз.
Ал дәрігердің басын жарған бұзақы көп ұзамай ұсталды. Енді 3 адамды соққыға жыққан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сейсенбаев Наркескен Нақыпұлы. Комаға түскен жігіттің міне осындай дәрігерлік белгісіне қарамастан бұзақы оны оңдырмай соққыға жыққан. Тіпті, тірі қалған күннің өзінде Наркескен енді өмірбақи мүгедек боп қалуы мүмкін екен. Бір жылда бір емес, осымен 4-ші мәрте таяқ жеп отырған жедел-жәрдем дәрігерлері бұдан былай Наркескеннің оқиғасы қайталанбас үшін өздерін қорғайтын бір заңның болуын сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!